ЖОЛАЙЫРЫҚТА

немесе жарылмаған жанартау! Жетпісінші жылдар. Ақжүрек Жанболат Аупбаев келді жүрегін қолына алып. Жүрегімен бірге қолында бір курстас досының жыр топтамасы. Жастар газетінің Әдебиет және өнер бөлімі дайындайтын, дайындап талапты, талантты жастар өлең топтамасын жариялап отыратын «Қанат қақты» аталатын айдарымыз болатын. Баспасөздің қасқалдақтың қанындай аз кезі.Жаңа ашылған облыстың бірі – Жезқазғаннан жеткен өлеңдер болып шықты. Авторы – Жүрсін Ерманов! Өтінішін айтып, топтаманы қалдырып Жанболат Аупбаев өз бөліміне кетті. Әлгі ақ қанатты жыр топтамасымен оңаша мен қалдым. Оқып отырмын. Қанаттас дос мақтаса – мақтайтынындай бар екен. Өлеңдер сыршыл.Сыршылдық – ұзақ жыл сағындырып өлең көгіне кештеу шығып көтеріліп алып түспей тұрған кез. Ақ жібек желкеніндей ақ кеменің, Көңілім алаң болды-ау, әпке, менің. Тигізер саған мүлде жоқ көмегім, Қайтіп бұл жүрегімді қақ бөлемін! Сәби деп, жардың басын жағалаған, Сен де әлі боламысың маған алаң? Едік қой қоңыр қаздың балапаны Біріміз-бірімізді паналаған,-деп жырлайды жас өркен. Адам баласы бойындағы ең асыл қасиет – бауырмалдық. Адам бойындағы бар ізгіліктің қайнар бұлағы - бауырмалдық. Әпке ұғымы әсіресе, мен сияқты оңтүстіктің баласына соншалық жылылықтың шуағын шашары хақ. Жас таланттың өлеңі мейірім-шапағатқа толы өлеңдей көрінді. Кісіні,өлеңнің сыртқы пішімінен білінбегенімен, ішкі ағзасында бұғып жатқан мінсіз нәзік мұң баурап алып бара жатты. Жетім балалардың бірін-бірі іздеуі соншалықты табиғи берілген екен. Өлеңді ұнаттым. Қарлығаш – балаң, қанаты талып құласа, (Қуантпас, бірақ, жан анам, сені бұл аса) Қанатын созып құлайтын шығар сен жаққа, Сонан соң ғана, жылайтын шығар...жыласа...-деп сөйлейтін екінші өлең әлгі сезімді одан әрмен тербеп, өзімен бірге әлдилеп, әкені ерте беріп, бірыңғай ананың бауырында өскен мені бірге жылата жаздады. Сарымайдай еріп тұрған өлеңнің ішінде өрге жүзгендей өрлік, тағдырға қасқайып қарсы тұрамын деген қайсарлық бұғып жатыр еді. Әй, сол сезім жылаудан аман алып қалған шығар. Алайда әпкеге деген сағыныштан басталған жыр-сезім, образды балама «қарлығаш-баланың» анаға деген борышкер перзенттік бейіліне ұласып жас ақынның тынысын кеңейте түскендей әсер етті. Жас ақын өлеңі бір өлеңнен екінші өлеңге табиғи ұласа жырланып ақындық тұтастыққа бастап келеді екен-ау деп сүйсіндім. Топтама, осылай жүрегімді жаулай бастады... Өлеңнің өн бойында шағын фабулада сөйлеп, фактурасын сұлу торы аттай жаратып, соңын бір тәтті оймен түю – тауып айту! Шамасы, Қадыр шарапаты... Ол да алдымыздан шықты. Тіпті екпіндеп батыл сөйлейтіні соншалық тауып айтумен бірге ойын қоғам бойындағы дерткен дерттерге тигізе «қауып-қауып» айтатынын аңғарып қалдым. ...Өзінің жасап солай бар амалын, Анашым айтушы еді жорамалын. «Таза бас туған жердің топырағын, Жете гөр қадіріне Жер-ананың!» Көңілді бастық бүгін өрепкіген, Білемін енді басқа деректі мен: Ұшынған ұлы дәуір сырқатымен, Ұшықтау Жердің өзін керек білем! Өлеңді оқып отырып ауырған адамды «жерұшық» жасап, жазып алып жататын ырымды ойнатып әкеліп, Жер-ана дерттеніп қатты сырқаттанып тұр, оны не істейміз?-ге ұластырады. Ол біздің «жерұшығымызға» көнер ме, шипа болар ма біздің «жерұшығымыз» Жер-Анаға?-деген үлкен сауалдар қояды. Жалқы сипат жалпыға айналған. Ритуальдық ұғым абстракцияланып, этнографиялық сипат көркемдік деталь болып сөйлеп тұр. «Адамға табын, Жер енді!»-деп ұрандатып жатқан жетпісінші жылдар! «Табиғатты бағындырамыз!», «Табиғаттың бермесін тартып аламыз!»-деген ұрыншақ ұран, дабыра, жалаңқай сөздер күндіз-түні радиодан саңқылдап, ағымдағы баспасөзде күнде – күнде жазылып, санамызға сіңіп кеткені соншалық «Табиғат» деп сыпайылап алып Құдайды мойындамай құдайсып, саясаттың солақайлығы һәм ұранқайлығы соншалық Жер – бізге ана емес, біз жерге Әке сияқты сезініп жүрген желбуаз кезең. Сондай сәтте уланған санаға мына Жүрсін баланың «Ұлы дәуірдің сырқатымен» ауырған Жерді ұшықтап жазып ала аламыз ба?»-деген сұраулы өлеңі алдымен қабылданбай ит қылады, содан соң барып қабылданған соң санаңды шайқап-шайқап жібереді екен.Топтама миымды солқылдатып алып бара жатты. Ол аз болса: Ұлытауым, ұлығым, Ұлтым менің, Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін. Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла, Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім, Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!-деп ақындық дауысты тым жоғары алып та өлең жазады. «Ұ»-дан басталып ұлтсырап ұлып тұрған өлең. Жайшылықта өлеңнің ырғақ- бітіміне тұтқырлық келтірердей «Ұ» Жүрсіннің мына өлеңіне үндестік дарытып «Ұлытауым», «ұлығым», «ұраным», «ұларым», «ұлың», «ұлтым» менің болып ұласып, гармониялық үйлесімге түсіп сыңғырлап, тұтасып бара жатады. «Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім»-деп жан-дүниеңді мұңға батырып ішіңді уілдетіп ұлытып жібереді. Өлең болмысындағы поэтикалық гармония қайшыласқан сезімнен дисгармониялық сипатқа түскендей болады. Алайда ол туындының драмалық қуатын арттыру үшін жасалған шара. Өлеңнің өн бойындағы драматизм сені сілкіп-сілкіп алады. Шығармашылық істегі шын жақсыға жарылмай қуанатын бүтін кезіміз. Жүрсіннің өлеңдеріне ағымнан жарыла қуандым. Жас өркен өлеңдерін шөліркеп келіп қымыз жұтқандай сіміріп салуға болмайды екен, содан да бойыма сіңіре оқып, ойымда қорытып, бойыма қондырып ұсынып кеп жіберейін басшылыққа! Өлең топтамасы басшылықтан шықпай қалды. Апта жатты, ай жатты, жыл жатты.. «Су аяғы құрдым...» Жанболат екеуміз әуел баста бір-бірімізден сұрағыштап жүріп ақыр аяғы бірімізді көрсек біріміз ұрлық қылып, екінішіміз үстінен түсіп қалған кісідей қызарақтай төмен қарап үнсіз жылыстап кететін халге жеттік. Өлең басылмады. Басылмайтын себебі – бізден емес (басшыдан емес) - өлеңнің өзінен! Көріп отырсыздар, өлең топтамасы жетпісінші жылдары жариялануы мүмкін емес, ылғи бір айтуға болмайтын жәйді айтқан, жазуға болмайтын жәйтті жазған – уақытқа қайшы тақырыпта туған қайсар өлеңдерден бас құраған. Ондай өлең топтамасы қайдан ғана жарық көрсін жетпісінші жылдары?! Сыпайы тілмен айтқанда мінезді тақырыптарда туған мінсіз өлеңдер еді деп ойлаймын. Жыр топтамасы жарық көрмеді. Есесіне Жүрсін Ерманов ақындық сапарға осындай асқақ сезімге құрылған, айбынбай ұлт есесін сұраған адам жетімдігін қоғамдық жетімсіздікке ұластыра айтатын тегеурінді ойды омарталаған ойлы, астарлы, мінезді өлеңдермен шыққан еді.Әлгі беті қайтқан бейбақ өлеңдердің ақын бақытына айналатын себебі де осыдан! Міне, осы сәттен бастап Жүрсін Ерман ақындық қадамын қадағалаумен келемін.Жүрсін өлеңнен өлеңге өсті. Бірақ, жинақтан жинаққа өскен жоқ. Поэзия көгінде жалт етіп көрініп, ұзақ-ұзақ көрінбей кетіп жүрді. Сыншы Дуганов небәрі 26 жас қана жасаған, татар-монғолдың титулы «тархандықты» жырлаған, қыңыр-қисық ақын Велимир Хлебниковті «әдебиетке әлденеше рет келіп, әлденеше рет кеткен ақын»-деп бағалайды. Ақынның жасаған жасы небәрі 26 жас. Ол қалай ғана әдебиетке бірнеше дүркін келіп, қайта кетіп үлгереді десеңізші?! Алайда, сыншы пікірі дұп- дұрыс. Ақындық ғұмыр – адамдық ғұмырмен өлшенбейді. Жыр –ғұмырмен өлшенеді.26 жас дегеннен шығады, дәл сондай жасында қазақ Сұлтанмахмұт, мадияр Шандор Петефи, жапон Исикава Такубаку дүниенің ойын айтып, әрқайсысы ұлт әдебиетінде бір-бір дәуірге айналып өтпеді ме жалғаннан?! Жүрсіннің поэзиясы туралы ойлағанда менің есіме адами ғұмыры өзімен кетсін, Хлебниковтың ақындық тағдыры жайында айтқан Дугановтың әлгіндей пікірі оралады әрдәйім. Жасырары жоқ, Жүрсін де қазақ поэзиясына осынау жылдарда сан рет келіп, сан рет өлең есігін тарс жауып, сырт айналып кеткен ақындай көрінеді маған. Өйткені, ізденісі біркелкі емес, әркелкі.Бірақ, ізденістен тыс ауа жайылып жүр деуден аулақпын. Ақын табиғатын өлеңдері арқылы бақылаған адам оның әрдайым өлеңге келгенде дәстүрден тыс тұрып сөйлей бастап қазақ поэзиясы дәстүріне айналып қайта келетінін аңғарады.Кейде дәстүрлі бастап дәстүр аясын кеңіте жырлап бара жатады. Ең бастысы сол ізденістерінің дені саналы. Алайда поэзиямен шындап шұғылдануы - стихиялы...Сондықтан да Жүрсін өлеңдерінде кездейсоқтық пен заңдылық телқабыс түсіп жатады. Ақшадағы Абайдың обалына қалған да Жүрсін... Бұғының мүйізін кестірмеймін деп жүрген де Жүрсін. «Мен игенмен жерге, Ол ұмтылады төрге»-деп басына ие бола алмай жүрген де Жүрсін. Жүрсіннің осы өлеңдерінің бәрінен де Қоғам мен Адам үйлесімсіздігі қылаң береді. Өлеңдегі сөз, тіпті сөздің арғы жағындағы дыбыс, үн, сөзбен салған сурет бәрі де әдемі бір үйлесіммен жорғалап келеді, сен елітіп отырасың. Сол сәтте ол жалт береді. Жалт береді де сен күтпеген жерден солқ еткізіп бір оймауыт ойды айтады. Осыған қарап ойлаймын: Жүрсін үлкен әлеуметтік мәселелерді қозғап, өмірдегі елеусіз құбылыстарды жарылатын сыздауықтай сыздап, дертіп тұрған күрделі мәселелермен оңай қабыстырып,өлеңіне әлеуметтік үлкен жүк арқалата білетін ақын. Ақын сөзі заманаға тәуелді емес. (Жариялануы тәуелді). Ол өлеңінде орайын тауып айтамын деген ойын айтады. Өлең өзегіне қорғасындай ауыр ойлар құйылады. Сезімге орап берген соң, бірде қуаныш, бірде мұң аралас өлең формасы табалып жатса құйылып оқылады, құбылып сөйлейді, құлағыңа үн келеді, жүрегіңе саз құйылады. Мұның бәрі де дұрыс-ау, ең бастысы өлеңнің бірінші қабатындағы поэтикалық рең, бояу, сазды малданып отырғанда оңдырмастай ой айтып миыңа мина тастап кеп жібереді. Ақынның өлеңге арқалатар әлеуметтік жүгінің мәні міне осында! Жүрсін замана биігінде жүрген ойшыл ақын. Өлеңдері, сөздің жақсы мағынасында, қосқыртысты. Бір көріністі өлеңге арқау ете отырып қоғамдағы келеңсіз екінші бір мәселені айтып салып қарап отырады. Қайқаң белді қасқа жол жатыр бөліп, Бұрылыста тағы бір натюрморт: Ұйқылы-ояу киіктің құралайын, Ұйқылы-ояу қарағұс отыр қорып... Осы өлеңнің алғашқы беті - өлеңдегі сурет. Сөзбен сурет салу. «Натюрморттан» гөрі суретшінің қылқаламына ілінген табиғаттың бір сәті дерлік.Екінші бетін ашып қалсаңыз бірін-бірі аңдыған, бірін-бірі жемтікке айналдырған адамзат қоғамының жыртқыштығы келіп шығады. Абай ағамыз! «Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз: Қатыгездікке келгенде қарайып әлі Сабақ алатын жақсыны Сабай аламыз.-деп айта алады Абай рухымен сырласа отырып.Осындағы «сабай аламыз» көп мәнді емес пе? Абайға тиген таяқ қазақ зиялылары басынан қашан арылып еді? Сырт елден білім арқалап келіп Өз туғандары қолынан өлім табатын арғы баба – Анахарсистен тартып айтсақ қазақ зиялыларының көзі қашан ашылып еді? Ақын Жүрсін Абай атамызға мұң шақпағанда қайтеді?! Ақын ізденіс өрісіне айналдырып алдына жүгінетін екі ақыны болса – бірі – Абай, бірі – Қасым болар асылы! Қасымның күні қандай? Жырды қорғаудың кешікті ережесі, Қирады, сынды есік-терезесі. Сәби жырлардың бесігі еді, Бар екен сонша бесікте несі? («Ақынның үйі немесе Қасым Аманжоловтың үйін қирату»)-деп зарлайды, тепсініп жарлайды ақын. Ұлттық пішімде сөйлеу.Жыр жампозының тірісінде жылап жүріп алған үйін жыр баптайтын Бесікке балап отыр. Тапқырлық. Әрине Жыр-бесік. Бесік – қазақ үшін киенің бірі. Бала бөленіп, ұлт өсіп-өнетін алтын бесік. Ал, Қасым ақынның үйі адамзатқа жыр баптайтын – Жыр-бесік. Оны қиратып жатқан қоғамнан не күтуге болады? Ақын үйін қиратқанша, бір пәтерді емес, күллі үйді кеңестік қоғамнан көрмеген құқайы жоқ, сонда да рух туын жықпай өткен ақынға арналған музейге айналдырсайшы, шіркіндер! Сөйтіп өздері кеңестік империяны құлатуға бастамашы болған әдебиет пен өнер өкілдері дауылпаз ақын Жыр- бесігін жаңа қоғам қиратып жатқанда қорғауға, қорғануға дәрменсіз болды да шықты. Көгілдір экраннан жағасын ұстағандай болып сөйлеп тұрған Тахауй Ахтан еске түседі. Ал, Жүрсін болса жанталасып жыр жазыпты сол бір қасіретті күндері. Шын ақынның болмысы! Екімін, Екі бөлекпін. Есемді жатыр елеп кім? Біресе отпын маздаған, Біресе сулы көнекпін-дейді ақын лирикалық тұлғаның алай-түлей көңіл күйінен хабар беріп. Ақынның лирикалық кейіпкерінің мінезін қазақ қоғамы бойында өтіп жатқан қайшылықты қаракеттер белгілейді. Қоғам бойындағы дерт ақын ойынан жыр болып өріледі. Оның лирикалық кейіпкері ұлтын сүйеді, ұлты-жұрты үшін отқа күюге, суға түсуге бар қуатты қайраткер бейіл тұлға кейпінде көрінеді. «Итке ашамай салғаннан иман таппай, Сені іздедік - өлгенде сөз қадірі», «Ескі дерті қазақтың дерсің мұны,Түңілтеді тобасыз ер сұмдығы. Сарқытыңнан садаға кеткірлер-ай,Бірі – рушыл ағаның, Жершіл – бірі.» -деп те жырлайды ақын. Ол, «Жалықпаймыз қашанғы жұртты алдаудан – Алданудан жалықты халық байғұс.», «Ағайын да қатыбас – сол қалпында, Азамат жоқ Алашқа болған тұлға. Ешкіемердей еліңді теспей сорған, Алаяқтың қалтасы толды алтынға», «Бәтуа жоқ ісімізде, Сөзіміздің тұрлауы жоқ», «Өзгергенмен заманың, Өзгерген жоқ қазағың»-деп тағы да зарланады. Қазақ тағдырын арқау еткен қазақы өлең шумақтары. Ақын аузымен айтылып айбаттана түскен ақиқат, тепсіністі мінезге құрылған текті өлеңдер! Ақын қазақы образбен ойлайды. Ол бірде, «Қанасына сыйғанда бір ананың, Даласына қазақтың сиярсыңдар!»-деп далиып, енді бірде «Ішігінің астарын індетіп жүр, Інісіне сақалын бұлдағандар»-деп Абайша толғанады. Жарықтықтың « Сақалын сатқан кәрісі» бұлданатын болған бұл күнде. «Арқамнан ешкім қақпаған кезін ойласам – Бұл өмір маған болыпты талай абақты»-Мағжанша сұм өмірді абақтыға балайды.»Саяқ жүрген құландаймын, Жығылады жығам қай күн?»-деп Махамбетше, өзіне-өзі сұрау тастайды. «Төбеңменен қызмет етсең дағы, Ағайынға әйтеуір жақпайды адам»-деп Шашубай ата дәстүрін ішке алып, «Сыңғырын естіп жүрейін – Сыңарын берші сырғаңның»-деп халық әнінің мақам-сазына іш тарта сөйлейді, «Тұтатсам, жетіп келерге – Шашыңның берші бір талын»-деп бағзының батырлары ізіне салып назданады. «Шаң қаптырып кетті ме қапияда, Тақымыңнан бұлт етіп тұлпар ғасыр.»-деп іздейді, Оразалыдай жүйрігін іздесе де Жүрсін! Кейде дауыл тұрғызардай екпінмен сөйлесін, мейлі кейде мұңдана наздансын – соның баршасында шын ақындықтан туған қаптаған қазақы образдар самсап алдыңнан шығады.Жүрсін тапқан баламалы жолдар, Жүрсін соққан образды жырлар! Біреу үшін су кешіп, от оранып, Құтқарғам жоқ төнгенде қатер анық. Ат мінгізе алмадым бір адамға, Бір адамға бергем жоқ пәтер алып! (16 бет) Кісілік жайлы өлең. Есіңе қай-қайдағыны түсіреді. Әбділда ақынның Мұқағалиға пәтер алып бергені, Әбдіжәміл ағамыздың Сабырхан ақынға және Г.К.Белгерге пәтер алып бергені, Ю.Казаков есімін Алматы көшесіне шегелеткені еске түсіп отырғаны.Ал, бүгін әдебиетте соның бірі жоқ. Ақында күй жоқ. Ақындықты кісіліктің көкесі деп қарайтын заман өткен. Әдебиеттің Я.Смеляков айтпақшы, «культке» айналып тұрған кезі келмеске кеткен.. Бүгінгі муза мұңды. Жүрсін оны өз басының (лирикалық тұлғаның) мұңы райында айта отырып та кісіліктің өлшемі – айналаңдағы адам баласына жақсылық жасау деңгейіне көтере айтып отыр. Бірақ, ол – ақындықтың өлшемі емес, өмірде тұлғаға айнала алмадым деген кісілік өкініш. Алайда ол да ақындық мәнермен музаға қарата айтылып отыр. Оның жауабын, «Мініс аттаймын, Желем, шаппаймын. Көрге кіргенше Тыным таппаймын!»-деген өзіне налитын, нали отырып қайрайтын өлең шумағынан табамыз. « Бұрқылдайды сонан соң жыр қазаны, Осы дейміз сезімнің сырбаз әні. Өмірдегі сұлу қыз – жырымызда Сұлу болмай қалады бір ғажабы!»- секілді сырлардың, мөлдір мұңды жырлардың түйіні - «Таусылғанша демім Қуармын бір елес. ...Тыныш жүрер едім: Басым екеу емес!»- парадоксты түйінге әкеледі. Бейғам сезім – оқыс түйінге жетелемесе ол Жүрсін емес... Парадоксты ойлар, түйіндер - өлеңнің драматизмін арттырады. Бұл орайда ол өліммен бетпе-бет келіп те жыр қашаудан тайсақтамайды: « Дандайсыған дәлдүріш данасынар, Жанап кетсең – жабатын жаласы бар. Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе – Жай табатын жалғыз жер – мола шығар...» Әйтпесе, «Қуанбаймын бұл күні Қосылды деп жасқа жас: Мәңгіліктің мылтығы Мені бейғам тастамас.» Немесе, «Шалшыққа басқан ізіме Қадайды сұғын сұңғыла Ай. Келе сап жалған жүзіне Кетіп барам ба? Сұмдық-ай!»-деп өмірдің өткіншілігіне зер салады. Осы қабилас өлеңдердің түйіні лирикалық тұлғаны: Қасіреттің көгенін Қайратым жоқ елемес. Күліп тұрмын дегенім Жылағаннан кем емес.»-деген кейіпке әкеледі. Тағы да тосын түйін. Бірақ, зорланып қолдан түйілген жасанды түйін емес, табиғи ағынмен келген өмірлік те, өлеңдік те ой-түйін. Қайшылықты сезімге құрылған драматизмі ширыққан өлең. Күлкісі жылағанға бергісіз. «Қасіреттің көгені» ұлттық таным. Тағдырға мойынсынуды «қасіреттің көгені» кейпінде қазақыландырып беруі қандай ұнамды?! «Қасіреттің көгені» - Жүрсін ақын ғана айтқан, айта алған, ақындық айналымға айналдырған ұғым. Ақынның ақындығы да осында болса керек?! Сондай-ақ, Ай жүзіне қарап отырып жалған жүзінен кетіп барам-деу де тек Жүрсіндік қолданыс, ақындық малданыс! «Люди совсем не одинаково чувствительны к смерти. Есть люди, что вес век живут под ее знаком, с младенчество имеют обостренное чувство смерти (чаще всего в силу столь же обостренного чувства жизни) ...Вот к подобным людям принедлежу и Я»-деген орыстың тамаша жазушысы Иван Бунин. Жүрсін Ерман бала кезден өлімді өлеңнің түйініне айналдырып, оны өмірді безбендеу, есеп беру мәні, жалған тіршілікте із қалдыру сипатында жырлап келе жатқан ақын. Салыстырып көрсеңіз болады, оның көп өлеңі өмір сырына өлім табиғаты арқылы келу болып шығады. Өмірдің түйіні болғанда өлім шіркін, өлеңнің түйініне неге айналмасын?! Алайда, өлімге де дайындық керек. Бұл ақынның өмірдегі айналасына ойлана көз тастауынан, көз тастап сөзбен ойлы сурет салуынан да байқалады. Уақыттың қарасаңшы озбырын: Бел бүгілді, әлсіреді көз нұрың. Күннен күнге бара жатыр сұйылып Бөз жаулықтың астындағы боз бұрым.(«Апа»)-сынды «бөз» болып басталып, «боз бұрымға» әдемі үйлесіп кете баратын мұңды әуеннен осыны көремін. Өлең - сурет пен мұңды ойдың одағы. Сезіміңді төзіміңе билетіп, Қиындықтың қабырғасын күйретіп, Сен әлі де жүрсің маған, аяулым, Өмір үшін күресуді үйретіп! («Апа»)-қандай әдемі айтылған салмақты жолдар. Қарындаштай көп жазған – қысқарамын, Бір күн өмір легінен тыс қалармын. Сен аман бол – тірегі үш ғаламның, Ей, ардақты анасы үш баламның!- секілді жыр шумағына тоқталмай сірә да өте алман. Өткінші өмірді көп жазған карандаш кейпінде көру, елестету – тек қана ақындық танымның жемісі. Үш перзентін – үш ғаламға балау – қандай тапқырлық болса, жарын сол үш ғаламның анасы деп білу – соншалық асқақ! Демек, лирикалық тұлға өлімнің өзіне күйреуік сезіммен емес, өршіл сезіммен қарап «дайындалады» екен. Жә, асқақ сезімнің алымды ақыны, шеберлігі жетілген шалымды жүйрігі жайында сөйлеп отырып қайдағы бір сұрқия ажал, сұм өлім туралы айтып кеттік білем. Маған ол өлеңдерінен гөрі етістікті есімдікке айналдырған Жүрсіннің Қыран-ғұмыр қиялдап жетілген ем – Қырандыққа жоқ әлі кепілдемем. Кешіп жүрген өмірім - әншейін де, Бәрін қайта бастайтын секілденем!»-секілді бейқанағат өлеңдері ұнайды. Өмірдегі қанағатсыздық – қасірет, ал өнер қанағатсыздық – қасиет! Ақынның мола мүңкіген өлімнен гөрі осы «тойымсыздығы» жөн-ау, сірә... Оның өлеңдері ішінен «Құлжанбай құмының жұртындағы» Құлын, құлын, құлын күнім, Құлағыма ілінді үнің. Кезікпейсің – кезіп кетсем Құлжанбайдың құмын бүгін. Құлын, құлын, құлын күнім, Жұлынды ма тұлым-гүлің. Кекілінен сипап енді Еркелетер ұлыңды кім?-деген ерке мұңды, еркелей отырып ойландыратын жолдар, «Ырғай жырындағы» Ырғай, ырғай, ырғайлы, Ырғай мойнын бұрмайды. Ғұмырыңды қысқартып Уақытың зырлайды. Ызыңына пенденің Мойнын бір сәт бұрмайды. Ырзығыңды берген боп Қызығыңды ұрлайды-болып басталатын ырғақты жолдар ұнайды. Аталған екі өлеңге «Тұрмағамбеттен тәржіманы» қосар едім. Бұл үш өлеңдегі ырғақ құйылысының жөні бөлек. «Қарасаз. Қара шал. Қарғыбау.» да бірыңғай «Қ..» қарпінен бастап он шумақ бойына қайталанбайтын ой табуымен поэтикалық экспериментке баланар бәлкім. Мұқағали ақынның түсі – ақынның монологына айналып жырланып тұр. «Қ..» қарпінен бастап қара бояулы өлең жазуда экспериментке көп барған Жүсіп (Қыдыров) ақыннан соң Жүрсін болып тұр. Жүрсіннің өлеңін де мұңға малынған қара бояу көтеріп тұр. Алайда, арасына сүймен салсаң ажырамас тұтастық, ырғақтық бүтіндік бар деп айту – қиын. Алайда, осының бәрі ақынның қилы-қилы ізденісінің куәсі. Экспериментсіз ақын – ақын ба тәйірі? Ал, эксперимент – поэтикалық реформаға айналғанда ғана ақын бақытты. Жүрсіннің бақытсызбын деп жыр жазуы – бақытының бір парасы. Прославленный не по программе И вечный вне школ и сметен, Он не изготовлен руками И нам не навязан никем.-деген Пастернактың өлеңі есіме түседі. Қай ел әдебиетінде болсын жүріс-тұрысын, тіпті тұтас өмірін бағдарламаға айналдырып қоятын ақындар болады.Оның жақсылығы мен жамандығы бара-бар. Өйткені, бәрібір адам – Құдай емес. Жүрсін ақындық несіпті мол алған, бірақ Борис Пастернак айтқандай, белгілі бір бағдарламасыз, алқам-салқам, өлеңді өзі іздемей, өлең өзі іздесе «келе ғоймен» келе жатқан ақын. Бірақ, өз оқырманы бар, күштеусіз, зорлаусыз оқылатын, оқысаң уақытың зая кетпейтін, оқып өмір сырына қаныға алатын ақыннан! Ол Абаймен де табиғи сырласа алады, Мағжанның абақтысына да түсе алады, Қасым ақынды азалап, Мұқағалиды жырымен мазалап келе жатқан ақын. Соның қай-қайсысында да Жүрсіннің өзіндігі бар. Мәселе сонда! Алда ізденістің сан-салалы тармағы жатуы керек. Дәстүр үзу бар. Дәстүр түзу бар.Арасы әрі жақын, әрі алыс ұғымдар. Жүрсін дәстүр үзген ақын. Дәстүр түзу жолында жүрген ақын. Жолайырықта! Сол жолда ақын арғымағының айыл-тартпасының мықты болмағына тілек қосамыз. Осындай оймауыт ой айта алған, осындай қасіретті жырлауға ақындық қуат тапқан ақынға өлең жазба, айтыспен айналыс десек онымыз да дұрыс болмас абзалы. Айтыспен айналыспа деуге тағы да аузың бармайды. Жүрсін әңгіме болған жерде айтыстың қалыс қалуы тағы мүмкін емес. Обалы не, айтыс – бағзы түрік жұртында, бірді-екілі араб елінде өркендеген жанр. Қазіргі таңда қазақ, қырғыз арасында ғана қалды десе болады. 1943 жылы айтыстың қазақ арасына өркештеніп қайта оралуына Ғабит Мүсіреповтен бастап мұрындық болғанын білеміз. Кейін сүлесоқ тартты. Кеңестік кезеңде қайбір шындық айтсын ақындар? Міне, осы алдаспан жанрдың шарықтап биігіне шығуына Ерманның еңбегі ересен. Айтыс кеуделеп кеп бергенде жазба ақындар алдында елемеді, орта шенінде қорланғандай болды, ақырында өздері қазылар алқасына кіріп төреші болатынды шығарды. Айтыстың осылай халқымызбен қайта қауышуында, қауышып қана қоймай, сүйіктісіне айналуында – Жүрсін ерінбес еңбеккерлігімен бірге ақындық шексіз мол қуаты жұмсалды. Қалай? Ол айтыс ақындарын жәй бәйгеге қосушы ғана емес, әр талапкер айтыс ақынының бойындағы ақындық дәннің өсуіне ықпал етуші, соны ашып, тауып, жетілуіне барын жұмсап, бірде – біреуін, келесіде біреуін өзгелерден бөлектей назарға алып, оның бойындағы ақындықтың табиғатын танып, айтып-айтпай бәйгеде шауып бара жатқан жүйрікке қосымша ат қосқандай денесін қыздырып баптаушы ақын-бапкер Жүрсін Ерман! Оны кейбір желауыздар дұрыс түсінбей пендешілікке жоритыны бар. Өз басым төреші бола отырып екі ақынға «үштік» қойған кезде Жүрсіннің жүрек қылының қалай қалтырағанынан оның шынайы бапкерлігін аңғарғанмын, жақсы білемін.Әрине, айтысты өнер өресіне көтеремін деп Жүрсіннің қаншама қайран уақыты мен дүлей дарыны негізгі арнадан бұрылып кетіп жатыр. Алайда бір жай тағы да ақиқат: егер Жүрсін айтысты қолға алмағанда талай айтыскер ақын ақын райында ашылмай, ақындық бағы жанбай қалатын еді. Міне, сөйтіп, Жүрсіннің өз тағдыры да өлеңдеріндегі парадоксты түйіндерге ұқсап ширатылып тұр. Бірі Алланың берген нәсібі, бірі көңілі қалаған кәсібі! Жүрсін Ерман Жолайырықта! әлі толық Жүрсін, ЖОЛАЙЫРЫҚТА тұрған, жарылмаған ЖАНАРТАУ! Құлбек ЕРГӨБЕК