Сексеуілдің шоғындай сағыныш жырлар
2016 ж. 13 маусым
3497
0
Қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағында қос бірдей шара болып өтті. Қытайда тұратын бір топ ақын қандастарымыздың «Сексеуілдің шоғы» атты жыр жинағы мен Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің студенті, жас ақын Ақниет Төлендінің «Қоңырөлең» атты алғаш жыр топтамасының тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Алыс та жақын Атамекен! Алыстығы – арада мемлекеттік шекара, жақындығы – жат елде жүрсе де жүрегі атамекендегі бауырларымен бірге соғып, сағыныштан сарғайған санасында солармен өмір сүреді. Бабалар мекеніне деген сағыныш сексеуілдің шоғындай үнемі қоздап, жүректерге жылу береді. Оның қызуы ешқашан суымайды. Жинақтың да осыған байланысты аталғаны анық. Топтамаға енген 25 ақынның жетеуі Алматыға аспанасты елінен арнайы келіп, жырсүйер қандастарының қошеметіне бөленді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, Жәркен Бөдеш бастаған әдебиет өкілдері қытайлық қазақ ақындарына шығармашылық табыс тілеп, арадағы әдеби байланыстың жалғаса беретініне сенім білдірді. Тағы бір көрнекті ақынымыз, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Қытайдан келген Тәпей Қайысқанұлы, Әзия Мағыперқызы, Айша Қабылқожақызы, Шалқар Қаныкейұлы, Нұрболат Әбдіқадыр, Думан Бәзілжанұлы, Әріпжан Әбітай сынды ақындарды құттықтап, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы тағайындалған естелік медальдарымен марапаттады. «Мерей» баспасынан жарық көрген бұл кітаптарды «Ер Жәнібек» халықаралық қоры қаржыландырған. Оның төрағасы Жеңіс Түркия мырза да авторларға табыс тіледі.
Былтыр ғана осы Жазушылар одағында қортындыланған Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ақ жол» партиясы өткізген «ЕЛ мен ЕР» атты халықаралық аламан жыр бәйгесі әліге дейін жұрт есінде. Жүздеген жыр дүлділдерінен оқ бойы озған ақын Ғалым Жайлыбай бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сол жыр мерекесіне жиналған қалың қауым алдында өзіне тиесілі жүлде қаржысына жас ақындардың жыр кітабын шығаруға жұмсаймын деп уәде еткен-ді. Айтулы ақынымыз айтқанында тұрып, уәдеге беріктігін тағы бір байқатты. Жас дарын Ақниет Төленді болашағынан үлкен үміт күттіретін ақындардың бірі. Ақын ағасының батасын алып, жыр әлеміне қанат қаққан Ақниет қызымызға қанатың талмасын дегіміз келеді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz