Арман Сқабылұлы. Нарынқолдағы "Сиыр-Құдайлар"
2015 ж. 30 желтоқсан
4151
1
Тағы да ауылдамын. Бір өзгеріс - үйлердің сыртында "Отау-тв" табақшалары көбейіпті. Қартайған шешенің қасында мауқымды басып, үйден шықпай әңгімені жіберем деген арман жартылай ғана орындалды. Әңгіме енді қыза бергенде Ұлттық арнадан "Келіннің" басталып кетпесі бар ма? Кәрі кісі дауысын да қатты қояды екен! Есіл -дерті экранға ауған ананың мазасын алмайын деп сыртқа шыққанмын. Қайда барсам екен? Қой, Жақаңа барайын! Бала күнгі дос,көрмегелі де көп болып еді.
[caption id="" align="alignleft" width="325"] Фото: tbn-tv.ru[/caption]...Ауласында ескі "Аудиін" шұқылап жатқан дос құшақ жайып қарсы алды. Сағынысып қалған екенбіз. -Әй, келіншек! (әйелін солай дейді ) Досым келді! Шәй қой! -деп үй жаққа қарап айқай салды. Ол жақтан жауап болмады. -Өй, әкеңнің...Тағы да сериал көріп кетті -ау деймін мыналар! -"Келін" бе? -Жоқ! "Мадхубала"! -Қандай бала? -Маду! Өй, сен өзің телевизор көрмейсің ғой деймін."Астана" арнасындағы үнді сериалы... Ішке кірсек үбірлі -шүбірлі үш -төрт баласымен "келіншек" беріліп, көк жәшікке телміріп отыр екен. Орындарынан қозғау енді обал. Жақаңа ымдадым. Ақырын сыртқа шықтық. -Тиіспей- ақ қойшы! Әдемі отыр екен! Одан да Бақаға барайық. Оны да көрмегелі көп болды,-дедім. Жақаң келісті. Ал, Бақаң үйде болмай шықты. Есесіне кәрі шешесімен амандасып қалдық. Ол да кино көріп отыр. Үйдің ішінде үндінің әуені ұрып тұр. -Апа, "Келін" бе?-деймін айқайлап,-Жақсы кино! -"Келінді" түнде көріп тастағанмын,-дейді апам,- "Сүйген жүрек" қой!.. Енді аңғардым. "31"-ді көріп отыр екен. ...Қайтып келеміз. Жақаңда көңіл-күй жоқ. Көшенің ортасымен талтаңдап үш сиыр келе жатыр екен. Тура бізге қарай жүрді. Адамсың демейді -ау, шіркіндер! Таптап кетердей болып келеді. Осы жерде Жақаң жарылды. -Өй, әкеңнің!..Мыналар қайтеді-ей! Енді сендер құтырдыңдар ма? Ашулы дос аяғын көтеріп тебе бергені сол еді, өтіп бара жатқан кемпір баж ете қалды. -Әй, тарт аяғыңды! О, несі-ей! Біле білсең бұл қасиетті жануар! Үнділер бұларды "құдай" дейді. Қу шешек,өзіңнің аяғың сынып қалып жүрмесін... Жақаң аяғын тарта қойды. Мырс-мырс күліп келе жатқан маған алая бір қарады. Сосын қолын бір сілтеп кете барды. Сөйлеп барады. -Күлме! Көресің, енді бір -екі жылда бұл ауылда соғымға сиыр сойылмайтын болады. Сиырға табынамыз әлі... Көресің...
Арман Сқабылұлы,
qazaquni.kz