Көрген түстей бұлдырап…

7
2332

Қазақтың қайталанбас сыншыл да ойшыл ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлі 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Президент көңіл айтты

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлінің өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасы жеделхатта «ардақты ақынның дүниеден өтуі қазақ әдебиеті үшін орны толмас қаза екенін, оның азаматтық, патриоттық тақырыптарға жазылған, философиялық түйіндеулерге құрылған жырларын халқымыздың сүйіп оқитынын атап өткен.
«Қадыр Мырза Әлі тек қаламгерлік қайратымен ғана емес, биік азаматтық болмысымен, еңбексүйгіштік қасиетімен де жұртшылыққа жақсы үлгі еді. Халқымыз оның жарқын дидарын, тапқыр да шуақты әзілін сөзсіз сағынатын болады. Қадырдай ақынның өмірі оның жүрегінің тоқтауымен аяқталмайды, енді оның шығармашылық мол мұрасының мәңгілік ғұмыры басталып, баянын таба беретіні сөзсіз», – делінген жеделхатта.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Саяси кеңесі, халық жазушысы, дарынды тұлға, ақын, Қазақстанның алғашқы Әнұраны авторларының бірі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
МЫРЗАЛИЕВ Қадыр Ғинаятұлының қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, орны толмас ауыр қазаға ортақтасып, көңіл айтады.
Қазақтың дүлдүл ақыны дүниеден өтті. Сөзге шешен, өлеңге жүйрік, сергек те сезімтал ақынның әр жазған дүниесі ұлтымыздың рухын көтерді. Жыр әлемімен бірге сырлы әлемге де сапар шеккен қаламгердің қарымын ойға ой қосатын, сананы сергітетін, көңілдегіні дөп басатын көркем дүниелерінен де байқадық.
Қазақ поэзиясының парасатты өкілінің қазасы баршамыздың қабырғамызға батар жағдай. «НҰР-Медиа» медиахолдингі басшылығы және ұжымы да қоғам қайраткері, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қадыр Мырза ӘЛІНІҢ қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына, ақынның талантына бас иген бүкіл қазақ жұртына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Қош, қимас досым

Қаралы хабар қай уақытта да көңіліңді босатып, көзіңе жас үйіреді. Бір жылы туған төл едік, үш ай үлкендігіңді айтып: «Мен саған ағамын» дейтін ең қуанып. Мен де сол ағалығыңа бір түрлі қуанатын ем. Сенің ақылың да, талантың да менікінен гөрі көп еді. Сондықтан да мен сенің ағалығыңды ардақ тұтатын ем. Сөз кезегі алдымен саған тиетін. Мен саған басымды иетінмін. Әдебиетке берілетін атақ-абыройларды да сен алдымен алдың. Бірінші құттықтаушың болғанымды өзіме бақ көретін ем.
Асыл, ардақты досым, құрдасым Қадыр! Сен ешқашан өлмейсің. Сенің мәңгі жасайтын асыл жырларың сені арман биігіне қарай ұшырады да отырады.
Сенің ақын інілерің, құрдастарың сенің ақындықтағы ұлылығыңды әрқашан сыйлайды. Сені сүйікті ағам дейді кішілер. Құрдастарың тұлпар ақын деп ардақтайды. Әттең, асыл ойлы, парасатты ұлы сапар тым ертерек үзілді. Өмір сапарың да өзіңнің ұлы жыр сапарыңмен бірігіп, сені мәңгіліктің шыңына шығарғанын біз өзімізге мақтан тұтамыз.
Сенімен қанаттас, қаламдас болғанымды мәртебе көрем мен. Қош, қазақ жырының ұлы ақыны дейді өзіңнің Тұмашың жылап тұрып. Қош, менің бір туған досым, құрдасым, асыл Қадекем.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

Артында өлмейтұғын сөз қалдырды

Қадыр ақынның бұ дүниедегі күні таусылды. Жыры таусылған жоқ. Аты қалды, жазған хаты, өсиеті-оның өз өмірі, қасиеті, дарыны, шығармашылығы қалды.
Жалпы, поэзия қазақ халқының жанына ең жақын жанр екені баршаға белгілі. Халқымыздың ең игі армандары мен ақыл-парасаты, өмір жайлы философиясының бәрі де осы поэзия тілімен дүниеге келді.

Абай айқан: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөздің мәні терең.
Қазақ поэиясында «бойтұмар» мен «ойтұмар» ұғымдарына ескеркіш сомдап кеткен асыл адам, ақиық ақынның қазасы қазаққа ой салуы тиіс.
Қадыр ағамыздың шығармашы­лығы әлі талай ұрпақтың кәдесіне жарайтын, әлі талай ұрпақтың зерттеуін қажет ететін аса бай мұра.
Сонау қылышынан қан тамған кеңес дәуірінің өзінде цензураның үрейі үстем кезде ұлттық мүдде мен халықтың мұңын астарлы сөзбен, айшықты оймен поэзия тілінде жеткізе білген ақынның ақыны Қадыр Мырза-Әлі. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне» деген сөзінде сол кезеңді суреттеп тұрғандай.
Сол бір солақай саясаттың тұсында «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра», «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп рух берген Қадыр ақын.
Қадыр Мырза-Әлінің өлеңдерімен өскен ұрпақ қалыптасты. Қадырдың ақындық мектебінен өткендерді санымен емес, рухынан танисың.
Бүгінде сол мектептен тәрбие алып, азаматтық үнімен, халықтың сөзін поэзия тілімен айтып жүрген тамаша ақындар да жеткілікті.
Қадыр ағамыз халқын Абайша сүйді, халқы үшін Абайша күйді, Абайша ел түзеді, Абайша мыңмен жалғыз алысты.
Артында өлмейтұғын сөз қалдырды.
Иманы салауат болғай!

Дархан Мыңбай,
Президент Әкімшілігі
Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі

Өлеңменен өмірді құшқан жүрек

Қос қанаты талмаған,
Ұшқан дүдеп,
Кім ойлаған жыр-ғұмыр қысқарды деп.
Соқпайды енді, амал не, соқпайды енді,
Өлеңменен өмірді құшқан жүрек.

Балалардан басталып жыр-соқпағың,
Аналарға арнадың гүл шоқтарын.
Бір сәт тыншу бермедің жүрегіңе,
Білсең-дағы ғұмыр-жол бір тоқтарын.

Кеш батырып,
Өлеңмен атты таңың,
Көрген түстей бұлдырап жатты сағым.
Сол буалдыр сағымнан ойлар іздеп,
Түні бойы сөндірмей жақты шамын.

Өзің шыққан биіктер талай заңғар,
Дейтін емес қыран-жыр қалай самғар.
Сен өмірден өтсең де,
Қайран, Қадыр,
Қалды артыңда өлмейтін талай томдар.

Қос қанаты талмаған,
Ұшқан үдеп,
Кім ойлаған жыр-ғұмыр қысқарды деп.
Соқпайды енді, амал не, соқпайды енді,
Өлеңменен өмірді құшқан жүрек.

Өмірден Қадыр ағам өткені ме

Қайран Қадыр аға! Қазақтың Қадыры! Өмірден ол кісі де өткені ме? Оның табан астында тауып айтатын қисынды қалжыңдарына баладай мәз болып, дастархан басында күлкіден езу жия алмай жадырап отырғанымыз кеше ғана еді ғой. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дің студенттері мен ұстаздарының алдында қызықты естеліктер айтып, тебірене өлең оқып тұрғаны да көз алдымызда. Арада ай ауыспай жатып ол туралы өткен шақта сөйлейміз деп кім ойлаған. Жазмыштың ісіне амал жоқ екен. Айтпақшы, сол туралы «Жазмыш» деген кітабында өзі де тәптіштеп-ақ айтқан еді-ау. «Өмірдің түйініне тоқталғанда қазақтың «жазмыштан озмыш жоқ» деген мәтеліне жетер сөз таппадым» деп жазған болатын. М.Лермонтовтың «Смерть всего лишь миг, а смерти не минуешь» дегеніндей жазмыштың жазуын Қадыр ағам да айналып өте алмағаны ғой. Жұмыр басты пенденің қолынан келмейтін бір нәрсе осы екен. Өзегімізді өртеген өкінішке дес бермеске не шара?
Ағамды соңғы көргенім есіме түседі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетінде қызықты өткен кездесуден қайтып келе жаттық. Көңіліміз көтеріңкі. Машинада екеуміз ғана. Қадыр ағам әдеті бойынша әлем әдебиетінің марқасқаларын түгендеп келеді. Өңкей таңғажайып эпизодтар көз алдымнан кинолентадай тізіліп өтіп жатыр.
Ол кісі сәл тыным алған бір сәтте:
– Аға, кездесуде сөйлеп тұрып, неге көзіңізге жас алдыңыз?– деп сұрадым.
– Осыған өзім де таң қаламын,– деді ол денесімен маған бұрылып,– Сенесің бе? Соңғы кезде осылай жылайтынды шығардым. Неге екенін өзім де түсінбеймін. Көңілім босап кетеді.
– Студенттерді көріп, жас кезіңіз есіңізге түскен болар? Мүмкін өзіңіз дәріс берген факультетті сағынған шығарсыз?
– Ол да бар. Бірақ мен жылауық болып алдым. Халықтың алдына шықсам өзінен-өзі көзіме жас келеді. Өткенде бір ортада өзімді әрең ұстадым. Үйге келген соң, ешкімге көрсетпей бала құсап жылап алдым. Жылап алып едім кәдімгідей жеңілденіп қалдым.
– Сонда не деп жыладыңыз? – дедім әңгімесіне қызығып.
– Осы күндер енді қайтып келмейді-ау деп жыладым. Біраз жасқа келдік. Өмірдің көбі кетіп азы қалғаны удай шындық. Көкірегімізді құр сүйретіп жүрміз ғой. Енді қанша қалды дейсің?
– Қойыңызшы, аға! Сіздің жасыңызға жетіп, осылай жүгіріп жүрсек не арман бар? Әлі сексенге, тоқсанға толғаныңызды да тойлаймыз. Аман болыңыз! – дедім. Айтарын айтсам да сол сәтте «Ағам қарттықты қатты уайымдайды екен-ау. Қауіпі күшті сияқты» деген ой санамды сызып өтті. – Сіз бақытты адамсыз ғой, – дедім жолдан көзімді аудармай,– Ұрпақ өсіріп, немере сүйдіңіз. Өмір бойы өлеңге адал болдыңыз. Халыққа адал қызмет еттіңіз. Құрметке ерте бөлендіңіз. Сыйлықтан да құралақан болмадыңыз. 32 томдық бай мұраңыз бар. Халықтың жүрегінде, әдебиеттің тарихында мәңгі қалдыңыз. Бұл екінің біріне бұйырмайтын бақыт деп ойлаймын.
– Оның рас,– деді Қадыр аға жымиып,– Бәлкім сол бақытты қимай жылайтын шығармын.
– Бұл енді басқа әңгіме!
Екеуміз қосыла күлдік. Әңгімемен Қадыр ағаның үйінің алдына келіп қалғанымызды да байқамаппыз. Көліктен түсіп, таза ауада тағы біраз тұрдық. Ол кісінің әңгімесін тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді ғой. Таусылмайтын қазына дерсің. Дүниеге көзің ашылып, жан сарайың кеңіп қалады.Әлден соң:
– Хабарласып тұрармыз. Мен енді қайтайын аға,– дедім. Ол жүзіме мейірлене қарап, құшақтап, арқамнан қақты.
– Жарайды. Рахмет! Жыласақ тек бақыттан жылайық!– деді сұқ саусағын шошайтып. Машинаны бұрып, айнадан артыма қарасам Қадыр ағам қақпаны жауып жатыр екен.

Темірғали КӨПБАЕВ

ҚАДЫРДЫҢ АҢЫЗЫ

Қаңтарда туған Қадырды сол қаңтарда қара жердің құшағына тапсырдық. Қазақтың қайран, Қадыры-ай!
Ортамыздан бір тау шөгіп кеткендей, енді айналамыздағы биіктер сиреп бара жатқан сияқты.
Оның есімі бала күнімізден құлағымызға аңыз түрінде ғана естілушы еді ғой. Айбатты Алатау, қасиетті Атамекен ұғымы, соның ішінде «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра», «нағыз қазақ міне осы деп танып қой» секілді әнмен жеткен әпсаналар Қадыр ұғымын көкейімізге мықтап шегелеген болатын. «Қайда жүрсем атамекен» деген әнді мұңмен, сағынышпен, ыстық көңілмен толқыта, тоқтамай айтушы едік. Сөйтіп, шет жұртта жаутаң көз болып жүрген қазақтарға Қадыр өлеңі, ән сөздері қанат бітіріп, дайым көкірек қоламтамызды бір көсеп тастайтын. Біз өшпеуге, өлмеуге тырысатынбыз, маздайтынбыз.
Сол қол жетпестей биікке – Алатауға, Атамекенге, Қадырға да қол жетті. Аллаға мың тәубе! Ескі ертегілерде айтылатын құлақ естігенді көз көреді деген тамаша тәмсілдің мысалын өз басымыздан таптық. Ендігі «Атамекен»-нің жөні тіптен басқа.
Қайда жүрсем Атамекен…
Көкіректі керіп, кеудені отқа толтырып, еркін лапылдайтын болдық. Шіркін, тәуелсіздік!
Сол Қадыр ақынмен жақыннан шүйіркелесудің де сәті түсті. Осыдан 4-5 жылдың алдында, бір күні «Қазақ әдебиетінен» Ғалым Жайлыбай ағамыз қоңырау шалды: «Қадыр қаламақысын жумақшы, бізге жақсы машина, сенімді серік, қаламгер іні керек. Бәрін сенің басыңнан тауып тұрмын». Қашсаң құтылмайтын осы уәжбен Ғалымның «қақпанын» қуана басып, Қадырға қолым жетті. Бізге Жәркен Бөдеш ағамыз қосылып, төртеу болдық.
Дастархан, монша, қызу кеңес – бір күндік жолдасқа мың күндік рух сыйлады. Аңыз кейіпкерінің адамды жатырқамас ақ көңілділігі, әзілі, шаршамас, шалдықпас сергектігі кісіні қызықтырады. Көз алдыман Алатаудай Қадырды емес, шәкене ғана бойы бар, езуінен күлкі кетпейтін қатпа қара жігіт ағасын тауып, мәз болып мен жүрмін. Талай-талай тәтті әңгімелерді айтысып, қарымжысы мол қалжыңмен еркін көсілдік. Тіпті оның әйгілі Мырзалиев екенін мүлдемге ұмытып, сөз таластыруға дейін бардым. Айналасынан жаттанды сөз бен қолпаштауларды көп естіп, құлағы жауыр болған ақын «ауылбайшалап» айтылған, Алтайдың ар жағынан келген әзілге айызы қана рахатанды. Қаланың емес, даланың тірі хикаясын сағынғаны шығар.
Сондағы әңгімелерден батып бара жатқан күнге телміріп, өрмек тоқып отырған бір кемпірдің аңызын айтып бергені есімде.
– Күн батыстан көрінген біреуді «өрмегіммен бірге тоқып жібердім» деп сол кемпір айтқандай, менде сені өрмегіммен бірге тоқып алдым, – дейді балаша желпініп.
Кешкісін Қадыр ақынды Таусамалы ауылын­дағы үйіне жеткізіп қойдым. Осыдан кейінгі кездесулерде ағамыздың ыстық құшағы маған айқара ашылып жүрді. Бірақ екінші мәрте дәл сондағыдай емін-жарқын шүйіркелесудің сәті түспеді.
Сол бір күнді еске алған сайын, тағы бір кеңесуді күтіп, қасында жүріп-ақ сағынышқа матайтын ақыннан енді, міне, мәңгі-мәңгіге айрылып отырмыз.
Көз алдыма батар күнге телміріп, өрмек тоқып отырған кемпір келеді. Өрмек қып-қызыл кеш шапағымен боялған. Өрмектің бетінде күннің соңғы алауымен құлаған көлеңке сұлбасы. Күн неге батып барады? Батар күнді тоқтатар тылсым құдыретті іздеп, бар дауысыммен айғайлағым келді.
– Қадыр, Қа-дыр а-ға-а-а!
Ақын туралы соңғы аңыз қазақтың ұлы ақыны Қадырдың бейнесін бүкіл жер – Ана дала өз өрмегіне тоқып жатқанымен аяқтайды.
Таулар алыстаған сайын биік.

Жәди Шәкенұлы

7 ПІКІРЛЕР

  1. Өкіішті… Рас… Алматыда В.Ни деген кәріс өлгенде Қ.Тоқаев бастаған делегация келіп, жерлеуіне қатысыпты. Ал Қадыр қазасына ешбірі ат ізін салмады. Рухани байғұс екендерін көрсетті олар. Қадыр – Алатау, нилер соның етегінде шашылып жатқан жұдырықтай ғана тастар еді, бірақ сол тастар биліктегілер үшін асыл екен. Е, мейлі. Қадыр – философ ақын, нағыз классик! Қазақ аманда Қадыр аты өшпейді.»Құрдастың құдайы бір» дегеннен бе, әйтеуір, маған біздің заманымыздағы философиялық поззияда Қадыр, лирикада – Тұманбай, әзіл-мысқылда -Үмбетбай ең алда сияқтанады. Қадырға пейіштен орын, ал мына екі құрдасыма Жамбыл атамыздың жасын тілеймін! Ғаббас.

  2. Кадырды коярда, Елбасын айтпай-ак кояйык шаруасы коп кой. Президент акімшілігінен, не парламенттен сенат торагасы, мажіліс торагасы, не укімет басшысынан ешкім бармады… Окінішті…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз