Аспандағы құс біткен көлге қонған сәт
2015 ж. 30 қыркүйек
3676
0
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Темірхан Медетбектің шығармашылық кеші туралы
Алматыда, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ақынның жетпіс жасқа толуына орай өткен дүбірлі поэзия кеші «Көк түріктер сарыны» деп аталды. Танымал ақын Бауыржан Жақып жүргізген үлкен әдеби-музыкалық шараның Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі орындауындағы «Адай» күйімен ашылуында зор символикалық сәйкестік жатқандай еді. Буырқанған, серпінді, асқақ саз азуын айға білеген көк түріктер сарынын жалғастырушы қайсар ақынның атойлаған рухымен ұштасқандай сезімге бөлейді. Айтулы жиынға Астанадан, Атырау мен Батыс Қазақстан облысынан, Шымкент пен Түркістаннан, Мақтааралдан, сондай-ақ Қазақ елінің өзге де бірқатар елдімекендерінен арнайы делегациялар көптеп келді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбайдың құттықтау лебізімен басталған салтанатты жиында кезек-кезегімен сөз алған қаламгерлер, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, кеш иесінің замандас іні-қарындастары жүрекжарды тілектерін арнады.
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева:
– Темірханның бірінші бақыты – кіп-кішкентай бала кезінде Әбу Сәрсенбаевтай әулие ақынға жолығуы. Екінші бақыты – сонау Маңғыстауда мұнай бұрғышысы болып, қолына біресе күрек, біресе қалам алып жүрген сәттерінен бастап өмір жолы бұралаң жігіттің нәзік жан дүниесін жіті түсініп, мұңайғанда сүйеніш болып, қуанғанда тіреніш болып иығын тосқан қазақтың Шолпандай шыдамды, ақылды да парасатты қызымен тағдыр қосуы. Үшінші бақыты – Түркістанның қасиетті топырағында туған ұланның ә дегеннен өз жолын таңдап, көк түріктер сарынын тауып, өз дауысын танытуы. Ұлы дала бір кезде Күлтегін болып күңіренсе, енді бірде Темірхан болып есілді. Темірхан ырғағы поэзия оқылмауға айналған тұста дүйім қауымды жалт қаратып, дүр сілкінтті. Әттең, мұны министрлер оқымайды ғой!.. Түркістан қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретберген: – Мен Темірханның ағасымын. Жасым жетпіс алтыға кетті. Жетпісімде өмірге он жетінші перзентімді әкелген адаммын. Кенже ұлдың аты – Нұртас. Атақты мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың құрметіне қойылған. Құдай қаласа келешекте дүниеге Сексенбайды да әкелсем бе деген ниет жоқ емес. Алғашқы қосағым он бала тапқан адам-ды. Марқұм кенеттен «жаман» ауруға шалдығып қайтыс болып кетті. Сөйтіп, елу үш жасымда қайтадан үйленуіме тура келді. Екінші қосағымнан жеті бала бар. Бірінші жолдасым «Батыр Ана» еді. Кейінгі зайыбым да алтын алқа иесі. Ал он жеті баланың әкесі маған түк те жоқ!.. Мен де, Темірхан інім де сұлу Сырдың жағасында туған кісілерміз. Ауылымыздың арасын қақ жарып өзен ағып жататын. Қырғауыл қалың еді. Бала кезде қыс күндері мұз айдында сырғанақ теуіп, жазда суға шомылып немесе құстың балапанын аулап, мәз болып жататын едік. Табиғаты әсем өлкенің гүлді алқабының жұпар иісі бас айналдыратын. Оның жанында француз әтірі жолда қалады.
Мұның бәрін айтып тұрған себебім, осындай құйқалы жерде туып-өскен Темірханның ақын болмасқа қақысы жоқ сияқтанады. Сол бір аядай ауылдан көрнекті композитор Мыңжасар Маңғытаев, атақты өнертанушы Әшірбек Сығай, осы Темірхан ақын сынды үш бірдей мемлекеттік сыйлық лауреаттары шықты. Темірханның әкесі Медетбек пен сол үйдегі жеңгеміз Жадыра ортасына аса қадірлі, аяулы адамдар-тын. Екеуінің сыйластығы ел қызықтырды. Жеңгелері соған сай оларды «Қыз Жібек пен Төлеген» деп атайтын-ды. Темірхан мен Шолпан да сол ата-аналарының салтымен тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Медетбек көкем Алланың әмірімен Темірханды жаратқанда ұлының бойына ақыл-ой, талант, ерлік, өжеттік, қабылет-қарым, бәрін дарытқанымен, артқа шегінетін «скорость» қосуды ұмытып кеткен. Сондықтан шығар, бұл артқа жүру дегенді білмейді... Елді аузына қаратқан керемет ақын, айтулы азамат Темірхан өз атын өзі шығарған адам. Қазақ әдебиетіндегі бұл есімді енді ешкім ешуақытта өшіре алмайды. Әлбетте, осы абырой-атақ оңайлықпен келмеген. Ол өз биігіне кездескен таудай қиындықтан қаймықпай, еш қайыспай, қайтпас қайсарлықтың арқасында шықты. Бір күні оның «Жас Алашқа» шыққан өлеңін оқып, шошып кеттім. Дереу өзіне телефон соққанымда, ылғи туған елінің тағдырына қатты алаңдайтын ақын інім: «Бұл – қабырғам сөгіліп, омыртқам майысқан соң жазылған өлең еді» деді. Ақынның бір туындысында: «Алшайып жүрдiм, талтайып тұрдым» деген жолдар кездеседі. Сол айтқандағыңдай, Темірхан айналайын, алшайып жүре бер, шалқайып күле бер!
Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет: – Темірхан, ең алдымен, ардың ақыны, намыстың ақыны. Ақиқат пен шындықтың ақыны. Ал шындық дегеннің өзі қусаң жеткізбейтіндей, қашсаң құтыла алмайтындай алмағайып нәрсе. Айтсаң аузыңды күйдіреді, айтпасаң ішіңді күйдіреді. Және «Таяқтың екі ұшы бар» деген секілді, шындықтың да екі жағы бар. Ол біреуге жағады, біреуге жақпайды. Кейде екіжүзді алмасқа да ұқсап кетеді. Абайлап ұстамасаң, қолыңды кеседі. Аңдамсаң, бастың да домалап түсуі ғажап емес. Немесе отпен ойнағанмен бірдей. Өзің өртеніп кетуің ықтимал. Яғни, шындықты ақынның ақыны ғана айта алады. Темірхан – сол от пен судың бәрінен шыңдалып шыққан айбынды, айбарлы ақын. Алтай қазақтары: «Қарағайға қырық бұтақ бітеді. Соның біреуі ғана аса таяққа жарайды» деседі. Бұл – қалған көп бұтақ саптаяққа, яки итаяққа ғана жарайды деген сөз. Бүгін жетпіс деген белесте алшайып тұрған біздің Темкең сол аса таяқтай қасқайған кесек ақын. Қоғам қайраткері, республикалық «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай: – Мен кейде мың ақынды бір ақынға айырбастай алмаймын. Ол – осы Темағаң! Өйткені, үйде отырып әркім өлең жаза алады. Ал алаңға шығып сөз айту, туған еліңнің мұңын мұңдау, халқыңның кеткен есесін даулау сонау мыңның қолынан келе бермейді. Ұлттың намысын жыртқан Қабдеш ағаларымыз, Софы ағаларымыз, Мұхтар Шаханов, Мереке Құлкенов, Бауыржан Қарабеков сынды азаматтар, шынында, қандай құрметке де лайықты. Сонау жетпісінші жылдары «Аққуды атқаны – мені атқаны» деп жырлаған Темағаң екі мыңыншы жылдары «Қазақты атқаны – мені атқаны» деп айтам деп ойламаған шығар. Мәселен, сонау Жаңаөзен оқиғасына қатысты жұртқа рухани сүйеу болғаны үшін, жан-жүрегі қанжоса болып жылап тұрып, биліктің озбырлығына қасқайып қарсылық білдіргені үшін Темірхан ақынға рахмет айтамын. Қазақ деген ұлтты қазақстандық ұлт жасаймыз дегендей көптеген сыңаржақ саясатқа дер кезінде ашық наразылық танытып, табандылық көрсеткеніне бола басымды иіп, тағзым етемін! Нағыз патриот, шын қаһарман ғана өзекжарды сөзін халқының жүрегіне жеткізіп айта алады. Елін шексіз сүйетіндігін, сол мүдде жолында от болып жанатындығын іспен дәлелдей алады. Темағаң, міне, сондай ақын.
Әдеби кеште, әлбетте, өлең оқылды. Қазыбек Иса, Маралтай Райымбекұлы, Болат Шарахымбай сынды шалқар шайырлар саңқылдаған дауыстары салтанатты сарайды кернеп, жауһар жырдан маржан төкті. Әншілер Рамазан Стамғазиев, Мирас пен Құралай, Мұрат Тоқашбаев, «Серілер» тобы әуелеткен үн кеш шырайын арттырып, жан сергітті. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясы Сахна кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлованың жетекшілігі арқылы бірінші курс студенттері ақын поэзиясынан әдеби-музыкалық композиция көрсетті. Темірхан шайырдың өзі де өлең оқыды. Ақынның «Ахахулап ән салғанымда аспандағы құс біткен көлге қонды» деп жырлайтыны бар. Бұл кеш әсерінің де, мың-сан аққу мамырлай қонып, қиқулап ұшқанындай, көрермен көкейінде ұзақ сақталатыны сөзсіз.
Тақырыпқа орай
ТҮРКИЯДАН ЖЕТКЕН СӘЛЕМ
Кеш барысындағы елеулі сәттердің бірі – Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі, прозашы, аудармашы Мәлік Отарбаевтың Анкарадан арнайы келуі. Ол Темірхан Медетбекке Түркиядағы Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейіновтің қолдауымен қазақ, қырғыз және түрік тілдерінде жарық көрген Темірхан Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» аталатын жыр жинағын мерейтой иесіне табыстады (Кітаптың қырғызша аудармашысы – Қожагелді Құлиев. Түрікше тәржіма Мәлік Отарбаевтікі). Сондай-ақ өкіл ТҮРКСОЙ ұйымы тапсырмасы бойынша ақынды халықаралық «Мақтымқұлы пырағы» медалімен марапаттады. Бұған қоса, кеш иесінің өңіріне «Қазақтан мен Түркия достығы» медалін қадады.
Айтпақшы...
ҚҰТТЫҚТАУЛАР ЛЕГІ
Биылғы жылды, расында, ақын Темірхан Медетбек жылы десе артық емес. Өйткені, кеш жүргізушісі атап өткеніндей, ақынның жетпіс жылдығына арналған түрлі жиындар наурыз айнынан басталып, бертінге дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында, одан соң Түркістан қаласында, көрнекті шайырдың туған ауылында және жастық шағы өткен Маңғыстау облысында жалғасқаны мәлім. Ол кездесулердің бәрінде айтылған әралуан деңгейдегі құттықтауда қисап жоқ. Академиялық театрдағы кеш барысында жеке құттықтаушылар да көп болды. Мысалы, мемлекет қайраткері Икрам Адырбековтің шараға дейін арнайы келіп, белгілі себептермен кешке қатыса алмайтынын айтып, кеш иесінен кешірім сұрап, құттықтап кеткенін көрдік. Бұл жолы театр сахнасынан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің, ҚР Президенті кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхамедтің, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің, т.б. тұлғалардың құттықтауы оқылды. Сахнада ақын Қорғанбек Аманжол бір кездері Темірхан Медетбек қызмет еткен республикалық «Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Әбдірахмановтың, сондай-ақ белгілі қаламгер Қайнар Олжай «Қазақстан» телерадио корпорациясы АҚ басқарама төрайымы Нұржан Мұхамеджанованың сәлемін жеткізді. Сонымен қатар, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы және профессор Темірхан Тебегенов құттықтап, ақын иығына шапан жапты.
Құлтөлеу МҰҚАШ
"Қазақ үні" газеті