Сәбит Досанов: Құйрықты жұлдыз секілді
2016 ж. 16 тамыз
4091
2
Тәуелсіздік құрдастары жайлы сыр – десте
Бірде бал бірде у беріп өтеді өмір,
Бақты да қайғыны да көтере біл.
Әбілқасым Фирдоуси
Тәуелсіздіктің құрдасы, дәуірдің алғыр сырласы жанымнан артық көретін жан балам-ай - Даниярым-ай, дара туған, арман қуған Данашым-ай, сенің жүрегің соқпағалы, ата-анаң үшін өмірдің тойы тоқтағалы үш жыл. Содан бері тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген Елдің де, ел қамын жеген ердің де, өзіңсіз өксіп жүрген маңдайының соры бес елі сормаңдай ата-анаңның да басынан талай жайлар өтті. Жарық дүние дейтін жалғанда армансыз адам жоқ. Төрт құбыласы түгел кім бар дейсің? Болды, толды дейтін, сырт көзге бақытты дейтін пенденің де ең болмағанда жүректі өртер бір өкініші болады. Жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс ханның да өзекті өртеген өкініші көп еді. Қаһарынан қара жер қалтырған Наполеон да: «Мен бақытты бола алмадым» деп жазыпты. Бір кем дүние.
Сол кемдік сенің артында уақытша қалған, әзірше бір жығылып, бір тұрып қалт-құлт етіп жүрген, өзіңнен адасып сорлап қалған сорлы әкең менің де басымда бар. Осынша жасқа келгенше талайды бастан өткердім. Тас кедергі тағдыр мені отқа да салды, тасқын суға да лақтырды. Бірақ отқа да жанбадым, суға да батпадым. Дара туған даналығымнан емес, әрине. Алла тағаланың әмірімен тура келген сан ажалдан аман қалдым. Бұрынғыларын өзің де білесің, Данашым! Сен өмірден озғаннан кейінгісін айтсам алдымен бір Алланың, сосын Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында осы жылы наурыз айының 16-жұлдызында Сеулде күрделі операция жасатып, тағы бір ажалдан аман қалдым. Ол жайлы ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Сакура гүлденгенде» атты жолжазбада (1.04.2016 ж.) баяндадым.
Осы жолдарды ауруханада жазып отырмын. Алда аяққа жасалатын өте күрделі тағы бір операция тұр. Құдай қаласа, одан да аман қалармын деген үмітім бар. Ендігі ең басты арман – сол сыннан аман өтіп, қалымымен өзіңе – ұлға ғана емес, ұлтқа да қызмет ету. Анаң екеуміз өзің жайлы үш кітап және сосын «Махаббат пен мейірімнен өрілген өмір» - атты деректі кино шығардық. Сенің өмірден озғаныңа тамыз айының 17-жұлдызында үш жыл болады. Соған орай ас беріп, құран оқытамыз, құдай қаласа. Тәтті өтіріктен ащы шындық артық
Ащы да болса ашығын айтайын анаңның жағдайы менен де ауыр Өзін емес өзгені ойлаумен өтіп жатқан өмір оған оңайға соққан жоқ Жанұяның бар ауыртпалағын бір өзі көтерумен келе жатқан ол ең алдымен сені ойлайды, менің барлық жағдайымды жасап нәп=нәзік болып ауыр жүкті бір өзі арқалаумен денсаулығын да әлсіретіп алды Өзіңнен адасып қалғалы көзінің жасы бір құрғаған жоқ Соның салдарынан сол көзі мүлдем көрмейді қазір. Оң көзі де күн сайын нашарлап барады
«Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ Оның алдында адамда ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз» деп жазыпты Виссарион Белинский. Баур еті баласына өзіңе деген махаббаты шексіз екенін бір АЛЛАҒА аян. Шексіз суйіспеншілік пен шексіз қайғы қабырғасын қайыстырған анаңның қалтыраған қаралы қаламынан өзіңе арналған толық бір кітап болатын жыр жолдары туды. Соның бір үзін үзіндісі:
Какими на свете словами,
Мне описать эти муки, Это ночные страданья, Бессоные ночи мои.
Ата-ана есімімен қатар тұратын екі аяулымның бірі-өзің, бірі-сенің анаң, менің баға жетпес бақытым Құралай Ахметқыз Аққошқарова екенін өзгелер біле бермес өзің білесң, Данашым =мен басты уа0ытым
Күн сайын кеміп бара жатқан Құралайдың денсаулығы, жатсам – тұрсам тілейтінім соның амандығы. Ол бар болса мен де бармын, ол жоқ болса мен де жоқпын өмірде. Оған деген қарызым шашымнан көп. Сол қарызымның жүзден, бәлкім мыңнан бірін өтеу үшін де, ең бастысы ұлға да, ұлтқа да қызмет ету үшін алдағы аса ауыр опперацияны сәтті өткізе көр деп тілеймін АЛЛА Тағаладан.
Өзіміз жайлы өзіңе берген қысқа есебіміз осы. Ең басты – Елдің жайы ғой. Қысқа қайырсам, ел аман, жұрт тыныш. Елбасы тәуелсіздіктің байрағын нық ұстап келеді. Тәуелсіздігіміздің мәігілік болуы үшін сенің достарың, тәуелсіздік құрдастары, солардың қатарында жанып сүйген жан жарың Анжелика Досанова да жемісті еңбек етіп жүр.
Осынша жасқа келгенше талайды бастан өткердім. Бал да таттым, у да іштім бұл өмірде. Сонын бәрін саралап, салмақтап келгенде күні кешеге дейін баққытты едім мен бейбақ. Мені асу бермес асқарларға алып ұшқан қос қанатым бар еді. Оның бірі – қаннан да қымбат, жаннан да тәтті - Тәуелсіздік, бірі өзің едің Данашым!
Бүкіл әлем маған қарап тұрғандай,
Өзің барда бақытты едім мен қандай!
Қас қағымда өте шықты-ау сол бір сәт
Енді, міне, әкең сенің сормаңдай.
Жанымнан артық көретін Даниярым-Данашым. Сені жоғалту ата -анаң үшін бауыр еті баласын жоғалту, ел үшін тәуелсіздіктің мәңгілігі үшін қызмет ететін жас қайраткерді жоғалту. Қайғы жұтып, қансыраған жүректі тұз сепкендей онан сайын ауыртатын тағы бір ауырлық сен мен сияқты қатардағы көп пенденің бір емес, дара туған дана едің. «Жаратқанның пендесіне берілген үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы» депті Сағди. Сен өте мейірімді, аса қайырымды едің, Данашым. Сол қайырымдылығыңмен сексендегі секілдеген кейуана Алтынды ажалдан алып қалғаныңды ел әлі күнге дейін сыр ғып, жыр ғып айтып жүр.
Мир держится на добрых людях,
Не на агрессии и зле. И если доброты не будет, То ничего не будет на земле,
- деп жазыпты Андрей Дементьев. Иә, қайырымдылық жасаудан асқан қасиет жоқ. Жан дүние жасауларыңдағы өзге байлықты айтпағанда осы аса қайырымдылығың өзі бітім бөлек бекзаттыңды танытып тұрушы еді-ау, Даниярым.
Адамзаттың анасы – қасиетті қара жерді жаратқан, көк күмбездей төңкерілген алып аспанды шегесіз орнатқан, нұрлы, сырлы Ай мен Күнге, жымыңдаған сансыз жұлдыздырға жан-жағына үнсіз сәуле шашқызған құдіретті күшті, мейірім шапағы шексіз Алла тағала толқын-толқын боп келетін әр ұрпаққа әрқилы тағдыр сыйлаған.Азаттықты аңсап өткен, бостандық үшін жан қиған бабалар мен солардың аяулы арманын арқалаған аяулы аға ұрпақтың жүгі аса ауыр болды. Ал, тәуелсіздік құрдастары сендер, Данашым, уақыттың өзі туғызған, заманның биік талабына сай білімді, жігерлісіңдер. Ең бастысы – Тәуелсіздік таңы атқанда өмірге келіп, егемен елдің ұланы болып ер жеткен тәуелсіздік құрдасы сенің достарың басына бақ қонған бақытты буынсыңдар. Дей тұрсақта, қуанышы мен қайғысы қапталдасып қатар жүретін өзі тәтті, діні қатты өмір қашан өкінішсіз болған. Тәуелсіздік құрдастарының ғана емес халықтың қабырғасын қайыстыратын өзекті өртер бір өкініш – тәуелсіздік туғызған қанатты жастардың кемел келешегіне жете алмай өмірден ерте озуы. Соның бірі – осыдан үш жыл бұрын адамзаттың дұшпаны арсыз ажал
тым ерте алып кеткен сен едің Данашым! Тағы бірі әйгілі әнші Еркеш Шакеевтің күні кеше өмірден озған аяулы ұлы, талантты жас Сафар.
Наша жизнь - это зал ожидания,
От младенчества и до седин.
Сколько всяких наук выживания,
А исход непременно один, -
деп жазыпты Булат Окуджава. Ал, Владимир Высоцкий:
Возвращаются все, кроме лучших друзей,
Кроме самых любимых и преданных женщин. Возвращаются все, кроме тех, кто нужней, -
дейді. Осы жыр жолдарымен жарыса ойға Анна Ахматованың:
Все кого ты правду любила,
Живым останутся для тебя, -
деген ойлы жыры да оралады. Үш түрлі тағдыр иесі үш ақынның үндескен үні менің көз алдыма сенің ойлы, мұнлы көзіңді, нұр төгілген нұрлы, жымсақ, жылы жүзіңді алып келді. Сол сәт өзіңді сағынған сорлы жүрек сыздап, дене мұздап сала берді. Даниярым – Данашым! Сондай қиын сәтте қаламыма сүйенемін. Сондай сәттерде туған жыр жолдарының бір үзігінде:
Айналып барам зомбиға,
Ұқсаймын қаңғыбасқа да.
Тамақтан тамақ өтпейді,
Тәбет жоқ таңғы асқа да.
Жылауменен өтетін,
Күнге де төзіп келемін.
Табыттай ауыр ой басқан,
Түнге де төзіп келемін.
Көк бөрі құсап ұлимын,
Күйіктен ішім өртеніп,
Тірі өлік болып жүрмән мен,
Аяулы ұлым ерте өліп, -
деп жаздым.
Сені ойласам көз алдыма сенің құрбы достарың - тәуелсіздік құрдастары келеді көз алдыма. Соған орай:
Уақыттың жазбайтын,
Жоқ дейді ғой жарасы.
Бұл сөз бізге жүрмейді,
Улы уайым улаған
Түрімізге қарашы.
Көрге бәрге түседі,
Бізбен бірге бұл жара,
Өмірге сосын келеді,
Жаңа ұрпақ гүл жара
Солмасың деп сол гүлдер,
Көз жасыменен суарам
Тәуелсіздік болса мәңгілік
Көрде жатып та қуанам, -
деп жаздым.
Иә, келешек жастардікі. Жүрегі Ел деп соққан тәуелсіздік құрдастары, олардың ізің басып, өмірге сосын гүл жара келетін жаңа бір ұрпақ жас құрақтай жайқалып өсіп, тәуелсіздікке тәу етіп, ел еңсесін еңбегімен, талатымен биікте бермек. Ендігі үміт соларда.
Алланың нұры түскен, айналайын Даниярым – Данашым, сені сағынып, шыбын жаным шырқырағандасыздаған жаралы жүрегімді жұбататын бір жай – еліміздің ертеңіне деген сенім. Ол сенімнің серігі, тірегі жастар, Сенің қатар құрбы достарың - Тәуелсіздік құрдастар Кеңестің шекпенінен шыққан біз сияқты жалтақ, жасқаншақ емес, рухы асқақ ұлтшыл, елшіл, мемлекетшіл, халықшыл. Тәуелсіздіктің мызғымас мықты тірегі де, елдің ыстық жүрегі де, қазақ халқының келешегін кемел ететін де солар. Сендер аман болыңдар ж.регі ел деп соққан, Даниярым – Данашымның жан Достары - Тәуелсіздік құрдастары!
Сәбит Досанов,Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Махмуд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» Халыкаралық сыйлықтың лауреаты.
Алматы
10.08.2016