Кітапсыз біз –жансыз қуыршақпыз!
2011 ж. 12 ақпан
2855
0
Қанипаш Мәдібай, әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы:
– Ә дегенде әдебиеттен бастасақ, қазіргі таңдағы әдебиет туындылары, яғни шығармалар өз деңгейінде ме? Деңгей деп отырғанымыз, әдебиет, тарих беттерінде қашалар орнын «әне!» деп иекпен көрсетер шығармалар бар ма?
– Көңіл аулайтын шығарма бар, жан жаулайтын шығарма бар. Екеуі де қажет сияқты. Әрқайсысына тоқталып, нақты айтпай-ақ қояйын. Көңіл аулайтын деп отырғаным – оқиға желісі жетектеп отыратын шытырман, шырғалаң туындылар. Жан жаулайтынымыз – өмірдің сұлу сәтін де, сұмдық құбылысын да жан суырып отырып сезіндіре алған, көрсеткен шығарма. Әлем әдебиетінде бұлардың көптеген үлгілері бар. Қазақ әдебиетінің де бетке ұстар дүниелері аз емес.
– Көзқарасыңыз, қазіргі жастар көркем шығарма оқи ма? Оқыса қандай шығармалардың тұлпары аламанда оқ бойы озып жүр, ал оқымаса оған не себеп? Өзіңіз жас кезіңізде оқыдыңыз ба?
– Осы сауалыңа байланысты жауабым да дайын сияқты. Бұл тақырып көкейімде жүрген мәселелердің бірі. Мұнда толып жатқан себеп бар.
Біздер бала күнімізде көркем шығарма оқуға аса ынтық болдық. Кешқұрым ауызашарға жиналған соғым басына жиналған ауыл қарияларына Шәйза екеуміз (кішкентайдан бірге өскен құрбым, ұлы көршілеріміз Омар ата мен Қайныш апаның немересі, қазіргі ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері, ұстаз) батырлар жырын алма-кезек ауысып отырып, оқып беруді дағдыға айналдырған күндеріміз болған.
Кітаптың жеке адам ғұмырындағы ықпалы туралы айтсақ, алғаш оқыған кітаптар – «Батырлар жыры», «Қазақ ертегілері» көркемдік кеңістікке қарай жетектеп алып кетті. Елуінші жылдардың аяғында еліне оралған Сәкен, Бейімбет, Ілияс кітаптарын Алматыдан бір қап етіп Тұрсын ағайымыз алып келген. Бейімбет жазып отырған ауыл адамдары, ол суреттеген ауылдың қоңыртөбел тірлігі маған тым таныс, жақын көрінді.
Күлпаш пен Мақтым, «Әже» әңгімесі есте мәңгі қалды. Сәкен мен Ілияс сөзінің құны мен мәніне көп кейін бойладық.
Сол жылдарда кітап қолдан қолға өтеді, бір-бірімізден жалынып жүріп сұрап алып, жастанып жатып оқимыз.
Қазірде өзімнің туған тілімде бала кезде оқыған шығармалардың дүние танымымды, жеке бас болмысымды қалыптастырудағы өлшеусіз, шектеусіз ықпалы туралы қанағат сезіммен ойланып қоятын тұстарым бар. «Абай жолын» 11-12 жасар бала кезден бастап оқымаған болсам, туған елім, ұлықтайтын қасиеті мол ұлтым туралы ұғымым сөз жоқ, қазіргіден басқа болар еді.
Орта мектепті аяқтап қалған жылдары «Қаһар», «Қан мен тердің» алғашқы кітаптары рухани қанағат болды.
Сол жылдарда мектептің бастауыш сыныптарында оқып жүрген құйтымдай баламыз. Әлі есімде, «Балдырған» журналы Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжан» повесін басқан. Пошташы ағаны күтіп алып, күнде «Балдырған» сұраймыз, себебі повесті журнал бірнеше номерінде бөліп жариялады, «жалғасы бар» деген сілтемені көргенде жабығып қалатынбыз. Шіркін-ай, ақыры немен бітетінін тезірек білсек қой деп дегбіріміз қашатын.
Кітап оқу бірте-бірте өмірлік бағытыма айналды, қазірде неге сол мектепте институтта жүргенде оқыған үстіне оқи бермедім екен деп өкінетін кездерім болып жүрді.
Қазір де сол кезең мен үшін көркемдік кеңістікті емін-еркін шарлаған шамамның, шамамның келгенінше бақылап-барлаған қайырлы уақыт. Қазақ әдебиетіндегі олқы түсіп ортаймас дүниелерінің дәмін сол дылдары татып, бағасын білдім.
Кітап баспадан шығар-шықпастан құйындатып оқып, тауысып тастайтынбыз, жарыса оқитынбыз, пікір таластыратынбыз. Ол заман жарық көрген жақсы шығарма зор құбылыс бола алды. Студенттік шақты Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнары», Дулат Исабековтың «Қарғыны» өзім үшін жаңа бір құнарлы бағытқа бастаған рухани сілкініс болғанын қазірде де қобалжымай айта аламын. Жан сарайымызды жаулаған танымдық, тағылымдық, адам құпиясын ақтарып, тылсым дүниеден сыр аулаған ондаған жарқын шығармалар жазылып жатты. Кітап оқу, білімпаздық деген біздердің кезде белгілі бір сәнге, салтқа айналған құбылыс болды. Меніңше, қазақ кітабының тарихының қай кезеңінде де көңіл аулайтын шығармалардан гөрі жан жаулайтын туындылар басым болды. Кеңестік дәуірдің кейінгі кезеңіне таман жазушылықты кәсіп еткісі, қаламгер беделін малдарнғысы келген жазуға құштар, бірақ жаратылыстан жазушы емес жандардың да кітаптары басылды. Алайда, уақыт барлығын өзі екшеп, елеп, реттеп те үлгерді.
Кітап жүз мыңдаған данамен шығып жатқанда да көптік еткен кезі болған жоқ. Шын мәніндегі құндылық қалпында қалып отырды. Қазақ әдебиеті өткен ғасырдың өн бойында тың тыныс, жаңа көркемдік бағыттарын ашты. Ал енді соның барлығы талғам, танымда бағасын алды деп те айта алмаймыз. Осы уақытқа шейін Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнары», Дулат Исабековтің «Қарғыны», Бейбіт Қойшыбаевтың «Дүние – кілті» жаңа бығыт түзу мәнінде талқыға түспеді деп ойлаймын.
– Дәл осы тұста бұл мәселеге қазіргі заман тұрғысынан саралап көріңізші.
– Қазақ әдебиетінде ендігі уақыт ағымы мүлде басқа арнаға ойысты. Қазіргі жастардың кітап оқуы туралы бір айтарым, біздің филология факультетінің студенттері оқиды. Сан мәрте олардың қолынан шетел әдебиеті туындыларын да, қазақ жазушыларының шығармаларын да көріп жүрмін. Олардың кәсіби бағытына байланысты оқу міндетті.
– Ал жалпы алғанда ше?
– Ал жалпы алғанда жас атаулының кітапқа аса қызықпайтынын барлығымыз білеміз, көріп те жүрміз. Оларды өзіне етене етіп алған, ақпараты көп, көңіл аулайтын алдамшысы мың сан интернет дейтін жау шықты. Бір мәнде оның жан арбайтын сиқыры да жеткілікті. Бірақ бұл – кітаптың жанды жаулары емес.
Кітаптың аз оқылатынының және бір себебі: басылған аз тиражбен шығуы таралымының аздығы. Ауыл баласы әлде де кітапқа жабысып көңіл аңсарын кітаптан табар ма еді. Кім біледі, кітап оларға жетпейтін сияқты.
Тағы бір себеп – ол енді жазылып жарияланған, таралып жатқан туындылардың көркемдік деңгейі жазудың жаңа бағыттарын қуалаймыз деп жүріп қарапайым, әсіресе көңіл аулайтын дүниеге көңіл көбірек салатын жалпы оқушыға лайықты жалпыға дегенде, жай бірдеңе емес, кәдімгі он екі мүшесі сау, көркем туынды жазудан көз жазыңқырап та қалғандай жағдайлар бар.
– Ендігіде кітап шығару, баспалар, кітап шығару мәселесіне келейік. Жалпы алғанда, бұрынырақта, кеңес кезінде қандай тенденциялар орын алды? Кітаптар қазіргімен салыстырғандай қай тұсын атап өту қажет? Кемшініміз қайсы, еншілегеніміз қайсы? Жалпы кітап өзгерді ме?
– Қазіргі кітап та – сол баяғы кітап. Сырт безендірілу, шығарылым сапасы жөнінен көш ілгері де кеткен кітап.
Мазмұны да ұлтымыздың ғаламдық жаңа көркемдік өрістегі өзіндік бет-бағытына, бағдарына сай дер едім.
Бұрында «Жазушы», «Жалын», «Өнер», «Мектеп», «Қайнар», «Қазақстан», «Ғылым» баспалары болды. Ондаған жылдар бойы олар атқарған шаруа көп. Қазір бағыты түзу, тындырып жатқан ісі мол баспалардың қарасы қанық. Жергілікті жерлерде де халық қажетін қанағаттандырып отырған баспалар ашылды.
Қызылордадағы «Сырдария» кітапханасы, Павлодар мемлекеттік университетінің басылымдары көз қуантады.
Қазіргі кітап басу ісіндегі бір елеулі шара – мәдени мұра бағдарламасы мұрындық болып шығарылып жатқан өлмейтін құндылықтарымыздың қайта басылым көруі.
«Арыс» баспасынан қайта басылып шығып жатқан рухани мұраның бірі – Сәбит Мұқановтың құны бөлек қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиет тарихының очерктері» еңбегі. ХХ ғасыр басындағы көптеген игіліктерімізге осы баспалар қол жеткізді. «Қазығұрттың» көптомдықтарының да жолы бөлек.
Діни, имандылық өрістегі «Көкжиек» баспасы, әлем әдебиетінің жауһарларын ана тілімізде сөйлетіп шығарып отырған «Аударма» баспасы, Абай шығармаларының академиялық жаңа басылымын шығарған «Жазушы», бар бағытта ұлт руханиятына ықпалды дүниелерге жол ашып отырған «Білім», «Жалын», «Арда», «Ана тілі», «Фолиант», «Қазақпарат», т.б. баспаларының өнімдері маңызды, мәнді.
– Айтып жатқан мәселелер бойынша қазанның қақпағыын жылы жауып қойсақ, сыңаржақтылыққа ұрынатын секілдіміз. Себеп: оқушылардың күрт азаюы болып отыр. Интернеттің тұтынушылары саны бас-аяғы он жылдың ішінде кітап оқушыларын төрт, тіпті он есеге дейін басып озды деген де ақпараттар бар. Теледидар, радио, басқа да техникалық құралдардың әсерін айта кету керек. Осы себептермен де, кітап бүгінде құнсызданып барады дейміз. Сіздің пікіріңіз бойынша осы рас па?
Рас... Оқушы азайды.
Аспаннан ғаламтор дейтін ғажайып түсті. Оқып, тоқып, толысар шақтағы ауыл баласы ұялы телефонымен әуре. Кішкене қыздар қолына кітап ұстағаннан гөрі әжелерімен жарысып сериал көреді.
Екіншіден, шыққан кітап қазірде азшылыққа айналып отырған ойлы оқушыға жетпейді. Тиражы тым аз.
Тағы бір мәселе. Қилы бағыттағы басылымдар да шығып жатыр. Сол жөнінде сақтық қажет.
Өткен мұраның тұтас қамтылып жарық көріп жатуы – тәуелсіздік жылдар олжасы.
Балаларға арналған көркем безендірілген өтімді кітаптар шыға бастады. Ғылыми-көпшілік, жалпы танымдық кітаптарға да ынта, ықылас ауып отыр.
Кітап – өткеннің рухы, келешектің кілті.
Кітап оқу қазір қажет пе деп салғырттауға болмайды. Кітап – киелі құбылыс. Кітап – адамзаттың ақыл-ой сорабы, ағыл-тегіл арман асқары шапқан аттай от шашқан қызу жаны әр ұлттың ең қымбат асылы, айта алмасты айтып берген ана тілі. Кітап – киелі дүние. Әуелде Алланың сөзі түскен адам баласының барша тіршілік бағыты түзілген кітаптар болды. Кейінде кітап атаулыға сол ұлы мазмұн дарыған деп ойлаймын. Кітап ғасырлар бойы төрден түскен жоқ.
Кітаппен арамызды суытып алған сәтте біз күнкөріс қамымен шапқылаған жансыз қуыршақ-ойыншыққа айналып кетеміз.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Ардақ ҚҰЛТАЙ