Мұхтар ШАХАНОВ: ШЫНДЫҚ ШЫҢЫНА БҰРЫЛУ
2015 ж. 18 желтоқсан
9938
12
«ШЫНДЫҚ ШЫҢЫНА БҰРЫЛУ» ТУРАЛЫ ҰСТАНЫМ
ЖӘНЕ ЫРБИКҮЛДЕР МЕН ЖЫРБИБАЙЛАР
Әлемнің көптеген елдерінде материалдық байлықтың, спорттың және мағынасыз, мазмұнсыз, тек ырғақ қуаты ғана алға шыққан жеңіл әндердің бірінші орынға көтеріліп, адамды адам ететін рухани құндылықтардың ең кейінгі қатарға ысырылуына байланысты, талай тағдырлардың түсінігі, дүниетанымы, әрі олардың өз замандастарын бағалауы да үлкен өзгеріске ұшырады.
***
“Тек баюдың жолын үйрен,
бiр күнiңдi бос етпе!”
Адамдығың бар ма, жоқ па, алынбайды есепке...
Нарықта мың қалтарыс бар жең ұшынан бұрылар,
Елдегi ең құрметтiлер – ең тойымсыз ұрылар,
Байлық кiмде болса, соның маңдайының нұры бар,
Ұрлық заңға айналған соң рух жырын кiм ұғар?..
Қайда барсаң көз арбайды тойшыл мейрамханалар.
Түнгi клуб, түнгi күлкi – ойсыз сайранханалар
Шаршау бiлмес табыс көзi ретiнде танылды.
Тек Байлық пен Қызықшылық басты мұрат саналып,
Ғасыр түпкi рухани компасынан жаңылды.
Базбiр шағын қалаларда үш жүз мыңдай халқы бар,
Сөз жоқ, үш мың нәпсi күйттер арнаулы үй сән құрар.
Әр адамның пенделiк осалдығынан,
Даңғаза шуға, думанға босаңдығынан
Саудагерлер ардан аттап, бақ табуға талпынар,
Қазiр Ар мен Намыстың да материалдық нарқы бар...
Көшелерде жұртты бұрар пендешiлiк арнаға,
Жан-жағыңнан анталайды,
Нәрсiз көзi қанталайды,
Кiлең арсыз, пайда-нарқы ақырған бiр жарнама,
Көре алмайсың iзгiлiкке шақырған бiр жарнама,
Жарнама емес, секiлдi бiр Орнама не Торнама.
Қандай бедел ұсынбақпыз бiздер келер заманға?
Неден қаштық,
ненi шаштық,
ненi бастық табанға?
Талай табан нұрлы ойларды айналдырды сабанға,
Сол сабанға қарап ендi айқындалар бағаң да.
Ескермедiк,
сенiм арту қылмыспен тең екенiн
Рухани байлығы жоқ, айдыны жоқ адамға...
«Шығыстағы жаулап алған елдерге қандай саясат қолданамыз?» деп сұрағанда, Гитлер: «Оларға ертеден-кешке дейін музыка бере беру керек. Ойлануға, кітап оқуға мүмкіндік қалдырмаған жөн. Өйткені, адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, солғұрлым өзін бақытты сезінеді» деп жауап берген екен. Гитлердің сол мақсаты бүгінгі таңда күллі әлемде алға шықты. Қазір еліміздегі кез-келген телеарнаны басып қалсаңыз, біреудің ыңырсып немесе екі иығын жұлып жеп, секіріп ән салып тұрғанына немесе жеңіл күлкіге құрылған әзілдер легіне куә боласыз. Енді әлгілер айтып тұрған әндердің базбірінің сөзіне назар бұрсаңыз, таңданғандықтан жағаңызды ұстайсыз. Мазмұн, мағынадан жұрдай, бостекі сөздер.
Бұрын Кеңестер Одағы кезінде радиоларда, телеарналарда Көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Олар қабылдануға тиісті әннің сөзін, музыкасын үлкен тексерістен, сын елегінен өткізетін. Сол Көркемдік кеңес жойылғалы бері ширек ғасырға жуықтады. Қазір кез-келген адам телеарналарға барады да, өз ақшасына түсірткен бейнебаянды ұсынады. Қасына (жасырын түрде) 5 мың немесе одан да көп долларды қояды. Бітті. Бұл заманда сатылмайтын ештеңе қалмады. Әлгі мағынасыз, көркемдіктен жұрдай әнді бір ай бойы, тіпті, күніне екі-үш реттен телеарнадан қайталап отырады. Жуырда бір қалталы сазгерсымақтың екі сағаттық көлемдегі мазмұнсыз, ажарсыз әндерін бір аптаның ішінде үш телеарна жарыса көрсетті.
«Ақшаң болса қалтаңда,
Талтаңдасаң талтаңда.
Егер ақшаң болмаса,
Жәутеңде де жалтаңда». – деген өлеңнің дәуірі туды.
Көп жыл бұрын бүкіл қазақтың мақтанышына айналған Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов секілді сазгерлердің әндері телеарналарға қажетсізденіп, анда-санда ғана берілетін болды. Телеарналардағы бүкіл уақыт қалтасы қалың сазгерсымақтар мен әншісымақтардың жекеменшігіне айналды.
Бірде, Астанада, Шәмші Қалдаяқов әуендеріне арналған ән кешінде, Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің идеология саласын басқаратын орынбасары Бердібек Сапарбаевқа мен, бір топ адамның көзінше, телеарналардағы тек қалта мүддесін көздеген сауда туралы, бұрынғы Көркемдік кеңес хақында, елімізде рухани құндылықтардың шамамен елуінші, алпысыншы қатарға ысырылғаны жайлы, баспасөздегі, телеарналардағы рухсыздықтан, жастарымыздың рухани санасы, түсінігі тым төмендеп кеткенін, жуырда бір топ студенттермен жолыққанымда, олардың 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен мүлде бейхабар екендігін әңгімелегенімде, ол: «Рас, біз бұл салада материалдық байлықты ғана ту етіп көтеріп, адамды адами биікке апаратын рухани құндылықтарымызға назар аудармағандықтан, халқымыздың рухани саласын, парасатын құлдыратып алдық. Енді мен жаңа бағыттағы жұмысқа көшемін. Телеарналардағы тек ақшаға бас ұрған рухсыздықты доғартып, бұрынғы Көркемдік кеңесті тірілтемін. Өзге де идеологиялық арналардағы жөнсіздіктерді реттеуге бар жігеріммен кірісемін», – деп еді. Өкінішке қарай, Сапарбаев басқа қызметке ауыстырылды...
Тірі кезінде ұлттық мүддеге кереғар келіп, биліктің ыңғайына жығылып, «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққандар маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар еді», «оларды жазалауға үндеген КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының шешімі дұрыс еді» немесе «2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзенде билік тарапынан қарусыз жастарға оқ жаудырудың еш ағаттығы жоқ» дегенді қуаттаған қаламгерлердің кейбіреуіне қазір зәулім ескерткіш қойылып, оларды шырқау даңқ биігіне көтеруге үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонда әлгілердің рухани сатқындығын, ұлт мүддесін аяққа басқан пендешілігін мүлде ескермей, өлең мен қара сөз құраудағы шеберлігіне ғана құрметпен қарауға тиістіміз бе? Олардың сөзі бөлек, ісі бөлек болғанын жасыруымыз, бүркемелеуге тырысуымыз әділеттілік пе?
Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар Одағының 800-ден астам мүшесі бар екен. Солардың елдік, ұлттық, тілдік мүдде күресінде 10-15-і ғана бізбен бірге. Қалғанының барлығы өлеңдерінде, мақалаларында, әлеуметтік желідегі парақшаларында, естеліктерінде «Ұлтты, тілді, рухани құндылықтарымызды қорғауымыз керек, сол үшін күресуіміз қажет» деп құлшына жазады. Ал іске келгенде бәрі дерлік үстелінің астына кіріп, бұғып қалады. Сорымызға қарай, кейінгі жылдары елімізде сөзі басқа, ісі басқа адамдар шоғыры қаптап кетті. Осыған орай, бірнеше мемлекеттің алдыңғы қатарлы адамдары қолдаған мынадай ұстаным жарияладым: «КІМ ШЫНДЫҒЫН ЖОҒАЛТЫП АЛСА, КІМ “АҚТЫ – АҚ, ҚАРАНЫ – ҚАРА” ДЕП АЙТУДАН ҚАЛСА, ЯҒНИ, СӨЗІ БАСҚА, ІСІ БАСҚА БОЛСА ЖӘНЕ ЕЛДІК, ҰЛТТЫҚ МАҚСАТТАРДАН БОЙЫН АУЛАҚ САЛСА, ОЛ – ЖЕКЕ БАСЫНЫҢ ҒАНА МҮДДЕСІН КӨЗДЕГЕН РУХСЫЗ АДАМ».
Қазіргі кезеңде «шыншыл ақындық неге қадірсіз?» және «өтірік өлең құрастырушылар неге тым көбейіп кетті?» немесе «нағыз қаламгерді, нағыз ақынды қалай танып, бағалаймыз?» деген сұрақ жұрт назарын жиі алаңдататын болды. Ендеше осы сұраққа жауап беруге тырысқан және қазіргі көтерілген проблеманы өз шама-шарқынша қорытындылауға бағытталған мына жыр жолдарына назарларыңызды бұрғым келеді:
«Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.
Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.
Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды...
Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,
Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?
Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..
Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер.
Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,
Рухани мүдде шыңы – шындық үшін күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,
Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.
«Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,
Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!
Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан...
...Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні.
Даңққа мойын созғанымен,
Том-том өлең жазғанымен,
Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі!
Шындығы өлген мінезсіздік болмақ кімнің мақтаны?
Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады.
Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш,
Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш»...
Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы,
Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы...
Ақындық күш – айтылмаған ой-сезімдер жиыны,
Ол биіктен бой көрсету – қиынның ең қиыны!
Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын,
Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын,
Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу,
Және оның қасіретін,
Ұлтқа, тілге бас иетін,
Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу.
Жеткізе алмай дірілдесең... ол – шошыну, тосылу,
Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу.
Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан,
Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!
Ақынға егер сөзіне сай шындық парқы қонбаса,
Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса...
Кейде ұқсап көрінгенмен заңғарға,
Сөзі басқа, ісі басқа, екіжүзді жандарға,
Батыл, қарсы бағыт ұстау – әділ өмір талабы.
Пенделікпен тірескен жан,
Шындық үшін күрескен жан,
Сол шындықтың айбыны мен беделі боп қалады!
* * *
Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай»,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»
Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай.