ОСПАН БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ СӘТТЕРІ
2016 ж. 05 тамыз
4519
1
Оспан қамалған кезде Ғалым мен Қалдыбайдың достарының бірі Жағда Бабалыққа батырмен жүздесіп, ауызба-ауыз тілдесудің сәті түскен.
Екеуінен едәуір ересек Жағда онда отыз төрт-отыз бес жаста еді. Әйтеуір, бұл да ат жалын ерте тартып мініп, қатарынан бұрын шираған сақа жігіттердің бірі; мән-жаймен жақсы таныс маман ретінде Оспанды аман алып қалуға сәл де болса септігім тие ме деп дүбірлі іске тікелей араласуға ұмтылғаны рас.
Кейін үш дос арғы бетте жүргенде де, Отанға қоныс аударған кезде де ұшырасқан сайын әр сәт сол бір оқиғалар сырын ұзақ талқылап, ой сүзгісінен өткізіп, толғанып отыратын-ды...
Қолға түскен Оспанды тергеу айрықша тәртіппен жасалған. Анығырағы, сақшы мен прокуратураның, әскери соттың қызметкерлері тергеуді бірлесіп жүргізсе, олардың жұмысын партия, үкімет органдары мен бірліксап ұйымынан жіберілген бірнеше өкіл комиссия ретінде қадағалап отырды. («Бірліксап» – ұлтаралық татулықты сақтау бағытында аймақтағы зиялы қауым өкілдері арасынан құрылған ұйым).
Жағда іс үдерісіне үкіметтің саяси-заң бөлімі атынан қатысқан. Тергеу жұмысы бірден басталмай, недәуір кешеуілдей берген соң оңтайлы сәтті пайдаланып темір тор ішінде отырған Оспаннан:
– Сіз өзіңіздің қазіргі жағдайыңызды қалай бағалайсыз? – деп сұрап қалды.
Кеудесі шалқақ, өзін-өзі өте сабырлы, маңғаз ұстаған батыр сұрақ қоюшы жігіттің ресми өкіл екенін аңдап, бұған қатулана, шаншыла қараған:
– Оны несін сұрадың, бауырым?! Бәлкім, сен менен «қателесіппін», «өкінемін» деген сөздерді естігің келіп отырған шығар, а? Жоқ, ондай сөзді ести алмайсыңдар! Мені алғаш ұстағандардың арасынан да жақауратып: «егер барлық кінәңді мойындап, аяққа жығылатын болсаң қамаудан біржола босайсың» дегендер де болған. Совет пен қызыл қытай да, Америка мен гомеңдаң да алдап баққан. Алданып біткем мен!..
Тұтқынның қадалған көзі өңменінен өтіп, Жағда үн-түнсіз төмен қарады.
– Бәрібір өз таңдаған жолымның дұрыс екенін жақсы білем. Сондықтан, ешкімге жалына алмаймын, – деп саңқ етті батыр. – Тап қазір мен де бір, қапылыста құрыққа ілінген ақ боз асау да бір! Жалаңдаған өңшең қасапшы жабыла жүріп омақастыра құлатар-ау. Иә, жан-жағымнан түртпектеп, неше қилы пәлені жауып, нендей үкім шығаратындарың да аян. Бәрібір қорқыта алмайсыңдар. Ер бір оқтық! Менің аузымнан «жаңылыппын, кешіріңдер» деген сөзді ести алмайсыңдар! Өйткені, мен соры қалың халқымның азаттығы үшін күрестім!.. Байқауымша, сен өзің де қаракөз қазақтың баласы емессің бе!? Егер жүрегіңде еліңе деген титтей жанашырлық болса түсінер ең – үкімет біздің жер-суымызды тартып алып, жазықсыздан-жазықсыз он бес мыңнан аса қатын-баламызды қырды. Халықты езуді өзінің меншікті мүлкіне айналдырды. Құлдыққа түсірді. Сен өзің осындай қорлыққа шыдар ма едің, а?!.
Тор ішінде екі қолы кісендеулі отырған тұтқынның сөзіне комиссия мүшелері де көздері бақырайып, еріндерін жымыра тістелеген күйде бір-біріне аңыра қарап қалыпты. Қисынды уәжге не десін. Бірталай үнсіздіктен соң сұрақ қоюды сырттан келіп кірген тергеушілерің бірі жалғастырды:
– Тұтқындалушы, сізге тағылатын басты айыптардың бірі – сіз ылғи бейбіт жатқан елді шауып, жұртты тонаумен айналыстыңыз. Мұның себебін немен түсіндіресіз?
– Бәленбай жыл жапан түзде жауымен арпалысқан мені мен өз соңымнан ерген нөкерлерім не жеп, не ішуі керек еді? Әлде аштан өлуіміз керек пе еді?! Жоқ әлде, топырақ жейміз бе?! Қазақтың «Керді мінбегенде, жерді мінемін бе?!» деген қисынды бір сөзі бар. Сол айтқандайын, қажетті тұз бен дәмді елден алмағанда кімнен алмақпыз?! Оның үстіне өзіміздің миллиондаған бас малымыз бомба мен жұттан қырылды. Біз алсақ, ағайын-туыс, ел-жұрт жағдайымызды бір түсінер, кешер деп амалсыздан алдық. Реті келген сайын, мен бұрын да өз серіктерімнің қимылы үшін елден кешірім сұраумен келдім. Қазір де ел-жұрттан кешірім сұрасам, сол әрекетіміз үшін сұраймын! Басқадай кінәм да, күнәм да жоқ!..
Сәл үзілістен соң: – Гомеңдаңға қалайша сатылдыңыз? – деді тергеушінің бірі.
– Мен гомеңдаңға сатылған жоқпын! – Оспан тау қыранындай саңқ етті. – Жау жан-жақтан анталап, жан алқымнан алған кезде гомеңдаң көмек қолын созды, мен соны қабылдадым! Бірақ түптің-түбінде, егер олар менің басты мұрат-мақсатымды қолдап, соған жол ашпаған жағдайда, кезінде сендер мен орыстан бас тартқандай, олардан да бас тартар едім! Дәл сол сияқты бүгінде бар билікті өзінің қолына алып, сендерге мені итше талатып қойған қытайлық қызыл коммунистерге де айтар сөзім осы!
– Гомеңдаңнан қанша қару-жарақ алдыңыз?
– Үш пулемет, бес жүзден астам мылтық алдым. – Оспан ештеңе жасырмады.
– Сіз Америка Құрама Штаттарынан да қару-жарақ алмақшы болыпсыз ғой?!
– Иә, олармен де уағдаластым! АҚШ-тың вице-консулы Дуглас Маккернан Қытай генералы Суң Шилән арқылы кездесуге тілек білдірген соң, екеуміз кездестік. Ол: «Америка сізді қолдайды, қару-жарақ жағынан көмектеседі, егер қажет десеңіз, самолет те жібереді, саяси баспана ұсынады» деп, уәдесін үйіп-төгіп берген. Бірақ бәрі сөз жүзінде қалды. Кейін билікке қызыл Қытай келген кезде Маккернанның өзі де бас сауғалап қашып кетті!
Тұтқын тергеушілердің қалған сұрақтарына да ешбір бұлтармастан нақпа-нақ жауап қайтарды.
Арада біраз өткенде осы тергеудің хаттамасы партбюрода талқыланған кезде Шінжаң өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Уаң Інмау:
– Мына құжатта жазылғандардың бәрі тұтқынның өз аузынан шыққан сөздер ме?! – деп таңырқаған.
Күн тәртібінде қаралған осы мәселе бойынша партбюрода хабарлама жасап тұрған Жағда:
– Иә, бәрі де Оспан Ісләмұлының өз сөздері. Мұны тергеушілер де, комиссия мүшелері де естіп отырды, – деді.
Уаң Інмау бас шайқап:
– Не деген қайсар, не деген ержүрек адам еді! – деп одан сайын қайран қалды.
Құлтөлеу Мұқаш,
qazaquni.kz