Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 80 жыл

Ұлтымыздың даңқты перзенттерінің бірі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына осы аптада 80 жыл толады. Қазақ поэзиясындағы интеллектуалдық бағыттың негізін салған, өзі айтпақшы, «өкшелі етік кигізіп», өлеңнің деңгейін бір саты жоғары көтерген ақынның мерейтойы қарашаның 30-ы күні Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында аталып өтпек. Біз сол мерекенің қарсаңында «Ақтөбенің» оқырмандарына ақынның үзеңгілес досы, аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлының осыдан он жыл бұрын жазған мақаласын ұсынғанды жөн көрдік.

Бір жоқты бір жоқ іздеп табады деген. Оған бірер жыл бұрын Нарынға барғанда көзіміз анық жетті. Ең алдымен, қырық хан, қырық мешіті бар Қырымға кісі өлтіріп, қырғыздан қашып келетін ер Тарғын еске түседі. Ақша ханның еркетотайы Ақжүніс сұлу оған: «Әкем мені қайдағы бір ханзадасымаққа жөнелткелі жатыр. Алып қаш!» — деп қиғылық салады. Батырлық тақсіретіне ғашықтық тауқыметі қосылады. Жүз жасаған Сыпыра жырау екі ғашыққа «Жанарыс жақтағы Үш Тарғын тауы» деген жерді бергізеді. Олар қыстап-жайлап, «мысыр еткен» қоныс содан «Ақжонас» атанады. Ол XIX ғасырда қазақтардың қолына қайта түседі. Соны естіп, Тайсойғаннан Жайық өтіп, Өтеміс батыр көшіп келеді. Бұрын жеткендер малын қуып, суатқа жолатпайды. Адуын жолаушы жолын бөгеген қойшы-қолаңды сықпыртып сабай жөнеледі. Бұны естіп, ауыл иелері жетеді. Сөйтсе, дүрліктіріп жүрген — Қосуан деген қыздарын алған өз күйеулері екен. Алдап-сулап көңілін табады. Сүйінішқали төре 1816 жылы сол Өтемістің, қалың қолмен келіп үйін үптеп кетеді. Жауқазын Махамбет ақынның ұлпа жүрегінде алғаш рет ереуіл отын түтеткен әлгі содыр оқиға болған Ақжонас алабындағы Дүңгірлектің тауын көруге барсам, дәл басына: «Бұл арада ұлы сазгер Құрманғазы туған», — деп жазылып қойылыпты. Ол аз дегендей, жастайымыздан жолдас болған Жұмекен досым да Махамбет, Құрманғазылармен бір тақырда асық атып, бір құмақта құмаршық терген болып шықты. «Міне, керемет!» деп таңғалып, «Е, бәсе!» деп талай нәрсеге көзім жеткендей болып, қаралай тебіреніп кеттім. Иә, әлгі Махамбетті туған Қосуан анамыздың төркіні — алаша ауылы еді. Сол ауылдан шыққан Нәжімеден қарияны бүкіл Нарын елі әліге дейін аңыз қылып айтады екен. Өзі де сол эпос заманынан бүтін жеткен сом асылдың сойынан секілді. Жалғыз баласы Сабыр майданға аттанғалы жатқанда, ол жарықтық Ашақ-Мәші сорына ертіп апарып, аяғына биік тақалы әмірқан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіртіп алады. Тайға басқан таңбадай сайрап түскен сыңар ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Онысы — жаңбыр жауса, әлгі ізді су шайып кетпесін деген амал еді. Бір жағынан, қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп мауқын басатын көз жұбаныш еді. Расында да, бұл тек ақын көкіректен шығатын тосын тапқырлық еді. Соған қарағанда, бұл күндері туғанына жетпіс жыл толып отырған Жұмекен талантының алтын бастауында да сол Нәжімеден қария тұрса керек. Өйткені Жұмекен әлгі ай тақырда ізі қалған Сабырдың артындағы жалғыз ұлы, ал Нәжімеден кемеңгердің бауырына басып, тұлымшағынан иіскеп, жанына медет етіп өткен жалғыз немересі еді. Жесір анасы мен кәрі атасының жайын ойлаған Жұмекен 1954 жылы мектеп бітіріп, мұғалім болып, ауылда қалады. Ал 1955 жылы жазды күні шілдеде қайран ата: «Қаққан қазықтай алысқа аттатпай жатқан мен о дүниелік болып барам. Анаң мен жарың жастар ғой. Аяғыңнан оратылмас. Не көрсе де бірге көрер. Бағыңды сына. Жолыңнан қалма!» — деп көз жұмады. Расында да, атасының сол сөзі Жұмекеннің соған дейін қырсық шалғандай қырын жүгіріп келген талабын бірден оңғарып жібергендей болады. Алматыға мұғалімдікке оқуға келген Жұмекен мектепте озат оқып жүрген қазақ әдебиетінен шығарма жазғанда екілік алады. Суық қолдың араласқанын сезсе де, дәлелдейтін дәрмен таба алмай, арыққа аяғын малып, налып отырған баланы көшеде кетіп бара жатқан қазақ офицері Ғұбайдолла Ержанов байқайды. Бұрылып келіп, жағдайын біліп, үйіне апарып, Қарағандыға жұмысқа алынып жатқандарға іліктіреді. Кішкентайынан күй тартатын баланың жұмыстан боста домбыраны безілдетіп отырғанын Майқұдық шахтасындағы кәсіподақ басшысы Әукебай Кенжин көреді. Көркем өнер үйірмесіне араластырып, кәсіподақтың бүкілодақтық байқауына жібертеді. Мәскеуден жүлделі оралған жігіттің «обалына қалмайық» деп, арнайы жолдама алып береді. Сөйтіп, Жұмекен Алматы консерваториясына келіп түседі. Біз онымен дәл сол жылдары таныстық. Жатақханада кітап оқып жатыр ем. Дудыраған шашы желкесіне түскен тәмпіш мұрын бала жігіт кіріп, қара көзілдірігінің мүйіз сабын ерніне қыстырып, сығырая қарады. Жұлып алғандай қылып: «Е, Кекілбаев, сен де осында екенсің ғой», — деп бір мырс етті. Лекцияға бармай калғандарды тексеріп жүрген студенттер комитетінің қара таяқтарының бірі екен деп, аузымды енді аша беріп едім: «Жә, сыртқа шығып, сыра ішіп қайтпаймыз ба?» — деп жымиды. Ғайып перен көріп тұрғандай, аңырдым да қалдым. Ол қасыма келіп: «Жұмекен Нәжімедемов», — деп қолын ұсынды. Орнымнан атып тұрдым. Содан бір автобусқа отырдық. Ұзақ жүріп, ипподром тұсынан өте бере түстік. Ию-қию кішкене көшелердің арасымен бірде төбеге шығып, бірде төбеден түсіп, орғып-қарғып келеміз. Ақыры жеттік-ау… Қаққан қоңырауымызға бір арсалаңдаған ашаң қара жігіт шықты. Қуақы Жұмекен оны да бірдеңе деп күлдірді. Қауқылдаған дауысымызды естіп, ырсия күліп, бір қара торы, бір ақ сары келіншек шықты. Ақ сары келіншекті бір жерде көргендеймін. Кейін барып есіме түсті. Біз мектеп бітірген 1957 жылы Мәскеуде дүниежүзілік жастар фестивалі өтті. Соның қарсаңында облыстық фестиваль өтті. Мұнай зауытының клубы. Біздің ауданымыз әзірлік жасап жатқан. Бір топ жас үйіріле қарап тұрды. Қақ ортасында ұзын бойлы, сәукеле киіп үлбіреген әдеміше ақ сары қыз болды. Алдында олар әзірленіп жатқанда біз де барып тыңдағанбыз. Әлгі қыздың тамылжытып ән салғанын естігенбіз. Жұмекеннің үйіндегі — сол «нарындық әнші қыз» Нәсіп Мұстахова болып шықты. Науқастанып жатқан атасы: «Жалғызымның соңына қара ергенін көремін» деп мектептерін бітірмей жатып екеуінің басын қосыпты. Енді, міне, ажал алдында қарт ата айтқан аманатты орындамақ болып, ел асып, жер асып, ай сайын пәтер ауыстырып, онда да біреудің үстеріне кіріп, бақтарын сынап жүр екен. Екі-үш атадан бері «жалғыздан туған жалғыз» боп өрбіп, «жапан түздің желін аңсап жан қызды ап, арман, үміт — бізді айдында қалғызған, біз флотпыз жекелерден құралған, желкендерден — жалғыз, жалғыз, жалғыздан. Желкен — жалғыз, аспан — жалғыз, сен — жалғыз; жалғыз болсақ — туа сала болғанбыз; не бір тұман, не бір дауыл, не түнде, меңіреуліктер мұхитының бетінде қыр көрсетіп өтейік бұл жалғанға — жалт еткендер ұқсаңдаршы жанғанға; — желкен бе, деп тандансын жұрт, жалау ма, жалау болып, алаулашы, алаула!» , — дейтін ақын көбеюді де көп көксейді. Жұмекен әр пәтер ауыстырған сайын бір шілдехана жасалады. Үріп ауызға салғандай ақ сүйрік балапандарға Әйкен, Қарлығаш, Тоғжан, Саида деп үзілдіріп ат қойып жатамыз. Арпа ішінде бір бидай болып жалғыз ұлы туғандағы Жұмекеннің қуанғанын айтсаңыз. Әдеттегі бірімізге байқатып, бірімізге байқатпай «шаптан шағатын» мірдің оғындай мысқылын да ұмытқан. Езуіне ие бола алмай, әрқайсысымызға көзін сығырайта бір қарап, тісі ақсиып күле береді. Тек ат қойылғанда ғана баяғы қалпына түсіп, Мағжан деген есімнен басқаға көнбей, табандап тұрып алды. Оның мырс-мырс жымиып отырып-ақ өз дегенінен басқаға аттап баспайтын қайсарлығына да Ақжонасты барып көргеннен соң түсінгендей болдым. Жұмекеннің бойындағы көп қасиет сол баяғы Нәжімеден атасынан дарығандай. Жұрт жүгіргенге жүгіре бермейтін сабырлы. Жұрт жүгінгенге жүгіне қоймайтын сырбаз. Адамдармен де таңдап-таңдап табысатын талғампаз. Айтқанынан айнып қалмайтын табанды. Басқалар айта коймаған таңсық ой мен басқалар істей қоймаған таңсық іске мейлінше құмар. Аяқ астынан қайдағыны қайдан қиыстыра қоятын тапқыр. Өлеңдері баяғы Ашақ-Мәшідегі төңкерулі қазанның астынан жалт ете қалатын жалғыз іздей таңғалмасына қоймастай тосын естіледі. Жұрт алдына келіп, алғаш өлең оқығаны әлі есімде. Ол кезде Жазушылар одағының поэзия секциясы әр апта сайын «Ақындар сәрсенбілігін» өткізеді. Тайлы-таяғымыз қалмай жиналамыз. Есік жақта май дәметкен мысықтың баласындай жылмиып-жылмиып өлеңді енді бастап жүрген жастар отырады. Әуелі әйдік ақындар жазып жатқан жаңа кітаптарынан жыр оқиды. Сосын кезек жастарға тиеді. Бірде консерваторияда оқып жүрген ашаң қара жігітке сөз берілді. «Жатыр жақпар… Қарағайды аралайды жел ескен; жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен; тау сулары таусылмайды, сылқып тұрып ағады; қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады; айдалада ақ боз мінген Алатау бір ақ батыр; айналада тал қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр; қызыл гүлдер, «үзілдім дер», баяула жел, баяула қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма; бар табиғат — бір тіршілік, бір тіршілік баяғы; тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық-таяғы; тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де, біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде; тас балқытқан талма түсте — балқимыз біз күнге ұқсап, қызуынан алма пісті — айқасқанда мың құшақ; трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын — көп қызық, көп қызықты қапияда алмайықшы өткізіп! Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем, әрине, түнде көрсем үндемес ем, түсім ғой деп бәрі де… жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады, қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады. Міне, біздің Алматы осы, алма төсі бұлтиып, алма-төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп; жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап, Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ». Мінбедегі тәмпіш мұрын жігіт өлең оқып емес, зікір салып тұрғандай, жұрт соған жаппай елітіп, тіл мен жақтан айырылып қалғандай. Ілгергі жақта шашы дудырап, құлағы селтиіп, үздіге тыңдаған Әбу ақын: «Айналайын-ай!» деп, айқайлап жіберді. Біздің қасымызда мейіл қандырар иіс аңдыған жас бөлтіріктей ұзын мұрнын әуелете көтеріп, көзін ұясынан шығара адырайтып, ернін шүйіріп, еміне құлақ тосқан Қадыр Мырзалиев ләм-мим деместен тізесімен тіземді түртіп-түртіп қойды. Жастардың жаңа жинағын құрастырып жүрген Мұзафар Әлімбаев мінбеден түсіп келе жатқан бейтаныс жігітті сәл бөгеп: «Қарағым, басқа да жазғандарыңды қосып бізге әкеліп берші», — деді. Кейін, расында да, сол жинақтың нағыз інжу-маржаны Жұмекеннің топтамасы болды. Жұмекен ақын жыр әлеміне, міне, осылай аттап еді. Өлең де, музыка да инемен құдық қазғандай ғой. Инемен екі құдықты қатар қазып шығудың қиыны, айтпаса да, түсінікті. Оның үстіне ерте үйленіп, ерте балалы-шағалы болған Жұмекеңге күнкөрісті де ерте ойлауға тура келді. Консерваториядағы оқуын тастап, кітап баспасына қызметке шығуға мәжбүр болды. Әйтпесе, әдебиетте қандай саңлақтық таныта алса, өнерде де сондай таныта алар еді. Ол кезде сахна мен эфирде көп орындала бермейтін, тұсында цензура бағын байлап тастаған небір «күй сұлтандарына» алғаш рет біздің құлағымызды Жұмекен үйретіп еді. Ұялып отырғандай, басын бір қырын бұрып, домбыраға да, тыңдарманға да көз қиығын салмай, небір әдемі әуезді сіркіреп жауған сәуірдің жаңбырындай төгілте жөнелтеді. Тартқан сайын тал бойыңды ерітіп бара жатқан сіңімді саздан жұрт балбырай түсетін. Ал күйшінің өзі бүкіл болмыстың қақ төріне шығып алған жер тәңірдің өзіндей барған сайын состиып, айбаттана түсетін. Егер біреу-міреу абайсыз күліп не сөйлеп қойса, күй сол арада үзілетін. Жұмекен қыздың баласындай ыздиған сыпайы қалпын бұзбай, бір жымиып қойып, домбырасын құндағына салып, орнына апарып, сүйеп қояр еді. Темір қақпақты қорапшасынан темекі суырып, езуіне қыстырып, былайғылардың әжің-күжіңін тыңдаған болып, танауының астынан будақтаған көк түтінге бетін көлегейлеп, үнсіз-түнсіз отырар еді. Қанша жалынып-жалпайсаң да, домбырасын қайта қолына алмайтын. Сахнаға шығуды суқаны сүймейді. Самсаған көптің алдында күй тартып, өлең оқуды әбестік санайтын. «Осылар түсінеді-ау» дейтін көйлектің ішкі бауындай етене топтарға ғана өлең оқитын! Онда да ұзақ жалынтып барып оқитын, әрлі-берлі ойқастай қарап, саусағын кезеп, қабағын түйіп немесе ыржалақтап күліп, жұртқа жағынып не сес көрсетіп, әлекке түсетін елтең-селтеңі жоқ еді. Жұрттан да сабырмен тыңдайтын сыпайылықтан басқа ештеңе дәметпейтін. Олар тарапынан сәл енжарлық байқалса, оқып тұрған өлеңін аяқтап, жаңасын бастамай, орнына қарай аяңдайтын. Біреулер мұның бәрін сыпайылығынан, тіпті ұялшақтығынан немесе мінезінің бұйығылығынан көріп жүрді. Сол қаңқуға кейбір өлеңдерінде тіпті өзі де қосылып қоятындай. Ал мен бұған қосыла алмаймын. Оның мінезінде де, өлеңінде де өзіне жарасымды әлдебір ожарлық оты ылғи маздап тұратын. Қарапайымдылықтың өзі қайсарлықпен сақталатынын ұқпайтын адамдар аңдамасыңа қоймайтын арсы-күрсілікке бас ұрып, таңдай қата болып жатады. Ал Жұмекен жұрттың көзіне түсу үшін не жер тәңірімсініп, не ашық-тесік жүріп, сайқымазақтыққа салынатын «богемалық әуейілікке» әуес емес-ті. Бірде қала сыртында пәтер жалдап қатар тұрдық. Үйде Жұмекен отырған-ды. Үстіне тағы бір танысым келе қалды. Үйреншікті мінезіне басып, асып-тасып сөйлей жөнелді. Талайларды жыртық теріге алғысыз қып тастады. Жұмекен үн-түнсіз құлақ тіккен. Анау айтқаны ұнап отыр десе керек, одан сайын еліре түседі. Мақтана-мақтана құмарынан шыққан сабазды автобусына шығарып салдық. Қайтып келе жатып, шылымын сорғыштап, басын шайқаумен болды. «Осындай да адам болады екен ғой» деп анаған, «Қасыңа қайдағыны қайдан жолатасың?» деп маған ызаланып келе жатқаны еді. Тағы бірде тап әлгіндей масайраған біреу елге маза бермеген соң, басқамызды шығарып жіберіп, өзі бірге қалып қойды. Ертеңіне әлгі сабаз жүнделген тайлақтай жұп-жуас. Дастарқан басында Жұмекеннің қасындағы орынды нұсқасақ: «Құрысын, ол дүлейдің саусағын көрмейсің бе, сояудай ғой», — деп зыр-зыр қашады. Соған қарағанда, Жұмекен қой ауызынан шөп алмайтын бозымбайлардың сойынан емес сияқты. Әсіресе, қит етсе, «біз ақынбыз, жазушымыз, біздің қасымызда өзгелерің кім болыпсыңдар» деп бөсетін снобизмді жек көретін. Ал өнерді еріккеннің ермегі санап, онымен айналысатындарды менсінбей, есіркеп не кекетіп отыратындарды әлгілерден де бетер жек көретін. Күй тартып, өлең оқығандағы әлгі бір кіділігі де содан өрбитін. Өнердегі етекбастылыққа аза бойы қаза болатын. Шын өнерпаздың өзгелерге құлдық ұрғанды жақтырмайтыны кім-кімге де түсінікті. Ал өзгелерге құл болуды жақтырмайтындардың да өзгелердің елбең қағып тұруын талап етпеуі тиіс екенін сол өнер адамдарының өздері түсіне бермейтін. Жұмекен — бұл екі қағиданың екеуін де жіті қадағалайтын, суреткер қауымда да сирек кездесетін рухани бекзаттардың бірі еді. Ол ақын ретінде оқырманын, музыкант ретінде тыңдарманын өзінен жоғары не кем тұр деп есептемейтін. Ол өлеңін жоғары тұрған тақсырға қошемет-қолпаш, төмен тұрған пақырға өсиет, көлденең көк атты мен жалпақ жамағатқа айтыла салған жарамазан не уағыз деп ұқпай, дәл өзімдей ойланып-толғанып жүрген бейтаныс бастастарға ақтарыла айтылар жүрекжарды сұхбат деп ұғатын. Егер оқырман не тыңдаушысы оған селқостық көрсетсе, оның не айтып, не қойып отырғандығында еш шаруасы жоқ ақпа құлақ не айдаладағы атыкелді біреу болғаны. Ондайға өнер шығындап не әлек?! Сырыңды шашып не әуре?! Бұл — өзін бұлдаған астамшылық емес, өнерді бұлдаған жауапкершілік. Қарабайыр кірпияздық емес, рухани тәкаппарлық. Тоғышар ортада құрысқан-тырысқан мінез көрсетіп жатпай, өзімен-өзі болып кететін Жұмекен әдеби ортада, әсіресе, оның талантты тобында қадірлі еді. Сол тұстағы патриархтардың бірі Әбділда Тәжібаев бір баяндамасында ол жайында тебірене айтты. Екінші бір патриарх Әбу Сәрсенбаев баласындай Жұмекенді әкесіндей қадір тұтты. Тек құрдастары ғана емес, Ғафу Қайырбековтей талантты ағалары тек қабірінің басында ғана емес, көзі тірісінде қасында жүріп-ақ біздің «Жұмаш — ұлы ақын» деген лебізінен бір танған емес. Жастарға белгіленген сыйлықты Әнуар, Олжас, Қадыр, Еркеғали, Ғазизалармен бірге алғашқылардың бірі болып алды. Баспада кіші қызметте көп жүріп қалды деп, жастар газетіне бөлім басшылығына шақырылды. Жастар түгілі жасамыстар абайлап жуысатын азу тісі балғадай Тахауи Ахтановпен шахмат ойнап: «Саған шықты ақ жағы, қапы қалсаң да ойнап қал, күшті менің логикам, өйткені атам қой баққан; немересі қойшының қомағайлау келеді, жей тұрайын пешкіңді, пешкі деген бойдақ мал… «құрбандығың» дәмді екен, талабым жоқ ал бөтен, тек бір жаман әдетім: тойып алсам — әндетем!.. «Г» жасайтын шабуыл тақтада емес, тек қана: атпен шебер ойнайтын достарыңды мақта, аға, бірақ ондай қуларды шақырмау жөн тақтаға!» деп қағыту кім көрінгеннен етекбастылық көріп жүрген бозымбайдың қолынан келе ме? Қалыңдығы бір елі бас басылымның бас редакторы қолжазбасын оқып: «Міне, нағыз прозаик! Осы заманның прозасы осындай болуы керек!» деп мақтап, бір романынан соң бір романын қуана жариялаған, қалғандарды «Қожайын-ай!» деп қызықтырған марғасқа қаламгерлердің ғана қолынан келетін шығар. Бірақ бұдан Жұмекен бұл дүниеден ылғи осылай айдарынан жел есіп, шалқып өтті деген қорытынды шықпайды. Ондай жағдайда Жаратқанның өзіне ме, әлде соған еліктейтін әдебиет шонжарларының біріне ме, әйтеуір «пенделерге сырт қарап, былайғы ұсақ, біреу болдың бір өзің құдайға ұсап, айға ұсатып жіберді жұрт та сені, жамбасына көрпе емес, бұлт төседі, билік бітсе — құдай да қырт деседі, — бұл, әрине, көп жұрттың сыртқы өсегі; барыңды алып қашатын, барымтаның заманы емес, ал — есір, қағын-қағын!; бір жат көрсең — тояды бір қарын тағы; бір жымисаң — жынды да жарылқанды; жәдігөйден басқаның жанбай бағы, тамырында талайдың қан қайнады… адам болсаң — адамды жай адамша ұқ, көнбіс болсаң — кетті деп анық тойып, тұяғына есектің салып қойып, аспан жақтан қарама аяғансып. Пендең — емен, қартайса — құлайды емен, мен қартайсам құдайсыз, былай да өлем; бұққан сайын бұрайсың бұттан алып, мұнша ұялшақ болар ма құдай деген! Жұбатпа, дос, жүргем жоқ мен еңіреп, қартайдым тек түбі сен береді деп… Бір періштем бар еді: қайда, қайда? О да қуып кетті ме майда пайда?! Әйелге ұқсап өкпе айту — жұмысы ердің; осы да ерлік; тек алда білісер күн; сені де аяп арқаңнан қағармын бір, сенімен де, құдірет, бір ішермін!» дейтін дәрежеге дейін налып-назырқар ма еді. Бұл, әрине, сонау 1983 жылдың күзінде: «Инфаркт өтті, орнында зақым қалды, жарылғанның заманы-ай, атылғанның; атом бомба жарылса, о да, бәлкім, инфаргі шығар-ау атомдардың; қашан шаншып, білмейсің, тыз етерін, ажалыңның не жаз, не күз екенін болжау қиын, бомбылар қоймасындай көкірегімді күні-түн күзетемін», — деп ауруханада ажал аузында жатып жазылған өлең. Әрине, сол инфаркке тек талай жылғы еңбегін күлпаршалаған редакторлық өктемдік, өмір бақи ауру шешесі, әйелі, балалары, өзіне бір жаңа баспана бұйырмай қойғанына налығандық, тарлан басымен тайлақ арасына қосақталғанына намыстанғандық еш әсер етпеді деп айта алмаймыз. Алайда әлгіндей енжарлық көрсеткен әріптес замандасының бетінің ұятын бес төктіретін ызалы өлең аштан өліп, көштен қалғандықтан емес, адамның бәсін бес тиын қылған сол кезде қаңтардай қақап тұрған тоталитарлық астамшылдыққа атылған оқ еді. Ол тек төзіп-төзіп келіп, өмір мен өлім межесіне жеткен соң, бұл болмаса, күл болсын деп, алғаш рет атылып отырған жоқ еді. Бұл Жұмекеннің тұңғыш өлеңінің өзі-ақ сол кезде қайуақ басты да қапысыз жайлап алған тоталитарлық сана мен тұрпайы әлеуметшілдіктің көбесін сөге келгенін жоғарыда айттық. «Балауса» атты тұңғыш кітабы шыққанда әдебиетімізге қосылған соны құбылыс ретінде атағандарды сол кездегі сын күпінің битіндей талап, маңдайы жарқырап тұрған жаңа талантты жай әшейін көптің бірі ретінде көрсетуге тырысқан-ды. Енді, міне, сол автордың 1996-1997 жылдары жарық көрген үш том жырларын сараптап көріңізші. Әлгі айтылған антитоталитаристік бағыт ең алғашқы кітабынан, көз жұмғанда үстелінде қалған жарияланбаған жырларынан құрастырылған, өзі көре алмай кеткен соңғы кітабына дейін желісін үзбей жалғасып жатқанын байқайсыз. 1961 жылы шыққан «Балаусаны» бүгін ақтарыңызшы: қайсысынан балғындық пен олпы-солпы қарабайырлықты таба алар екенсіз?! Ал сол кезде шыққан басқа кітаптарға көз салыңыз: Жұмекенге тән атымен сонылық, атымен тосындықпен қоса, пайымдық тұтастық, қапысыз көркемдік, суреткерлік даралық қаншалықты көзге ұрып тұрар екен?! Тұңғыш кітабының өзінде бір фальш жоқ. «Анау келген кім болды екен, біліп келші, кім екен? Батырлық па? Өз төрімде күтіп алам, түнетем. Байлық болса, қулау болар, тура қара көзіне, кім болса да, алдамасын, алданбасын өзі де; қайғы болса, артында оның қуанышы бар шығар, бірі кірлеп, бірі жуып, кеудем менің аршылар; бақыт болса, денем әлсіз көтере алмай (өз ойым), арман болса өмір бақи арқалайын, төзейін… арманым боп арнап келсе — барым әзір, көңіл қош, түсір жылдам атын байла, қырауын қақ, тонын шеш; шындық болса, кілем төсе, дастарқаным жаямын, жалғандық па — тулақ таста, сүртіп шықсын аяғын!» Ж.Нәжімеденовтің ақындық, азаматтық кредосы. Содан бері жарық көрген шығармасында, әлгі тұрғыдан, «аяғын сүртіп шықпаған» бірде-бір шумақ жоқ. Ол — шығармашылық жолын сонау алпысыншы жылдары бастағандар түгілі демократиялық үрдіс әлемдік дәрежеде өрістеп жатқан қазіргі заманның өзінде жаппай тәуекел ете алмай тұрған рухани максимализм еді. Дүниедегінің бәрін бір етікке тығатын саяси тоталитаризм дәурен құрып тұрғанда тырнақтай фальш жібермейтін шыншылдықты талап ету өзіңді-өзің сират көпірге сүйрелеуге барабар жанкештілік еді. Жұмекен бүкіл өмірін суреткер ретінде өзінен-өзі алмақ әлгіндей қатаң сынақтан сүрінбей өтуге арнады. Ол үшін тек өз заманы мен өз ұлтының ғана емес, солар арқылы барша адами қауымның болмысын жан-жақты зерделеуді көздеді. Мұншалықты ауқымды мақсатқа жету үшін онсыз да айлапат дүниені одан сайын айлапаттандыра түскісі келмеді. Қайта күллі адами болмысты молекулярлық, тіпті микромолекулярлық деңгейде зерттеуді құптады. Ол ұстанған поэтикада глобальдық емес, молекулярлық үстем түсті. Бұл дүниені бұрыннан бар филологиялық ракурстар мен өлшемдер арқылы қарастырмай, әр дыбысты нотаның он алтыдан бір бөлшегіне дейін ұсатып, екшеп, ежіктеп қарастыратын музыкадан келген Жұмекендей сирек ақындардың ғана қолынан келуі мүмкін іс еді. Ол бұл мақсатын қалай жүзеге асырды? Оның кітаптары «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жарық пен жылу», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Жеті бояу», «Шуақ», «Ашық аспан», «Қыран қия», «Менің топырағым», ал лирикалық-философиялық дастандары «Қыран қия», «Ақ көгершін», «Тамыр мен жапырақ», «Жаңғырық», «Алдар Көсе немесе диалогтар», «Кішкентай», «Ән бұлағы», «Келін», «Көзсіз батыр», «Қанды сүт», «Соңғы махаббат» аталыпты. Тек осы атаулардың өздерінен-ақ оның бүрге тағалаған шебердей, шыңырау қазған құдықшыдай, басқа галактикаларды зерттейтін супертелескоптар жасаған оптиктердей микронмен өлшенер дәлдікпен, өліп кеткенше істеп отырған ісінен басын көтермеген қайсарлықпен еңбек еткендігін аңғару қиын емес. Ол жиырмасыншы ғасырда бұрынғыдан бетер бытысып, адамның миын талқандардай боп күрделеніп кеткен адами болмысты эстетикалық, философиялық, моральдық-этикалық, саяси, тарихи, әлеуметтік рикурстардан қарастыруды місе тұтпай, осы заманғы физикалық, астрономиялық, стереометриялық ракурстардан қарастырып, молекулалық және микромолекулалық өлшемдермен сараптап-салмақтайды. Бір қызығы, осы дәлдік, осы жітілік, осы мұқияттылық оның жырларында жүре пайда болмаған. Әу бастан бар. «Қызғануды ұқпаушы едім бұрын мен, көрші қызды қызғанбасқа болмады; екі ішектей қатар түскен бұрыммен менің сезім-саусақтарым ойнады; мен қызғансам көршіні, мені қызғанды әйелім — қос күйікті көтеріп жүр бой әрең. Егер менің қызғанышым — ит болса, екі есікті күзеттіріп қояр ем». Бұл — әрине, метафора, микропсихология «Жүрегімде бір тамшы қан болса егер, бар денеңді айналып ол жол шегер; мен де осынау тамшы қанға барабар, туған жердің тұла бойын аралар, менің демім баяу ғана бір алған — күрсіну мен сүйсінуден құралған; арман-арман алға бұрды бетімді, нені қусам — сүйем соған жетуді; мен кідірсем, терім сүртіп бір сәтке, бүкіл дүние жүрекке ұқсап тоқтап қалар секілді». Бұл — әрі бір адамның жан сыры, әрі бүкіл тіршіліктің жиынтық мағынасы. «Кітап сынды, қалың-қалың түбімен төңкеріліп, күндер жатыр алда көп: екі көзді жағып алып үңілем, оқитыны бар ма деп; ашып қалып абайсызда кейбірін, жапқанымша асығамын тағы да; жақсы кітап — көктем болып, мейірімін төгер менің енді көктер бағыма; көп кітапты оқығаным жоқ әлі, көп күндерді көре алмаспын деп кестім; жаман кітапты оқымауға болады, жаман күнді қалай ғана кешпессің!» Бұл — бүкіл тіршіліктің тауқыметін анықтайтын басты ақиқат. Адамға тән ең өзекті драма. Осының бәрін отызға енді-енді толар-толмастағы жас ақын айтқан. Ақиқат орасан болса оны әркім-ақ көрер еді. Жоқ, ол тонналап табылатын қара көмір емес, грамдап сұрыпталған уран. Мысқалдап жиналатын асыл. Түйірлеп дәмін тататын миуа. Жұмекен сол мысқалдап жиналатын ақиқаттан күллі адами тіршіліктің қыр-сырын түгел ашатын кең қарымды панорама — өзінің «Адамзаттық панорамасын», дұрысы өзінің «Адамнамасын» сомдап үлгерген ақын. Миниатюралардан жымдастырылған монумент сомдаған сирек мүсінші. Бәлкім, біздегі бар шығармасын біреуін алып тастасаң, бәрі ыдырап қалатындай, лирикалық інжулер тізбегін біртұтас шедеврге айналдырып кете алған бірден-бір суреткер. Қолына домбыра ұстаған Жұмекеннің поэзия мен музыканы шебер тоғыстыра алғанынан әркім-ақ хабардар. «Күй кітабын» оқыған әр адам мұның шындық екеніне көз жеткізе алады. Бүкіл үш томдықты оқыған адам Жұмекен музыкализмінің ол жазған өлеңдердің тақырыптары мен әр шумағының эвфониялық байлығымен шектелмейтінін бірден таныр еді. Оның поэтикалық шығармашылық түрлері музыкалық шығармашылық түрлерімен әуендес. «Балаусадағы» Моцартқа тән рондолық, одан кейінгі біраз кітаптардағы Шопен мен Шубертке тән сонаталық, кейінгі кітаптардағы Бетховенге тән қаһармандық драматизмге толы симфониялық, тіптен кейінгі кітаптарындағы Вагнерге тән сұрапыл дисгармониялық және диссонанстық рок-симфонияға лайық пішімдерге ұласады. Ал қолына бұрын қылқалам алып көрмеген Нәжімеденовтің болмысқа нағыз суретшілерге тән қырағы жанармен үңілетіндігін ол қалдырған мұраны тұтас зерделеген адам бірден аңғарып, Америка ашқандай қуанады. Оның сөзбен салған суреттері бірде француз импрессионистеріне тән тұрмыстық лиризмді, бірде Чюрлениске тән философиялық поэтизмді, бірде Сальвадор Далиге тән философиялық сюрреализмді еске салады. С.Дали сюрреализм табиғатындағы философияға жүгінсе, Ж.Нәжімеденов философия табиғатындағы туа біткен сюрреализмге көбірек ден қояды. Жұмекен қалдырған текстің мағыналық-түрлік табиғатын, жанрлық-стильдік сипаттамаларын сараптау әлі қолға да алынған жоқ. Оған тән миниатюралық шығармалар кристалдардай әр қарағанда әртүрлі құбылып тұрады. Онда эпостық көшеліліктің жүгін арқалайтын лирикалық миниатюралар мен лирикаға тән эмоциялық кернеу мен локализмге құрылған эпикалық толғаулар қой қосақталып, қатар өрбиді. Лирикалық сипат алған уыт пен ирониялық сипат алған нәзіктік шебер қиюласып жатады. Фантасмогориялық қитұрқылықтар мен тұрмыстық натурализмді синтездеу арқылы бір тексті, көп мағыналы керкемдік жинақтауларға ұмтылу Жұмекен поэзиясының біздің топырақтағы бірегейлігін аңғартқандай. Қысқасы, Нәжімеденов — жиырмасыншы ғасырдың соңғы қырық жылындағы өз мойнына алған суреткерлік міндеттемесін толық орындап, қазақ әдеби кеңістігіндегі поэзия сынды қозы жамыратқан ауылдай мазасыз алқапты аяқ-қолы түгел, басы-көзі бүтін, қапысыз сомдалып, мұқият мүсінделген кесек еңбек тастап кеткен адам. Оны ыждағаттап оқып, мұқият түсініп, әділ бағалауға арсы-күрсі әлеуметтік құштарлықтар мен ию-қию танымдық дау-шарларға толы беймаза уақыт әлі қалыптасып бітпеген жаңа қоғамға әлі жеткілікті мұрша бермей жатыр. Әлі түгел түсінікті болып үлгермеген суреткер әділ бағасын алып та үлгермейді. Сондықтан да, тірісінде: «Жақсыларын күндеген жұрт жабыла, жамандарды менсінбейді тағы да, қанағат жоқ, қайырым да жоқ әрі — сонда кім боп күн көруге болады?» — деп күйзеліп өткен ақын рухы: «Қажасып тұр қарт шыңдар, кекесіп тұр; бірінде бет, бірінде шеке ісіп тұр; өрмелеймін биікке, тағдырым-ау, мына мені алдымда не тосып тұр?!» — деп әлі алаңдаулы. Әзір көп жұрт оның есімі мен «Менің Қазақстаным» деген әнін жақсы біледі. Барша жұрт оның барша өлеңін оқып, бүкіл мұрасын жаппай қастерлейтін күн де алыс емес болар. Оның Қазақстаны енді орнап келеді. Оның жұлдызы оның жырларын терең ұққандар көбейе түскен сайын биіктей береді. Ең шырқау биіктерден артында жүзеге асқан абзал мақсаты мен адал еңбегін қалдырған, рухани бекзаттық пен суреткерлік қайсарлықтың үлгісіндей ғұмыр кешкен Жұмекеннің жұлдызы жанбағанда, кімнің жұлдызы жанады?! Жанады. Жанғанда қандай!

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, 2005 жыл.