Қазақ пен түрік – көзімнің ақ пен қарасы...
2010 ж. 28 желтоқсан
3197
4
Түріктің елі
Жұлдызды жүзік,
алқа қып айды тұрған ел,
Байрағын желпіп,
шаңырағын биік құрған ел.
Қазыналы қартым,
ақсақал-абыз Түркия,
Перзентің сенің жүрегі ояу тұлғалы ер.
Тербейді сені азанның үні ғажайып,
(Мешітке бармау ондайда болмас аз айып).
Сұрарым, Алла,
қым-қиғаш мынау тірлікте
Жүректерде иман қалмаса екен азайып.
Тіл бітсе тіпті тарихты қозғар тастары,
Түріктің елі, жер менен тұтас аспаны.
Ғасырлар үнін жеткізіп тұрған Ыстамбул,
Көңілдің құсын көтеріп көкке тастады.
Рухы бер сенде бабалар сүрген дәуірдің,
Ғажап бұл мекен,
ықыласы түскен тәңірдің.
Азаматтарың қылшылдап тұрған қылыштай,
Қырмызы қызың ардағы болған әр ұлдың.
Елітер бойды теңізден соққан самалың,
Шағалаларды сағыныш па деп қаламын.
Әлемді әсем, кереметтермен баураған,
Түріктің елі –
бірлігі тау мен даланың.
Бір көрген жанның маңдайы күндей жарқырар,
Түріктің елі, бір Хаққа сенген халқы бар.
Қазақ пен түрік –
көзімнің ақ пен қарасы,
қос ішектей үндес екі елдің ата салты бар.
Түріктің елі,
арыстандайын айбатты,
бақтарың гүлзар төрт мезгіл бойы жайнапты.
Ұл-қызың сенің Иманыменен шуақты,
Намыс пен жігер,
Сеніміменен қайратты.
Сыйыну
Қарбалас тірлік бүгінде,
Тұтқыны болдым қаланың.
Айналып келіп түбінде
өзіңді, Алла, табамын.
Фәниде жету арманға,
Болмаса керек аз қайғы.
Сынаққа толы жалғанда,
Періште ғана азбайды.
Жаратқан, биік мәртебең,
Ақиқат сөзі Құраның.
Күніне талай мәрте мен
Жығылып барып тұрамын.
Шығармас құлың есінен,
Таусылмас көңіл, құрметім.
Көп екен ризық, несібең,
Өзіңнің берген нығметің.
Бір Алла, саған сенемін,
Болмасын ешбір күпірлік.
Хақ жолға түсіп келемін,
Жүремін енді шүкір ғып.
Қаласаң, даңғыл жолда да,
Сүрініп кетіп «сорлайды» ер
Құлыңды мынау қорға да,
Жаратқан ием, қолдай гөр!
Бақыт
Бақытты шақ – балалық кезім екен,
өмір деген – мұңдарға төзу ме екен?
Жүрегіңе иманды ұялатып,
Бақыт деген – бір Хақты сезу екен.
Алланы сүй, саған сый қайтарады,
Сонда ғана көңілің жай табады.
Көркем мінез танытсаң – бақыттысың,
Өмірің де гүл болып жайқалады.
Иманыңмен түсірсең санаға шам,
Байқалады нығметтер арада сан.
Адамзатты сүйе біл жүрегіңмен,
Бақытыңды егер шын бағаласаң.
Тұнық сақта жүректің бұлағын сен,
Басқа тебу бақытты – күнә, білсең.
Жаратқанның нәсібі бұйырады,
Желкеніңді Аллаға бұра білсең.
Адамзатқа ойланар уақыт бүгін,
Екі дүние бақытын татыпты кім?
«Тәубә» деген адамдар шын бақытты,
Мұсылманның әр күні – бақытты күн!
Сусамыр
«Сусамыр елдің жайлауы ...»
Халық әнінен
Сусамырға апарсаңыз, барайын,
Көңіліме алтын тұғыр табайын.
Ұл-қызым мен жан жарымды жаныма ап,
Қымыз ішем ашып жанның сарайын.
Сусамырды көрсетіңіз сіз маған,
Көңілім – нұр, жүрегім – жыр сыздаған.
Қырғыз-қазақ бір туған ғой, әйтсе де,
Жер жәннатын қырғыздардан қызғанам.
Сусамырды көрейінші көзіммен,
Сонда ғана от ұшқындар сезімнен.
Сіз айтқанда Сусамырдың жайлауын,
Кеудемдегі кесек етпен сезінгем ...
Сусамырды жүрмін ылғи армандап,
Көрсем ғана ғұмыр жырмен жалғанбақ.
Кетсек, шіркін!
Кең жазира жайлауға,
Қойса дағы тірлік бізді арқандап.
Елдің іші болса ырыс,
халық – бақ,
Сал-серідей жүрейікші сауықтап.
Ол жақтарда көп болмаспыз ...
бізден соң,
Ән қалсыншы Сусамырда қалықтап!
Қандасыма үшбу хат
Аман болсын деген қазақ даласы,
Ар ма ағайын, ел мен елдің арасы.
Паналады-ау босағасын жат жұрттың,
Бір кездегі бай-бағланның баласы.
Көктей өтіп шекараның қамалын,
Жетуді ойлап тозды ұлтан, табаның...
Елге жетсең табар едің қалайда,
Әз бейітін әже менен бабаның.
Құшағына алар келсең өр елің,
Сен оралсаң кеңейеді көлемім.
Атажұртқа асықтың-ау армандап,
Сағыныштың ерттеп мініп төбелін.
Заман тыныш, сені күтіп тұр елің,
Бұл жақта да ерттеулі тұр күреңің.
Атамекен — өз жұртыңа келуден,
Үмітіңді үзе көрме, тілерім.
Өзге жұрттан мен сендерді қызғанам,
Өз елінде бұлаңдасын қыз, балаң.
Халқымыз бар сағынысып қауышар,
Қалпымыз бар, жүрек мынау, сыздаған...
Атажұртпен табыстырып тағдырың,
Қандай ғажап тамашалау таң нұрын.
Домбырамен қосылғандай қыл қобыз,
Шырқайық бір еркіндіктің ән-жырын.
Қандасына бола алатын бек тіреу,
Қазағың бар өзге жұрттан тектілеу.
Қай қиырда жүрсе дағы қазағым,
Оттан ыстық Отаны оның тек біреу!
Бiз ақынбыз
Бiз ақынбыз, жалғанды
жалпағынан басатын.
Жақсы көрер алғанды,
барын судай шашатын.
Бiз ақынбыз, көңiлi
жауған қардай аппақ тым.
Өтетұғын өмiрi
бойында сан соқпақтың.
Бiз ақынбыз, бiр уақ
ойша әлемдi шолатын.
Баладаймыз күлiп ап,
бiрден жылай салатын.
Бiз ақынбыз, жалғызбыз,
көп iшiнде жүрсек те.
Бүгiн серi, сал — бiзбiз,
әнге айналар бiр сәтте.
Бiз ақынбыз, тағдыры,
талай аңыз болатын.
Жырларымыз таң нұры
басқа бақ боп қонатын.
Бiз ақынбыз, бiр-бiр ер,
керек болса батырмыз.
Сырмыз iште iркiлер,
айтылмаған ақылмыз.
Бiз ақынбыз, бiздерге
ешқашанда таң қалма.
Кеудесi бай күзден де,
сөзi күштi заңнан да.
Бiз ақынбыз, күлкiлi
бұл жалғанды түс дейтiн.
Ұшып көкке бiр күнi,
жерге қайтып түспейтiн!
Ақындық, ол . . .
Өлең жазбай жүрмiн мен, мұным қалай,
Бұл заманда барады құным қалмай.
Тек тұрмысты ойлаймын ертелi – кеш,
қу жаныма жүрмiн ғой тыным болмай.
Мен бүгiнде жаралы арыстанмын,
Мұңмен нағыз батырдай алысқанмын.
Ақындық, ол – ақын боп жүру емес,
жеткен ойды түйсiну ғарыштан мың.
Ақын маржан төгедi жаны барда,
Менiң айтқан сырымды жан ұғар ма?
Серiлердi жаныма iлестiрiп,
жыр оқушы ек, дәурен – ай, аруларға …
Халқымыздың айналған таза арына,
Ақындар аз iлiнер назарыма.
Бұл Алматы ақындар ордасы едi,
ендi айналды тiрлiктiң базарына.
Тiстеп – тiстеп ит тiрлiк балақтан мың,
Жанымның тыныштығын жоғалтқанмын.
Ақындық, ол – жаныңның мөлдiрлiгi,
берген сайын қабылдау жаратқанның.
Қүйын жырмен жүректi мазалайын,
Тiрлiктi айтып несiне қажалайын?!
Түнығымды жоғалтып алғандаймын,
жыр оқыңдар қане бiр, тазарайын!
Менiң күнiм
Менiң күнiм туар әлi,
бiлемiн,
Серпiп өтем дүниенiң түнегiн.
Мен сенемiн,
тыныштыққа елiтер
бозторғайдай шырылдаған жүрегiм.
Кеудемде әлi ұлы думан басталар,
Одан ары биiктейдi асқақ ар.
Достарымның көңiлдерi шаттанып,
өкiнiштен бармақ тiстер басқалар…
Ағалардың еске түсiп дәуренi,
құрғап қалған жанарлардан жас тамар.
Қазiр менiң кезiм ғой көп сыналар,
Сенем алда, сорбұлақтар суалар.
Ал адамдар торығуды тоқтатып,
көңiл-гүлiн үмiтпенен суарар.
Көп болатын мейiрiмi, шуағы,
Болсын деймiн Жер жақсының тұрағы.
Менiң күнiм перiштелер көбейiп,
соңғы iбiлiс жойылғанда туады.
Ал ол күн туады!
Жүрегiмде жұлдыз бар.
Менiң жаным жұлдыздарға құмар тым,
Көктi аңсаған жүрегiмдi ұғар кiм?
Мен қазiрше көкте емес, жердемiн,
көздi жұмсам, кiрпiктерге құлар түн…
Жүре тұрам, иә, әзiрше жердемiн,
Тiршiлiктiң керуенiне ергемiн.
Перiштедей пәк өмiрге тым ғашық,
Ақындықты бақ санайтын пендемiн.
Тырбанамын қалмаймын деп қатардан,
Көкейiме сансыз сұрақ қадалған.
Мен ақынмын бояуы көп өмiрдiң
көрiнбейтiн жiптерiне маталған.
Күз. Ауадан бiлiнедi түнгi ызғар,
Көңiлiмдей биiкте асқақ жұлдыздар.
Әрбiр жұлдыз – терең сырлы бiр-бiр от,
менiң дағы жүрегiмде жұлдыз бар!
***
Кiрлегендей көңiлiмнiң дәптерi,
Аңдығаным тек алдамшы бақ па едi?
Қайдасың сен, Қарлығадай қамқоршым,
Тайбурыл ат-шабытымның бапкерi?!
Келiп оят, жүрегiмдi “дiр“ еткiз,
Өзiң жоқта менiң жаным түнек, күз.
Төлеген – жыр сенi iздедi сағынып,
өлеңiме Муза болған Жiбек – қыз!!!
Саят Қамшыгер,“Серпер” жастар сыйлығының иегері