Баянғали Әлімжан.   ӨТІРІК ПОЭМА  

4
4407

 

 

Өтіріксіз

Өмір бар ма пендеге,

Құбылмай ма

Көңілдегі перне де,

Жақсы –жайсаң

Жалған сөйлеп жатқанда,

Шыншыл болып

Шырылдайсың сен неге?!

 

 

 Өтірік –  өрт

 

Адал өскен

Жігіт еді марғасқа,

Шыншыл еді,

Сыншыл еді әу баста,

Тура жолмен

Жүрмек еді түп-түзу,

Өмір бірақ,

Келе бермес жамбасқа.

 

Өскен жері

Ескен желі Көксеңгір,

Таза жаңбыр

Жауатұғын көктен кіл,

Аңғал өскен

Адал ұлы ауылдың,

Жан, жүрегі

Кіршігі жоқ,  мөп-мөлдір!

 

Аулақ еді

Алдаудан да, қылмыстан,

Пиғылдардан

Қулық, сұмдық, зымыстан,

Бар жазығы

Жалған сөйлей білмейтін,

Сол себепті

Қуылатын жұмыстан.

 

Кейде өзіне,

Дейтін, талдау жасап ер:

«Артық сөздің бәлесінен

Қашады ел,

Кімге керек

Шыншыл жанның шырылы,

Алдай сал да,

Алға қарай аса бер!»

 

Көне алмайтын

Бұған бірақ тал шыбық,

Арпалысып,

Жүрегінде дау шығып:

«Көре тұра өтірікті

Көпірген,

Үнсіз қалу,

Құптау әлде қарсылық ?!»

Жауап таппай

Бұл сауалға жас өрен,

Күйінетін,

Қара терге малшынып,

Бірақ одан қандай пайда,

Жатқанда,

Күнде өтірік жаңалықтар

Ашылып!

 

Бойлата ма

Қатпар, қатпар тереңдер,

Ал, адамдар,

Не десеңдер о деңдер,

Осы күні

Зират іздеп, көр қазып,

Бейіт тапқыш

Боп кетті ғой берендер…

Жаңа соққан

Жалған мазар басында,

Көсілді кеп

Күллі әлемдік кемеңгер.

 

Өтірікті

Қара судай сапырды,

Сұлу сөзбен

Аңқау елді қатырды,

Осы жерге

Төрт жүз елу жыл бұрын,

Өз қолымен

Көмгендей-ақ батырды!

Қисынсызға

Күйіп кеткен шыншыл ұл,

« Сұрағым бар!»-

Деп ортаға атылды!

 

«Балағымнан

Алды мынау демеңіз,

Жалған сөзден

Түбі жапа шегеміз,

Ондай батыр

Осы жерге қойылса

Білмей өстік

Бала кезден неге біз?!

 

Айып болмас,

Ақиқатты сұраған,

Бүкіл  халық,

Таң қалып тұр мынаған,

Басқа жанның

Тартып алып моласын,

Аңыз, дерек ,

Қолдан жасап құраған,

Бейіті бар

Батырдың деп бұл жерде,

Естімедік,

Айтқан емес бір адам!»

 

Ортаға алып

Мұндай жынды баланы,

Жұрт дуылдап,

Боқтап аузын жабады:

«Алты Алашқа

Атағы асқан атаңнан

Аяйсың ба

Иен жатқан даланы?

Қайда көмсек,

Өз еркіміз емес пе,

Елді жаудан

Қорғап өткен бабаны?!»

«Аямаймын…

Өтірік қой бірақ»,- деп,

Жас өркеннің

Жасқа толды жанары.

 

«Әй, жасыма,

Жас жігерің құм болып,

Келді дейсің

Өткен істі кім көріп,

Біз растап,

Қол қойғасын келісіп,

Өтіріктің

Өзі кетер шын болып!»

 

Даулады деп,

Аруақтарды, атаны,

Аулақтады

Ардақтайтын қатары,

Осылайша

Жексұрын боп аймаққа,

Шықты жастай

Шыншыл деген атағы!

 

Мекемеге

Мамандығы дөп келген,

Заңды түрде,

Жұмыс сұрап көп келген,

Біраз уақыт

Әне, міне деп жүріп,

Өтпей қалды

Өтіп тұрып өткелден!

 

Тағдыр қоймас

Адамдарды мұңсыз ғып,

Мұңсыз, қамсыз

Тірлікке көп ұмсындық,

Сау басына

Сақина боп жабысып,

Шырылдатты

Шыбын жанын шыншылдық!

 

Алыстады

Қол жеткізбей көп ғажап,

Бедел де жоқ,

Марапат жоқ,

Жоқ мадақ.

Жол шетінде

Қала берді боп мазақ,

Күйінгеннен

Күлге айналған от қазақ!

 

       Өтірік- өнер

 

Тау басына

Шыға алмайсың құламай,

Маңдайыңды

Жарға соқпай, жыламай…

Бірде артынан:

«Тоқта, бері келгін!»- деп,

Дауыстады

Жылы жүзді бір ағай!

 

« Басылғанда

Алай-дүлей арының,

Арна табар

Бойыңдағы дарының,

Орнын тауып

Жұмсай білсең барыңды

Қадірлі боп,

Қампаяды қарының!

 

Шындығыңмен

Шырқамайсың ұзаққа,

Шымшықтай боп

Ілінесің тұзаққа,

Өсем десең

Өтірікті үйрен!»- деп,

Шын жанашыр

Шыр-пыр болды шыраққа!

 

«Алдай білсең,

Елге әдемі , оңды боп,

Көрінесің…

Көркейесің шенді боп,

Үйреніп ал,

Өтірік те – бір өнер,

Шын сөзіңді

Естиін мен соңғы рет!

 

Кеңесімді

Көкейіңе түйіп ал,

Ай, әлемнің

Айла, амалын жиып ал,

Емін,еркін

Келсе мұны меңгергің,

Дөкейлердің

Жиынына жиі бар,

Шыншыл жүрек

Қорғансыз ғой жалаңаш,

Өтіріктен

Берен сауыт киіп ал!

 

Өтіріксіз

Өмір бар ма пендеге,

Құбылмай ма

Көңілдегі перне де,

Жақсы –жайсаң

Жалған сөйлеп жатқанда,

Шыншыл болып

Шырылдайсың сен неге?!

 

Шындық сенің

Туа бітті дертің бе?

Ұмтыл алға,

Өткен істен серпіл де,

Күштілердің

Қолында ғой бар тұтқа,

Кімді қайда

Қоям десе еркінде,

Өсем десең,

Шындығыңды қой- дағы,

Өтіріктің

Төңірегін төркінде!

 

Байқау керек,

Төнетұғын қауіпті ер,

Өтірікпен

Шындығыңды жауып көр,

Керек десе,

Кергімей-ақ көсемнің,

Көз қиығы

Түскен жаққа шауып кел,

Екі мың жыл бұрын жазған,

Атасы,

Кітапты да

Қажет болса, тауып бер,

Жоқ жазбаны

Таба алмасаң , мүжілме,

Келістіріп,

Қолдан қайта жазып бер!

 

Сұм екен деп

Түңілме тек бұл ағам,

Шындық үшін

Мен де талай құлағам,

Сыбағамнан

Тиесілі қағылып,

Құралақан,

Қаңғып қалып жылағам!

 

Өмір- жалған ,

Өтірікпен өрілген,

Адам – байғұс,

Жалған үшін егілген,

Құбылады,

Өзгереді сәт сайын,

Неше түрлі

Күй төгіліп көңілден,

Амал қанша,

Адамға да , өмірге,

Алдағаны

Шын сияқты көрінген!

 

Өтіріксіз

Құриды адам әлемі,

Оған тиме,

Сында өзіңді әуелі,

Шындық деген

Дене ғой тыр жалаңаш ,

Өтіріктен

Киім кисе- әдемі!

 

Ащы шындық

Улай берсе әлемді,

Тәтті өтірік емес пе оның,

Бар емі?

Кедір-бұдыр ,

Келеңсіздеу тіршілік,

Өтірікпен көмкерілсе,

Әдемі!»

 

Ағалығын

Әлгі кісі білгізді,

Кеңселерге

Бедел салып кіргізді,

Ақырында

Өзі бастық боп жүрген,

Облстатқа

Қызметкер қып тұрғызды!

 

Түбі бірге,

Болғаннан соң бір текті,

Ағатайы

Бауыры үшін тер төкті,

Шындық іздеп

Шырылдаған бейбағың,

Өтіріктің

Ортасына күмп етті!

 

Есеп, қисап,

Қоспасы көп, ал, енді,

Күліп келіп,

Береді әркез сәлемді,

Үсті-үстіне

Үстеліне қаптайды,

Көрейік деп,

Кәне, шыншыл бәлемді.

 

Сипырлардың

Сиқырларын ұғады,

Басы қатты,

Қайсын қалай бұрады?

– Өтірігі көптеу екен,

Есептің,

Не істеймін?-деп

Ағайынан сұрады.

 

– Жалақы ма?

Аздау десек бола ма,

Жылай берсек,

Одан жағдай оңа ма,

Жоғарғы мен

Орта есепті тіз дағы,

Төмен жағын сызып таста,

Санама,

Сонда шырқап

Шыға келер көрсеткіш,

Бейне жұмақ

Орнағандай далада!

 

Малдың саны?

Өсіп жатыр мыңғырып,

Шүкіршілік,

Кеткен жоқ қой тым құрып,

Былтыр сойған

Сиыр биыл бұзаулап,

Жүре берсін,

Есебіңді тындырып ,

Қай қорада

Қанша малдың тұрғанын,

Жатыр дейсің

Кім түгендеп, кім біліп!?

 

Ұзақтығын

Өмір жастың түгел сен,

Тексересің,

Тыныш жүрмей,

Тірелсең,

Ішің білсін бар жағдайды,

Ал бірақ,

Жоғарының,

Талабына сүйенсең,

Аяйсың ба,

Бір он жылды жұртыңнан,

Нең кетеді,

Қосыңқырап жіберсең!?-

 

Ойхой, содан,

Бұл да жұртты алдады,

Жалған сөзге

Жанын әбден жалдады,

Бал мен майды

Тамызғанда тілінен,

Жан-жағының

Бәрін тегіс жаулады,

Өтірік пен шынды қосып,

Соққанда,

Алданбаған

Тірі пенде қалмады!

 

Әлсіздігін

Ақылымен жеңсе егер,

Талай жерге

Барады екен еңселі ер,

Шындық үшін

Шырылдаған сол бейбақ

Өтірікке

Болып алды ең шебер,

Қисынсыздың

Келтіреді қиюын,

Тек өзіне

Кресло бер, кеңсе бер,

Байқап , басын

Шайқай берсін білгендер,

Шешенім деп,

Аңғал, қалың ел сенер,

Көсілгенде

Күпілдетіп көбікті,

Демосфен де

Дем ала алмай, теңселер,

Мұны көрсе

Өлер ме еді асылып,

Остап Бендер

Қайта айналып келсе егер!

 

Өтірікпен  арпалыс

 

Қосылған соң

Жер көшірген дүбірге ,

Кіріп кетті

Ұранға да, күбірге,

Өтіріктің

Ортасында жүрсе де,

Түйір шындық

Қалды жүрек түбінде,

Шыбын жанға

Маза бермей сол шіркін,

Шырқырайды

Қыстың ұзақ түнінде,

Жеті қабат

Жер астына тықса да,

Жарып шығар

Кезін күтіп күнінде!

 

«Талай жерге

Барарсың-ау алдаумен,

Алданумен,

Пайдалы жол таңдаумен,

Қылкөпірден

Ойлайсың ба өтем деп,

Құрығыңа

Сырығыңды жалғаумен? »

 

Түйір шындық

Жанын түнде өртеді,

Жарықтық-ай,

Жазылмайтын дерт пе еді,

Өз-өзіне алданыш қып

Ақыры,

Өтіріктің

Шын тарихын зерттеді!

 

Адам ұлы

Ай-әлемге таралған,

Ақиқатқа

Жету болып бар арман,

Амал қанша,

Жаралғанда адамзат,

Өтірік пен

Шындық бірге жаралған!

 

Қалай кінә

Тағарсың бар халыққа,

Шыққан талай

Данышпан да , алып та,

Бірін бірі

Алдап жатқан дүние,

Сыймас,бірақ,

Шындық атты қалыпқа,

Шын мен жалған,

Екі жарты , бір бүтін,

Ақ пен қара,

Қараңғы мен жарық па?!

 

Өмір деген…

Ей, адамның баласы,

Оңай ма екен,

Ой жүгіртіп қарашы,

Мүмкін емес

Бір өлшемге сыйғызу,

Өмір деген…

Шын мен жалған арасы!

 

Таразылап

Сан тағдырын мұңлықтың,

Тарау, тарау,

Тылсым, жұмбақ сырды ұққын,

Пенде шіркін

Сенделумен өтеді-ау,

Ортасында

Өтірік пен шындықтың!

 

Бүгінгі шын,

Ертең жалған ,

Бекер ме?

Бәрі өтірік,

Өкінбе тек, өтерде,

Шындықтың да

Өтірік қой бір беті,

Түсініп көр,

Ой, қиялың жетер ме,

Өтіріксіз

Өмір сүрсе пенделер,

Періште боп

Аспанға ұшып кетер ме?!

 

Өткен іске

Жүре қоймас соқыр сын,

Мінін теріп,

Әр жерінен шоқырсың,

Тарихты да,

Әп-әдемі киінген

Шешіндіріп

Көрсең өзің шошырсың!

 

Киіп алған кительдерін,

Шапанын,

Ордендерін,

Погоны мен атағын ,

Шарапатын

Шат жүзіне шығарып,

Қатпарына

Жасырады шатағын,

Қазынаға кенелесің,

Тарихтың,

Қазып көрсең

Ойлы-қырлы сапарын!

 

Атақ, даңқтың

Көбігіне малынып,

Жалт-жұлт еткен,

Жұлдыздарын тағынып,

Тату-тәтті

Тұр тарихтың төрінде,

Шын мен жалған…

Ел жүр соған табынып,

Тұра берсін,

Тиіспеңдер тарихқа,

Оп-оңды боп,

Өтірігін жамылып!

 

Ардақтылар…

Суретте тұр төрдегі,

Көп құпия,

Түйгені мен көргені,

Езуіне

Үйірілген күлкіге,

Тылсым жұмбақ

Жиылғандай жердегі,

Әспеттеген сайын оны

Әсіре,

Қу сүйектер не дер екен

Көрдегі?!…

Үндемесе,

Ойланғаны ақынның,

Ал өтірік өлең жазса-

Өлгені!

 

Әжептәуір

Ақын еді ол дағы,

Өлең атты,

Ойхой, шексіз жолдағы,

Билік пенен

Сыйлықтарға жалтақтап,

Азат басы,

Амал қанша, сорлады,

Қайда қалды

Ежелгі бір ереже,

Сайрамайды

Дейтін бұлбұл тордағы,

Сайрағанда…

Құйқылжытып жіберді ,

Егілетін,

Дүниенің зорлары!

 

Тарыққанда

Алтын көрді қоланы,

Қопармады

Қиялымен обаны,

Тау сағадан

Соға алмады бөрідей,

Жылы, жайлы,

Жағалады қораны,

Алдап-сулап

Қақса арқадан дөкейлер,

Аямады мадақ сөзді,

Оданы!

 

Нағыз өлең

Ата сөздің жүйесі,

Тегін емес,

Ғайып оның иесі,

Одашыл боп

Жүргенінде байқалмай ,

Көшіп кетті

Текті өлеңнің киесі!

 

Рухсыз жырмен

Толқыта алмай қазақты,

Іштей тартып,

Қалды талай азапты,

Сатып кетті,

Атақ , байлық , мансапқа ,

Құдай берген

Теңдесі жоқ ғажапты…

Ақын деген

Дақпырты зор бірақ та,

Жазады әлі ,

Заказбен жыр, мадақты!

 

Кім оқиды

Аса шыншыл дастанды?

Шындық жұтқан

Талай дана бастарды,

Шыншыл бол деп

Шыбын жанын шыңғыртып,

Адал бол деп

Адастырма жастарды!

 

Бұл сауалдың

Тереңіне бойла да,

Өмір деген

Тек шындық деп ойлама,

Шындығыңа

Тыр жалаңаш сүйкімсіз,

Лыпа болған,

Өтірікпен ойнама,

Шешінгісі

Келмес білем ешкімнің,

Әп-әдемі боп тұрғанда

Айнала!

 

Өтірікке

Десін қанша қаным қас,

Адам бар ма

Шындығынан жаңылмас,

Ой мен қырды

Оймен шолып қарасаң,

Өтіріксіз

Өңкей шындық табылмас!

 

Қоздыратын

Қара жынды қайдағы,

Бұздыратын

Бейбіт күйді бойдағы,

Қып-қызыл өрт,

Зияны көп шындықтан,

Сып-сыпайы

Өтіріктер  пайдалы!

 

Шындықпенен

Қатар қонған ұғымға,

Шешкен қиын

Түйіндерді қылымда,

Ордалы істер

Өтірікпен өрілген,

Болған талай,

Бүгінгіден бұрын да,

Жанға жайлы,

Дертке шипа болатын,

Өтіріктен

Артық не бар шынында!

 

Сұрап көрші,

Жерден, көктен, мың елден,

Шолып шықшы

Бар тарихты түгелден,

Шындық үшін

Шамырқанып адамзат,

Шектен шыға

Ширығысып, жігермен,

Шарболаттар

Шарпысқалы тұрғанда,

Өтірік кеп,

Жарастырып жіберген!

 

Таразылап,

Ұғар дейсің кімді кім,

Өңкей шындық

Түтіп жейді-ау бір-бірін,

Өтірікпен

Сылап-сипап арасын,

Үйлестіріп

Жібермесе жік-жігін!

 

Арғы жағын

Ойламаймыз көбіміз,

Өтіріксіз

Айтылған ба сөзіміз,

Шыншылмыз деп

Кімді алдаймыз , ағайын,

Неге алдаймыз,

Өзімізді өзіміз!

 

Қатпар-қатпар

Ақпарларға қосылған,

Өтіріктен

Неменеге шошығам,

Ешкімнің де

Ештемесі кеткен жоқ,

Кімнің несі,

Құрып қапты осыдан?!

 

Нең кетеді,

Қосыңқырап, бөскеннен,

Жосылғаннан,

Еркін желдей ескеннен,

Артта қалып

Жатсаң дағы ісіңмен,

Аузыңменен

Теңесе бер өскенмен!

 

Өтірік те

Адамның бір қиялы,

Қиялында

Шарлайды адам қияны,

Балдай тәтті өтіріктің ,

Ойланшы,

Кімге ,қане,

Тиді қандай зияны!?

 

Ойлап тұрсаң

Ақиқатшыл мұңлық көп,

Ақылыңа

Сыймас бірақ сұмдық көп,

Адам аз ба,

Өтірігін өзінің,

Өліп-талып

Дәлелдейтін шындық деп!

 

Аңғалдарға

Ақылдылар күлуде,

Құлағына,

Қулық –құрық  ілуде,

Өтірікті айтуда емес,

Мәселе,

Оны шынға

Айналдыра білуде!

 

Шараң бар ма,

Арбау,айла, амалға,

Әккіленіп,

Әдістенген адамға,

Өтірікпен

Өркен жайған патшалық,

Ойлап көрші,

Арғы-бергі заманда,

Өтірікке

Негізделген саясат,

Өтірікпен

Әп-әдемі қоғам да!

 

Сараптайтын

Саналы жан түсінер,

Түсінер де

Іштей үнсіз күрсінер,

Өтірікпен

Өмір сүріп өнер де,

Өтірікпен

Күн көреді кісілер!

 

Өтіріксіз өмір бар ма,

Көңіл жоқ…

Өтірікпен

Кетеді ауыр жеңіл боп ,

Ащы өмірдің

Кім шыдайды зәріне,

Өтірікті

Қоссаң тәтті көрінбек!

 

Өтірікке

Кеткен әбден ет өліп,

Бетіміз де бүлк етпейді,

Нетелік?

Қол қоямыз

Құйтырқылы қисынға,

Күліп қойып,

Өп-өтірік жөтеліп!

 

Жылмаңдатса

Жігін тапқыш жандайшап,

Қолға тұрып,

Тұтылмайды қандай сап,

Иіп әкеп,

Келтіреді қисынға

Құрығына

Сырықтарын жалғай сап,

Біз де әйтеуір

Құтыламыз амалдап,

Құптағансып,

Күштілерді алдай сап!

 

Шындық қусаң,

Қозғалады қайдағы,

Бұзасың кеп,

Жұрттың жүзін жайдары,

Шыныңды айтсаң

Жынды дейді жұрт сені,

Жалған айтсаң,

Азаматсың пайдалы,

Атқа мініп,

Шыншылмын деп жүргендер,

Өтірікші емес пе екен,

Айлалы?!

 

Болса да адам,

Қандай дара, дарынды,

Аттап өтпес,

Қалыптасқан танымды,

Шындықтан да,

Шымбайларға бататын

Жалған мадақ

Жанға жайлы, жағымды.

 

Өтіріксіз

Өтпейді бір тойың да,

Тығылады

Талай тастар қойынға,

Бетке күліп,

Тәтті сөздер айтылар,

Басқа нәрсе

Бұғып жатып ойында,

Шыныменен

Шыншыл  болсаң, әуелі,

Өтірікші екеніңді

Мойында!

 

Таңдандырам,

Тандырамын есінен,

Қалмаймын деп

Құйын уақыт көшінен,

Даңғырлатып

Төпелейді төбеден,

Сенсация…

Сендіреді сесімен.

 

Тыңдаушыны

Миғұла ғып, мәңгі ғып,

Өтірікті

Айтады естен тандырып,

Аңғал қауым

Бәріне де бас шұлғып,

Үрлей бермек,

Одан әрмен жандырып,

Өтірікке біреу жайлы,

Неліктен,

Сенеміз де,

Гулетеміз мәнді ғып!?

 

Ғасырлардың

Қатпарларын қазған боп,

Өтірікпен

Олжа тауып, озған көп,

Қолжазбаны

Қаптатады кітап қып

Мың жыл бұрын

Менің атам жазған деп!

 

Шешенсініп,

Шын айтқансып шетінен,

Иіп әкеп

Келтіреді ретімен,

Экраннан

Есіп жатыр қызыл сөз,

Есіп жатыр

Газеттердің бетінен…

Өтіріктің

Өрісі тар деген сөз,

Бұл заманға

Жүрмей қалды-ау,

Өкінем!..

Түні бойы ой қуалап,

Қалғитын,

Таңға қарай,

Танғандай боп есінен!

 

Өтірікті жеңген өтірік           

 

Сауысқандай

Сақтан мейлің, сақтанба,

Батпан құйрық

Бағыттайды қақпанға,

Қабырғасы

Жаңа ғана қаланған,

Құрылысты

Біткен үй деп тапқан да,

Қол қойдыртып,

Қабылдатып амалсыз,

Қиналғанда ,

Бастықтары сатқан ба?

Жеп қойды деп

Теңгелерін тендердің,

Қалыңдатып,

Бәлені әбден жапқан ба?

Тек әйтеуір,

Құйтырқылы жағдаймен,

Ойда жоқта,

Түсті ағасы оқпанға!

 

Аңдып жүріп

Тергеушілер тіс қаққан,

Ысқаяқты

Тапқан екен штаттан,

Ақша әкеліп,

Берген болып параға,

Кеңсесінде,

Кісен салып, ұстатқан!

 

Шырылдайды

Шыншыл аға: » Мен емес,

Жеген жоқпын,

Бәрі жала,

Жөн емес!

Қабырғаны

Қабылдатқан бастығым,

Тіл алмасам,

Арты қиын ерегес!»

 

Темір торға

Адал, арам – бір құны,

Тәртіп, заңның,

Бар-ау талай сұмдығы,

Біреу үшін

Барып тұрған өтірік,

Бәз біреудің

Шырылдаған шындығы!

 

Жалады ма

Бал ұстаған бармағын?

Жан білмейді,

Үзіп-жұлып алғанын,

Білетіні,

Жақсы кісі ағасы,

Білгісі де

Келмейді оның ар жағын,

Жақсылығын ақтау керек,

Сол үшін,

Шақырды бұл,

Аталардың аруағын!

 

Зыр жүгіріп,

Талай жерді шарлаған,

Есігі жоқ,

Есі шығып бармаған,

Бір де бірі

Нанбайды ғой, нанбайды,

Дегеніне,

Ағам пара алмаған!

 

Ойлап-ойлап,

Жол іздеді басқаша,

Ағаш сорлы,

Балтадан жал таппаса,

Бәлені тек

Бәле ғана қайтарар,

Басқа жол жоқ,

Бұл да жала жаппаса,

Шындық үшін қызмет қылып,

Өтірік,

Өтіріктен,

Қайтеді бір аттаса?!

 

Біліп тұрып

Бәлеқордың жаласын,

Көп іздеді

Амал, айла шарасын,

Саралайтын

Шамасы жоқ сын сәтте,

Арпалысқан

Шын мен жалған арасын,

Өтірікке

Құрбан болар шағында,

Өтірікпен

Алып қалды ағасын!

Дайындалып,

Сөзін әбден пісіріп,

Жеңіп шықты,

Құйтырқы сот таласын :

 

«Ағамызды

Жала жауып ұстатқан,

Бір кісіге

Ақшаны әкеп тастатқан,

Дәл сол сәтте,

Істің қалай болғанын,

Мен тығылып,

Көріп тұрдым шкафтан!

 

Түс кезінде

Кеңсесінде ағайдың,

Бір сұлуды,

Айналдырған талай күн,

Оңашалап,

Енді сүйе бергенде,

Бір топ адам,

Келіп қалды…

Қалаймын?

Қызымды алып,

Кіріп кетіп шкафқа,

Есім жиып,

Тесігінен қараймын!

 

Біреу кіріп,

Бір бума ақша лақтырды,

Ағай шошып,

Құлауға да шақ тұрды,

Қаптап келіп

Сол мезетте мырзалар ,

Әлгі ақшаны

Ағамызға жапсырды!

 

Қыз да көрді,

Мұндай сойқан сұмдықты,

Куә болып,

Ол да айтады шындықты!»

Осы сөзді

Қайталаған қаймықпай,

Қыз одақтас,

Болып шықты тым мықты,

Заң бойынша,

Екі куә жетеді,

Ақтап, аман

Ап қалуға мұңлықты!

 

Тұрып алды,

Қыз бен жігіт табандап,

Жалақорды

Жер-көктегі жамандап,

Өтірікке

Қарсы келіп өтірік,

Алып шықты ,

Ағекесін амалдап!

 

Қуанса да,

Шын құтқарып алғанға,

Қалды ішінен,

Бір өкініш, арманда,

Өтірікті

Тек өтірік жеңе ме,

Одан басқа

Жол жоқ па әлде жалғанда?!

  23.11.2014ж. – 22.11.2015ж.

  Баянғали ӘЛІМЖАН

  qazaquni.kz

 

 

 

 

 

4 ПІКІРЛЕР

  1. Баянғали Әлімжановтың кітаптары барлық кітапханаларда бар. Ғаламторда әдебиет порталынан оқуға болады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз