Астанада Ақселеу Сейдімбек оқулары өтті
2015 ж. 24 желтоқсан
5676
2
Қазақтың біртуар азаматы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің өмірден озғанына, міне, алты жылдан аса уақыт өткен.
Дәстүр бойынша, қазақтың тарихы мен этнографиясын зерттеуде өлшеусіз еңбектер жазған зерттеушінің туған айы - желтоқсанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының Ақселеу Сейдімбек атындағы Ғылым залында «Ақселеу Сейдімбек және қазақы болмыс» атты «Ақселеу оқулары» өтті, - деп хабарлайды inform.kz.
«Ақселеу оқуларында» ғалымның әндері шырқалып, өмірде сырласы, ғылымда - серіктері, қиын-қыстау сәттерде жанашыры болған үзеңгілес адамдар Ақселеу Сейдімбек туралы естеліктерін айтты. «Ақселеу оқуларын» ұйымдастырып отырған университеттің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ атап өткендей, Ақселеу Сейдімбектің мұрасы ешқашан өлмейді, керісінше, уақыт өткен сайын қазақтың ұлттық ерекшеліктерін зерттеген жас ғалымдар үшін құны арта береді.
Сондай-ақ, ол шара барысында өнер көрсетіп, Ақселеу Сейдімбектің әндерін шырқаған, күйлерін шерткен студенттер мен оқытушыларға «Ұлы даланың Ақселеуі» атты кітапты табыс етті.
«Әкеміз төрт ағайынды болды. Ағаларының бәрі кеңшарда тұрды. Солардың балалары біздің үйде тұрып оқыды. 15-20 шақты бала бір үйде жатамыз. Ортасында ағатайым (Ақселеу Сейдімбек - автор) бар. Ағатайым тапқыр еді, бүкіл ойынды сол кісі ұйымдастыратын. Қайрат Байбосыновты білесіздер, сол кісі бізбен көрші тұрған. Кешке мал жайланғаннан кейін ауылдың ақсақалдары жиналып, Қайратқа өлең айтқызатын. Бір жылы Жүсіпбек Елебеков келгенде Қайратты қолынан жетектеп апарып, таныстырған. Осылайша, Қайрат Алматыға аттанды. Айтайын дегенім, сол кезде Ақселеу ағатайым, өлең жазатын, газеттерге өлеңдері шығатын. Ақселеу ағамның жазған өлеңдерін әкей түзетіп отыратын. Ағатайым оқу бітіргеннен кейін «Ленинші жас» газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі болып жұмысқа орналасты.
Енді мына «Ұлы даланың Ақселеуі» деген атпен шыққан кітап жалғасын тапса екен»,-дейді Ақселеу Сейдімбектің қолғанаты болған Асылхан Хасенұлы.
«Ақселеу сан қырлы, күрделі тұлға. Күрделі, ірі тұлғаны бір кітаппен, осындай бір оқулар арқылы танып білу мүмкін емес. Ақселеудің өмірден озғанына алты жылдан астам уақыт болды. Алты жылдан бері Ақселеу оқулары үздіксіз өтіп келе жатыр. Өз басым, жанында жүрген досы ретінде Ақселеудің бар еңбегі қазақтың болмасын, халықтық қасиетін көрсетуге арналған деп айтар едім. Ақселеу зерттеулерінің арасында тау тұлға болып тұрған еңбегі - «Қазақтың ауызша тарихы» кітабы. Біздің халық өмір бойы ел болып қалыптаса бастағаннан кешегі 20 ғасырдың басына дейінгі классикалық көшпелі өмір салты біржолата тоқтағанға дейінгі кезеңде, хандық болсын, қағанат болсын, ұлыс болсын, қандай мемлекет болмасын, сол мемлекеттің құрылымдық жүйесі - рулық тайпалық жүйе болды. Рулық-тайпалық жүйені Ақселеудей ашып берген ешкім жоқ»,-деді кешті қорытындылаған Ақселеу Сейдімбектің жақын досы, жазушы Қойшығара Салғараұлы.
qazaquni.kz