Зейнолла Қабдоловтың Ілияс Омаровқа жазған хаты
2016 ж. 04 сәуір
5906
1
немесе «Бір кем дүние...»
«Бірі кем дүние...» Өзіміз бала күннен естіп өскен осынау сөзді әдеби айналымға түсірген Шерхан Мұртаза екенін білеміз. Ал Шерағаң болса «Бір кем дүние...» деп айтады, үзілді-кесілді кесіп айтады. Неге олай? Ойланып қарасаңыз, көкейіңізде «дүниенің бірі кем бе?», әлде, «бірдің дүниесі кем бе?» деген сұрақ көлденеңдей берер. Ендеше, мәселе «бір» мен «дүниенің» арасындағы қарама-қайшылыққа тіреліп тұрса да өзі білсін... Мұның түпкі мағынасын төбесі тесік қазақтың «тұяғы бүтін тұлпар жоқ» деген сөзінен іздеуге мәжбүр еткен жағдай туралы айтсам деп едім...
***
Жоғары оқу орнына енді ғана табан іліндіріп, мұғалім атаулыға үркексоқтай қарап жүргенбіз. Сол жылдары еліміздегі атағы дардай жалғыз университет дегенмен, өзіміз оқитын оқу орнының да «бірі кем дүниенің» бір бөлшегі екенін ішкі түйсікпен сезіп қалған кезіміз. Оның үстіне барлық адам-пенделер секілді мұғалімдер де сорт-сортқа бөлінеді емес пе?
Жетпіс бірінші жылы «Әдебиет теориясы» пәнінен Зекеңнің (Зейнолла Қабдолов) өзі лекция оқыды. Осыдан бір жыл бұрын университетке қабылдау емдиханы кезінде өзім әулие тұтатын Қабдоловтың аузынан «жақсы» деген сөзді естіп, есім шығып кете жаздаған, ал нәтижесінде... аман-сау ауылға қайтқаным есімде, аты елге таныла бастаған ағамыздың әр сөзіне «сын көзімен» қараймын. «Сылдырап өңкей келісім, сылдырап өңкей жарасым...» деген сәттерде мына әсем сөздер ұлкен кісінің көкірек түкпірінен күңгірлеп шығатын қоңырқай дауыспен келісім тапса да, жарасым таппай тұрғандай сезіледі. Шыны осы...
Емдихан тапсыратын күн де келіп жеткен. Ағамыздың «Ұшқын», «Жалын» деп аталар романдары түгілі, газет бетінде жарыққа шыққан мақалаларына дейін оқығанмын, сол жылдары студенттердің аузынан түспей жүрген «Әдебиет теориясын» қайта бір қарап шыққанмын, көңіл орнында, ұстаздың алдына еркінси кірдім.
Сиырдың тіліндей қағазға басылған сұрақтарды қарап жіберсем... алғашқы екі сұрақтың жауабын білетін секілдімін, ал үшіншісі – «Жоқтау». Қайдағы жоқтау?.. Өзіміз күнде естіп жүрген жоқтау да әдеби жанрға жататын болғаны ғой...
«Басқа түскен – баспақшыл» «Жоқтау... жоқтау...» деп күбірлеп қойып, жазып жатырмын.
Ақын өлді...
Жер мұңлы, дала мұңлы,
Бойына жиып алған нала-мұңды.
Жатырмысың тарта алмай жалғыз жебе,
Қалып қойған кермейық садағыңды.
Орысшалап жоқтады Олжас сені,
Қазақшалап жоқтады Қадыр сені.
Сұм ажалға бір дауа болмас, тегі,
Кетер еді-ау әйтпесе қабір кеңіп.
Жадымның жұқара қоймаған кезі, ұстаздың алдына барып отырған соң, жаңа ғана қағазға түсірген шумақтарды жатқа оқып бердім.
– «Орысшалап жоқтаған» дейсің бе?.. Қызық екен... Өзің жаздың ба?.. Байқаймын, сиясы кеппеген өлең... Осы өлеңді жоқтаудың қай түріне жатқызар едің?..
– Жоқтаудың түрлері болатынын білсем де, әдеби жанрға жататынын білмейді екенмін, аға, – деп күмілжимін.– Меніңше, зарлай жоқтау секілді... Иә, иә, зарлай жоқтау...
Ай маңдайы жарқыраған ағамыз аудиторияны басына көтере саңқылдай кұліп алды да:
– Зарлай жоқтау дедің бе, бала?.. Болса болар... Өзің де бір зарылдап қалған бала екенсің...– деп, сынақ кітапшасын қолыма ұстата берді. Зекеңнің кұлкісінің сырына қанықпын, алды-артыма қарамай зытып тұрыппын...
Зачеткамды ашып қалсам, мен ұстазымның алдында бір сатыға көтерілген екенмін. Жетпісінші жылы Зекеңнің алдында дәл осылай зырылдап тұрсам, бір жыл бойы Қаратау мен дарияның ортасында зырылдап жүрмес едім-ау...
... Бәріміздің туған әкеміздей болған сол Зекең де өмірден өтті. Білетінім, соңынан жоқтауға бергісіз талай-талай жақсы сөздер айтылды. Ал Олжекең мен Қадыр ақынның, одан қалды жалпы қазақтың асыл ағаларын қалай жоқтағаны, басқа, келелі әңгіменің желісі бола жатар...
Меніңше, Зекең портретіне «ай маңдай» деген теңеу жарасады. Зекең «өзінің Әуезові» секілді ай маңдайлы адам еді ғой. Ай маңдай демекші, сол «ай маңдайға» қатысты бір оқиға ойға оралады.
...Сексенінші жылдардың соңы. Қазақ теледидарында басшысымақтар қатарына қосылып, «болып-толып» жүрген кезім еді. Бірінші басшымыз Сағат Әшімбаевтың жеке тапсырмасы бойынша қоғам қайраткері Ілияс Омаров ағамыз туралы арнайы хабар дайындайтын болдық. Хабардың тақырыбы айқайлап-ақ тұр. Ұмытпасам, «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп аталатын.
Ілекеңнің кезінде футболшы болған, бүгінде спорт комментаторы болып жұмыс істейтін ұлы Диаспен бұрыннан аралас-құраласымыз бар. Ілекеңнің мұрагері ретінде берілетін құжаттың бір данасын қолыма ұстатты. Қолымдағы құжаттың бір артықшылығы бар еді. Енді басқалар секілді мұрағат қызметкеріне тапсырыс беріп қойып, жоғарыда сарылып отырмаймын. Сол күні Орталық мұрағаттың жертөлесінен бір-ақ шықтым. Жертөленің ішінен салқын сыз еседі. Салқын болса да сарғайып кеткен қағаздардан бас алмаймын. Күнделіктер... Қойын кітапшалар... Ілекеңнің өз қолымен жазылған өлеңдер... Иә, өлеңдер. Сосын... хаттар... хаттар... Ішінде Ілекеңнің өз хаттары да, дос-жарандарының хаттары да бар. Тіптен Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының бұған дейін ғылыми айналысқа түспеген хаттары да жүр. Хат болғанда, көпшілігі өлеңмен жазылған хаттар. Ілекеңнің Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызбен бірге Аралға барған сапарынан жазылған жолжазбасынан толқынның тоғыз түрі болатынын оқып, бір олжалы болып қалдым.
Қолыма Ілекеңнің Шығыс Қазақстан облысында басшылық қызметте жүріп, Орталық партия комитетіне жазған хаты түсті. «Орысы мол» өңірде қазақ тілінің жартыкеш тірлік кешіп жатқанын ашына жазыпты. Неткен батылдық! Елуінші жылдары мұндай хат жазған кісінің сол күні басшылық қызметте отыру түгілі, қызметтен шыққан соң өз үйін таба алмай қалуы мүмкін екенін ойлап қоямын. Бізге керегі де осы. Бірақ, менің тілімнің мүкісі бар, эфирге шыға алмаймын. Тек осы әңгімені теледидардан майын тамызып айтып беретін өзі келбетті, «аузының дуасы бар» адам табылса ғой, шіркін...
Кенет хаттардың ішінен Зекеңнің өзіме таныс сұлу қолтаңбасын жазбай таныдым. Менің студенттік кітапшамдағы оң жаққа қарай сәл қисайта, маржандай тізілдіріп жазылған мына қолтаңбаға мақтана да, сүйсіне қарағаным есімде ғой. Бас алмай оқып жатырмын. «...Менің сізге деген құрметім ерекше екенін білсеңіз ғой, Ілеке... Сізді тұңғыш рет көрген сәтім есімнен кетпейді. Ай маңдайыңыз шам жарығына шағылысып, театр президиумында отырдыңыз. Орталық мінберге көтерілген сәтіңізде, құйылып түскен прожектор жарығы сіздің ай маңдайыңызға шағылысып... маған түк көрсетпей жіберді...»
Міне, солай. Аз да емес, көп те емес, прожектор жарығымен шағылысқан ай маңдай... Кәдімгі, егжей-тегжейін қалдырмай, түбегейлі қопарып жазатын Зекеңнің қолтаңбасы, майын тамызып айтатын Зекеңнің стилі.
Сол сәтте жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымды көрсеңіз. «Аузының дуасы бар» адам Зекеңдей-ақ болсын. Зекеңнің теледидардан сөйлеуінің өзі хабардың деңгейін бір биікке көтеріп тастайды. Хат мәтінін асығыс көшіріп алдым да, үйге қайттым. Көп ұзамай қазақ тілінің тағдыры жайлы баяндайтын сценарий басшылардың алдында жатты. Енді теледидардан сөйлеуге Зекеңнің келісімін алсам жетіп жатыр.
Бірнеше күн іздеп ағамызды Жазушылар одағынан таптым. Жалма-жан ұстазыма Ілекеңнің қиын-қыстау кезеңде батырлық танытып Орталық комитетке жазған хатының көшірмесін көрсетіп, үлкен кісінің шын мәніндегі ел жанашыры, тіл жанашыры болғанын айтып жатырмын.
– Сіздің адам танығыштық қасиетіңізге тәнтімін, аға... Ендігісі... Ел арасында беделіңіз бар ғой, осы әңгімелерді сіздің аузыңызбен айтқызсақ, қатып кетер еді...– деймін ғой баяғы.
– Ілияс Омаров деймісің?.. О-о-о, ол кісі біртуар қайраткер адам ғой... Басқа – басқа, Ілекеңнің жөні бөлек қой біз үшін... Бірақ ол кісі Орталық комитетте жоғары қызметте жүргенде менен гөрі Нұрпейісовпен жақын болған... Сол ағаңа қолқа салып көрсең қайтеді?..
Әбдіжәміл ағамыздың теледидар түгілі, радиодан сөйлеуден ат-тонын ала қашатынын білемін. Оның үстіне Зейнолла ұстазымның «Орталық комитет» деген сөзді ауыз толтырып айтқанына қитығып қалдым. Бұл сексенінші жылдардың соңы. Цензураның да, партия шешімдерінің де күші қайтып, коммунистік партияның соңына жаппай шам алып түскен кезіміз еді.
– Сол жылдардағы Орталық комитет пен бүгінгі қазақ тілінің қандай байланысы бар, аға?..– деппін сасқанымнан.
– Мәселе Орталық комитетте де, партияда да емес. Уақытым жоқ, бала... Ана ағаңа бар... Әбдіжәміл мен Ілекең екеуі тонның ішкі бауындай болатын...
Амал жоқ, сценарийді ашып жіберіп, ішіндегі аспирант Қабдоловтың Орталық Комитеттің хатшысы Ілияс Омаровқа жазған өз хатын өзіне оқып жатырмын. «Театр мінбесінде прожектор жарығымен шағылысқан ай маңдай, сол ай маңдайдан көзі шағылысып түк көрмей қалған аспирант...» Мынаны күтпесе керек, Зекең:
– Бәрре-келді... Дәл осылай деп жазыппын ба, бала?.. Өзім де жазғышпын, ә...– деп күледі.
Енді бүгін ойлап отырсам, бұл да «бірі кем дүние» екен-ау...
Бірі кем дүние... «Иә, бірі кем дүние» деп жазыппын. Бәлкім, Шерағаң айтпақшы, «бір кем дүние» шығар...
Серік Байхонов
qazaquni.kz