Базарбек ТҮКІБАЕВ, сатирик: САТИРА сұлулықты сүйеді

Базарбек пен кәстөм   Енді оңалып келе жатқан тірлігі, Достар едік, бірге болған ұрлығы... Ақ самалдай аңқылдаған көңілі, Базарбек дос жетіп келді бір күні...   Тұрақты бір болмаса да тұрағы, Жандар едік жалаулаған жыр-әні. “Кәстөмдерің көп еді ғой әдемі, Бере тұршы біреуін”-деп сұрады.   Бұл өмірдің аз емес қой кермегі, Тергеп едім, біразырақ терледі... Балапан дос қоразданып қойды да, “Екінші әйел аламын” деп “ерледі”.   Жігіт еді жібі түзу, ұятты, Кісінеп тұр кербестідей тұяқты. “Ұрса берді әйелім” деп қояды, Түкібаев түк болмаған сияқты.   Базар бастық Базарбектің күйіне, Келген кезі... О да Құдай сыйы де... Кейін бірақ кәстөмімді қайтарды, Қайтарыпты... тоқалды да үйіне...   Қарлығаштың жазылғанда қабағы, Шымқалада болдым бір күн қонағы... Ортамызда... орталанған табағы... Кәстөмімді киіп алып, шатасып, Базекең дос сыртқа шығып барады...   Киімдердің ұқсастығын кім білген, Қарлығаш та қашып кетті сұр мүлдем: “Кәстөміңе ие бол!” деп, шаңқ етті, “Күйеуіңе ие бол!” деп, күлдім мен...   Өгізді де өлтіретін өлеңі, Қайран досым, қызығың да көп еді... Сені Елуге келді дейді мынау ел, Оған бірақ досың қалай сенеді?..   Жылдағыдан жылы тартқан күз көне Күйін тартса, тойламаймыз біз неге?! Күйеу жолдас болуға мен дайынмын... Кәстөм сұрап... келіп тұрғын Жүзде де!..                                                                                                                    Қазыбек ИСА

– Оқырман өзіңізді Балапан Базар деген бүркеншік атпен сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің «Сүзеген сөз» сатиралық шошаласының аға жаттықтырушысы сәтіңізден біледі. Сатиралық өлеңдеріңіз бен шымшымаларыңыз республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Ара» журналында тұрақты жарияланып тұрды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесісіз. Дегенмен, ердің жасы елуге келгеніңізде елеп айтар елеулі еңбектеріңіз бар ма?

– Әдеби ортада Балапан Базар деген бүркеншек атпен шыққан «Айып етпеңіз» атты сатиралық кітабыммен танылдым. «Күлкім келе береді» деген жинағымның баспада шаң басып жатқанына біраз болды. Кейінгілерінің басын қосып бір жинақ шығарсам деген ойым бар. Ұзақ жыл бойы телевидение саласында қызмет еткенімде ән жазумен айналысамын деп бұл жанрда өндірте жаза алмағаныма өкінемін. Әйтсе де, ештен кеш жақсы деген.

– Көптеген қаламгерлерге пародия арнағаныңызды білеміз. Ендеше, пародистеріміздің соңғы кезде әдемі де әділ пародия жаза алмауының сыры неде деп ойлайсыз?

– Бұл қазақ пародиясының өзіндік табиғатын жете түсінбегендіктен, пародияға тақырып, объект боп тартылған өзегін (материалды) игере алмағандықтан, ең бастысы шеберліктің жетімсіздігінен орын алған жәйт. Кезінде бұл жанрды Ш.Смаханұлы, Қ.Ілиясов, К.Әмірбек, Ж.Ерман жабыла жазды. Бірақ, соның бәрі бірдей сәтті шықты дей алмаймын. Ішінара пародияның «қалпағын» киген дүмбілездеу дүниелер кездесті. Кейде автордың жеке көзқарасынан туындап, оқырман пікірімен, әдебиет мүддесімен санаспай кеткен кездер болды. Не әдеби пародияға, не тұрмыстық пародияға жатпайтын бос қылжақ, әлеуметтік ойы жоқ мазақтамаға көбірек ұқсайтын дүниелер жазылды. Ал, пародияның талабына келсек, ең бірінші автордың кімді, нені не үшін сынап отырғаны түсінікті болуы керек, дәлдік қажет. Пародистеріміздің пародиясы түпнұсқаға буын-бунақ жағынан ұқсас болғанымен, мазмұны жағынан, өкінішке қарай, қарсы қояр пікірі болмай жатады. Бұл анық. Мысал керек пе, міне. Қ.Ілиясов бір ақынның «Көкірегім – күйсандығым» жинағына енген өлеңін былайша пародиялады:

Қанша жетік білгенмен жағынуды,

Деп естиміз, Тықаңның халі мұңлы. Пендесіз ғой, тыраштау пендесіз ғой, Сондықтан осал өлең алып ұрды. Енді міне, оқырман жалығулы. («Біле білсең» жинағы, 58-бет.)

Дұрыс-ақ, бірақ амал нешік, ішкі мәніне үңілсек пародия ақынның шығармашылық туындысы және оқырманның ортақ игілігі жайында емес. Бұл автордың жеке басына арналып жазылған. «Пендесіз ғой, тыраштау пендесіз ғой» деуі ерсі-ақ. Жазу мәдениеті этика шеңберінен шығып кеткен. Мұндайда сатира сымбатсыз, солғын тартары белгілі. Ал, пародия сұлулықты, мәдениетті сүйеді. Әрине, қазіргі қазақ пародиясы бір ғана Қ.Ілиясовтың шығармасының кемшілігінен ақсап жатқан жоқ. Бүгінгі оқырман талғампаз, білімді де мәдениетті. Ненің сәтті, ненің сәтсіз екенін ажырата алады. Сөз орайы келгенде айтайын, орыс әдебиетінде пародистерге ақындар оң қабақ танытып, көрсеткен кемшілікті келешекте ескеремін деп келіседі екен. Әзірге бұл үрдіс бізде байқалмайды. Сойылын алып жүгірмесе де «пәленшені сойыпты» деп жатады. Бұл мәдениетті былай қойғанда, түсінбестік болса керек. Әйтпесе, пародияның мақсаты ақынның жеке басындағы емес, шығармашылығындағы кемшілікті әдемі әзілмен, достық рәуіште жөндемге шақыру ғой.

– Пародия мен эпиграмма сатираның қос қанаты іспетті. Ендеше, эпиграмма туралы екі ауыз сөз...

– Эпиграмма – ерекше жанр. Ерекше жанрдың ертеңін ойласақ екінің біріне арнап, қор қылмаған жөн. Біреуге достық әзіл арнаса, шекесіне «Эпиграмма» деп қоя салатындар бар. Мұндай сауатсыздық жанрды ажырата алмаудан шығады. Эпиграмма белгілі тұлғаларға арналады. Бізде ше? Кім көрінгенге арнайды десек, қателеспеспін. Қазақ әдебиетінде эпиграмма жазбаған сатирик кемде-кем. Өлгені достық әзіл жазды, ал өндіргені – Жарасқан Әбдірашев. Орыс әдебиетінде пародистерге ақындар оң қабақпен қарайды дедік қой, эпиграммистерге де дәл сондай көзқараста. Евгенийдің Евгенийге жазған әзілі:

Ты – Евгений,

Я – Евгений.

Ты – не гений, Я – не гений. Ты – гавно, Я – гавно. Ты не давно, Я давно!

Көрдіңіз бе, қазақ қаламгерлері дәл осылай қалжыңдаса ала ма? Әй, қайдам?! «Мәңгі майдан» басталып, қашан көрге кіргенше, тыныштық таппайтын шығар.

– Сатираның атан түйенің жүгін арқалаған памфлет жанры бүгінде көзден ғайып болды...

– Сатириктерде саяси сауат жоқ. Сауаты болса памфлет жазар еді.

– Өзіңіз неге жазбайсыз?

– Өзім жазайын десем, өрем жетпейді. Әйтпесе, көрші елдерде не болмай жатыр. Кезінде Рейганды, Бушты сынаған памфлеттер шықты. Шынымды айтсам, тәуелсіздік алғалы памфлет оқыған емеспін. Бұл ретте аракідік болса да саяси карикатуралар салып қоятын карикатуристеріміз мықты ма деп ойлаймын. Әріге бармай-ақ көрші ел – қырғыздар мен өзбектер жайлы памфлет жазуға болатын шығар. Оның да адамы туар.

– Облыста өткен талай айтыстың басы-қасында жүрсіз. Қазіргі айтысқа көңіліңіз тола ма?

– Айтыс – қазақтың жаны. Оны тұншықтырмауымыз керек. Өлтіріп алып жоқтау айтқаннан, тірі кезінде жағдай жасаған әлдеқайда пайдалы. Айтыс соңғы жылдары сатираның міндетін атқарып жүр. Сатириктеріміз айтысты жүргізіп, жайына кетті. Бұл айтыс алға шығып, сатира сөлбірейіп қалды деген сөз. Қазір ақпараттың бағы жанып тұр. Ақпарат – айтыстың азығы, бірақ сатираға «жем» бола алмайды. Сатира саябырсығанда айтыстың алға шығуы заңдылық шығар, бәлкім.

– Саңырауқұлақтай қаптаған әзіл-сықақ театрлары көрерменнің көңілінен шығып жүр деп ойлайсыз ба?

– Әрине, әзіл-сықақ театрлары бізге көптік етпейді. «Туған сайын торсық шеке ұл қайда?» дегендей, әр қойылым сайын жақсы сценарий қайда? Сатира театрлары қашан көрсең, сценарий іздеп жүргені. Баяғыдай кітаптары шығып жатқан сатириктер болмаған соң, отырып алып өздері жазады. Қойылымдарының бірде сәтті, бірде сәтсіз, ала-құла шығуының бір себебі осы. Кемшілігіне келсек, арзан күлкіге құрылады. Сөз емес, қимыл басым. Мен арзан күлкіге ыржаңдай беретін көрерменге таң қаламын. Сатира театрлары мен сатириктердің басы піспейтіні де осы тұс. Арзан дүние сұрайды, ал ойлы дүниені алмайды. «Мынаның қай жеріне күледі?» дейді. Бұл – көрерменді кері тәрбиелеу. Ал, еркектердің әйел болып киінуі Құдайберген Сұлтанбаевтан қалған. Кейінгілер соны қайталаудан жалығар емес. Орыстар біз сияқты қимыл-әрекетке емес, сөздің мәніне, әзілдің дәміне күледі. Театрларда профессионализм жоқ. Қалыптаспаған. Оқыған, дипломы барлардың «табиғаты келіспейді». Өкінішке қарай, оқымағандар озып тұр. «Сұңқарлар төмен ұшса, төбесінде қарға қарқылдайды». Қарғалардың қарқылдағанын қаламаймын.

– Сонда өзіңізді сұңқарға санағаныңыз ба?

– Жоқ, мен балапан емеспін, шүрегеймін, Ұлтыма ұйып тұрған кілегеймін. Ойым – өрт, сөзім – семсер, сезімім – шоқ, Біртуар болмасам да, бірегеймін. Өмірге менің өкпем жоқ, Ешкімге есем кеткен жоқ. Жеткізбей жүрсе біреулер, Біреулер маған жеткен жоқ.

– Өзіңізді «Алдараспанның» авторы дейді?

– «Алдараспан» аспаннан түскен жоқ. Есіңізде болса, «Қазақстан-Шымкент» телеарна­сындағы «Ойнап-күліп отырайық» деген сатиралық телехабардың авторы ретінде әзілкештердің әрбіріне арнап сценарий мәтінін жаздым. Олардың ішінде Берік пен Ержігіт, Мамыр пен Нұржан, Гүлжанарлар күлкінің күбісін пісті. Бірде Қалыбек Атжан, Гүлжанар Сазанбаева үшеуміз әзіл-сықақ хабарын талқылап отырғанда телефон шырылдады. Қалекең «Анар Аспан ғой, әңгімелерімді газетке берем деп еді, тентек қыз алдап кетті» деді. Мен «Онда Анар Аспан емес, Алдараспан болды ғой» дедім, жеңгем болған соң әзілдеп. Бұл әзілге бәріміз көзімізден жас аққанша күлдік. Осылайша «Ойнап-күліп отырайық» әзіл-оспақ хабарының аты бір сәтте «Алдараспан» болып шыға келді. «Шаншар», «Шымкент-шоу» мен «Шымшыма» әзіл-сықақ театрларының әртістері «Алдараспанның» атын шығарды. Гүлжанар  Сазанбаева «Алдараспанға» көп тер төкті. Жарытып айлық та алған жоқ. Жеке дискісін шығарды. Жұрт Нұржан Төлендиевті «Шаншар» деп емес, «Алдараспан» деп қабылдайды. Оның жеке театр ашуының себебі де сол. Өйткені, жұрт «Шаншар» десе Уәлибек пен Жүсіпті, «Шымкент-шоу» десе Күлпаш атанған Берікті, «Шымшыма» десе Мамырды біледі. «Шаншар» мен «Алдараспан» облыстық телеарнадан түлеп ұшқан театр екенін ұмытпауымыз керек.

– Көпен ағаңыз туралы не айтасыз? – «Көргенді көгершін бір бұтақ төмен қонады» дегендей, Көпен көкемнен төрт бұтақ төменмін. – Қалай түсінсек болады? Бұл үйдегі бесінші баламын дегеніңіз бе? – Оның жауабын оқырман­ның өзіне қалдырайық. – Не жазып жүрсіз? – «Қазанбас, Сазанбас, Жыланбас және Бұзаубас туралы хикая» жазып жүрмін. Арасында әндерге мәтін жазып қоямын. – Алтынбас туралы жоқ па? – Ол кейіпкер сатираның объек­тісіне кірмейді ғой? – Балапан Базар деген атты қайдан алдыңыз?

– Әкемнің қойған аты. Кіш­кентай күнімде әкем есіктен кіре «Балапан Базар, тай Базар, жылап жатқан қай Базар?» деп өлеңдетеді екен. Студент кезімде сатиралық шығармаларымды «Қазақ әдебиетіне» Балапан Базар деген атпен алып бардым. Дайын бетті қарап отырған Шерхан Мұртаза «Мынау кім? «ов, еві» қайда?» деп сұрапты бөлім бастығынан. Сосын «Өз әкесі өзіне керек болмаса, маған неге керек? Барсын!» деп қол қойып беріпті. Содан бастап осы атпен шығатын болдым. 

– Әкеңіз туралы айтып қалдыңыз, анаңыз жайында да екі ауыз сөз айта кетсеңіз?

– Шешем шешен адам. Жасы 83-те. Ауылға барғанда «Қалайсыз?» десем, «Тіл сайрап жатыр, төсек байлап жатыр» деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді. Кезінде айтқан тіркестерін күнделігіме түртіп алғанмын. Соның бір-екеуін айтып берейін. «Әй», Базар, қораның есігі ашық қалды. Сиыр кірсе силосты сипайды ғой», «Базар, көкеңнің көң шалбарын киіп шық, силосты аударасың». Көрдіңіз бе, қазақ тілін оқымаса да сингармонизмді қалай меңгерген, ә!?

– Бос уақытта немен айналысасыз?

– Бос уақыт бола қалса, балық аулағанды, моншаға түскенді жақсы көремін. Қалауым «Түркістан» моншасы. «Демаласың суынан, Ем аласың буынан. Құтыласың бір мезет, Шымқаланың шуынан. Келмес біреу ұққысы, келмес біреу шыққысы. «Түркістанның» моншасы, моншалардың мықтысы» деп өлең жазсам, ол аспаннан алынған жоқ

– Ал, құрдас, екі 25-іңіз құтты болсын! Мерейтойды қалай тойламақ ойыңыз бар?

– 3 желтоқсанда сағат 18-00-де С.Сейфуллин атындағы Халықтар Достығы үйінде «Құрдастарым – елуде» атты ән мен әзіл кешім өтеді. Оған «Көпен келе жатыр», «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», «Шымшыма» әзіл-сықақ театрлары мен эстрада жұлдыздары қатысады. Бұл театрлардың барлығымен шығармашылық байланыстамын. «Шаншар» осыдан он төрт жыл бұрын Алматыда Республика сарайында өткен «Балапан Базардың базары» деген кешімде өнер көрсеткен.

 

Сұхбаттасқан

Үмітхан АЛТАЕВА