«АЗАМАТ БОЛСАҢ, ҒАББАСТАЙ БОЛ!»
2015 ж. 30 қыркүйек
3561
0
Қазақстан Жазушылар одағында сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлының Анкарада «Besabes Matbaacilik Yayincilik» баспасынан жарық көрген «Көңіл көгінде» кітабы мен осы автордың аударуындағы түріктің әйгілі сықақшысы Әзиз Несиннің «Нау емене» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл кітаптар Жазушылар одағы мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бірлескен жобасы нәтижесінде қаламгердің 80 жасқа толу мерейтойына орай шығарылған.
Тұсаукесер рәсімінде ҚЖО басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, прозашы, аудармашы Мәлік Отарбаев, жазушы Уақап Қыдырханұлы, публицист-жазушы Марат Тоқашбаев, сатирик Доқтырхан Тұрлыбеков, т.б. кеш иесін құттықтап, игі тілектерін айтты.
Оқырман назарына қарт қаламгер Мыңбай Рәштің осы шара үстінде айтқан лебізі ұсынылып отыр.
– Ғаббас Қабышұлы – Садықбек Адамбеков, Темірбек Қожакеев – мына мен, Шона Смаханұлы сынды сықақшылардың өкшесін басқан буын өкіліне жатады.
Шығармашылық ғұмырдағы еңбек жолын осыдан алпыс жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі», қазіргі «Дидар» газетінде корректор болып бастаған екен. Содан ылғи сатылап өсу үстінде болғанын көреміз. Әр жылдары осы шығармашылық ұйымның екінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы Әдеби қоры қазақ бөлімшесінің директоры, «Ара» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.
Бұл енді қызмет жағы.
Мен оның ерекше екі қырына тоқталар едім. Бірінші мықты жағы – азаматтығы. Бізде екі қоғам қайраткері болса, менің білуімше, соның бірі осы Ғаббас. Араласпайтын, жаны ашымайтын саласы жоқ. Әлдебір ділгірлік туындаса, алдымен осы жүгіреді. Мәселен, көрнекті қайраткер, жазушы Әнуар Әлімжановтың 70 жылдығы аталмай қалды. Сонда құрақ ұшып, көмек сұрамаған жері қалмады. Президент аппаратына дейін жазды.
Ұлт руханиятына қатысты шаруалардың қай-қайсы үшін қабырғасы қайсып, шырылдап жүргені. Мәселен, Абай шығармаларын якут тілінде шығару үшін бүкілодақтық мекемелерге дейін шығып, шапқылағаны есімде. Осы күні мұндай іске бола қайсымыз жанығамыз?! Сол секілді, Ілияс Жансүгіров аталмай қалды деп сабылғанын да ұмытпаппын.
Өзінің шындық үшін шырылдап, жүгінбеген орны аз-ау. Айталық, баяғыда «Правда» газетіне сатиралық негізде жазған «По собственному желанию» аталатын салмақты дүниесі арқылы «Білім және еңбек» журналының бас редакторлығы қызметінен түсіп қалған Ақселеу Сейдімбековті қорғағаны бар. Сонда: «Шындық есімін иеленген басылым сыңаржақтыққа жол берсе, өзгелерге не жорық?!» деді.
Ақиқатын айтқанда, дәл сонда да Ақселеуді шырқырап қорғаған ешбір қазақ болған жоқ еді...
Әртүрлі сатирашылар болады. Солардың ішінде Ғаббастың ерекшелігі – әр шығармасында адамды тәрбиелейтін бір гуманизм жүреді. Мұндай мәнер көпшілігімізде кездесе бермейді.
Ғаббас бірде сарказмге толы сықақтары арқылы усойқы тілмен тоңмойын топастардың жон терісін таспадай тілсе, енді бірде керенаулардың мысын мақтадай мамық тілмен-ақ құртады. Ол арзан аха-ха, хо-хо-хо күлкіден аулақ сатирашы. Қоғамдағы келеңсіздікті іреп, кескілеп тастайтын кесек күлкінің иесі.
Мына екі кітабы да сондай биік талапқа сай дүниелер. Ендеше: «Айтар болсаң – тап басқай бол, азамат болсаң Ғаббастай бол!» демекшіміз.
Айнұр АХМЕТ
"Қазақ үні" газеті