Серік Ақсұңқарұлы. ТОРҒАЙ.
2016 ж. 22 қаңтар
4625
3
ТОРҒАЙ
Серік Тұрғынбекке
Сері аға-ау, мәлім күллі сырың маған,
Қырық жұт келсе-дағы қырылмаған,-
Торғайың-
Қазақта бір киелі ел ғой,
Алаш!-
Деп торғайдайын шырылдаған!
Бұл дала, құдайым-ау, қандай дала,
Қарасаң, қара жерде- сондай дара!
Қай құста қандай ғажап қасиет бар?
Қазаққа адал болған-
Торғай ғана!
Боз торғай, қайтем сені, қара торғай.
Ұша-ұша талды-ау, әбден қанаты оңбай?
Алаштың даласымен салыстырсаң,
Аспанның өзі бізге- алақандай!
Боз торғай, қайтем сені, қара торғай?!
Сол елде бұ Алаштың ұлылары,
Құдайға тартқан бізді, құрып әлі;
Со жерде Көк Бөрі тұр Көк Тәңірге,
Баяндап уайымын, ұлып әлі.
Батыста қарсы алдынан Аю шығып,
Шығыста-Айдаһарға ұрынады.
Мойыны бізден шыққан шарананың,
Соларға былқ-сылқ етіп бұрылады;
Анаңнан ақын болып тудың, сонсоң,
Бөрімен көкке қоса ұлығалы;
Біледі...
Білсе-дағы жүреді ғой,
Білмеген пенде құсап мұны бәрі;
... Жүз пайыз адал болар ақын деген,
Бір пайыз арам болса-
Құрығаны!
20.01.2016 ж.