Олжас Сүлейменов. АЛАПАТ СЫНАҚТАР АЙМАҒЫ

 
1

АЛАПАТ СЫНАҚТАР АЙМАҒЫ

Делқұлды державалардың көрді екен біздей кім алдын,

Жетесіз дүние!

Қазақтың жеріне келіп сыналдың!

Крестен басқа түк өспей,

Топырағым іштей тынады.

Тарасты сынап осында,

Достоевскийді де – сынады…

Түрменің сымы елестер:

«Қазақстан қайсы ?» десе егер,

Петроград, бізді кеше гөр,

Ленинград, сен де кеше гөр!

Көшпелі жұртым осында:

Әшекейді әлем әр түсті.

Түрксібке кел әуелі – түсіну үшін Марксті!

Қазақ боп тумай жалғанда,

Туғанда бөтен тауларда,

Бөгде бір жерде мал бағып,

Бөгде бір әнге салғанда, —

Балық боп ақсаң тоғанмен,

Заманның зілді кәрі бұл,

Жезқазған жаққа вагонмен әкелер еді –

Бәрі бір!

Кешіңдер бізді,

Қаталдау – солтүстік терістігіміз.

Бес Франция сиятын керемет кеңістігіміз!

Монмартрсыз,

Һәм Луврсыз о, жұмбақ, мынау ел нендей,

Бас бұзар Бастилиялар осында көшіп келгендей!

О, дала!

Бауырым…

Жатырмысың!

Көрінбей көзге шетің де,

Ұлы ГУЛАГ боп жатырсың – саяси карта бетінде!

Сыналып дауыл жаңбырмен

Жаудың алдында тұрғанбыз,

Алысып жүріп тағдырмен,

Айдауда туған ұлдармыз!

Зұлмат дүние түнеріп біз жаққа қарап тұрады:

Күшігін көкке жіберіп –

Жердің серігін сынады….

Сынақтар бітсе гүлденер,

Сайрар-ау сонда сырлы әнмен.

Космодром – Дала – түрмелер – шаңдылған темір сымдармен!

Держава!

Қызыл туыңды төбесіне ұстап дұшпанның,

Сыналған күллі ұлыңды –

Ұлы де Қазақстанның!

Тылсым сыр-шоқыларымыз,

Шөптің де қанды-тамыры,

Басатын топырағымыз –

Бауырластардың Қабірі…

Күйіне келіп,

Сүйіне –

Кетер де баспай құмарды,

Осынау ұлы Дүние –

Өзіңе келіп сыналды!

Шаршадың дем ал, ұлы Ана,

Тынықсаң көңілің тына ма?

Ешкімді енді сынама,

Бомбаны да енді сынама…

Аударған Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

 

АЙНАЛАЙЫН

Ала-құла әлемді жағалаймын,

Үй-күйді де қажет деп санамаймын.

Сәті түссе түкке де қарамаймын,

Африка, Франция, Азияны аралаймын.

 

Қалтам тесік, тиын жоқ — міне, саған…

Тиын тапсам – құйғытып тұра шабам!

Жиһангермін, ең соңғы ордалықпын,

Ұрпағымын көшпелі өр халықтың!

 

Аяғымыз батысқа қарап мәңгі

Жатырмыз біз қырында торғауыттың.

Ноғай, бұлғар, қазақтың қосындары,

Жер шетіне ұмтылды, тосылмады,

 

Азияны Батыстың батысына

Баламады, ешкімге бас ұрмады.

Шүршіттің теңізінің шығысында

Батыс барын білген жоқ,

Хас ұлдары,

Аяғымен батысқа қарап жатыр…

Ақ дидарын топырақ жасырғалы…

 

Айнала бер, Жер-Ана, айналайын,

Сен дегенде батамын ойға дәйім,

Сырқатыңның барлығын өзіме алып,

Сенімен мен де бірге айналайын!

 

ҚЫСТАУҒА КӨШУ

Сүмбіле жұлдызы –

Гүл жарып жарқырағанда,

Үйір-үйір биенің саумалы сарқырағанда,

Кең даламның көгінен

 

Қаздар ұшар тобымен;

Түн қойнында қаңқылдар

Қайғы-мұңды саздарын,

Қайран менің байқұс аппақ қаздарым.

 

Мынау келген боқырау,

Өріс-тебін – тоқырау,

Аттан, қыпшақ…

Арқырап…

Өлсін менің өз қолымда жарқырап,

Сүмбіле жұлдызы.

 

* * *

Шыңғыстауға жақын оның моласы…

 

Сарғалдақпен шегеленген төбесі.

Аш жалаңаш, жүдеу жандар, өлесі,

Кермек әнді бір мырс ете сіміріп,

Бұл бейітте бас қосады неге осы?

Толқиды шөп тербеліп,

Гүл сарғаяр шерленіп,

У секілді, қарашы…

Шыңғыстауға жақын оның моласы…

 

АРҒЫМАҚ

Ей, дешті-қыпшақ даласы,

Даңқың шыққан табынмен.

Үйірлерді қарашы,

Жүзіп жүрген сағыммен.

 

Бір асауды бер маған,

Тамырым тұр бұлқынып.

Дөңгеленсін жер-ғалам,

Қала, дала ұмтылып.

 

Арғымақтың қанының

Ыстық отын жел үрсін.

Тұяқтардың шаңы мен

Өртенген шөп өрілсін.

 

Шабысымен мына аттың,

Шабуыл салып шығайық.

Дүбірімен тұяқтың

Жолды беттен ұрайық!

 

ЛУВР

Мен сені сүйем, Франция.

Басқыншы дейтін қатал күш

Френг деген атыңмен сенің аталмыш.

Нояндарыңды бабамыз біздің шылбырмен ерден сүйретіп,

Қабырғаларын күйретіп,

Зерлеулі кіреукесіне

Зер салған көзін үйретіп.

Мен болсам, міне, залдарды жүрмін кезіп бос,

Гауһар тастарға қараймын жиі кезікпес.

Таңырқап қоям: «Қайдасың, менің Азиям?

Асыл тастарға айналдың ба екен, әз ұям?

Семсердің мынау жүзіндемісің сен әлде,

Өзіңе қарсы соғылған сол бір әлемде?

Қосөзенге сен жеттің де бір кез өшті үнің,

Келеді бүгін ұраныңды қайта естігім.

Батысты тағы бағындыратын жан бар ма

Семсерсіз барып?

Жаулайтын мынау залдар ма?..» 

Аударған Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

«Ұлт порталы»