Батырхан СӘРСЕНХАН. «Бір уақыт болады - Күтіңдер мені!..»
2015 ж. 30 шілде
17483
4
Көкжиек
Батырхан Сәрсенхан - 1995 жылы 28 наурызда ОҚО, Ордабасы ауданы, Ақпан аулында туған.Халықаралық «Шабыт-2014» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» бойынша Гран-При иегері. Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауының 1-дәрежелі дипломанты, Халықаралық Саттар Ерубаевтың 100 жылдығына өткен мүшайраның екінші орын иегері. Қазір Түркістандағы ХҚТУ-дің филология факультетінде білім алуда.
Мен өлең оқығанда.. Мен өлең оқығанда, Жанардан жөңкіп-жөңкіп жыл ұшады, Саудагерлер, Бітпеген жұмысы әлі. Асығады, тек қолсыз зағип кісі, Шапалақпен сыйлауға тырысады! Мен өлең оқығанда, Жас ақындар тіс қайрап, қалам ұштап, Қыз бозбала төменге қарағыштап, Жанында теңіз толқып, көл де терлеп, Жырдағы періште ару мен бе екен деп, Қалғаны-ай, дағдыланып жол тосуға, Күлуменен жылаудың ортасында. Мен өлең оқығанда, Бірі кетіп ақ залда бірі қалып, Жаңғырып-ақ жатады жырым анық. Тұрады, бір әжетай сұм соғыста, Жарының соңғы берген гүлін алып. Сұлу көркің бергісіз қызға сенің, Деймін де, ол ойымнан жүз көшемін. Әжемнің тыныштығын бұзбағанда, Әлемнің тыныштығын бұзбас едім! Жынды су Дауылды дауыл басып көрген бе Жолбарыстанып жасықтар жерде Шашынан сырғып ақ орамалы Көрші әйел үйге қашып келгенде, Күрсініп,анам,жылады, Жынды су деді, кінәлі. Себеп те таппай кісіңді ақтауға, Сәбидей қолы үсіп жатқанда, Алпамса жігіт ақырып төніп, Әкесін сабап тісін қаққанда, Жабығып, анам, жылады, Жынды су деді, кінәлі. Жамаусыз көңіл қазақта бар ма, Панасыз қайтсін көзі ақпағанда, Бейкүнә жанды тағдырдың өзі, Жетімек қыз деп мазақтағанда, Қосылып,анам жылады, Сол деді тағы, кінәлі. Өмірдің мәні, мұраттың мәні, Кеудеме толып сұрақтың бәрі. Ішімдік көрсем, түседі еске, Анамның үнсіз жылап тұрғаны.. Көктас шеберханасы Мәрмәрді қашап,сәбиге, Жылайды зергер, Қай жерден қалай от басты? Мұңын да шағып айта алмай кетті-ау,фәниге, Жасамашы аға, көк тасты. Ажалын күткен сақалын әрлеп бояумен, Адамдар қандай жетесіз! Туыла сала құлпытас жасап қояр ме ең, Өлмейтіндер ше, Өлмейтіндерді не етесіз?! Тілегін жолдап тамұқтағы елден, Жүрегін жұлып халыққа берген. Сыймайтын рухы табытқа мүлдем, Қырандай көкте қалықтап өлген, Қабыландарды қайтесіз?! Күшіген ойлар, ісіген кеуде, Ілесіп Ардың түсіне ергенге. Шешесін тілдер шоқ басса, Айналсын солар, көк тасқа! Сұқтана қарап ала көздері, Мына шал еске салады өзгені. Ақынға мұның, керегі қанша, Қаламмен қашап алады өздері. Кім кінәлі? Көзінде тартылыс бар, құштар ғалам, Ақ моншағын теңеуге түс қалмаған. Ақ саусағы орынсыз ұсталмаған, Бұл жайлы ешкімге де тіс жармаған, Бір қыз бар-тын ауылда, мен білетін.. Есіміне елеңдеп ел жүретін, Есігіне көп жігіт телміретін. Ессіздері тәкаппар, паң көретін, Ес білгені ерекше мән беретін. Ал, бір күні, жаңа отау жарық шашты, Селтең жігіт, Шорт мінез, Шарық басты. Ертеңгілік еркеме ес білдірмей, Көркем қылып көлікпен алып қашты. Қайран ару! қан тулап кетті бетін, Махаббатты сүйісу деп білетін. Пәк сезім жайлауынан шет жүретін. Жат көзге жар тізгінін ұсынбақ па? Артың – жар, жолға бастар тұсың – қақпа. Құстай аққан көліктен, өзін-өзі, Лақтырып кеп... қанатын түсірді отқа. Таң ата зар жылатып тамам елді, Бір жолаушы хабарын ала келді. Сән құрып үлгермеген сарғалдақ қыз, Мәңгілік зағип болып қала берді. «Өзін-өзі қорлай ма өстіп адам?!» деген қартты көзге ілмей көшті заман. Одан соң аңғармады жат жүрегін, Одан соң таңданбады ешкім оған. Есіміне елеңдеп ел жүретін, Есігіне көп жігіт телміретін. Жүрегі жалғыздыққа бола туған, Бір қыз бар-тын ауылда, мен білетін... * * * Мен білемін, жыл ескірсе де, сыр ескірмейтінін. Мен білемін, жер бетіне мың бақыт үлестірсе де, Тоғышардың күлкісі бір естілмейтінін. Мен білемін, Табандар ойылса да, Сенімдер жойылмайтынын. Мен білемін, Махаббат кейде ақылға бой ұрса да, Нүктесі қызғанышсыз қойылмайтынын. Мен білемін, Кешіріп қол алса да, Жаралар жамалмайтынын. Мен білемін, Әрбір күз оралса да, Ол күздің оралмайтынын. Мен білемін, Бір үміт жалғаса да, Жүз үміт жол қарайтынын. Мен білемін, Адамдар алдаса да, Армандар алдамайтынын! Бір уыс мейірім Бір уыс, Бір-ақ тамшы, Бұлақты аңсап, Құлады жасыл терек, Бүр атқанша. Бір уыс, Бір-ақ қарыс сенімде әлем, Сол ғана биіктігің сенің менен. Көз ішіне сыймаған құбылысты, Сеніміңнен көрем де көңілденем. Түнеу күн, алаң тұсқа беттей барып, Күрсініп,іштей ғана көп қиналып. Белгісіз жас келіншек жылап тұрды, Бір түйір жан жылуы жетпей қалып. Түнеу түн, барша өмірден алыс қалып, Берген серті өзіне табысталып. Белгісіз құрбы жігіт тұрды жылап, Бір ғана, «кешір» деуге намыстанып. Бір үміт, Бір әлемге жол салатын, Құрдастай шешіп берген қол сағатын. Маралдың жанарындай дүниені, Менше ұға алмай келеді қаншама ақын. Жылдардың жас боп аққан жылғасымен, Жүз атты керуендей құмға сіңген. Алып асқақ таулардың тұлғасымен, Бір ғана мейір қалар, бұл ғасырмен! Бір күндер болады.. Бір күндер болады, Күлкі білмейтін. Бір түндер болады, Кірпік ілмейтін. Бір сезім болады, Сыр ақтаратын. Бір әзіл болпды, Жылап қалатын. Бір бауыр болады, Серік болмайтын. Бір ауыл болады, Көлік бармайтын. Бір сырың болады, Бөліске – жетім. Бір шылым болады, Теріс шегетін. Бір уайым болады, Тас та жылайтын. Бір қайың болады, Басқа құлайтын. Бір бақыт болады, Түкірген көбі. Бір уақыт болады, Күтіңдер мені! Бостандық ағаштары Бостандық ағаштары, Басқадан бағы асқалы. Неліктен гүлдемеді, Неліктен жақ ашпады?! Бостандық ағаштары, Желбегей жел еркесі, Өзі – мұнда, Қайда жүр көлеңкесі?! Буынсыз жапырақтар, Белгісіз тұстарды ашып. Шойын мен мыстар басып, Ақырапта барады құстар қашып. Байқап өт бұл орыннан, Кәрі емен суарылған. Атамның боздасымен, Анамның көз жасымен. Байқап өт бұл орыннан, Тұл ағаш суарылған. Төбеттің зәріменен, Бөбектің зарыменен. Бостандық ағаштары, Басқадан бағы асқалы. Бар ме екен бір дерегі, Неліктен гүлдемеді? Поэзияға арыз Бояуына сәнін берген сырлы әнмен, Жыр кітабын ақтарам деп кей шалдың. Өлеңдері өлімсіреп тұрғанмен, «Тамаша екен», дей салдым. Менің жаным жырға жерік досқа асық, Келші інім,тербелмеген бесік пе ең. «Мықтысың» деп сүйіп тұрып қоштасып, Шыға сала еңіредім есіктен. Муза шешей! Несіне оны мәз қылдың, Мазағың ба, әлде алжыған сертің бе. Жетпіс бесте зорлап өлең жаздырдың, Іші пысқан кемпірге. Жағымпазға қол соққаннан шошып ем, Ақиқаттан жантақ жұтты қанша адам. Қайран өлең, шыныменен осы ме ең, Осы болсаң, түкіргенім бар саған. Қыран құстың қырқып алған қанатын, Бір бейбақты ескерді ме қара түн. Мен айтқанмен, баяғы әкім - сол әкім, Мен айтқанмен, бақытсыздың бәрі ақын. Азғындықтан арып бітсе бар әлем, Құнарыңның күлге айналып кеткені. Азабыңа көнейін, ей, Қара өлең, Мазағыңа айналдырма тек мені! Бір жылғы... Бір жылғы тәп-тәтті ойларым, Өмірге айналды. Өмірге айналған махаббат майданын, Жазатын жас жүрек, қайда әлгі?! Бір жылғы түстердің оятып қалдығы, Ішінде жүр екем. Мұңайып қараған тікеннің барлығы, Күлімдеп қарасам, гүл екен. Бір жылы кеткемін қайрылмай қауымға, Бүгінде бәрі аңыз. Сен үшін шайыр боп жеткенде ауылға, Қайдасың, қара қыз? Бір жылғы сол күліс, сол жүріс жүргенім, Жүк артып қарынға. Көмілген сенімнің маңында, Жеңілген баланың жағында. Бір жылғы парасат былғанса пайдаға, Өкінбеу қажет пе? Жылаған бейнем тұр айнада, Жымиған бейнем тұр, газетте... Бір жылғы тәп-тәтті ойлардың, Күнәсін бақылап. Күнәлі өмірдің біріне айналдым, Кім үшін? Ақымақ!.. Кейде мен... Кейде мен, жалғыз жортып бара жатам, Мінезбен мына марғау далаға тән. Бас та аман, Бөз де ораулы, Бармақ та аман, Жанды қайтем, тұрғызып зал мақтаған, Арды қайтем, адам да, аң да аттаған. Кейде мен, қыл қалдырмай шашымды алып, Жұп-жұмыр басым қалып. Үнінен түйе қашқан, бір арудың, Тілін тапқым келеді, сосын барып. Жауын құйса, кірпігін есіп ғалам, Көлшігін көшелердің кешіп те алам. Ешкім сонда қолшатыр ұсынбаса, Ешбір үй ашпаса екен есік маған. Жымияр, қуаныштай қашан қайғым? Неше алдандым, әлі де неше алдаймын? Ең ұлы өтірікті кешкеніммен, Ең ұсақ өтірікті кеше алмаймын! Ана қасқыр Солтүстіктен самиян самал есіп, Сызықтар мен түзіктер барады өшіп.. Неліктен мына бұта жалаңаш тұр? Қасіретке душар ма, қара басқыр. Қашып кеп ажалынан бой тасалай, Жар ағашқа тірелді, Ана қасқыр. Қалды кенет, қорқаулар құрсауында, Шарасыздық салмағы мұнша ауыр ма? Құзғын жыртқыш ғұмырдың, соңғы үміті, Бөлтірігі болатын құрсағында. Қанды тілін қайыра шайнап төніп, Қара тасқа азуын қайрап келіп. Іштегі өмір үшін, сыртқа сыймай, Сәбиі үшін тұрды Ана, айбат шегіп! Осып өтіп тырнағы хас тарланға, Қан аралас жанардан жас тамғанда, Ар үкімі қалықтап асқарларға, Тіршіліктің күресі басталғанда, Дүние жатқан шақта көшіп алда, Осы тәулік, Осы сәт, Осы маңда, Аңырап бесік мола, кілең, төбе, Адамзат деп аталар ұлы өлкеде. Қарайып күн шатқалы, Қарайып қырға біткен гүл шоқтары Жатқандай жын соққалы, Сәбиін алдырмақ боп құрсақтағы, Қаралы әйел! Кем түсер қай ғаріптен, Туа сала өлімді ойланып пе ең? Ойланып пе ең бітер деп сәтте арасы. Жазықсыз перзентінің бойға біткен, Тағдырына тас атып жатты Анасы.. Неліктен бесік іші жалаңаш тұр? Қасіретке душар ма, қара басқыр. Тасқа біткен жүрексіз мына әйелге, Жүрегіңді берші сен, Ана қасқыр?! Табиғаттық тылсымға таңдай қағып, А, Құдай, Кетсем бе екен Аңға айналып. Қазулы кеуделерге көрге айналған, Ақсиып азу тісім, Шамдай жанып! qazaquni.kz