ЕКІ ЕЛДІҢ ОРТАҚ МАҚТАНЫШЫ
2016 ж. 08 тамыз
2766
0
Ұлты – қырғыз, жаны – қазақ
Сүйінбай Эралиевпен қоштасу
Бейнелеп айтсақ, халық – алып тау, ал халықтың атың қайталанбас хас талантымен асқақтатқан ұлағатты мол ұлы тұлғалар – алып таудың ақалабасын күн сүйген ақбас шыңы. Төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас қырғыз халқының шырқау биікте тұрған тағы бір шыңы құлады – жарық дүние дейтін опасыз жалғанға қолын бір сілтеп, Сүйінбай Эралиев өтті өмірден...
Осыдан үш ай шамасы бұрын Бішкектен телефон шалған қаламас досым, қырғыздың шоң ақыны Мархабай Ааматов:
"Сүйінбай байеке кеше біздерге «енді сөйлей де алмаспын, Қазақстандағы қазір жер басып жүрген екі досым Мұзафар Әлімбаев пен Сәбит Досанов. Мен бақилық болғанда хабарласарсыңдар», - деп біздерге өсиет айтты. Бүгін комада жатыр, - деп еді. Сүйінбай аға қазақ қаламгерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Әсіресе, Сырбай Мәуленовпен достығы ерекше еді. Екуі бірінің жауһар жырларын бірі аударды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қырғыз әдебиетінің қазақстандағы күндеріне қатынысқан делегацияны Сүйінбай аға бастап келді. Сол жолы Қыздар педагогикалық институтында өткен әдеби кешті мен жүргізіп едім., сірада естен кетпейтін сол бір сәулелі сәтте басталған таныстығымыз кір шалмаған қылаусыз достыққа ұласып еді. 2006 жылы Бішкекте шығармашылық кешім өткенде де қолдау көрсетіп, ағынан жарылып., ақ батасын берген аяулы аға-досым еді Сүйекең.
Мен келсем қазақ ауылына,
Білінбес қырғыз екенім.
Өңінде жоқтай айырма,
Жаны да бірге екі елдің, -
деп жырлаған ақиық ақын ең бастысы - қырғыз бен қазақтың достығы нығая беруі үшін қаламымен де, қайраткерлігімен де талмай қызмет етті.
«Басынан әркімнің бұл жалған өтер» деп еді –ау Қожа Ахмет Яссауи. Сол жалған қырғыз Алатауының биік шыңы Сүйінбай Эралиевтің де басынан өтті. Қырғызстанның Халық Батыры Алтын Жұлдызы бастаған атақтар да қалды жалғанда. Жалғыз жұбаныш – халықпен бірге жасай беретін әдеби мол мұра. «Тән көмілер, көмілмес еткен еткен ісім» депті ұлылардың бірі. Ұлылар ұлтқа бөлінбейді. Ұлты – қырғыз, жаны – қазақ ұлағаты мол ұлы тұлға Сүйінбай Эралиев бауырлас халықтардың ортақ мақтанышы болып келер ұрпақ, кемел тәрих бірге жасай береді.
Қош бол, қоштасуға қимайтын ақылман, асыл аға!
Сәбит Досанов,
qazaquni.kz