Әлібек Шегебай: ШАХАНОВТЫ ӨЛТІРУДІҢ НАУҚАНЫ...
2018 ж. 06 мамыр
22717
39
Осыдан екі жыл бұрын "Қазақ үні" ұлттық порталында белгілі ақын Әлібек Шегебайдың "Шындықтың шырағданы" атты өлеңі жарияланған болатын. Ақиқаттың ақыны Мұхтар Шаханов туралы жазылған бұл туынды оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп, ең көп пікір жинаған өлеңге айналды. Кеше порталымызда Мұхтар Шахановтың жаңа МӘЛІМДЕМЕСІ жарияланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осыған орай Әлібек Шегебайдың кезінде әдебиет сүйер қауым жылы қабылдаған жырын қайта ұсынуды жөн санадық...
Шындықтың шырағданы
Мұхтар Шахановқа
Бақ, береке тасып жатса еліңде, Бақыт деген сол болар-ау, тегінде. Бақытына бақыт қоссаң сол елдің Бақ-жұлдызың жанбай қалмас сенің де.
Түп-тамырын Түркілерден тартатын, Ақиқатын аңыздарға артатын, Қайыс текті қайсар мінез халқымның Тәңір өзі таңбалаған жалпы атын!
Бұл сөзімді құптамас бар, құптар бар, Жалқы да бар, жарқыраған жұптар бар. Қиянаттың қазанында қайнаған Қазағымнан шықты қанша Мұхтарлар.
Тексіздіктің төнгенімен тасыры, Алшысынан түскен емес асығы. Қазағымды әйгілі етті әлемге Мұхтарлардың мұнаралы ғасыры.
Керегемді кетпесін – деп, жат алып, Тағдырымды теппесін – деп, апарып. Жалғандыққа жаны күйіп жүретін Соның бірі – ақын Мұхтар Шаханов.
Сезімдерді – сұлулыққа сенбеген, Сырға толы жырларымен емдеген. Жүрегінде жыр оты бар Қазақтың Шахановты сүймейтіні кемде-кем.
Әр сөзінің, Жарқыраған Ай мүсін, Көзбен шұқып көрсетерсің қай тұсын. Бүгінгінің Толағайы емес пе? Қазағының арқалаған қайғысын.
Қиянатқа қарсы тұрар білегі, Жалғандыққа шыдамайтын жүрегі. Шырылдаған шынашақтай шындығын – Күллі Қазақ Шаханов деп біледі.
Алданбастан айласы мың елеске, Батыр ғана көтерілер белеске. Ақын болып батыр болмау, Батырында ақыл болмау, Халық үшін зор қасірет емес пе!
Жабықтырса көп ағаның жаутаңы, Кімге жетер жалғыз жанның қауқары. Байқасаңдар, Жүріп жатыр бұл елде Шахановты өлтірудің науқаны.
Ақиқаттың аз ба жасын төккені, Алшаң басып келер әлі көктемі. Шахановты шеттеткені қоғамның Шындықты да шырылдатып тепкені.
Айтпағымның осы болды шамасы, Адамдардың болмас бұған таласы. Ақиқаттың кеткен күні ақыны Аңырайды жер мен көктің арасы!
Әлібек ШЕГЕБАЙ