ТҰРСЫНҒАЗЫ РАХИМОВКЕ
2016 ж. 05 ақпан
3532
1

Иә, иә, жазмышта жол бұраң-ды.
Қазақы ердей тұрмысың, ол - құранды.
Мен де өзіңе барам да көңлің сұрап,
көз жасыммен сүртемін домбыраңды.
Жалған Дүние-ай!..
Болар ма ед басқа бес күн!..
Маңырардай үрейім-ақсақ ешкім.
Аға дос-ау,
дертіңді көз көрмеске
көшірер ем,
қайтейін, Бақсы емеспін!
Келер-келмес ғайыптан аян-әмір,
Әр сәулені - дейінші - таяна біл!
Еркежирен* түсіме енбекші ме,
кейде ұйқымнан кісінеп оянамын!..
Шипа болсын дертіңе! - деп те,
іштей
жыр оқимын.
Сұқытым - көк беріштей.
Соның бәрін естиді - білетінім -
ту сыртыңда мұңайған ақ періште.
Есіңе алмай ешқашан жер-кебінді,
шырқап бақтың жүрекпен көргеніңді!
Сылқымдарға атақ-шен үлестірген
хан-сұлтан ше?
Күте ме өлгеніңді?..
Тұнжыраған не қайыр ұлық Көктен?
"Көкө, Көкө!..." - дейді ертең быдық Көктем.
Құрып кетсін ағайын биліктегі,
Әнің тыңдап, Жаныңды ұмытып кеткен!
Дүнияға бір қарап жалтылдаған,
жымиясың баяғы қалпыңда, ағам.
Көңлің сұрап ағылған ел-жұртыңның
табалдырығыңды табаны алтындаған...
*Еркежирен - Тұрсынғазының осы аттас әнінің (сөзі - Мерғали Ибраевтікі) тууына себепкер болған ақсуаттық Қамза қарттың атақты бәйге аты.
Тыныштықбек Әбдікәкімов
02. 02. 2016.