АҚЫНДЫҚ ҒҰМЫРДЫҢ АЙШЫҚТЫ СӘТІ
2015 ж. 09 қараша
5014
1
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітапханасының Үлкен залында ақын, сазгер, драматург, аудармашы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбайдың «Бір тамшы көздің жасындай», «Өкінбеймін, шақырмаймын, жыламан...» және «Өзімді саған сыйладым» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Үш кітап бөлек-бөлек үш жанрды қамтиды. «Бір тамшы көздің жасындай» автордың өзі айтқанындай, жан толқытқан ой үзіктерін, өмір, тіршілік толғамдарын өзек етеді. Ал «Өкінбеймін, шақырмаймын, жыламан...» Сергей Есенин шығармашылығының сан қырын, атап айтқанда, өлеңдері мен хаттарын, ақын жөніндегі замандастарының естеліктерін көркем тәржімалауымен құнды. «Өзімді саған сыйладым» – жаңа заманның «Махаббат жыршысы» атанған ақынның соңғы кезеңдерде жазған жаңа жыр кітабы.
ҚР Ұлттық Кітапханасының бас директоры, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров:
– Құдайға шүкір, көріп отырсыздар, мына лық толған залдың өзі-ақ сүйікті шайырымыздың оқырмандарының мол екенін көрсетіп отыр.
Иә, қазіргі заманда кітаптың көптеп шығып жатқаны жасырын емес. Мысалы, бір кезде совхоз директоры болған кісілердің балалары әкелерінің күлдібадам кітаптарын бұрқыратып шығарады да, алқынып осында алып жетеді. Мәңгілік сақталсын деген дәме ғой. Әрине, біз ондай нәрселерді ешқашан қабылдамаймыз. Өйткені, ұлттық қорды қоқыспен толтыруға қақымыз жоқ. Мүмкіндігінше, мына үлкен ақынымыз Исраил Сапарбайдай ұлттың әдебиетіне, мәдениетіне үлес қосатын ақын-жазушылардың лайықты дүниелерін қабылдап алуға тырысамыз. Сөйтіп оларды қалың оқырман қауымға таныстыруға асығамыз. Мен бүгін осынау ғибратты кешке жиналып отырған ағаларымыз бен замандастарымызға, іні-қарындас, ұл-қызға рахмет айтқым келеді. Жақсы шығармалар қатары көбейе түсуіне тілектеспін.
ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбаев:
– Жақында ғана осы кітаптардың бірін парақтап отырып, Абайдың терең ой әлеміне, Махамбеттің асқақ рух дүниесіне, оның сұрапыл тегеуірініне қайта жолыққандай әсерлендім. Қаламгерлік шеберлігіне тәнті болдым. Исраилды сонау ұлы бабаларымен бәсекелес деңгейде көргендей күйге бөлендім. Бұл шығармалардан кейінгі ұрпаққа керекті көп ұлағат таптым. Әдемі оқылады. Және қандай тілмен жазылған! Қазақтың тілі не деген керемет тіл, не деген ғажайып тіл! Қайта-қайта оқығың келеді екен. Исраил інім, қолыңнан қаламың түспесін. Көкірегіңде әлі талай дүние жатыр. Айтарың көп. Бойыңдағы дарын сенің ғана меншігің емес, халықтың қазынасы. Соны жеткіз еліңе. Кітаптан кітапқа жете бер!
Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов:
– Кемеліне келген тарлан таланттың бірнеше жанрда шашасына шаң жұқтырмай, тынбай шапқан шабысына біз бүгін бәріміз куә болып отырмыз. Исраил Сапарбай бірде театрларда Шәмші боп егілсе, бірде аспаннан сұлу саз боп төгіледі. Бірде көкке қарай жыр боп қалықтаса, ал енді бірде философиялық терең ойлар боп кемелдене түседі.
Қолдарыңыздағы біздің «Дәстүр» баспасынан шыққан «Бір тамшы көздің жасындай» атты ақынның он бес жыл бойы жазған бұл кітабы бұрынғы еңбектеріне қарағанда оқырманға сәл тосындау көрінуі мүмкін. Олай дейтін себебіміз, ақынның бұл кітабы ақынның кезекті өлеңдер жинағы емес. Бұл біздің топырақта бұрыннан бар үлгіде жазылған Исраил Сапарбайдың бұрын-соңды баспа бетін көрмеген жаңа еңбегі.
Ал, енді ақынның Есенин жөніндегі кітабына да аз ғана тоқтала кеткім кеп тұр.
Құдай-ау, біздің қазақта Есенинді кім аудармады. Кім Есенинге еліктемеді. Есенинге кімдер өлең арнамады. Ол туралы кімдер мақала жазбады?!. Тіпті, сонау академик Евней Букетовті айтпағанда, Ғафу ағамыз бастаған аға толқын, Қадыр ағамыз сонау 1979 жылы Есениннің өлеңдері мен поэмаларын аударып, тамаша кітап етіп шығарды. Қарындасы Александра Есенинаның қазақ тіліне Сұлтанғали Қаратаев аударып, 1985 жылы шыққан «Аяулы ағатайым. Естеліктер» деген тамаша кітабы бар.
Бұл арада мұндай дүниелердің бәрін тізіп айтып жатудың қажеті де жоқ шығар. Барымызды ешкім сырттан кеп алып кетпес, біз бүгін жоғымызды түгендегеніміз дұрыс шығар деп ойлаймын.
Кезінде Николай Клюевтің Есенин қайтыс болғанда жазған он шақты жоқтау, аза өлеңдері әлі аударылған жоқ.
Орыстар Есенин жайлы не жазбады. Не айтпады. Басқасын былай қойғанда оның замандастарының естеліктері берілген «О Есенине», ақындар, әдебиетшілер мен сыншылардың мақалалары жинақталған «Мир Есенина» немесе «Есенин глазами женщин» деген ақынды көрген, бірге жүрген, оған ессіз ғашық болған әйелдердің естеліктері топтастырылған тамаша кітаптар әлі күнге дейін қазақшаға аударылмапты. Басқасын айтпағанда, оның ішінде, Есенин қайтыс болғаннан кейін оның моласының басына барып өзін-өзі атып өлтірген Галина Бениславскаяның тағдыры сондай аянышты болғанмен, ұлы ақынға деген оның таңғажайып махаббатына қайран қалмасқа бола ма? 1926 жылы 3-желтоқсан күні осы Галина Бениславская Есенин жерленген Ваганькадағы бейіт басында былай деп хат жазып қалдырып, атылып өледі: «Самоубилась здесь, хотя и знаю, что после этого ещё больше собак будут вешать на Есенина… Но и ему, и мне это все равно. В этой могиле для меня все самое дорогое…».
Бұның бәрін тәптіштеп айтып жатқаным, Исраил Сапарбай Есениннің осы Галина Бениславскаяға 1924-25 жылдары Бакуден, Тбилисиден жазған бірнеше хатын да осы кітапта тамаша аударған. Сондай-ақ ақынның басқа да рухани жақын адамдарының пікірлерін, хаттарын осы кітапта аударып, оқырманға ұсынып отыр. Осыдан ақ бұл кітаптың салмағын сезуге болатын шығар.
Ал енді осы арада, Исраил Сапарбайдың аудармасында Есенин өлеңдері қалай шыққан деген сұрақтың дәл қазір бәріміздің көкейімізде тұрғаны анық. Ендеше мен ақынның екі аудармасынан үзінділер оқып берейін.
...Жарық күннің жамау-жасқау астары –
Жарым түнде кімдер мүлгіп-қалғымас.
Түсіме енді Рязанның аспаны,
Және... өмірім – жадау, жарлы, қаңғыбас.
Қаншама әйел өліп-талды мен үшін,
Мен қаншасын сүйдім, құштым,
ұмыттым.
Өрге емес, көрге сүйреп өрісім,
Қу шарапқа құлдық ұрдым, құнықтым...
Немесе:
...Кім тәңірін күн кешеді тыңдамай?
Пешенеңде тағдырыңның тәлімі.
Ақын болып жаралмағанымда ғой,
Болар ма едім ұры-қары кәнігі.
Рас, рас, бастан өтті көп бүлік...
Күнім бар ма жұдырықты түймеген?
Талай-талай мұрнымды бет қылып,
Қайтушы едім қызыл қан боп үйге мен.
Алдарқатып үрейі ұшқан анамды,
Айтушы едім бүлк етпестен былай деп:
«Асқақ айбын, амалды һәм табанды,
Менен асқан бұл көшеде Құдай жоқ»...
...Өлең, өлең...
Қызық болды-ау бұл өзі,
Тыныш жатпай қанымда оттай лаулайды.
Қылығы да, бүлігі де, мінезі,
Дәл кешегі Қызталақтан аумайды!
Адам адам бола ма елден шет қалса,
Алагүлік – бала күлік далбаса!
Кещеліктен кеше мұрным бет болса,
Бүгін жаным жалғыздықтан қан-жоса!...
Анама емес, әпербақан жандарға,
Айтарым сол асқақ күйде былай деп:
«Артыңды ашып күлме және таңданба,
Ақындарда менен асқан Құдай жоқ!»
Исраил Сапарбайдың Есенинді аударған екі өлеңінен үзіндіні мен Сіздерге әдейі келтіріп отырмын. Ал енді осы аударманың бұрынғы кейбір ақындардың аудармасынан несі артық дегенге келейік.
Біріншіден, Исраил Сапарбай Есенин өлеңдерін бұрынғылар құсап сылап-сыйпап, тырнақшаға салып айтсақ, «жөндеп» жібермегендігімен бізге өте қымбат. Бұрынғы аудармалардан хулиган, бунтарь, тауға да, тасқа да басын соққан, шарап ішкен масаңдау, аласұрған, жан ұшырған, құлаған, ебіл-дебіл боп жылаған Есенинді таппай қор болатынбыз. Бізге бұрынғы аудармашылар жібектей есілген мәдениетті, сыпайы, асқазаны ауыратын, диета ұстайтын, мүлде шарап ішпейтін Есенинді ұсынды. Біз өзіміз білетін есіл Есенинді іздеп таппай қор болған соң, әлгі аудармаларды лақтырып тастап, амалсыз бір күрсініп ап, «Не зову, не жалею, не плачу» деп орысшасына қайта бас қоятынымызды несіне жасырамыз.
Екіншіден, жаңа ғана мен оқыған Исраил Сапарбайдың аудармасы қазақы болмысқа, қазақы түсінікке, ақын санасының сүзгісінен әбден өтіп келгендігімен бізге қымбат. Қазақы ма? Қазақы. Дау бар ма? Дау болмауы керек деп ойлаймын.
Екі кітапты да ақын санасында әбден пісіріп, қағазға түсірген. Бір жүйеге түсіріп, тұтас екі сұлу әлем жасаған.
Драматург-жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков:
– Мінезінің өзі бетегеден биік, жусаннан аласа, сылдырап аққан мөлдір бұлақтай Исраил өлеңі мен пьесасын жазып қана жүріп жатыр екен десек, мына кітаптарын қарап отырып, оның құлашты кеңге сермей түскенін байқаймыз. Қоғамымыздың кешегісі мен бүгінінің жайы, ертеңгі ахуалы қалай болады... Жаңа заман адамының психологиясы қандай... Қазақтың болашағы не болмақшы... Міне, осы төңіректе терең ойланатынын көрдім. Расында, көбіміздің қабырғамызды қайыстыратын жәйттер... Көңіл алаңдататын нәрселер. Осының бәрін Исраил қаламынан кездестірдік. Мұнда Абайдың қарасөздері сияқты толғандыратын, ойландыратын дүние тұнып тұр.
Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет:
– Бүгін бір керемет кеш болып жатыр. Өйткені, бір күн ішінде үш кітабының тұсауын қатар кескен ақындар некен-саяқ шығар деп ойлаймын. Бұл – ақын ғұмырдың айшықты сәті.
Әрбір кітабы шет пұшпақтап қарағанның өзінде тереңіне тартып әкетеді. Шынын айтқанда, қазір біздің поэзияда махаббаттың нағыз жыршысы дейтін бір ақын болса, ол осы біздің Исраил ағамыз. Гетені айтып жатады, жетпіс жасында ғашық болған, жас аруларға жыр арнаған деп... Мен ойлаймын, сол Гетеңіз кейде біздің Исекеңнің қолына су құя алмай қала ма деп!
Еске түседі, сонау бір жылы Мархабат Байғұтов ағамыз елуге толғанда Шымкентке шақырып, сол сапар осы Исағаңмен бірге барғанымыз бар. Сонда ел-жұрттың Исраил поэзиясына, әсіресе, оның ғашықтық лирикасына керемет құмартатына көз жеткізгенбіз. Автограф беруден қолы босамады... Содан бері кітаптан кітапқа көбеюде. Әрбір кітабы әдебиетке қосылған үлес болып келе жатыр.
Ал оның Есенин аудармаларын бөліп-бөліп, «Жұлдыз» журналына жариялағанбыз. Оқырмандардан көптеген хаттар келді. Шынын айтқанда, Сергей Есенинді Мұзафар Әлімбаевтан кейін, Қадыр Мырза Әлиден кейін жеріне жеткізе аудару екінің бірінің қолынан келетін іс еместігі түсінікті. Исраилды бақытты ақын деп есептеймін. Қалың бұқара оқырманыңыз бар. Солардың қатары әлі де болса көбейе берсін!
Ақын, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Оразақын Асқар:
– «Бір тамшы көздің жасындай» жинағын біраз шолып шықтым. Қазақ әдебиетінде мақал түзуден жалғасқан дәстүр бар. Мұзафар Әлімбаев, кешегі Қадыр Мырза Әли... Исраил сол үрдісті әрі қарай дамытыпты. Мәселен, ол: «Жеңімпаз – тәубашыл, жеңілген табашыл» дейді. Рас қой. Қазақта «Жақсы адам өз кемшілігін өз басынан іздейді, жаман адам жауының бойынан іздейді» дейді. Сондықтан, Исраил ойлары сол ескі байламдармен табиғи үйлесіп тұр. Немесе: «Кешегі әсем бақ бүгін көрсең – автотұрақ» дейді. Өте дәл айтады. Бұл, айталық, менің өз басымнан кешкен, көріп жүрген құбылыстарым. Исраилда мұндай тұстар көп. «Ұлт қадірі тілінде, ұрпақ қадірі білімде» дейді. Ал білім қайда? – Білім – кітапта. Қазір кітап оқымайтын ұрпақ келді деп жиі айтамыз. Осы, әсіресе, біздей аға буынды қатты алаңдатады. Жастар осындай дүниелерге қараса екен, көз қырын салса екен дейсің. Бәрін айтып жатуға уақыт аз. Оқуға кеңес беремін.
«Қазақстан авторлары қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жазушы Марал Ысқақбай:
– Исраил Сапарбай да Абай атасындай қазаққа сын көзімен қарайтын болуы керек. Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітаптардың бағытынан соны анық байқауға болады. Жаңа ғана айтылғандай, бүгінде кітап оқылмайтын заманға тап болғанымыз өтірік емес; шынында да, дәл қазіргі заманда мәселен, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын немесе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, яки замандасымыз Бексұлтан Нұржекеұлының «Қилы заман» шығармасын оқу біршама қиынға түсуі мүмкін. Ал Исраил кітаптарының ерекшелігі – бұларды қай жағынан бастасаң да оқи беретін шығармалар. Жалықтырмайды.
Жалпы, махаббат та адамға берілетін талант сияқты нәрсе болуы керек. Исраил Сапарбай сондай қасиет иесі. Мына кітаптары бірнеше роман, толғаулардың жүгін көтеріп тұрған дүниелер. Егер мен осыларға сын жазсам, оным философиялық трактат болып кетуі ықтимал. Өйткені, бұл еңбектердің іші тұнған философия...
* * *
Жиында сондай-ақ Асылы Осман, Есмұхан Обаев сынды басқа да қоғам және мемлекет қайраткерлері мен өнер майталмандары жаңа кітап туралы лебіздерін іркіп қалған жоқ. Шараға Астанадан арнайы келіп қатысқан «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса да кеш иесін құттықтап, оған ұйым атынан Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған кеудешені табыстады.
Дүбірлі жыр кеші әсерлі әнге ұласты.
Жырсүйер жұрт белгілі ақын Бақыт Беделханұлы жүргізген айтулы шарадан қатты серпіліп, қанаттанып тарағандығы даусыз.
Құлтөлеу МҰҚАШ
"Қазақ үні" газеті
Аңдатпа
БІР ТАМШЫ КӨЗДІҢ ЖАСЫНДАЙ...
Ой-толғамдар. – Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС; «Дәстүр», 2015. – 388 б.
Қолыңыздағы кітаптың алғаш ақ қағаз бетіне түсе бастағанына, міне, аттай он бес жыл өтіпті. Ауызекі сөзді былай қойғанда, өлеңге қимайтын да сыймайтын айрықша ой үзіктері, тіршілік толғамдары сізді де бейтарап қалдырмас деген үміттеміз. Ащылы-тұщылы өмір шындығы да, көз жасындай кермек ой тамшылары да осы кітаптың ішінде...ӨКІНБЕЙМІН, ШАҚЫРМАЙМЫН, ЖЫЛАМАН...
Аудармалар жинағы. Сергей Есенин.
Аудармашы Исраил Сапарбай. –
Алматы: «Хантәңірі» баспасы, 2015. – 324 б.
Қазақ және орыс әдебиеттері байланыстарының түп-тамыры тереңде жатыр. Кешегі Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан байланыстардың Одақ тарап, еліміз егемендік алған тұста әлсіреп қалғаны рас. Биылғы жыл Ресейде «Әдебиет жылы» болып жарияланды. Осы шара аясында Ресейдің әдеби жұртшылығы орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің 120 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Қазақтың белгілі ақыны Исраил Сапарбайдың аудармасымен жарық көрген бұл жинақ қалың оқырман қауымды орыс табиғаты мен жанының жыршысы, ғажайып лирик ақын С.Есениннің шығармашылығымен жақынырақ таныстыруға септігін тигізіп, қазақ және орыс әдебиеттері байланысының нығаюына дәнекер болады деген сенімдеміз. ӨЗІМДІ САҒАН СЫЙЛАДЫМ... Алматы: «Нұрлы Әлем» баспасы, 2015. Жырсүйер қауым, оның ішінде жастар жағы көптеген жүздесу-кездесулердің бірінде Исраилға «Махаббат шайыры» деген мәртебелі атақ берді. Бұл, сөз жоқ, тұтас оқырманның шын ақынға деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігінің шынайы көрінісі болатын... Енді, міне, «сыйға – сый» демекші, автор өз оқырманына «Өзімді саған сыйладым» атты жаңа жыр жинағын ұсынып отыр. Тәбәрік БІЗГЕ ДЕ БІР ТЕМІРҚАЗЫҚ КЕРЕК-АУ!.. 1-ші кітаптан Ібіліс жаулаған елдің ішін ірің жайлайды. Рухы күшті ел Алладан басқаға бас имейді. Батыстың көзге көрінбейтін көсемі – демократия. Орыстың рухани пірі - бірінші Петр. Түрік туыстардың ту ұстары – Ататүрік. Иранның имамы да, иманы да – Аятолла Хомейни. Өзбек ағайындардың да Әмір Темірі ат үстінде. Бізге де бір Темірқазық керек-ау!.. * * * Көп қыздарымыздың сана-сезімі қазір сынаптай сырғып жүр. Олар үшін бүркіт те бір, бірегей де бір, шүршіт те бір, шүрегей де бір. Біз көңірсітіп жүрген неоинтернационализмнің бір сықпыты осы болып жүрмесін... Шіркін-ай, демократия дегеніңіз рахат бір дүние екен ғой: капитализмнің шекпенін киіп, социализмнің сөзін сөйлеп жүрміз. * * * Шенеуніктің шекпенін киіп, шегірткеше билеп жүрген қазағыма қайранмын!.. * * * ...Сауаты шала, көңілі бала, бейілі дала кешегі қыр қазағы мен бүгінгі бірі зиялы, бірі қияли, бірі қалталы, бірі алқалы, бірі ойшыл, бірі тойшыл, бірі дарынды, бірі қарынды, бірі Шығайбай, бірі құдайдай, бірі Жантық, бірі тантық, бірі Батыраш, бірі Қотыраш, бірі даңғой, бірі сәнқой... қысқасы, сан түрлі, сан қырлы қазекемді салыстырып көрген жеріңіз бар ма? Айтары жоқ, бүгінгі казақ бәріне бейім, бәріне дайын. Шамасы, ол қазақ бола-бола қажыған, қартайған, зеріккен, жалыққан. Өзіне – жаппай қасқыр, өзгеге – «ләббай, тақсыр»... 2-ші кітаптан Өкінбеймін, Шақырмаймын, Жыламан... Бәріне де шыдайды екен бұл адам... Алтынсары күзге айналған шағымда Аруларға баяғыша ұнаман. Сен де жүрек, енді асыға соқпассың, Сабырсыз ең, Салқынсыдың Шоқ бастың... Ақ сисалы ақ қайыңның әлемін Кезіп жүрген кездерімді таппаспын. Таңдайымнан тәтті дәмі кетпеген Сайран күндер өтіп кетті-ау, әттеген... Жастығымның жалт етпелі шағында Кезім бар ма сезімімді шектеген?! Қызығы мен қызуы кем кеуденің, Көрген түстен айнымайды-ау кейде өмір... Таң алдында күрең мініп Күн жаққа Ағып өте шыққандаймын бейне бір! Бұл өмірде толармыз да солармыз, Жапырақтан тамар тамшы, тамар күз... Бәрін берген тіршілікке мың шүкір Өндік, Өстік, Өштік... Мола болармыз... 3-ші кітаптан Қаракөз, Аққұба қыз, Қаймақ ерін... Қалқам-ай, қайдан түскен Айнам едің? Жанымда жан шырайын ашып жүрсең, Бағыңда бұлбұл құстай сайрар едім... Қыпша бел, Қиылған қас, Қайқы кірпік... (Қаламын айтарымды қайтіп іркіп?) «Ағасы, сіз қайда – деп, – біз қайда...» деп Жүрмегін қайдағыны айтып үркіп. Сен бе, әлде, Сезім бе, әлде, Үріккен кім? Шарасы бір шайқалды-ау тұнық көлдің. Түбінде тұнық көлдің маржан бар-ау, Көзіне ілікпеген жігіттердің. Түбінде түнжырыңның маржан барын Айып па елден бұрын аңғарғаным? ... Көліме көкала үйрек қайта қонбай, Мен бейбақ әлі күнге армандамын. ...Болатын ол да сендей бір бұла қыз, Сүйетін сырлы саз бен жырды нағыз. Бүгінде есімі оның еміс-еміс, Бүгінде елесі оның бұлдыр аңыз... Сен содан айнымадың, айнымадың, Айтатын жерде жүріп Айдың әнін. Мың жігіт менмін деген кездессе де, Мәжнүндей кім түсінер Ләйлі жанын?! Ләйлім жоқ... Көңілім хош Көкбөрімен. Ол, сірә, жерде емес, көкте білем?.. Кезігіп кездейсоқта қала ма деп, Көбіне көппен емес, Шетте жүрем... ...Қаракөз, Қиылған қас, Тамағы әппақ.., Қайтейін бір Ләйліні дара мақтап? Бір емің тірі жүрсең табылар-ақ, Жүрегім, қанағат тап, қанағат тап...