Кетбұқаның соңғы күйі (лирикалық поэма)

…Күш-қуатың саудаланып пұл боларсың, сақ болғын, Құдыреті күшті елге құл боларсың, сақ болғын. Кетбұқа

Кетбұқадай билерден Кеңес сұрар күн қайда? Доспанбет жырау

…Кетбұқа бүгін шатырынан шыққан жоқ. Хал-жағдайын сұрап шықпақ болған жанашыр жандардың да қасында болуын қаламады. Алқалы топтың алдында ақтарылып сөйлейтін, қағанның алдында да қасын қақпайтын жыраудың еңсесін басқан әлдеқандай ауыр ой бойын жаздырмады. Қабағынан қар жауып, түнеріп алған. Құлағына іліп қоятын мұртын «мұрт емес, қайқы қылыштың жүзі» дерсің. Бет-әлпетінен әдеттегі нұр емес, қасырет күй сезіледі. Ғауаң қалың ой үстінде отыр. Қарақорымнан қайғылы хабар жеткен. Мөңке қаған да дүниеден өтті. Құлағуды нөкерімен ұзақ жолға шығарып салып, қалың қолмен шекараны күзетіп өзі қалды. Алда үлкен шайқас тұр. Мысыр еліне аттанады. Құтыздың самсаған әскерімен соғысар күннің сұмдығын іштей сезеді. Ойы сан-саққа жүгірген Кетбұқаның көз алдынан өткен күндердің суреттері тізбектеліп өте бастады. Хангай тауындағы жеңіліс, Таян ханның өлімі, Найман мемлекетінің қасыретті күйі, Күшілік ханның соңғы тырбанысы, үдере көшу қияметі – бәрі-бәрі күні кеше ғана болғандай санада сайрап тұр. Сағымға айналған сона-а-ау жылдардың сарыны келді көмейге.

-Қайран басым, тауға соқтым, тасқа ұрдым, Жаным жалын, Мен де дертпін, Асқындым. Айналама күжірейтіп жалымды, Айға қарап мұң шағатын қасқырмын.

Қарсы тұрар қалмады ғой амалы, Қалың Найман жолбарыстай жаралы. Ақыр соңы Алтайға да тиген-ді Тапап келе жатқан жаудың табаны.

Жау тигенде батыры үнсіз жатқан ба? Аттан салып атқа мінді ақ таңда. Ой, дүние-ай, жиырмадағы жігіт ем, Хангай тауы қан соқта боп жатқанда.

Қалың моңғол жыланша орап жан-жақты, Шырылдаумен шығар-шықпас жан жатты. Сол сойқаннан Орхон боздап аққан-ды, Қара Ертістің жағалауын қан жапты.

Қырық бөлек қылса дағы етімді, Қалың Найман берілмеуге бекінді. Жау жебесі жауды аспаннан, Жебе емес Сұм ажалдың түкірігі секілді.

Ғайып болды ғажайып шақ, ғазал күн, Күң бола ма құшам деген ажарлым? Самсаған жау суылдатты қылышын, Қылыш емес, Күрек тісі ажалдың.

Көкірегіме жау найзасын түйреді. Тәңірімнен мен тілеген күй ме еді?! …Азияның алып төсін жайлаған Ұлы Найман мемлекеті күйреді.

Төтеп берер күш болмады тасқынға, Үркек бақыт, сен де менен қаштың ба? Ата жұртым жатыр әне жаншылып, Шыңғысханның табанының астында.

Кім көрді екен мына мендей сорлыны, Күйреген ел күңіренді. Соңғы үні! Көресіні көрген мына көзімнен Қан аққан-ды сол күні.

Ақиқат сол, шығара алман жасынға, Жылап тұрдым, болмады ешкім қасымда. Қарғыс айттым қайғы шашқан ғасырға. Тимучинді хан таныған сол күні Сабрақ батыр рухы бірге жылады, Текті Алтайдың басында.

Жұмақ күндер жұтылғанмен жылымға, Қайтарымы болар дедім мұның да. Амалым не, ата жұрттан ауды жұрт, Сабрақ қалды Өр Алтайдың шыңында.

Кешір баба! Елің солай сорлады, Тағдырымның тартты алысқа жолдары. Ертістен де елің пана таппады, Жетісу да жанға сая болмады.

Дала төсі таланғандай зар-мұңға, Баяны жоқ бақыттың да, бардың да. Ойлап па едім пана сұрап тұрам деп, Қара қытай гурханының алдында.

Ұлы Найман бақ-дәулеті басқа жұртқа көшті анық, Тап осындай тағдырдан сын тоспадық. Маған енді қоныс болар ма екенсің, Баласағұн, Бесбалық?

Қанды кектен жарылардай жүрегім, Қидан жұрты, жанашырдың бірі едің. Еміл, сенің көш тоқтаттым жағаңа, Қойлық, саған аттың басын тіредім.

«Суы қайтқан арнадаймын, жел мүжіген кемерін, Ей, Күшілік, «Найман елін тік тұрғызам» деп едің. Инаншы атаң сияқтанған өр едің, Жылап көшкен жұртты ұранмен демедің. Таян ханмен ата жұртта бірге өлмей, Саған ғана сенім артып кеп едім. Қалжыраған қайран жұрттың қамын же, Осы болсын берерің!

Ей, Күшілік! Кетті жауда көп есең, Сен бөлерсің баққа жұртты бөлесең. Өлімші боп келген жұрттың есін жи, Өр Алтайың өксіп өлсін демесең».

Үміт өшті, жиылмады ел есі, Қайырлады қайран күннің кемесі. Соңғы үмітім Күшілікпен бірге өлді, Үзді үмітті Жебе ноян жебесі.

Қасыретім тұрса дағы асқынып, Қиындыққа тіктім мына басты нық. Жылап тұрдым соңғы ханы Найманның Күшілікті қара жерге тапсырып. Қайран басым, тауға соқтым, тасқа ұрдым, Жаным жалын, Мен де дертпін, Асқындым. Айналама күжірейтіп жалымды, Айға қарап мұң шағатын қасқырмын.

Жаным дертті, кім жазады жарасын? Танып білдім өмір, өлім арасын. Бар арманым: өлтірмеуге бекіндім, Соңыма ерген қалың Найман баласын.

Көшу керек. Дұрыс шығар осыным, Кетбұқаның тірегі – серт, досы – мұң. Бет алғаным – Арғанаты, Ұлытау, Барар жерім – ақ ордасы Жошының.

Қош, бол Алтай – алтын арай, ақ таңым, Топырағыңнан тамыр тартып жатты әнім. Көштің басын Сарыарқаға бұрдым мен, Кешір мені, басқа амалын таппадым.

Кешір мені, Тарбағатай – тамырым, Сен де түсін жүрегімнің әмірін. Ұлытаудың жерін басып көрейін, Маңдайыма не жазды екен Тәңірім?!

Тірлігіңде танып білген өреңді ел, Кешіріңдер, бабаларым кемеңгер. «Жаның сонша артық па еді басқадан, Туған жерде неге өлмедің» демеңдер.

Қорқытқан жоқ, қорқыта алмас мені өлім, Қылыш алсам қай Найманнан кем едім. Түу алыстан туырлықтай жер тауып, Ерген жұртқа ес жиғызсам деп едім.

Батырың ем жанға сауға сұрамас, Менің мұңым – Алтай жұрты, мына алаш. Қалған елге қам қылайын, Кеудемде Қашанғы аман жүрер дейсің мына бас. Өткен күннің қасырет-қайғысын еске алған Кетбұқа әлгі оқиғаларды тап кеше ғана болғандай етіп сөйледі. Даусы бірде ап-айқын, анық естіліп, бірде жұтылып, түсініксіз күбірге айналып кетеді. Айтып отырғаны – кешегі қырғын, кешегі басы ауған жұрт, Шыңғыстың шеңгеліне түскен қалың Найман. Соңынан еріп үдере көшкен үркердей жұртының «енді не болар екен» деген тағдыр-талайы. Кетбұқа қолын жанында жатқан қобызына қарай соза берді.

Сөйле, бейбақ, тілің жұтып жатпа құр, Тарқат шерді, айт барлығын, ақтарыл. Шыңғыс ханға сөз өткізген Кетбұқа Босаңсыған шақта бұл.

Сөйле, қобыз, жан серігім, қоңырым, Екеумізді сынап бақты долы күн. Шыңғыс хан жоқ, Жошы да жоқ бұл күні, Құлағудың қылыш ұстар қолымын.

Тарлық етіп мынау алып кеңістік, Байлық үшін қан төгістік, керістік. Шам елі де дәргейіме жығылды, Мысырды да алмақшымыз өріс қып. …Тарлық етіп мынау алып кеңістік!

Кетбұқа кім? Қолбасшы де, ақын де, Дұшпанына ат ойнатқан батыр де. Ұлы Шыңғыс ұрпағына қызмет қып, Шам елінде билік құрып жатыр де.

Кетбұқа кім? Жаһанға аян өрлігім, Соңыма ерді жер қайысқан қол бүгін. Төңкеріле көшсем дүлей тасқынмын, Бейкүнәға өтті, білем, зорлығым. Аттан түсіп жалғыз қалған шағымда Ойға жем боп отыратын сорлымын.

Кетбұқа кім? Таныды жұрт, көрді елі, Атақ-даңқым шыңнан шыңға өрледі. Құлдық ұрып мен жаулаған бай өлке, Атаныма алтын-күміс теңдеді. Топ бастасам Кетбұқамын данышпан, Оңашада танымайсың сен мені. Сырты дүрдей, іші дертті денемін, Бір кездері асқақ едім, өр едім. Елу төрт жыл мен Алтайдан кеткелі, Елу төрт жыл жанымды жеп келемін.

Қайран Алтай асқақ еді, өр еді, Қалың Найман қай жұртыңнан кем еді. …Қабағынан қар жаудырған Сабрақ пен Инаншы хан түсіме ене береді.

Бір кемістік болды ма екен ісімде? Амалым жоқ, жүрдім оттың ішінде. Тата тұңға жекіп-жекіп алады, Құбатегін күрсінеді түсімде.

Сағынтады салқын самал, сайран күн, Сағыныштан мен де шерге айналдым. Құлағымнан кекті сөзі кетпейді, Күшіліктің, соңғы ханы Найманның.

Тап сол шақта өр Алтайға тарап мұң, Төбемізден мүсіркеді қарап Күн. Ақтарылып, ағыл-тегіл жылағам Қу тамырын құшақтап ап дарақтың. Сосын… сосын… Басқа амалым қалмады, Көштің басын Ұлытауға қараттым.

Баурын еркін жайласам да даламның, Бір басыма жеттіп жатты алаң, мұң. Мен де еріксіз дегеніне жығылғам, Кеше елімді талқан қылған Қағанның.

Жаза алған жоқ Уақыт жанның жарасын, Таба алғам жоқ байлықпен де жарасым. Бақытына жеткізсем деп ойладым, Басымды емес, Бағаналы баласын.

Мені осыған талпындырды отты арман, Жүлдемді алдым тірлік дейтін көкпардан. Бас деген не? Жошы өлімін естірткенде Шыңғысқа, Басымды алып тастаса екен деп барғам. Сол бас, міне, кеудемде әлі келеді, Сүйреп әлі келе жатыр денені. Бір сөзінде Тата тұңға: «Кетбұқа, «Халық бассыз қалмау керек»,- деп еді.

Қу тірліктен тауып нәрін, қорегін, Басымды әзір аман сақтап келемін. Ей, шерменде қара қобыз, айт бәрін, Кетбұқаның ел білмейтін дерегін. Мың бұраулы менің мұңлық жанымды, Сен түсініп, сен ұғар деп сенемін.

Сөйле, бейбақ, тілің жұтып жатпа құр, Тарқат шерді, айт барлығын, ақтарыл. Шыңғыс ханға сөз өткізген Кетбұқа, Шер тарқатқан шақта бұл.

Ақтар бәрін, Сырым жетсін елге де, Кетбұқаны құпиялы көмбе де. Кетбұқа де кеңес айтқан Шыңғысқа, Сөйтіп жүріп шер жұқартқан пенде де.

Кетбұқаны пенде деп айт шерменде, Мына өмірге қос Кетбұқа келген де. «Бір Кетбұқа Шам елінде әмір» де, «Бір Кетбұқа Өр Алтайда өлген» де.

Қу дүние-ай, дүрбелеңі, дауы мың, Кешіп жүр де тағдыр сынын, дауылын. Құлағудың қолын бастап жүргенмен, Аңсайды де ұлы Найман дәуірін.

Сыр қылып айт, сенім артқан серігім, Сөйлеп берсең тоқтата алар сені кім? Кетбұқа кім? Апанының аузында Қылтасынан қақпан қиған бөрімін.

Жөнім жоқ ед күңіреніп, күрсінер, Дабылымнан дұшпан жаны түршігер. Ат үркітер атақ-даңқым жетеді, Бірақ менің еңсемді езіп батпан ой, Адымымды аштырмайды қыл шідер. Айт барлығын. Ішкені у мен бал болған Кетбұқаның кім екенін білсін ел. Ноянның қолына алған нар қобызы аспан мен жердің арасын жабыстырып тастардай боп қуырылып сөйледі, күңіреніп сөйледі. Желді күнгі теңіз суындай көбік шашып долданды, жағалауды ұрғылады. Бір сәт ботасы өлген бозінген болып боздады. Қос ішектен төгілген зар ақ шатырдан асып, сырттағы жұртқа жетіп жатты. Бақан таңбасы салынған шашақты найзасын қолына алса құдыреттеніп кететін Кетбұқаны білетіндер мына қобыздың не айтып тұрғанын түсіне алмады. Түсінгендері жетпістің бесеуіне шыққан қолбасшының әлеміндегі әлдебір құпия сырдың қотарылып жатқанын ұқты. Кенет ащы дауыс естілді. -Мәмлүктер! Айн-Джалут бойына Құтыз әскері келді! Мысыр әміршісі Құтыздың жер қайысқан қалың қолы Шам елінің іргесіне ат ойнатып тұрған еді бұл кезде. «Сағындым-ау» деп барып тоқтаған қобызын лақтырып жіберген Кетбұқа әп-сәтте жауар бұлттай боп түнере қалды. Көзі қанталап, қабағы түксиіп, шатынап шыға келді. Әлгі хабарды естіген сәтте қаны басына тепті, жанарында от ойнады. Лақтырып жіберген қобызының ішегі әлденеге тиіп барып жерге түсті ме, қияқ тимеген қылдан ащы дыбыс шықты. «Сағындым-ау».

*** Дүр сілкінді. Қанға толып жанары, -Құтыз қайда?! Оқты көзін қадады. Лап еткен от алпыс екі тамырмен Тұла бойға тарады. …Қобыз емес, қос қолына қылыш ап, Кетбұқа әне қолды бастап барады.

Ақ шатырда қобыз қалды жылаған, Жарықтықты көтерген жоқ бір адам. Айн-Джалут бойындағы шайқастан Ғауаң қайтып оралар деп дін аман. Айн-Джалут бойында Кетбұқа ноянның он мың әскері мен Құтыздың қырық мың әскері кездесті. «Шегініп, қосымша күш келгенше шешуші соғыс жасамайық» дегендер де болыпты. Қарсы келген жауынан қашқалақтап шегінуді білмейтін Кетбұқа оймақтай ғана он мың әскермен төрт түмен болған Құтыз әскеріне қарсы шайқасқа кірді. Сол қанды ұрыста ұлы жырау, даңқты қолбасшы, кемел ойлы кеңесші, көзсіз батыр атанған Кетбұқа қаза тапты. *** P.S. Қаза тапты бір қауымның көсемі, Сұмдықты естіп күңіренді дос елі. Тіршіліктен тыншу таппай жүретін Кетбұқаның қалауы да осы еді. …Қаза тапты бір қауымның көсемі!

Бізге жеткен ескі әңгіме кешегі: Кетбұқаны ер еді дер көшелі. Жөн білген жұрт Кетбұқа мен қобызды, Бір қабірге қатар қойды деседі.

Маң ғасырлар тарих көшін сүйретті, Алмасты ұрпақ заманға сай күйге епті. Өкініш сол: Кетбұқа мен қобыздың Өзегінде біз білмейтін күй кетті.

Беу, дүние-ай, тартар сыйы – мың бір сын, Мың бір сында кім жадырап, кім күлсін? Тірі қалса шерге толы сол күйін «Сағындым» деп атар ма еді, кім білсін?

Бір дәуірге сөз жүргізген би еді, Туды Алтайда, қалды Шамда сүйегі. Екі өлкені жалғап жатқан Құс жолы, «Сағындым» деп аталатын күй еді.

Ғазиз Ештанаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жезқазған қаласы