«ТАУ БАССА ДА ҮСТІМНЕН, ТЕК ЖҮРЕКТІ СӨЙЛЕТТІМ…»

 

Kojamuratov_Omirzak

(Ақын Өмірзақ Қожамұратұлының поэзиясындағы реализм мен романтизм және пәлсапалық толғамдар жайлы)

  …Күн сайын керуен жүгін алмастырып, Тұрады бес мұхитты жалғастырып. Жүрегім дүниенің қақ төрінен, Сөйлейді ақ жарыла малдас құрып… Осылайша жырлаған ақын Өмірзақ Қожа­мұратұлы жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, айтатынымыз – ақынның өмірге деген құштарлығы, өлеңге деген ғашықтығы, келер күнге деген сенімі, үміті. «Ақын өмірін шығамашылығынан бөліп қарастыруға бол­майды» дейтін болсақ, «Өлең бар жерде, ей, өмір, ешқашан сенен безбеймін», – дейтін Өмірзақтың өлеңдерінен біз соны аңғарамыз. Ақынды талаптандырушы да, қанаттандырушы да сол құштарлық, сол сенім: «…Желдіртіп мені келеді, Жеткізбей жүрген құштарлық», – деп толғайды ақын. Немесе: «…Біте де бермес іс барлық, Үмітім жалғыз бар ізгі. Жеткізбей жүрген құштарлық, Дертіме дауа тәрізді», – дейді. Енді бірде: «…Шарқ ұрдым қиял көгінде, Алтын боп кетті мыс барлық. Кеудемді тынбай тебуде, Жеткізбей жүрген құштарлық», – дейтіні бар. Бізге дейін де әдеби ортадан жырақта, сонау Өзбек елінде, қазіргі Науаи облысының Тамды ауданында ғұмыр кешіп, енді толып-толысқан шағында «бір кеуде емес, мың кеудеге сиятын – мейірім мен ұятын» арқалап дүниеден өткен талантты ақынның өзінің де, өлеңінің де бағы ашылмай кеткені талай айтылды һәм жазылды. Ол ешкімнен атақ сұрамады, ешкімге жаутаңдамады… Тек қана Өлең жазды. Міне, былай жазды: «…Аман-сау тұрған шақта алтын басым, Білемін қазынамның сарқылмасын. Үзіліп түскен сәуле жүрегімнен, Жұртымның жүрегінде жарқылдасын…» («Байлықпен беттескенде») Өмірге құштар ақын қателеспепті, ақын жүрегіндегі жыр-сәуле қазақ жүрегінде, алаш аспанында жарқырап тұр. Әдебиеттің өмір шындығынан туатыны белгілі. Демек, әдебиет- реализмге құралады. М.Горький сөзімен айтқанда: «адамның өзін және оның тұрмыс жағдайларын бояусыз, шындықпен суреттеу – реализм деп аталады», яғни, өмірдегі бар құбылысты жазу, жырлау. Өмірзақ ақын да, айналасында болып жатқан жайларға, табиғат құбылыстарына бей-жай қарай алмайды. Егіледі, елжірейді. Сосын, қолына қалам алады. «Қайтқан құстармен қоштасу» атты өлеңінде мынадай шумақ бар: «…Ән салған алты ай жазда дала тынбай, Дәуренім құспен кетіп баратыр ма-ай?! Жапанда жалғыз жүріп, жыладым мен, Көл-көсір көңіл жетім қалатындай…». «Өскен жерге сыймай кетіп бара жатқан, өскен жерін қимай кетіп бара жатқан» (Тұманбай ақын) құстарға ілесіп сал-дәурені, бал-дәурені кетіп бара жатқанын сезеді. «Құстар – біздің досымыз», – деп өскен әрбір қазақ ақынның жан-дүниесін, көңіл-күйін түсінсе керек-ті. «Боз қырау түскен бозаңда, Бозамық тұман көз жұмсаң. Бозала таңғы азанда Бусанып тұрды боз жусан. Сан рет өліп, тіріліп, Сарғайып кеткен өмір-ау, Санаңда тұрған ілініп, Бозторғай-күміс қоңырау!..» («Боз­торғай»), – деп келетін жолдардағы саз бен сурет ұйытып әкетеді сізді. «Жарымжан көңіл жыртығын, жырмен бүтіндеп жүретін» бозторғай құс ақынның өзі ме деп қаласыз сосын.  Өмірзақ ақынның «Жүректегі жазулар» өлеңін оқып көрелік: «…Сырды ашып мың, Қырға шықтым- Сені іздеп. Зіл басып мұң, Сырласып түн, Тарғылданды теңіз-көк. Шымырлатты жан-денені, Күздің қара суығы. Еске салып әлденені, Тұрды желдің уілі. Сен сияқты күлімдейді, Ақбұлақтың айдыны. Мен сияқты дірілдейді, Айдың жүзі қайғылы. Мен сияқты күбірлейді Қарауытқан қамысы. Сен сияқты кідірмейді Алабұртқан ағысы. Мен сияқты қалшылдайды Түнгі ызғар. Сен сияқты жалтылдайды Жұлдыздар. Сенесің бе ауып тұрды Есіл-дертім сен жаққа. Жарық жұлдыз жауып тұрды, Келесің бе мен жаққа?». Ақын кешкен күйді бірге кешіп тұрғандай боласыз. Дірілдейсіз, күбірлейсіз, қалшылдайсыз… Жаныңыз табиғатпен бірігіп кеткендей ме? Ал, енді, мына өлеңге назар аударалық: «Мен сені қайнардан көрдім, Жұлдыздар телмеңдеген. Сарғалдақ сайлардан көрдім, Гүл қыздар көлбеңдеген… …Гүл теріп көк белден көрдім, Ойнап тұрғансың, Құралай! Жыр төгіп, көк көлден көрдім, Жайнап тұрғансың шырадай» («Мен сені көрдім»). Тағы да сол әсер, тағы да сол көңіл-күй. «Жалғыз шырақ – өлеңім жүрегімде, кім білген, сорым ба, әлде, ырысым ба?», – дейтін Өмірзақ Қожа­мұратұлы поэзиясындағы басты қасиет- шыншылдық һәм көз алдыңыздағы дүниені сол күйінде қалпын бұзбай жүрегіңізге жеткізу. Реализм бар жерде, романтизмнің болуы заңдылық. Ол – өмірде болсын, өлеңде болсын. Романтизм бағытында туған туындылардың кейіпкерлері, әдетте, болмыстың ырқымен келіспейтін, жақсы өмір, бақыт, азаттық үшін күресетін күшті жандар болып келеді. Романтизм туындаларының тілінде әсірелегіш суреттер молынан көрініс табады. Өмірзақ Қожамұратұлы поэзиясынан да бұндай «әсірелеулерді» көп ұшырастыруға болады. Ақын романтизмі тағы да сол құштарлық, сол сенім, сол үміт. «Құлашын дәуірлерге созған ағын» деп басталатын жырында аспани асқақ арман аңғарылады: «… Мен қозғалсам шайтандар тұра қашқан, Жаңбырлатып, жай тартып тұрады аспан. Жен мен көкті тазартып алайын бір, Кір басқан, кірбің басқан, күнә басқан. …Ей, адамдар, мен сенің өз қонағың… Маңдайыңа біткен нұр-көз боламын, Таңдайыңа біткен жыр-сөз боламын, Мен сендермен мәңгілік қозғаламын». Осындай асқақтықпен жырлаған ақын, шынымен де жылдармен жылжып, ХХІ ғасырға жетті. Бізге жетті. Өлеңді оқып отырып Мұқағалидың «Мен келешек ғасырдың құрдасымын», – дейтіні еске түседі. Міне, ұлылар үндестігі. «Ауа болып кетермін» өлеңінде Өмірзақ ақын жоғарыдағы ойын, арман-мұратын: «…Әр қазақтың жүрегінде миында, Жүремін мен гүл атып». Немесе: «Сейіліп көкіректе күдік деген, Төріңе күндей шалқып күліп келем. Жасаса жасайды адам мәңгілікке, Ертеңге деген ұлы үмітпенен» («Үміт шоғы») және: «…Мен жолаушы, мен де бір күн сүрінен, Өткен күнді қайта айналып таппаспын. Көз алдыңда көк шалғын боп тірілем, Тас қабірді талқандамай жатпаспын», – деп айқындай түседі. Жыр тілімен ажарландыра түседі. Бұл – бір ойды қайталау емес, біздіңше, түрлендіру, өрбіту, ай­қындау. «Майданнан соң иесін әзер тапқан ордендей, ақындарға абырой оралады соңыра», – деп Жұматайдың жыр­лағанындай, «жас тілегін іліп кетіп, тас жүрегін тіліп кетіп, қазақ өңірін кезіп барып, ақын өмірін созып кеткен» – Өлең атты құдірет Өмірзақ ақынға абырой әкелді. Ол абырой – ақын үмітінің ақталғаны, жырларының жүректерде жатталғаны. Өмірзақ Қожамұратұлының жыры- үміт жыры, сенім жыры. Бала кезімізден «Бақыт деген не?»,- десе, ойланушы едік. Сосын, «Бақыт деген сенің бала күндерің», – дейтін Мұқағали жыры ойға оралатын. Мүмкін бақыт- үміт пен сенім шығар. Өмірзақ жырларын оқып отырып мен солай түйдім. Ақын: «Бақыт деген, шырағым, Таң боп атып әрдайым, Сипап қалып жатады, Біреулердің табанын, Біреулердің маңдайын», – дейді. Поэ­зия­ның парасатқа ұласуы заңдылық. Өмірзақ Қожамұратұлының да өлеңдерінен пәлсапалық толғамдарды жиі ұшырастыруға болады: «Батыр ақын болмаса, Батырлыққа мін емес. Ақын батыр болмаса, Көрген күні күн емес», сондай-ақ: «Біле кет! Ақылдан адасқандардың, Ажалдан адаспайтынын. Тақ үшін таласқандардың, Табытқа таласпайтынын…» («Құлпы­тас­тағы жазулар»), – деген сияқты өмір заңдылықтарын өзінше түсіну мен түйсінуден туған шумақтар ақын қаламының қуатын арттырып тұрғаны сөзсіз. «Я сердцем никогда не лгу», – дейді Есенин. Ал, Өмірзақ тек жүрегін сөйлетті. Үміт пен сенімге толы жүрегін. Өмірзақ Қожамұратұлының шығармашылығы жайлы мақаламызды ақынның өз өлеңімен, тағы да сенім жырымен аяқтауды жөн санадық: «Кей-кей кезде есіріп, Жүремін-ай ышқынып, Қас-қағымда ғұмырым, Бітіп тұрған сияқты. Кей-кей кезде көсіліп, Жатамын жай ысқырып. Әлі мың жыл ғұмырым, Күтіп тұрған сияқты». Еламан ХАСЕНҰЛЫ, ақын "Ақиқат" журналы. qazaquni.kz