Нақты білетін бір дерегім: біздің жақта тууы туралы куәлігі (метрика) бар адамдар – ең әрі барғанда 1940-1942 жылы туғандар. Оған дейінгілерде ондай құжат жоқ. Сондықтан оларда туған күн де, басқа да шартты.
Жазушы Сәкен Жүнісовтің ресми туған күні – 1934 жыл 1 ақпан.
«Ана тілі» газеті осыны ескеріп, тілшісін мерейгерден сұхбат алуға жібереді.
Алдын-ала телефон арқылы рұқсат сұрағанмын. Әдіресі жан қалтамада. Үйі орналасқан жерді шамамен долбарлап тұрмын. Себебі, ол өзім оқыған ҚазПИ-ге таяу. Ерекше көпқабатты үй.
Қоңырауды бастым. Бір қыз баласы ашты. Кіреберістегі аяқ киімдерден де, ішетігі абыр-дабырдан да Сәкең үйінде қонақтар бары байқалып тұрды.
- Кір-кір, газеттенсің ғой, әне жерге отыр. Мынау - қазақтың «мен деген» азаматтары,- деп Сәкен ағамыз екі кісіні таныстырды.
Әдемілеп ет асылған, бірақ отырыс – еркектердің отырысы. Ән де шырқалды, біреулер туралы қызу-қызу пікірлер де айтылды. Дұрысы, мен сол ән мен әңгіменің соңын ала келгендеймін.
Шамалы уақытта мейманның бірі қайту керектігін айтып, рұқсат сұрады...
Аса эмоциялы көрінген ағамыз: «Енді бізге де уақыт табылды» деп, мәре-сәре күйінде бірі елден келген, бірі алматылық қонағын шығарып салды.
Сонан соң бұйырған сұхбатымыз басталды. Жазушымыз төгіп-төгіп сөйлейтін, кесіп айтатын беттілеу адам екен. Кейде оның сөзі зиялының, батырдың, тентек ауыл шалының тоқайласқанынандай шығып жатты. Алайда ол лепестің ерекшелігі – тазалығында, шынайылығында еді.
Сұхбаттың соңында: «Сен мен айтқанның бәрін сол күйінде бермей, ақылыңа салып, газетің мен халыққа керегін бер. Менің жазғандарымның өресіне сәйкестендіріп қағазға түсір» деді...
1994 жылы 9 ақпанда алынған сұхбат 17 ақпанда «Жаһандағы жалғыз тіл» деген жазушы ойы ретінде жарияланды.
Оның кіріспесінде: «Сәкен Жүнісов – 60 жаста! Алпыс – қарттың жасы, бірақ серілер үшін ол – кемел шақ. Сәкеңді сері деп өзі емес, Ғабит Мүсірепов атаған.
Халық С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Ажал мен Ажар», «Көлеңкелер мен кемеңгерлер» және тағы басқа туындыларын жақсы біледі.
Құдайға шүкір, қазір қазақта жазушы аз емес. Алайда Сәкендей жазғаны ұғымды, жазбағы сенімді қаламгер кем. Ол әдебиетке өзінің үнімен келді. Сол үнінен, бастапқы шабысынан Сәкең әлі жаңылған жоқ.
Мүшелтойға орай біз «Ана тілінің» мың сан оқырмандары атынан жазушы Сәкен Жүнісовке зор денсаулық, мұқалмас қайрат, шығармашылық табыс тілейміз.
Бүгін Сәкен Жүнісовтің тіл, ел, тарих туралы ой-толғамдарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік» деп жазылды.
Материал шыққан соң, жазушы маған рахметін айтты. Кейін, 2000 жылдары ол мұны бір жинағына кіргізіпті. Сол шамада Сәкең Астанаға келіп, осында Жазушылар одағының филиалын ашамын деп шапқылап жүрді. Мұнда Елбасы қолынан үй алғаны да мәлім (Жазушы 2006 жылы Астанада қайтып, сүйегі Астрахан тас жолы бойындағы зиратқа қойылды).
С.Жүнісовтің әдеті – кеш жатып, кеш тұру екен. Астана сапарында ел аяғы саябырсығанда шақырып алып, түннің бір уағына дейін әңгіме айтатынан қайдан ұмытайын? Сонда әңгіме Алаш пен 20-жылдардағы зиялылар текетіресі төңірегінен өрбитін. Сәкеңнің әкесі бір кездері Смағұл Садуақасұлы ауылында қызмет істеген. Біз оның інісі, Орал Жүнісовпен Смағұл туралы деректі фильм жасауды жоспарлайтынбыз. Бұл жайы да сөз етілетін...
Арада 20 жыл өткен соң, жазушы аруағына құрмет болсын деп, сол «Ана тілінде» басылған материалдың түпнұсқасын тұтас күйінде жариялауды дұрыс санадық.
* * *
- Елдің қасиеті неде? «Ұлт мінезі» деген ұғымға не сыйдырасыз?
- Қай елдің болсын негізгі қасиеті - тілінде. Мемлекет екенсің, негізгі тілің болсын. Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуы заңды. Алайда Кеңес одағы тұсында бір-ақ тіл үстемдік құрды. Ол қазақ тілі емес екенін жұрттың бәрі біледі. Біз - көнтерлі халықпыз. Мұнымыз «ешкімге тиіспейікші, бейбіт өмір кешейікші» деген пікірді ұстанғанымыздан шығар, сірә. Жуастық жақсы, бірақ өрен қасиет емес. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» дейді ғой халық. «Бұға берсең, сұға береді» деп те айтады ел. Шынына келсек, қазақтың жуастығын пайдаланғандар аз болмады.
Бір кездері шет жұрт: «Қазақ деген - қасқыр халық. Тиіссең, түтіп жейді. Оған ұрынба, ұрынсаң өз түбіңе өзің жетесің» деген пікірде болса, соңғы 250-300 жылдың ішінде олардың: «Қазақ - аңқау, қулығы жоқ халық. Оны қалауыңша илей аласың» деген қорытындыға келгенін жасаған жымысқы іс-әрекеттері аңғартады.
«Біз қонақжаймыз, меймандоспыз» деп мақтанамыз-ау, әйтсе де өзгелер бұл қасиетімізді шынайы қалпында түсінбейді. Сондықтан бізге қаталдық керек секілді. Кісіге ақымызды жібермеуіміз қажет.
- Мемлекет және мемлекеттік тіл. Осы ұғымдарды қалай түсінесіз?
- Мемлекет – елдіктің, ел болудың заңдастырылған, сенімді қорғаны. Ол әр заманда әр түрлі айтылуы мүмкін, бірақ мазмұны бір.
Соңғы жылдары қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе әперуіміз құқық деген ұғымды түсінгенімізді байқатады.
Мемлекеттік деңгей-дәреже тілден басталады. Ана тілі елдікті, ұлттықты анықтайды. Сап-сары түсті ұлттың арасында қап-қара түсті тууы да мүмкін. Бірақ олардың кім екенін түсі білдіре алмақ емес. Тіл - ұлттық қасиет. Қазақ тілі – ұлтымыздың жаһандағы жалғыз тілі. Одан айрылсақ, ұлттық қасиеттен де айрыламыз. Тіл мықты болу үшін мінез керек. Қайсарлық пен табандылық керек.
- Тіліміздің байлығын, нәрін өзге ұлтқа таныта алдық па?
- Ормандай көп орыс жұрты қазақ тілінің байлығын әлі мойындай қойған жоқ. Мен өзім шығармаларымды орысшаға тәржімалаған Солоухинге оны мойындата алмадым. «Қазақ тілі - бай тіл, орыс тілі - икемге көнгіш тіл» дегенімде, Солоухин мұны дәлелдеуімді өтінді. Мен: «Говор» деген сөзді орыстар «приговор», «отговор», «договор», «заговор» деп «приставка»-мен құбылта береді. Ал, қазақта осы сөздердің әрқайсысының өз алдына баламасы бар. Сонда қай тіл бай болғаны?» дедім. Сонан соң мал шаруашылығына қатысты сөздерді салыстырдым. Алғаш: «Орыс тілі қалайша кедей?» деп шамданып қалған әріптесім кейіннен райынан қайтып, менімен келісті.
Аудармашы өз тіліне аударып отырған шығарма тілінің еш кемдігі жоғын түсінсе, тіпті оны бай тіл деп байыптаса, тәржіме сәтті шықпақ.
- Осы Қазақстанда тағдырдың жазуымен қоныс тепкен біраз этнос бар. Кейбіреуінің мұнда тұрып жатқанына ғасырдан асыпты. Солар неге меймандос қазақтың тіліне шорқақ?
- Қазақстандағы орыс және басқа ұлт өкілдері неге қазақ тілін білмейді? Әрине, қазақ тілін менсінбегеннен білмейді, түсінбегеннен білмейді. Насихатымыз осылай болды. «Орыс тілі - дүниедегі ең ұлық тіл» дедік. Бірақ мәселенің көзі тереңде екенін білмедік. Айталық, Гете: «Шығыстың жеті ұлы ақынының соңына ілесе алсам, арманым жоқ» деген ғой. Бұдан неміс ақыны Шығыс шайырлары поэзиясының құдыретімен бірге тілін мойындады деген тұжырым шығады. Мәселе – тілдің қолдануында. Біз бай тілімізді қолдана алмаймыз. Тілді жетімсіретіп, жүдетіп жүргеніміз жасырын емес. Тіл білу деген нәрсе – сөздің этимологиясын, қай жерден шыққанын, төркінін айыру емес. Ол – зерттеушілер мен ғалымдардың еншісіндегі нәрсе. Мысалы, Даль секілді ғалымдар тілді кез-келген орыстан артық біледі, бірақ оны Пушкин мен Тургеневтей қолдана алмады.
Біз Қазақстанда мекендеп қалған әр түрлі ұлт өкілдерінен қазақ тілін Даль тәрізді меңгер, Пушкиндей қолдан демейміз. Өйткені, ондай тілбілгірлік қасиетке жеткен қазақтардың өзі сирек. Сондықтан «орыстілді» болып қате айдарланып жүргендер кемінде жөн сұрасатындай қазақша білуі міндетті. Соңғы кезде олар «Сөздік аз, тілашар, әдістеме жоқ, жағдай жасалынбаған» дегенді жиі ауызға алатын болды. Меніңше, ынта шамалы, әйтпесе ел-елде жиі ұшырасатын Шодыр, Жагор, Әндірей, Әлексейлер қазақшаны сөздікпен үйренді деп кім айтады?
- Тілдің құдыреті мен тіл ұстарту туралы не айтасыз?
- Тіл музыкамен байланысты. Айшықты тілдің бұрмасы бар, астары бар. Музыканың нотасы дұрыс қойылмаса, ол сәтсіз шығады. «Диез» деген ұғым бойынша музыкада бір ғана буын бірнешеге бөлінеді. Сол бөлшектері дәл келмесе, музыка қожырайды. Осы секілді кейбір жазушылар тілді орынсыз қолданады. Ол жазушы тілді жетік білуі мүмкін, бірақ қолдана алмайды. Қайсыбір қаламгерлер «сен мына сөзді білесің бе?» дегендей, көнерген (архаизм) сөздерді тауып алып, мақтана пайдаланады. Алайда архаизмді пайдаланудың да жөн-жосығы бар.
Әдебиеттің марғасқалары дүниеден өтті. Біздер, кеше Ғабеңдердің тұсында орта буын атанғандар, енді аға буынмен қатарлас келе жатқандар, үркердей топтаса көрінудің орнына шашыраңқырап, әрқайсымыз өзімізше көзге түсіп жүрген жайымыз бар. Біріміз тіліміз екіншімізге жақпайды. Әркімде өзіне тән өзгешелік болуы заңды екенін ұмытып жүргендейміз.
Айтқандайын, музыканы «саз» деп аударып жүр. Меніңше, «саз»-дың мағынасы тар. Сондықтан біз секілді әуесқойларды ғана (Сәкен ағаның ән шығаратыны да бар.- Д.Қ.) сазгер десе жарасады. Музыкант пен композитор әуелі осы сазгерлік сатыдан өткені мақұл.
Тіл дұрыс қолданып, дұрыс түсіндірілсе, оны пайдаланатындарға да жеңіл болады. Тіл ұстарту – тіл безеу, ділмарсу емес, нақты сөйлеу және жаңылыспай жазу.
- Қазір екінің бірі терминшіл, үш адамның екеуі «аудармашы». Осыған көзқарасыңыз.
- Тәуелсіздік алғалы бері термин мәселесі күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Бұл – заңды құбылыс. Бірақ осы мәселені ушықтырып аламыз ба деп қорқамын. Қазір терминді әркім өзінше аударуды шығарды. Газет, журналдардағы кейбір сөздерді түсінбейтін болдық. Елге шыға қалсақ, аңғал қазақ: «Сендер сөзді түсініксіз жазатынды шығардыңдар» деп бізді кінәлап жүр. Әрине, оларға «Бұзып жатқан - жазушылар емес, журналистер» деп айтып жату орынды бола қоймас. Әйтсе де, «бұлақты бастан лайлап жатқан» кім екенін жұрт кешікпей ажыратар деген ойдамыз.
Біз кез келген шет елден енген сөзді аударуға әуес болмауымыз керек. Олардың жалғау-жұрнағын қазақыландырайық, ал негізін бүлдірмей ізденсек, сөз жоқ, сәтті баламасын табуға болады ғой. Марқұм Ісләм Жарылғапұлы сынды азаматтар қазақтан аз табыла қоймас.
Қазақстандағы Терминология комитеті осы іске мұрындық болса екен деген тілекті баяғыда айтушы едік. Тәуелсіздік алғалы қайта сол комитет маған жасырынып жүргендей көрінеді де тұрады. Әйтпесе баспасөздегі берекесіздікке бірінші болып терминком қарсы тұрса, кім «мұның теріс» дер?
Мен тілші-ғалымдардың бұрынғыдан да сауатты, бұрынғыдан да табанды болуын қалаймын. Себебі мемлекеттік дамуымыз осыны тілеп отыр.
- Аға, осы ұлттық аты-жөннің қай нұсқасын қолдайсыз? «Ов»-ыңыз салмақ түсіріп жүрген жоқ па?
- Аты-жөнді бір жүйеге түсіру мәселесі қазақ арасында шешуі қиын түйінге айналып тұр. Отаршылдықтың көп зардаптарының бірі ғой бұл. Кеңес өкіметі тұсында қазақы аты-жөнін сақтап қалған Әлкей Марғұлан, Бауыржан Момышұлы сынды азаматтар бірен-саран ғана болды. Баукең айтқан екен: «Ов-ов» деген атыңды, овощ жеген аузыңды ұрайын» деп.
Фамилия әулетті (династия) білдіру үшін керек. Біреулер руын фамилия қылып жүр. Бұл рушылдықты қоздырмайды деп кім айтады.
Қысқасы, бұл мәселеде асықпауымыз қажет. Жеті рет өлшеп, бір рет кесуіміз керек.
Дәл қазір «Жүнісов» деп қолдануым «өзгертуді қаламайды» дегенді білдірмейді.
- Біреулер «әдеби тіл» деп, сөз-ұғымға шекара қойып жатады. Тіліміздің ерекшелігі туралы қандай пікірдесіз?
- Орыс ғалымдары бір кездері «Орыс әдеби тілінің негізін салушы - А.С.Пушкин» деп жазғанындай, қазақ ғалымдары «Қазақ әдеби тілінің негізін салушы - Абай» деп тұжырым жасап жүр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әдеби тіл тым әріден бастау алады. Асанқайғының, Шалкиіздің сөзін барлық қазақ түсінеді емес пе? «Абай әдеби тілді әрледі, жүйеледі» десек, ұлы ақынның тарихи орны аласарып қалмайды.
Әдеби тілдің ертеде пайда болғанын дәлелдейтін бір айғақ - ауыз әдебиеті. Ежелгі жыр-дастандарды, ертегіні түсінбейтін қазақ жоқ.
Қазақ тіліне тән ерекшелік – оның тұтастығы. Тілімізде жергілікті аз-кем өзгешелік болғанымен, диалекті байқалмайды. Алайда балық, егін, мал кәсібіне байланысты сөздерді жергілікті ерекшелік (говор) деп қарамай, әдеби тілге тартқанымыз жөн. Жеміс, егін туралы сөздерді оңтүстіктен, балық кәсібіне қатысты сөздерді Арал, Атырау маңынан, мал кәсібі жөніндегі сөздерді жалпы ел ішінен алуымыз қажет.
- Бас бұзарға сот бар, тіл бұзарға не сот бар?
- Тіл бұзарды, әрине, бас бостандығынан айырып, жер аударып жібере алмайсың. Бірақ олады да тезге салу керек. Сонда қайтіп соттайды?
Меніңше, оларды ар сотына салған абзал. Газетке ашық мақала жазып, «пәлен деген қаламгер сөзді былайша бұзып жазады» деп сынағанымыз жөн. Бас жағына барыспай, істеген іс жағына барысалық. Қолмен жасағанды мойынмен көтере білу де – кісілік.
Жалпы тіл қолданудың қалыптасатын кезеңі – мектеп жасы. Мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне қатаң талап қоймас бұрын, оларға көмекші құралдармен (сөздік, көркем әдебиет т.б.) қамтамасыз ету қажет деп санаймын. Мысалы, алыс ауылдағы мұғалім бір сөздің дұрыс-бұрыс білу үшін қай академияға, қай ақын-жазушыға, қай газет-журналға бара алады?
Журналист ағайын тіл бұзып жатса, «кәсіби білігі кем» деп жазалау жағын басшыларына міндеттейік. Түзелсе, алға озар; түзелмесе, журналистикаға жоламас.
- Ұлтымыздың тарихын халыққа кім жеткізуі тиіс? Тарихымыздың жазылуына, байыпталуына көңіліңіз тола ма?
- Қазақ тарихын осы уақытқа дейін жазушылар жазып келді. Тарихшылар Ермұхан Бекмахановтан кейін мүдіріп қалып, партия, колхоз, совхоз, өндіріс тарихын жазуға көшті. Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев сынды жазушылар көркем тілмен тарихты халыққа танытты. Көзіқарақты жұрт тарихты өрескел бұрмалаған кеңес өкіметі тұсында аталған жазушылардың кітаптары арқылы өткен күннің шындығын ұға алды. Бірақ елдің бәрі көзіқарақты емес еді. Мектепте бір партада қазақ пен орыс баласы қатар отырып, алдарындағы оқулықты ашқанда көретіні дала халқының мүсәпір суреті мен орыс отаршылдарының асқақ бейнесі болса, қайсысының мысы басады? Әрине, орыс баласыныкі. Жағдай осылай болды. Қазақ баласы қараптан-қарап қуыстанды.
Енді бұл халден айрылғандаймыз. Тарихты көп болып жазып жатырмыз. Алайда шалалығымыз шашетектен. Соңғы кезде тарихшылар арасында өтірік жазу, жалған топшылау байқалып қалып жүр. «Бізден де батыр, би шыққан» деген принципті ұстап, оңды-солды жазып, жауапкершілікті ұмытып жүрген адамдар аз емес. Елеулі батырлар мен ауыл көлеміндегі палуандарды теңестіріп жүргеніміз де рас. Ауылды асыраған аңшы мен елді қорғаған батырды дәрежелестіріп жіберсек, аруақтан ұят-ау! Ұлы адам жекелеген ауылдікі емес, тұтас қазақтікі.
Қазір қазақ тарихы туралы жақсы мақалалар жарық көріп жүр. Зерттеулер, монографиялар аз. Көптеген мұралар, жәдігерліктер баспа жүзін көрді. Баспасөзде кейінгі уақытта жиі сөз болып жүрген Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында тарих үшін бірсыпыра керекті материалдар бар. Аталған кітап жөнінде айтысқандар екіұдай пікірде: бірі кітаптың нүктесіне дейін тарихи шындық десе, екіншісі оны түгел жоққа шығарады. Үзілді-кесілді сөз айту, дүние тек ақ пен қарадан тұрады деу ешкімге аброй әпермейді. Олай болса, Қазыбек бектің кітабы туралы айтысқан екі жақ та шындықты дөп айта алмаған.
Меніңше, «Түп-тұқиянның» негізі болған. Әрине, дәл осындай көлемде, дәл қазіргідей тарауларға бөлінген қалыпта емес. Ғалымдардың ендігі міндеті – кітаптың қай жері дұрыс, қай жері бұрыс екенін халыққа көрсету.
Тарих бірден жазыла салмайды. Бізде әлі азаматтық пайым қалыптасқан жоқ. Азаматтық пайым қалыптасқанда ғана шындық айтылатын болады.
Қазақтың кейбір тарихшылары өткен-кеткенімізге орыс тарихшысының көзімен қарауды әдетке айналдырған. Айталық, Ленин тұлғасы біздің ғылыми әдебиетте қазір қалайша көрінеді? Орыстар оны жерден алып, жерге салып жатқанынан хабардар тарихшыларымыз Лениннің басына ит терісін қаптатқанын байқап жүрміз. Сол Ленин бір кездері: «Енді Қазақ жеріне Үнді жеріне қараған ағылшынның моноклімен қарауға болмайды» деп айтқанын қалайша ұмытамыз? Орыс жұрты Ленинді неге жек көретінін мен «Қазақстан әйелдері» журналында айттым.
Бір нәрсенің басы ашық: ешкім тарихты бұзып, патриот бола алмайды.
- Дінге деген көзқарасыңызды білгіміз келеді...
- Діннің жақсы жағы да, кемістік жағы да бар. Жақында Түркияда болдым. Бұл ел ислам дінін құрметтейтіні белгілі. Қай қаласында болсын мақамы айқын Құранды естисің. Таңертең азан шақырылады. Мешіттер кісіге толы. Біз түскен қалада жетпіс мешіт бар екен. Ал, сол қалада жеті театр да болмай шықты.
Ислам діні өнерді әспеттемейді. Мешіт ішінде бізді жап-жақсы күтті. Біз риза болып, ескерткіш ретінде домбыра сыйлап едік, олар өте көңілсіз алды. Содан айтыскер жігіттермізге «мұнда болмайды» деп сөз бермеді. Мен сонда шыдай алмай: «Ау, ағайындар, сендерге домбыра ыстық емес пе? Тіпті, Құранды домбыраға қосып мақамдап айтыңдар» дедім. Жиылған ағайындар «аллалап» қалды. Мен ойымдағымды айттым.
Қазақ арасына келсек, «дінді бұзар дүмше молдалар» ежелден-ақ халықтың аяғын тұсап келді. «Ән айтпа, сурет салма. Ол – шайтанның ісі» деп уағыз айтты.
Маған салса, адамзатта бір ғана дін болғанын қалар едім. Барлық дін, соның ішінде біздің ислам «Алла, Жаратушы бір» демей ме?! Әр діннің асыл жақтары бар. Дінді уағыздаушылар халықты оқу-білімге, ағартуға шақырса, міне, сонда олар ел алдында парызын өтей алған болар еді.
Қазақтың бұрын-соңды өткен діндарларының ішінен Науан қазіретті ерекше атар едім. Ол кісі Бұқарада оқыған. Көнекөз қарттарға сенсек, оқудан қайтқанда, ол тоғыз нарға кітап артып, еліне оралған ұқсайды. Бұл кітаптар бірыңғай Құран, дін кітаптары емес шығар. Жұртқа дүниелік білім-ілім беруіне қарағанда, Науан елге жеткізген кітаптар ғылымның сан саласынан болса керек.
Науан – отаршылдыққа, шоқындыруға қарсы тұрған азамат. Патша өкіметі шоқындыруды Сібір жұртынан бастаған шақта, Науан Інжілді болыстардың етегіне салдырып, суға тастатқан. Осы үшін оны Енесайға он жылға жер аударған.
Науан мен Ақан сері - бажа. Тінәлі қажының Фәтима атты қызын Науан, Ұрқия атты қызын Ақан сері алған.
Науан Ақан серіден үш жыл бұрын туып, үш жыл кейін қайтыс болған. Өмірінде халыққа тек жақсылық жасаған. Мектептер ашқан. Тіпті тек бірыңғай қыздар оқитын мектеп те ашқаны мәлім.
Менің «Ақан сері» романымда, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоты» пьесасында Науан қазірет өз дәрежесінде көріне алмады. Мұның себептері көп. Алда 3-кітапты жазуды жоспарлап отырмын. Сонда Науанға мол орын бермекпін. Театр басшылары қазір менен «Ақан серіге қатысты драма жаз» деп өтініп жүр. Бәлкім сол туындымда да Науанның шынайы еңбегін айтармын. Ойым: қазіргі діндарларға Науанды үлгі етіп көрсету және қазіреттің тағдыр-талайын қалың жұртқа жеткізу.
- «Тың эпопеясы және қазақ тағдыры» тақырыбын қаузап көрсеңіз.
- Тың игеру науқаны басталғанда мен университетті бітіріп, аспирантураға қабылданған едім. Бірақ әкем ауырып, Көкшетауға қайтуға тура келді. Оның үстіне жұмысты елге барып, еңбек етуден бастағанды мақұл көрдім. Сөйтіп, аудан орталығында мұғалім болдым. Бұл 1955 жыл еді. Тың игерудің нағыз басталған шағы. Осы науқан елдің берекесін қашырды. Жыртылмаған жер қалмады. Небір қасиетті орындар егіннің астында рәсуа болды. Ауылдарда ұрлық көбейді. Құлпы жоқ үйлерді түгел көшіріп әкеткен оқиғалар аз болмады. Ел бұзылды. Маскүнемдік етек алды. Қазақ әйелдері аузына арақ ала бастады.
Мен тыңға көрінген адамның келгеніне қарсы болдым. Ресейден 20 процент қана тәуір адам келгенін, қалғандары кешегі ұры-қарылар екенін де әр жерде айтып жүрдім. Мұнымды естіген «әділет орындары» қыр соңымнан қалмады. Менің ісім КГБ-ға да мәлім болыпты. Ақыры жұмыстан қуып тынды. Сөйтіп, мен амалсыздан Алматыға қаштым...
Тыңның зиянымен қатар пайдасы да болды. Ол елді оятты. Қошке Кемеңгерұлы арысымыз айтқан екен: «Оқығандар отаршылдарға қарсы ұлтшыл болды» деп. Сол кісі айтқандай, тың қозғалысы қазақты серпілтті. Ол бүгін елге, кәсіпке, жерге ие болып қалмаса, ертең құны қара бақыр екенін ұғынды. Қазақ оқуға, ел басқаруға ұмтылды.
- Тіл саласында қандай оң нәтижені байқап жүрсіз?
- Ана тілін білмейтін қазақ азаматтарының беті бері қарауын оң нәтиже деп есептеймін. Бұл – біздің үлкен жеңісіміз. Қалада ата-аналар балаларын қазақ балабақшасы мен мектебіне бере бастады. Бұл да – жақсылық.
Әйтсе де бұл салада кедергі мен қиындық та кездесіп жатыр. Олжас соңғы кезде «орыс және қазақ тілдері бірдей мемлекеттік тіл болсын» деп жүрсе, бұл пікірді саясат үшін айтты деуге тағы да болмайды. Сондықтан Олжастар байқап сөйлеуі қажет.
Жалпы, саналы кез-келген адам тілді саяси саудаға салуға қарсы тұрады деп ойлаймын.
Тіл табиғи қалпына түсіру, халық сұранысына сай дамыту құрқақ ұранмен, шалпақшешейлікпен, ақымақтықпен жүрмейді.
Әңгіме болсын, бір қызық оқиға айтайын. Балаларымның анасы қайтып, қыздарымды тәрбиелеуді өз қолыма алдым. Қыз баласы – нәзік жан, көп аялауды, баптауды қалайды. Оларға жүрекпен сөйлеу керек, айтқанын жүрекпен қабылдау керек. Содан бір қызым қазақ балабақшасына баратын. Бәрі де жақсы сияқты еді. Бір күні балабақшадан біреу телефон шалады: «Ойбай, бізде ЧП (төтенше жағдай). Ата-анасыз, жиналыс ашамыз, келіңіз» деп. Бардым. Сөйтсем, оқиғаның мән-жайы былай екен. Балабақша басшылары қазақ тіліндегі топтар үшін ауылдың қыздарын жұмысқа алған. Олардың бірлі-жарымы балақандарды «тәртіпке салған» кезде «көгермегір», «жетпегір» т.б. қарғайды екен. Директордан бастап талайлар мінберге шығып әлгілерді қарша боратып сынады. «Қуу керек, босату керек!» дегендей. Содан мен сөз сұрадым. «Айналайындар, мен Сәкен Жүнісов деген классик жазушы ағаларың боламын. Мен қалай жазушы болдым? Мені екі шешем бағып өсірді. Бұзық болған шығармын, бала сотқар болмай тұрмайды, солар мені азаннан кешке дейін қарғайтын. Қазақ тілінің бір байлығы сол қарғыста жатыр. Содан мен жаман болдым ба? Олар мені жақсы көріп тұрып қарғайтын. Себебі, әйел адамы, ұяты бар, боқтай алмайды. Сондықтан қарғайды. Мына тәрбиеші қыздардың басқа жағы дұрыс болса, қарғысында тұрған ештеңе жоқ» дедім. Бұл сөзімнен кейін жиналыс 180 градусқа өзгерді. Менен кейін сөйлегендер де тәрбиеші қыздарды қорғады. Сөйтіп әлгі қыздар аман қалды.
Мұны неге айттым? Тілді үйретуде, дәстүрді меңгертуде орайын табу керек. Қатып қалған заң да, тәртіп те жоқ.
- Аға, мына сұрағым көңіліңізге келіп қалса, ренжімессіз. Сіз өзіңізді өзіңіз «сері» деп жүрсіз бе? Сері деген ұғымды қалай түсінесіз?
- Неге ренжимін? Маған «сері» деген атақты берген – Ғабит Мүсіреповтің өзі. Шынымды айтайын, ол атақ өзіме ұнады. Өйткені «Ақан серіні» жаздым, оның тағдырына үңілдім. Ақанды тарихи-танымдық, эстетикалық тұрғыдан алғаш мөлдіретіп жазған – Мағжан Жұмабаев. Мен оның жазғанына әлі таңғаламын. Адам сері болып тумайды, сері болып қалыптасады. «Сері - қыз-қырқынға қырғидай тиген адам» деп түсінсек, қателесеміз. «Сері - әнші-композитор» десек те, дұрыс болмайды. Сері – шығармашыл адамның болмысы, адамшылық позициясы, жігіттіктен де жоғары азаматтығы, дәстүрге деген адалдығы.
Мен - әйелі қайтыс болған еркектің бірімін. Сыйлайтын, тіпті жақсы көретін әйел заты көп болуы мүмкін. Қыздарымының жаны нәзік қой, қай адам олардың шешесіндей бола алады деп, олар өссін, ақыл-есі толсын деп, қайта үйленбедім. Бірақ гүлдей әдемі, жаны таза әйел затын мен де ұнатамын. Оларды бей-берекет сыйлап, жанын ұсқынсыз жараламаймын. Ұятты, дәстүрді, үйлесімділікті жоғары қоямын. Менің «серілік философиям» осында.
Бір даңқты, даңғазалы әртісті білемін. Өзін «серімін» дейтін көрінеді. Ол серілікті – «нәпсінің құлы» деңгейіне дейін түсірген. Өткенде перронда көріп қалдым. Тал майысқан қызбен ашықтан-ашық бәтуасыз сөйлесіп тұр. Анау қыз да сау емес шығар. Қайдағы серілік? Қайдағы дәстүр?.. Кейде ойлаймын, «осы серілік ұлттық дәстүріміз болса, оны дұрыс мағынада бүгінгі халық түсінетіндей етіп неге жалғастырмасқа?» деп. Тағы да білетінім: серілікке ілуде біреу ғана қол жеткізе алады.
- Құдай бұйыртқан жасқа келдіңіз. Қаламыңыз қолдан түскен жоқ. Халыққа не беруді жоспарлап жүрсіз?
- Алда жазсам деген бірсыпыра жоспарым бар. Ең бірінші, «Ақан серінің» 3-кітабын жазуды ойластырудамын. Екіншіден, «Хан мен Президент» деген кітап жазуды қолға алдым. Үшіншіден, бүгінгі қоғамдық өзгеріс туралы бір повесть жазбақпын. Төртіншіден, басымда «Абылайхан» атты романның жоспары сызылып қойды.
Денсаулық болса, қазірше осы төрт кітапты жазып бітіруді көздеп отырмын. Мен Толстой емеспін. Сондықтан кісі санынан жаңылысатын роман жазуға талаптанбаймын. Бірақ аз жазсам да әрбір дүнием сапалы шықса екен деп армандаймын. Арманға жету оп-оңай емес. Сол себепті жауапкершілікті сезінемін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Дихан Қамзабекұлы
Abai.kz