Біз мұның алдында ҚМДБ-ның ұстанып отырған бағыты – қазақтың дәстүрлі діні емес, араб дәстүршілдігі екендігі жөнінде мақала жариялаған болатынбыз. Бұл мақалаға пікір білдірушілердің біршамасы қолдау білдірсе, біршамасы қарсы шықты. Осының өзі-ақ қазіргі күні діни танымы жағынан қазақ қоғамының жіктеліп үлгергендігін көрсетеді. Бұл жіктелу күн сайын өзінің аясын кеңейтпесе, азаятын түрі көрінбейді. Ол заңды да. Себебі, ҚМДБ уағызшылары тарапынан жүргізіліп жатқан уағыздар араб дәстүршілдігін ғана негізге алып, араб дәстүршілдігі шеңберіне сыймайтын қазақтың дәстүрлі діни таным негіздері Исламға жат элементтер ретінде көрсетіліп, халық санасында оларға қарсы теріс көзқарас қалыптастырылуда. Мұның улы жемсін қазақ халқы жақын болашақта сезіне бастайтын болады. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен рухани мұрасы ревизияға түсіріліп, жаңа мәдениет қалыптастырылады. Бұл қазақ халқын тарихтан кетірудің төте жолы екендігі айтпаса да түсінікті. Осыны сезіп, біліп тұрып, айтпасақ қазақ халқына біздің тарпымыздан жасалған сатқындық болар еді.
Тақырыптың негізгі бөлігіне өтпес бұрын алдымен мына бір мәселеге назар аударсақ, артық болмас еді. Ол - уаххабилік идеологияның қазақ қоғамына бағытталған уағыздарының өңі айналдырылып, басқа формада беріле бастауы десек артық айтқандық емес. Араб дәстүршілдігінің, турасын айтқанда уаххабилердің елімізге қарсы жүргізіліп келе жатқан діни-рухани экспансияның алғашқы кезеңі мен қазіргі кезеңдегі ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып, қысқаша талдау жасау қажеттігі туындап отыр. Өйткені, уаххаббилік идеология алғашқы кезеңде қазақтың дәстүрлі діні мен рухани мәдениетіне ашық қарсы шығып, өздерінің қазақ болмысымен келісе алмайтынын ашық көрсетті. Бұл халықтың көпшілік бөлігінің оларға деген сенімсіздігі мен қарсылығын тудырмай қалған жоқ. Ол кезеңдегі уаххабиліктің туын ұстаған Тоиржан Ибрагимов, Дарын Мубаров сияқты т.б. уағызшылар белгілі дәрежеде табысқа жеткенімен, халықтың, оның ішінде жастардың көпшілігін соңдарынан ертіп, олардың санасы мен діни танымын өзгерте алған жоқ болатын. Ал, қазіргі күні ҚМДБ атынан уағыз айтып, халық алдына шығып жүрген А.Сманов, А.Қуанышбаев сынды уағызшылар болса, сырттай уаххабилікті, салафилікті сынап, қазақ мұсылмандығын қорғаған болып, іштей қазақ халқының дәстүрлі діни танымына аяусыз соққы беруде. Алайда, олардың тарапынан жүргізіліп жатқан уағыздар сол баяғы уаххабилік сарында екендігін, қазақ халқының дәстүрлі діни танымындағы негізгі ұстындардың халық санасынан шайылуына ықпал етіп жатқандығын сол уағызшылардың соңына ерген халық әзірге сезінер емес. Әсіресе, әруақ, әулие десе, «Аллаға серік» қосу деген түсінік жастардың санасынан мықтап орын алғандығына куә болып жүрміз. Бір ғана осы «Аллаға серік қосу» туралы танымның қалыптасуы, қазақ халқының рухани, мәдени болмысын, діни танымын толығымен өзгертуге ықпал етіп отырғандығын көпшілік әлі сезіне қойған жоқ. Қазақ халқының Исламның бес парызынан тыс исламдық діни танымы осы «әулие, әруақ» түсінігімен бірлікте пайда болып, түркі халықтарының Исламдағы ерекшеліктері қалыптастырылған еді. Және «әруақ, әулиеге» қатысты қазақтың діни танымындағы түсініктер Түркістан жерінде сопылық жол-Йасауи жолының қалыптасуымен бірге пайда болып, түркі жұртының санасынан мықтап орын алған болатын. Бұл мәселелерді мүмкін бұдан кейінгі мақалаларда кеңінен талдап, түсіндірерміз деген үміттемін. Ендігі кезекте жоғарыда аттарын атап көрсеткен ҚМДБ уағызшыларының уағыздарындағы қазақтың дәстүрлі діни танымына сай келмейтін пікірлеріне талдау жасап көрелік.
Алдымен Арман Қуанышбаевтың мына сопылық туралы айтқан пікірлеріне ой жүгіртіп көрелік. Ол өзінің Ютубта жарияланған «Сопылар деген кімдер?» – деген бейне ролигінде былай дейді: «Сопылар ақида мен фихқтан шығып кетпеуі керек. Алланың сызып берген жолынан шығып кетсе, ол сопы емес.» Дұрыс. Алайда, бұл жерде Арман мырза бір мәселені ашып көрсетпегендігін айтуымызға болады. Ол мәселе – қайсы ақида және қай шариғат? Егерде, араб дәстүршілдігінің шариғаты мен ақидасы болатын болса, онда қазақ даласын мекендеген сопылардың дүниетанымы ол ақида мен шариғатқа сай келмейтіндігі анық. Өйткені, қазақ даласында Абу Ханифа мазхабы мен ақидада Имам Матуриди жолына басымдық беріледі. Бұл екі жолдың арасында үлкен айырмашылық барлығын жоққа шығару мүмкін емес. Араб дәстүршілдігі негізінде Ахл ал-хадис мен ахл ал-сунна бағыты жатса, Абу Ханифа жолы ахл-ар-Рай немесе халафтар бағыты деп аталды. Ахл ал-хадис бағыты дінді Исламның негізі болып табылатын Құран мен Пайғамбар сүннеті және сахабалар мен табииндардың айтқандарын негізге алып, соларды ғана исламдық танымның негізі етті. Бұлардың тысында қалған жеке көзқарас пен ақыл дәлелдерді қолдануға қарсы болды. Дінде ақылды қолдануға қарсы шыққан ғұламалар ішінен көшілікке аты таныс, малики мазхабының негізін салушы Малик бин Аннас (179/795 ж.қ.б.) та болды. Ол: «Дінге калам жолы арқылы ұласпақ болған адам зиндикилерге айналады. Калам бұл ілім емес, жаман бір бидғат түсінік қалыптастыратын жол»[1]-дейді. Демек, Имам Маликтің ақылды мүлде қабыл етпегенін көреміз. Одан Құран туралы сұрағанда, «Сенің түрлі сұрақтарды қоюыңа қарағанда, сен Әмір бин Убейдттің серіктерінен шығарсың. Алла оған лағнет жаудырсын. Себебі, бұл бидғатты ойлап шығарған сол. Егерде калам бір ілім болса, сахабалар мен табииндер үкім мен шариғатқа қатысты мәселелерде айтқандары сияқты бұл мәселелерді де айтқан болар еді. Сондықтан калам ілім емес, жалған дүние.»- дейді.[2] Имам Маликтен аз соңыра дүниеге келген Имам Мұхаммед ибн Идрис аш-Шафи да Имам Малик ұстанымында болды.[3] Оның жолын Ахмед ибн Ханбал жалғастырып, ол да калам ғылымына, дінде ақылды қолдануға қарсы шықты.[4] Бұл ислам дүниесіндегі ақыл мен нақылға көзқарастың қалыптасуына қарай жіктелуге әкелген басты себептердің бірі еді. Бұл жол Ислам дінін догмаға айналдырды. Ислам өзінің ішкі рухани қуатынан ажырап, сыртқы формаға мән беретін жол ретінде қалыптасты. Абу Ханифа болса, діни танымды қалыптастыруда ақылды кеңінен қолданды және Құран аяттарына сүйене отырып, әр халықтың өзіне ылайықты тілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі болуы заңды екендігін, оларды ешқашан өзгертуге болмайтынын дәлелдеп берді. Сонымен қатар, ол дін мен шариғатты, иман мен амалды екі бөліп қарастырды.
Ал, ақида мәселесінде қазақ даласы Имам Матуриди ақидасында болғандығына ешқандай күмән келтіруге болмайды. Бұған дәлелді Арман мырза «жындардың жетегіне ілестіріп қойған Базар жырау сияқты ақын-жыраулардың шығармаларынан жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Мысалы, Имам Матуриди «Ақылға салып ойланар болсақ, ғаламды жоқ болып кету үшін жаралған деп ойлау хикмет тұрғысынан дұрыс емес. Ақылы-есі дұрыс адам өзінің мінез-құлқы, іс-әрекетімен хикмет жолынан алыстауы ол адам үшін дұрыс жағдай емес. Демек, ақылдың бір бөлшегін қалыптастырған ғаламды хикметтен тыс, негізсіз немесе жөн-жосықсыз жаралған деп айтудың өзі артық. Дәлелдеген бір айғақ – әлемнің жоқ болу үшін емес, үздіксіз өмір сүруі үшін жаратылғандығын көрсетер.»[5]- дейді. Демек, ақыл осы жаратылыстың құрамдас бөлігі және осы жаратылған әлемді жоқ болудан сақтап қала алатын басты құрал. Өйткені, «Әлемнің негізі түрлі табиғаттар мен бір-біріне қарсы жаратылыстардан құралғандықтан, олардың бірлесуге тиістілерін бір жерге топтастырып, айырылуға тиістілерін ажыратуда ақылды басшылыққа алған жаратылыс иесі бар: Ол хикмет иелерінің «кіші әлем» деп атаған жаратылыс иесі – адам баласы.»[6] Бұл жерде Матуридидің әлемнің жаратылуында адам баласының орны қандай болғандығын айқындап көрсетіп тұрғанын көреміз. Адам баласы әлемнің жаратылысында ерекше, өзге табиғи жаратылыстарға ықпалын жүргізіп, басқара алатын, ақыл иесі ретінде өзге жаратылыстардан ерекшеленетінін көрсетеді. Ал, осы таным қазақ халқы санасының тереңінен орын алған және қазақ халқының ойшылдары еңбектерінде кеңінен жырланған тақырып десек артық айтқандық емес. Мысалы, Абай атамыздың мына өлеңіндегі жолдар бұған толық дәлел бола алады: «Әуелде бір суыз мұз ақыл-зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек,
Тоқталылық, талапты шыдамдылық-
Бұл қайратттан шығады, білсең керек.[7]
Ал, Шәкәрім қажы болса, Абайдың бұл ойын одан ары тереңдете түседі. Ол былай дейді: «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.»[8]
Демек, ақыл адам баласының бар іс-қимылының басты басқарушысы. Ақылсыз адам баласы ешнәрсені іске асыра алмайды. Және басқаруы мүмкін де емес. Өйткені, адамды өзге жаратылыстан ажыратып тұрған да осы ақыл. Сондықтан да, қазақ даласындағы сопылардың танымы мен әрекеттерінің араб дәстүршілдігімен сай келмеуі заңды. Бұл мәселеде Арман мырза қазақ даласындағы сопылардың араб дәстүршілдігі аясына сыймауы заңдылық екендігін түсіне бермейтінін көруімізге болады. Ол өзінің қазақтың дәстүрлі діни танымы негіздерінен хабарсыздығын басқа тақырыптар туралы сөйлегенде көрсетіп қояды. Енді сол пікірлеріне сөз беріп көрелік.
Ютубта жарияланған «Шариғат, тариқатқа түсінік» атты уағызында былай дейді: «Тариқат біліммен келмейді. Амалмен келеді. Тариқат жолына түскен адамда білім болмайды. Онда дағды қалыптасады. Тариқаттың пайда болуы білім алмағандармен байланысты. Білім алмағандар тариқат жолына барады.» Егерде біз Арман мырзаның бұл айтқандарын басшылыққа алатын болсақ, онда қазақ халқының әуелден білімсіз, надан халық болғандығын мойындамасқа амал жоқ. Өйткені, қазақ халқының дәстүрлі діни танымы осы тариқат жолы шеңберінде қалыптасып, өзінің рухани-мәдени мұрасын осы негізде қалыптастырып, біздерге мұра еткен. Арман мырзаның осы тұжырымын қабылдар болсақ, онда бүгіннен бастап, білімді, мәдениетті деңгейге көтерілу үшін араб дәстүршілдігін бүгіннен бастап қабылдап, басқа сападағы халыққа айналуымыз керек болады. Олай етейін десек, Араб әлемі түгелімен бүлініп, отқа оранып жатыр. Олай болса, не істемек керек? Бұл жерде алдыммен «шариғат дегеніміз не?», «тариқат дегеніміз не? сұрақтарға жауап беріп, қазақтың алдымен қандай халық екендігін танып алғанымыз абзал. Ол үшін жоғарыда қойылған сұрақтарға жауап беріп көрелік.
Шариғат сөзін қазақ тіліне тікелей аударатын болсақ, «заң» деген мағынаға саяды. Толығырақ айтар болсақ, шариғат діннің белгілі бір қоғам үшін белгілеп берген заңдылықтар жүйесі. Осы жүйе қоғамның діни танымы негіздерін де, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдарын да, рухани, мәдени болмысының шеңберін де айқындап береді. Бұл негізінен араб дәстүршілдігіне тән екендігін ескерткеніміз жөн. Себебі, араб қоғамында дін мен шариғат арасы ажыратылмаған. Сонымен бірге, иман мен амал да бір деп есептелінеді. Біртұтас қарастырылады. Ал, тариқат жолы болса, басқа деңгей, басқа таным жүйесі. Тариқат материалдық дүниені қарастырмайды. Тек, рух-жан мәселесін қарастырады. Қожа Ахмет Йасауи өзінің «Мират ал-Қулуб» атты еңбегінде «Шариғат сырт ағзалармен амал ету болса, тариқат – «қалб-жүрекпен», яғни көңілмен амал ету деген сөз, ал хақиқат дегеніңіз – сырмен (жүректің түбіндегі субстанция, көңіл) амал ету болып табылады, - дейді. Сырт ағзалармен амал ету мен жүрекпен амал ету арасында қандай айырмашылық бар? Мұны түсіне алатын Арман мырзаның шамасы жоқ. Егер түсіне алғанда «Тариқат жолына түскен адамда білім болмайды.»- деп айтпаған болар еді. Қожа Ахмет Йасауи адам рухының жеті қабаттан тұратынын айтады. Йасауи ілімін философиялық тұрғыдан зерттеген Досай Кенжетай Йасауидің «кемел адам» тұжырымдасына талдау жасай отырып: «Өзін өзі тану» ұстанымы өзінің ішкі әлемінің жеті қырын анықтап, тереңдеп тану арқылы адамның Аллаға ашылуын мақсат етсе, «Өлмес бұрын өл» ұстанымы – адамның моральдық-этикалық және сопылық рухани-тәжірибелік талаптар шеңберінде тәрбиеленіп, Алланың сипаттарымен сомдалуына негізделген. Бұл екі ұстаным бірін-бірі толықтырып тұратын теориялық және тәжірибелік қырлар емес, екеуі біртұтас. Ясауи ілімінде осы тұтастықтың мәні «йақин», яғни абсолюттік таным категориясы арқылы ашылған[9],» - дейді және бұл абсолюттік танымның жеті сатыдан тұратынын айтады. Олар: исм-ул-йақин, расм-ул йақин, ‘илм-ул йақин, ‘айн-ул йақин, хаққ-ул йақин, хақиқат-ул хаққ-ил йақин, Аллаһ-ул хаққ-л йақин.[10] Бұл қабаттардың әрқайсысы он мың пердеден тұратынын, барлығы жетпіс мың перде барлығын, сол жетпіс мың пердеден өткен адамның әулиелік дәрежеге көтерілітінін Йасауи бабамыз өзінің «Пақыр-нама» атты шығармасында жазған болатын. Осы танымдық қабаттарды қазіргі күні кванттық физиканың сұйық денелерді зерттейтін саласы адам рухының(жанының) да қабаттары екендігін дәлелдеп отыр. Сол жеті нәзік қабаттан тұратын адам жанын былай атайды: 1.Эфирлі дене. 2. Астральді дене. 3.Ментальді дене. 4. Каузальді дене. 5. Интуитивті дене. 6. Аспан денесі. 7. Тәж дене.[11] Осы нәзік жеті қабаттан тұратын денелердің адамның жаны мен тәні ажырағаннан кейінгі қозғалысын былайша сипаттайды. Эфирлі дене – адам қайтыс болған күннен кейін тоғызыншы күні өледі. Астральді дене – адам қайтыс болған соң қырқыншы күні өледі. Ментальды дене адам қайтыс болғаннан кейін тоқсаныншы күні өледі[12]. Егерде біз осы кванттық физика ғылымының ашқан жаңалықтарын қазақ халқының қайтыс болған кісіні жөнелтуге қатысты әдет-ғұрыптарымен салыстыра қарайтын болсақ, онда екеуінің арасында тікелей сабақтастық барлығын көруімізге болады. Қайтыс болған кісінің жетісі беріледі, қырқы беріледі, одан кейін жүзі беріледі, жылы беріледі. Демек, қазақ халқының әдет-ғұрыптары қайтыс болған кісінің рухының қозғалысын негізге алып, олардың қозғалысына байланысты рухтың әр қабатымен қоштасу рәсмін өткізеді. Мұның өзі қазақ халқының рух-әруахқа қатысты салт-дәстүрлерінің қиялдан шығарылмағандығын, діни негізі барлығын және ислам діні негіздерімен сабақтастықта қалыптасқандығын көрсетеді. Бұларға қоса қазіргі күні қолданыста бар, бірақ себебі белгісіз қаншама қазақтың әдет-ғұрыптары бар. Мысалы, жаңа туылған нәрестені қырқынан шығару, бейсенбі, жұма сайын әруақтарға арналып жеті нан берілуі, тағы сондай ғұрыптардың да осы рухтың қозғалысына байланысты қалыптасқан айтуымызға болады. Бұл Йасауи негізін салған тариқат жолының аясы тым кең, танымы терең, ғылыми негізі болғандығынан, екі дүниенің ісінен қатар хабары болғандығын көрсетеді. Бұл мысалдар қазақ халқының діни дүниетанымы мен исламдық салт-дәстүрлері тек шариғат шеңберімен шектелмейтінін, тариқат жолы арқылы да қалыптасқандығын көрсетеді. Сол себепті, шариғат шеңберінде ғана білім алып, халық алдына шығып жүрген имамдардың қазақ халқының дәстүрлі діни танымы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің түпкі мәнін түсіне алмауы заңды құбылыс. Осы тариқат жолы арқылы қалыптасқан қайтқан кісінің жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру сияқты қазақ халқының діни дәстүрлерін Арман мырзаның қабылдай алмайтынын, бұлардың шариғатқа сай келмейтінін, бірақ ас беруге келісетінін және ҚМДБ-да осы пәтуаны ұстанатынын айтады. Басқаша айтқанда, араб дәстүршілдігіне сай келмейтін қазақтың салт-дәстүрі шариғаттан тыс болуы керек дегенге саяды. Ал, бұл дәстүрлердің астарында терең діни таным жатқанымен Арман мырзаның ісі жоқ және өресі де жетпейді. Мұны сол Арман мырзаның «Сопылардың соңынан ерсек болады ма? – деген Ютубта жарияланған уағызынан да көруге болады. Ол былай дейді: «Бір сопы төртінші қатқа барып, намаз оқып келеді екен. Бұл сандырақ». Дұрыс. Алайда, мұны айтушы өз пірінің, ұстазының ілім дәрежесін толық жеткізіп айта алмағандығын көруімізге болады. Мәселе, рухани тәжірибені жетілдіру арқылы ұстаздың-адамның көкірек көзінің ашылу деңгейін көрсетіп отырғандығы деп түсінсек болады. Қожа Ахмет Йасауи бабамыз өзінің «Пақыр-нама» атты шығармасында «Егер сопы (өзінің рухани тәжірибесі арқылы) айн ал-йақин, хаққу-л йақин деңгейіне көтерілетін болса, онда ол адам жеті қат жердің асты мен жеті қат көкті көре алатын деңгейге көтеріледі,»-дейді. Ал қазақ даласында мұндай деңгейге жеткен әулиелер аз болмағандығына тарих куә. Мысалы, ел аузында ғасырлар бойы айтылып, сақталып келе жатқан Мөңке бидің мына сөздері бұл айтылғандардың айқын мысалы бола алады:
Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатын Бедірей деген қызың болады. Алдыңнан кес-кестеп өтетін, Кекірей деген келінің болады. Ішкенің сары су болады, Берсең итің ішпейді, Бірақ адам оған құмар болады, Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады. Ит пен мысықтай ырылдасқан, Еркек пен қатының болады. Ертеңіне сенбейтін күнің болады, Бетіңнен алып түсетін інің болады. Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады, Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады, Жылқы жұлдыз болады, Қой құндыз болады, Кебір – жерге теңеледі, Әйел – ерге теңеледі, Көл – теңізге теңеледі. Сиыр – өгізге теңеледі. Ақырзаман адамы – Сағынып тамақ жемейді, Ащыны – ащы демейді, Тапқанын олжа дейді, «Алһам» білгенін молда дейді. Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді. Сарылып келіп тосады, Құны жоқ қағазды судай шашады. Заманақыр болар да, жер тақыр болар, Халқы пақыр болар. Балалар жетім болар, Әйелдер жесір болар, «Ә» десе «мә» дейтін кесір болар. Бас қосылған жерлерде, Әйел жағы ден болар, Жаман-жақсы айтса да, Өзінікі жөн болар. Орай салып бастарын, Жалпылдатып шаштарын, Тақымдары жалтылдап, Емшектері салпылдап, Ұят жағы кем болар, Сөйткен заман кез болар, Түзелуі қиын болар.- дейді.
Мөңке бидің осыдан шамамен 350 жыл шамасында айтылған бұл сөздерінің мәні мен мазмұнын біздің замандастарымыз толық түсінеді деген ойдамын. Біздің заманымыздың бейнесін соншалықты дәлдікпен болжау кімнің қолынан келеді? Тек, рухани деңгейі жоғары рухани қабатардың белгілі деңгейіне көтерілген әулиелер ғана мұндай болжамдарды айта алатын. Солар ғана Ұлы Алланың еркіндегі «Лаух ал-Махфуздағы» - «Тағдыр тақтасындағы» жазуларды көріп, оқи алатын. Арман мырза болса, бұларды білімсіз, надан көреді. Олай болса, кім надан? Көзі ашық халайық өздері бағасын берер деген үміттемін.
Арман мырзаның Ютубта жарияланған «Әулилер мен бабалар жолында» атты уағызында «Бабалардан қалған дәстүрлерді өзгертуімізге болады. Оған біздің хақымыз бар» - деген пәтуа береді. Арман мырзаның бұл пәтуасынан алысты көздеген мақсатын көруімізге болады. Егер халық өзінің ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрді өзгертер болса, онда бұл халық жер бетінде халық ретінде қала алады ма? Бұл салт-дәстүрлер қалай және қашан қалыптасты? Оларды кім қалыптастырды деген сұраққа бас ауыртып жатқысы келмейді. Ол мұнысымен Құран аяттарына тікелей қарсы шығып отырғандығын байқамайтын сияқты. Абу Ханифа өзінің шәкіртіне берген жауабында бұл мәселе туралы былай дейді: «Ешбір пайғамбар өзінен бұрынғы пайғамбардың дінін жоққа шығару керек деп айтпады. Себебі, дін бір еді. Бірақ, әр пайғамбар өз шариғатына шақыратын. Өзінен бұрынғы Елшінің шариғатын қабыл етпейтін. Алла Тағала ол үшін: «Ей, муминдер, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, сендердің барлығыңды бір үммет жасар еді.» (Маида, 5/48)
Алла Тағаланың олардың барлығына бергені бір – дін, Таухид болатын. Олардың барлығына өз діндеріне бекем болуын, жіктелуге түспеулерін әмір етті. Және былай деді: «Діндеріңе бекем болыңдар. Нухқа тапсырған дінді саған да уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға және Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді.»(Шура, 42/13).
Яғни Алла Тағаланың дінін өзгерту туралы сөз қозғаудың өзі артық. Дін ешқашан өзгермеді, басқа халге келтірілмеді және өзгертілмеді. Шариғаттар болса, өзгерді. Себебі, қаншама зат кейбір адамдар үшін адал болса, Алла Тағала оларды басқа адамдар үшін арам етті. Сансыз заттар бар, оларды қолдану үшін адамдарға әмір етті. Ал, бағзы адамдарға оларды қолдануға тыйым салды. Демек, шариғаттар көп және бір-бірінен айырмашылықтары бар. Шариғатты орындау парыз. Мұнымен бара-бар мәселе – Алланың әмір еткенін, барлық үкімдерін орындау, қабыл етпегендерінен бас тарту, Алланың қалауына сай келеді. Алла Тағаланың әмір еткендерін тәрік етіп, тыйым салған нәрселерін жасаған адам Алла Тағаланың дінін тәрік еткен болар еді және кәпір болар еді. Алла мүминдерге парыз амалдарын тек дінді қабыл еткеннен кейін ғана парыз етті. Себебі, дін біреу болғандықтан бұрынғы дінді жоққа шығаруға болмайды. Ал, шариғат болса, әртүрлі. Әр пайғамбардың өз шариғаты бар. Алайда, бұл шариғат мәселесінде де ерекшеліктердің болуын табиғи мәселе екендігін көрсетті. «Сендерден әрбір ұлт үшін (жеке) шариғат және жол жасап қойдық. Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір үммет жасар еді»[ Маида,5/48.] деген Құран аятында Алла Тағаланың әр ұлтқа өзіне лайық шариғат және жол бергені көрсетілген, өзінен бұрын келген діннен қалған шариғат үкімдерін де жоққа шығаруға болмайтынын да нақтылап берді. Жалпы бұл мәселе «Хужрат» сүресінде де «Ей, адамдар, расында біз сендерді бір еркек (Адам) және бір әйелден (Хауадан) жараттық және де бір-бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар мен ру-тайпалар етіп қойдық» [Хужрат,49/13], деген аятта осы мәселені нақтылау бар. Демек, Исламда жаңа дінді қабылдаған халықтың бұрынғы дінінен қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен толығымен бас тартуының қажеті жоқ. Әр халықтың тұрған жеріне, табиғат ерекшеліктеріне орай Жаратушы әрбір халықтың өзіне ылайықты шариғатын қалыптастырады. Тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін берді. Бұлардың барлығы әр халыққа Жаратушының Өзі өлшеп-пішіп берген нығметтері болатын. Ол нығметтерден бас тарту Алланың әміріне қарсы шығу болар еді. Олай болса, біз олардан Арман мырза айтты екен деп қалай бас тартпақпыз?!
Арман мырзаның қазақ халқының дәстүрлі діни танымы мен рухани-мәдени болмысына шабуылы мұнымен шектелмейді. Сол қазақтың діни танымы мен рухани-мәдени болмысын соңғы үш ғасыр бойына сыртқы діни-рухани экспансиядан қорғаған ақын-жырауларын жындардың жетегіне ертіп, олардың жындардың жетегінде жүргендер ретінде сипаттайды. Ол Ютубта жарияланған Базар жырау бабамыз Ислам шарттарын бұзды ма?- атты уағызында: «Жындар түрлі сәттерде адамдардың өміріне араласады. Ақын адамдардың соңынан Ғауын деген жын еріп жүреді,»- дейді. Бұл сөзіне дәлел ретінде Базар жыраудың бала кезінде қой бағып жүрген кезінде түсіне бір кісінің еніп, «Сенің несібең таяқтан болады»-деген сөзін келтіреді. Сол жын еді дегенді айтады. Содан бастап, ол ақын болып, атағы елге жайылды дейді. Егерде біз Арман мырзаның бұл айтқандарын қабыл алып, мойынұсынатын болсақ, онда бүкіл қазақтың ақын-жырауларының шығармаларынан бас тартып, оларды өртегеннен басқа жол қалмайды. Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани Хикметінен» бастап, Абай, Шәкәрім сияқты ұлылардың барлығынан қалған рухани-мәдени мұрадан бас тартып, араб дәстүршілдігін қабылдауға дайын боламыз. Олардың рухани мұрасы сақталатын болса, онда қазақ мәдениеті қайта бас көтеруі ықтимал. Бұл жерде Арман мырзаның мақсаты қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, рухани-мәдени өзегінен ажыратып, қазақты рухысыз тобырға айтналдыру болғандығына күмән жоқ. Әйтпесе, сол ақын жыраулардың рухани мұрасы қазақ халқының рухани тұтастығының басты арқауы екендігін түсінбеді деу мүмкін емес. Қазақ даласының қай шетінен болмасын шыққан ақын-жыраулардың дінге, түркі жұртының рухани орталығы саналатын Түркістанға махаббаты шексіз болғандығын, өз шығармалары арқылы халық жүрегіне осы махаббатты ұялатқанын көруімізге болады. Бұл киелі мекенді жыршы-жыраулары жырына арқау етті. Сонау Маңғыстаудағы Сәттіғұл жырау өз шығармасында былай дейді: Әнбиалардың ақыры,
Хақ Расулы Мұхаммед,
Абзалы асыл нұр өткен.
Артынан келіп көп имам,
Шариғат жолын күзеткен.
Пірадар пірдің басшысы
Қожа Ахмет Йасауи,
Түркістанда бұ да өткен.
Туына жұртты түнеткен,
Кереметін асырып,
Жеті өлікті тірілтіп,
Мұсылманға қайыр дұға еткен.
Оның жерлесі Сүгір Бегендік ұлы болса:
Айырлып ата қоныс Маңғыстаудан,
Қан саулап қабырғамнан қақырадым.
Орнаған Түркістанда Әзірет Сұлтан,
Тарықсам атыңды айтып, аһыладым, - дейді.
Арқаның қазағы Балмағамбет Балқыбайұлы былай дейді:
Қожа Ахмет Йасауи
Силсаласы силслам,
Атын білген бар ғалам.
Хилафалық қылып ол затқа,
Сөз айтпайды бір калам.
Ал, Дулат Бабатайұлы болса,
Қасиетті Қаратау,
Аса алмаған сенен жау, - деп, Түркістанды арқа тұтады. Қазақ қиналса да, қайғырса да, қуанса да есінен әулиесі Қожа Ахмет Йасауи мен ол жатқан киелі мекен Түркістанды ешқашан есінен шығарған емес. Мұндай мысалдарды қазақ ақын-жыраулары шығармаларынан жүздеп, мыңдап кездестіруге болады. Осылардай рухани мұрадан бас тартқан қазақ жастары ертеңгі күні өзінің кім екендігін сезіне алады ма?! Жоқ! Бұл жерде Арман мырзаның қазақ руханиатының ең басты өзегіне шабуыл жасағанын айтпасқа болмайды.
Ендігі кезекте Арман мырзаның өзі қай ағымның өкілі екендігіне тоқталмасақ болмайды. Ол біріншіден, араб дәстүршілдігінің өкілі. Оның мақала желісінде айтқан сөздеріне талдау жасай отырып, көрсеттік. Сонымен бірге, уаххабилік-салафилік ағым өкілі. Өзі мен пәлен ағым өкілімін деп жарнамаламағанымен уаххабилік-салафилік өкілі екенін Ютубта жарияланған «Ибн Баздың пәтуасы» атты уағызында мойындайды: «Абд ал-Уаххаб біздің шайхымыз. Олардың шайхы емес. Ол «Мен Ханбали мазхабынанмын» деген. Ибн Таймийа да мазхабты жоққа шығарған жоқ. Ибн Баз мужтахид ғалым болмағандықтан, «біз пәтуа комитетін құрдық,»- дейді. Ибн Таймийа «өзі муджтахид болса, өз жолымен жүрсін. Болмаса, мазхаб жолымен жүрсін,»- дейді. Бұл айтылғандарға коментарий жасап, талдаудың қажеті жоқ шығар. Тек, бұл жерде бір сұрақ туындайды. Біз сонда мемлекет болып, «діни экстремизмге, уаххабилік идеологияға қарсы күресіп жатырмыз»- деп, несіне даурығып жүрміз? ҚМДБ атынан уағыз айтып жүрген Арман Қуанышбаев сияқты уағызшылар қазақтың дәстүрлі дін мен діни танымы негіздеріне балта шауып, мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан бүкіл жұмыстың нәтижесін жоққа шығарып жатса. Өзімізді өзіміз несіне алдаймыз?! Бұл ҚМДБ-ның ұстанған бағытының бергі бет пердесі Ханафи мазхабы, шын сипаты араб дәстүршілдігі, оның ішкі мазмұны уаххабилік-салафилік ағым екендігін көрсетеді. Неліктен біз соны көре алмаймыз? Осыған басым жетпей-ақ қойды.