ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ШОПЫРЫ
2016 ж. 15 ақпан
5716
0
«Алматы-2» вокзалынан қала төріне қарай жүйтки салған троллейбус Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық Жастар мен балалар театрының тұсынан ызғытып өте берді. Қасымдағы көнетоз пальто, мыжырайған малақай киіп, ескі бөкебай оранған жетпістер шамасындағы орыс шалы тұнжыраған жанарын сол жаққа селсоқ қана бұрып:
– Эх, Габит-аға! – деп ақырын күрсініп қалды.
Елең етіп, қарттың жүзіне аңыра қараймын. Екі-үш күннен бері қырылмаған сақал-мұрты мен жүдеу өңі күтімсіздеу адам екенін аңғартып тұр.Көмейіме келіп қалған сауалды ірке алмадым.
– Сіз сонда ол кісіні білген болдыңыз ғой?!
Сұрағымды жақтырыңқырамай, бір қабағын кере, бозғылт көздерін бажырайта күңк етті:
– Бірнеше жыл жеке шопыры болсаң сен де білер ең!..
Ойға Ғабеңнің аңшылық жайында жазылған әңгімелері орала қалды. Көршіме еміне түсіп, сөзінің шындығын тексергім келгендей:
– Әрине, сіз, Ғабит Мүсіреповтің бала-шағасын да білесіз ғой?! – деймін тағы.
– Хе! Роза мен Райханды... Раисаны білмей! Ал, сен кімсің өзі?!
– Журналист едім...
Межелі жеріме жетпесем де шал түскен жерден қоса түсіп, соңынан ілбіп ілесіп келемін.
Қырсықтау секілді. Сыңар балдағына қисая сүйеніп, ақсаңдай басады.
– Не білгің келеді? – деді әлден уақытта.
– Енді... Айтып берсеңіз болар еді... Қысқаша... Ғабеңмен ара-қатынастарыңыз жөнінде...
–Хе! – Тағы да бір қабағын көтере жалт етіп қарады. Кәрілік пен темекі сарғайтып жіберсе де кетіле қоймаған тістерін көрсетіп бір езуден жымиды. Күлгенде көздеріне нұр жүгіріп, түсі де жылына түседі екен.
Ауласы аядай ғана шағын жер үйге келдік. Аты-жөні Александр Константинович Куликин болып шықты...
***
Ғабит Мүсіреповпен жүзбе-жүз 1971 жылы кездесіпті. – О кездегі пәтерім қазіргі Қаныш Сәтбаев пен Күләш Байсейітова атындағы көшелердің қиылысында болатын, – деді. –Сол тұста бірқатар гараждар бар еді, ішінде Ғабеңнің де жекеменшік «Газ-69» машинасы тұрады екен. Кезінде көліктің «төресі» саналған сегіз орындық автомобиль. Оны кейін білдім ғой, әрине. Ауыр құрылыс министрлігінде істейтінмін. Бір ірі шенеуніктің жүргізушісі едім. Министрдің орынбасары. Байқайсың ба, қаншама жыл қол астында жүрсем де ол есте жоқ, ал, Ғабит Махмутович ұмытылмайды. Неге? Парасатының, адамгершілігінің биіктігінен, жақсылығынан шығар! Әлде әдебиеттің корифейі болғандықтан ба? Мүмкін бұрын кітаптарын оқығандығымнан?.. Білмедім енді оны. Бір күні бастығымды апарып тастап, ақ «Волгаммен» түскі асқа келіп, үйге кіріп бара жатыр едім, әдеміше келген қазақтың бір жас келіншегі: – Александр Константинович! – деп тоқтатып, сыпайы амандасты. – Есімімді қайдан біліп алғаны да белгісіз. – Сізбен папам сөйлескісі келеді... Ғабит ағаның қызы болып шықты. Роза. Біздің үйге көрші көрінеді. Ішім әлдебір жақсылықты сезіп, жедел жеттік. Виноградов-Фурманов көшелерінің айрығындағы екі қабатты еңселі жеке үйде тұрады екен. Үйді екі сақшының күзетіп жүргенін де байқап қалдым. Ғабит аға да атымды біліп алыпты. Соған қарағанда, сыртымнан бірталай зерттеген болулары керек. Ол кезде ішпеуші едім. Отыз тоғыз жасқа енді іліккем. Тепсе темір үзетін шағым. Еңсегей бойым бар – 182, салмағым – 97 келі... Таза жүремін. Соншама көріксіз де емеспін-ау... Ең бастысы – жұмысыма жетікпін. Тиянақтылық, ұқыптылық бар. Соның бәрін ескерсе керек. Кең бөлмеде отыр екен. – Саша. Кел, төрлет! – деді. Түстендік. Қызы Райхан тамақтандырды.Қасына ерген кішкене баласы бар... Ал, Раиса жеңгемізді кейінірек көргем...Ғабит ағаның өтініші – өзін әлгі «Газ-69» бен сенбі, жексенбі күндері алып жүру екен. Қанша төлейсіз деп сұраған да жоқпын. Бірден қауана келістім. – Мекемедегі жалақың қандай? – деген. – 260... –Еңбекке қарай мен де сонша төлермін!.. Сөйтіп кірістім жұмысқа. «Бас диспетчерім» – Роза. Соған хабарласып, Ғабит ағаның сапар жоспары туралы біліп отырамын. Менің міндетіме кірген нәрсе не? – Машинаны бабында ұстау. Ғабеңнің апар деген жеріне лыпылдатып апарып тұру. Көбіне қала сыртына шағымыз. Жазушы, негізінен, үлкендермен кездеседі. Материал жинайтын сияқты. Айтылған сөзді кейде қойын дәптеріне түртіп, жазып алып отырады. Кездесулердің көбі далада, жайлау төрінде өтеді. Сапардың алдында Роза немесе Райхан үшеуміз базардан, дүкеннен азық аламыз. Қымыз жүреді кабинада... Шарап та болады... Одан соң есімде қалғаны – Ғабит аға да көпшілік қазақтар секілді шақпақ қантты жақсы көруші еді. Тістеп жейтін... Мен де үйрендім шайменен...Кішірек самауыр бар. Мұқият орап, орындық астына тығып жүремін. Түскен бойда дастарханды жайып жіберіп, қоя қоямын самауырды. Бір байқалатыны, Ғабең тамақты талғап, шұқылап, өте аз ішуші еді. Кейде кілең жазушылар бас қосып қалады. Жеке машиналарымен шығады ғой, әрине. Біз шопырлар қызметімізді көрсеткен соң, олардың әңгімесіне бөгет жасамауға тырысамыз. Тамақтанып алып, темекімізді тартып, сырттау жүреміз.Ғабит ағаның мен аса ұнатқан қасиеті – маған қарапайым шопыр деп қарамай, өзімен тең дәрежеде ұстағаны. Ылғи: – Саша, Саша! – деп ақылдасып отырады. – Әйтсек қалай қарайсың? Бүйтсек...Айтқанының бәрі көңілге қона кетеді. – Пожалуйста, Габит аға! С удовольствием! – деймін мен де. Келісе қоймайтын тұсым болса оны да жасырмаймын. Әйелім де ұнатты Ғабитті. Евгения Петровна... Ғабеңмен кеттім деп айтып шығамын. Түнеп қалған кездеріміз болады барған жерде. Ақшасын әкеліп беріп тұрамын. Қай әйел жек көрсін қосымша табысты. 260+260 сом... Ты что?! Риза. Қонаевтың өзіне, Совминге «жасыл көше» болды ғой Ғабеңе! Қол қусырып қарсы алады бәрі. Кейде сұрайды менен: – Қандай проблемаларың бар?! – Жо-о, Ғабит аға! Берген жалақыңыз жетеді. Қандай мұқтаждық болуы мүмкін?! Үйренген әдетімен аңға шыққысы келетін. Екі-үш рет қана шықтық-ау. Жасы ұлғайғандықтан ба, анда-санда көңілі ауса да тартынатын. Бәрібір кезінде Орталық Азия Әскери округінің бас қолбасшысы генерал-майор Лященко дегенмен достығын үзген жоқ. Әңгімелері ылғи мылтық түрлері, аңшылық туралы болады. Генералдың да жаны қалмаушы еді Ғабең дегенде... Темекіні жиі тартатын. Соған қарамастан үстінен әлдебір қымбат кремнің хош иісі аңқып тұратын еді. (Саша ағай Ғабеңнің киімді әтір қосып үтіктейтін әдетін білмеген болуы керек. Қ.М.) Өзім болсам, Ғабит ағаны қатты сыйлағандықтан да шығар, оның көзінше шылым да шекпеуші едім. Тағы бір еске түсетіні – сол кезде де қазіргі Қабанбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысында жеңіл жүрісті әйелдер жүретін-ді. Үш-төрт сомға сатылатын. Ғабең де естіген болуы керек олар жөнінде... Бірде солардың үстілерінен шығып қалып, Ғабеңнің жақтырмай, тыжырынып қалғанын аңғардым. Екінші айналып өтуге тырысатын болдым о жерді... Сөйтіп 1974 жыл да орталанған, Ғабит аға «Газ-69» машинасын Семейден бе, әйтеуір, алыстан келген күйеу баласы, әлде жақын інісі болар... Сондай біреуге сыйлауды ұйғарды. Қожайынның тапсырмасымен машинаны жөндеп, жуып, тазалап, сақадай сай қылдым. Келген жігіт әлдебір балық тресінің бастығы ма, білмедім... Үлкендігі ұзатылатын қыздың кебесіне бергісіз дәу қара шамадан толы алабұға әкелгені есімде. Менен сыбырлап сұраған: – Машинақалай?! – деп. – Ой, сайрап тұр! Отыр да тарта бер! Машинаны платформаға өзі айдап шығара алмады. – Жол жақсы ғой. Жүргізіп неге кете бермейсің? Сол арзанырақ емес пе! – дегенімде, қолын сілтеді. Мінгізіп бердім. Машинаның сауырынан бір сипап, платформадан секіріп түскенмін. Содан Ғабит ағаны көргем жоқ. Кім білсін. Басқа машина, басқа шопыр... алған шығар. Қанша қасында жүріп Ғабит ағамен суретке түсу де ойға келмепті. Сендейлерге сатар ем-ау сытырлатып! Тағдырым маңдайыма кілең генералдарды тасуды жазыпты. Әскерде... Германияда жүргенде де генералдың шопыры болғанмын. Ғабең де нағыз генерал еді ғой. Әдебиеттегі, өмірдегі. Мә, мына сағатты сен алшы! Ғабең берген. Жүрмей тұр. Жөндетіп аларсың!..***
Ырымшылдықтан ба, басында бұзық сағатты алғым келмесе де, қабылдадым. Шетелдік, фосфорлы жасыл сағат. Шалдың шын пейілден ұсынғаны... Және Ғабең таққан болса!Құлтөлеу МҰҚАШ.
2001 жыл
qazaquni.kz