Рас қой, қазір тақия кисең, саған мұрын шүйіріп қарайды. Фариза апамыздың «Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды ана» деп жазатындайы бар, жаңа заманда тақия ысырылып қалғалы қашан? Жүсіп Баласағұн: «Бөрікті кию үшін де бас керек» деген. Осы бір ғақлия сөздің тереңіне бойламай жүргендейміз. Негізінде, бұрын қазақтың ерлері де, әйелдері де жалаңбас жүруді айып санаған. Ол кезде құлдар ғана жалаңбас жүреді деген ұғым қалыптасқан. Содан болар, қазақтың талай қаймағы өмірбақи басынан тақиясын тастамай өмірден өтті. Тіпті қылышынан қан тамып тұрған кеңес кезінде олар осылайша, қазақ деген ұлттың барын, оның ұлттық бас киімі барып көрсетіп кетті, бізге аманаттады. Біз ше? Олар киген тақияны киюден неге арланамыз?
...Тақиялы тұлғалар туралы айтқанда, алдымен Абайдан бастамасақ болмайды. Олай дейтініміз, тақиясын басынан тастамаған қаймақтардың бірі – осы Абай. Ақынның осы уақытқа шейін сақталған екі-ақ фотосуреті бар. Екеуінде де отбасымен бірге түскен. Біріншісі – 1896 жылы Семейде түсірілген Абайдың ұлдары Ақылбай, Мағауиямен түскен суреті. Екіншісі –1897 жылы Жидебайда түсірілген «Абай жанұясымен» деген сурет. Қасқайып қақ ортада Абай отыр. Алдыңғы қатарда – Тұрағұл және Ақылбайдың балалары Пәкизат пен Әубәкір, екінші қатардағы – Мағауия, Еркежан және Қамалия (Әубәкірдің әйелі). Екі суретті де Мұхтар Әуезов тауып, Абай мұражайына өткізген. Айтайын дегеніміз, осы екі фотосуретте де Абайдың басында қара тақиясы бар. Тіпті Абайдың тұңғыш портретін жасаған Павел Лобановскийдің картинасында да сондай көрініс. Лобановский Абаймен таныса келе, оның портретін қарындашпен салуға кіріскен. Міне, сол портретте де Абай басына тақия, үстінде қазақы шапан киген.
Тұрағұл Абайұлы да естелігінде әкесінің басынан тақиясы түспегенін жазады. «Әкемнің әмсе үйде отырғандағы киіп отыратұғын, баяғы көйлек-штаны, басында тақиясы, оның сыртынан тысқа шыққанда кие салатын жапетер, ақ елтіріден істеген, көк сатинмен тысталған көк бөркі. Анда-санда еті салқындаса жамылатұғын сары тоны бар. Таңертеңнен кешке дейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды» дейді Тұрағұл Абайұлы.
Тұрсынжан Шапай «Абайдың дидары» мақаласында: «Абайдың барша жұртқа әйгілі «ресми» портреттеріне зер салыңыз – тақия киген, жүзінде ой белгісі, сезім нышаны жоқ, стандартты егде. Орыстар да Толстойды бір құшақ сақалсыз елестете алмайды... Неге? Жалпы, жұрттың санасында екеуінің де суреткер-гений ретіндегі бағасынан гөрі, моральдық гений тұрғысындағы беделі басымырақ сияқты» деп жазады.
Абай қалай тақия кимесін, әкесі Құнанбай да басынан тақиясын тастамаса? Егер Жидебайдағы Абайдың мұражайына (бұрынғы өзі тұрған үйі) барған болсаңыз, маржанмен өрнектелген көне тақияға көзіңіз түседі. Бұл тақияны Құнанбай киген. Мұны қажы Меккеден киіп келген деген де дерек бар. Жәдігерді Абайдың Ақылбайдан тараған шөбересі Бағұфұр Әлімқұлұлы сақтап келген.
Сәбит Мұқановтың да тақия киіп түскен суреттері көп. Жазушы-журналист Сайын Есмағи Сәбит Мұқановтың тақия кигенін көргенін жазыпты. «Мен Сәбит Мұқановты өз көзіммен көрдім. Шамасы 1972 жыл болуы керек. Ауылдың қара сирақ баласымыз шаңдатып ойынның қызығында жүрген шақ. Жып-жылтыр бірнеше қара машина ауылдың шетіне келіп кірді. Қарап тұрмыз, бірінші машинадан орта бойлы дембелше келген, жасы әудем тартып қалған үлкен кісі түсті. Басында мақпал қара тақиясы бар. «Шаймерден қайда?» деді.
Мен тұрып: «Атам нағашы атам үйінде қымыз ішіп отыр» дедім. «Бар жүгір, «Мықанып» келді» деп айт» деп күлді әлгі кісі. Жарықтық атам «Мұқанов» демей Сәбеңді «Мықанып» деп отыратын. «Е, сол шал келіп қалған екенсің ғой» деп ойладым да шаңдатып наға-шым үйіне бардым» дейді Сайын Есмағи.
Бірде кітапхана саласының корифейі Күләш Аязбекқызын кезіктірдік. Сәбең кітапханаға жиі барған екен. Барған сайын басынан тақиясы түспепті. «Сәбең көбіне галстуксыз жүретін, қарапайым киінетін. Қолынан таяғы, басынан тақиясы түспейтін. Өзі маңғаз, асықпайтын кісі еді. Кітапханаға келген сайын, барлық бөлімдерді аралап кететін» дейді Күләш Аязбекқызы.
Иә, жазушы қайда барса да, тақиясын тастамаған екен. Тақиясын киген костюміне үйлестіріп тіктіріпті. 1956 жылы «Аққан жұлдыз» кітабын жазу үшін Омбыға барғанда үстіне ақшылтым костюм, басына тақия киіп жүргенін көргендер бар. Тіпті Жоғарғы кеңесі-нің депутаты болған кезде де костюміне лайықты тақия тіктіріп киіп жүргені көп айтылады.
Тақияны үнемі кигеннің бірі Өзбекәлі Жәнібек еді. Өзі ғана киіп қоймай, соның насихатшысы болды. Тақия киген адам көрсе, тоқтатып алып қолын алады екен. Тақиясы қазақшаға келіңкіремейтіндерді сынап та алған. Әсіресе, айтысқа қатысатын ақындардың ұлттық киім киісін өзі қадағалап жүріпті. Айтыста жетпіске келіп қалған бір ақын апамыздың қос етек көйлек киіп жүргенін көріп қалып: «Он сегіз жасар қыздар киетін көйлекті киіп, жетпіске келген қария-ау, сізге не болды?» депті. Сөйтіп, өзі бас болып ақындардың киімін ұсынған шеберлерге ұлттық киімнің қалай тігілетінін көрсетіп берген екен.
Өз-ағаң барған жерінен қазаққа қатысты жәдігерлерді жинап, кейін музейге тапсырып отырған. Әдебиет және өнер музейiне қазақ тақиясы үлгiлерін өткізген. Сөйтіп, тақияны сол үлгі бойынша, тіктіру керектігін баса айтқан. Тіпті біреуін қолына ұстап тұрып: «Мынау төбесi дөңгеленген тақия – нағыз қазақы тақияның үлгiсi. Қазiргi төбесi шанақ, ою-өрнектерi дөрекi салынған басқа қонымсыз, жарамсыз тақиялар ұлттық үлгiмiзге жатпайды» деген. Өз-ағаң тапсырған тақия үлгілері музейде әлі де бар шығар. Соларды тауып алып, нағыз қазақы тақияны тіктірсек қой, шіркін!
Иә, Өзбекәлі ағамыз тақияға асқан сақтықпен таңдаған. Әсіресе, оюына ерекше мән берген. Тақияны «мүйіз», «атерін», «шырмауық», «шұғыла» сияқты ою-өрнектермен кестелеткен. Сосын «таңдай», «ирек», «қабырға» секілді тігістерімен әдемілеп сырғызған. Оюдың қай түрін тақияға салуға болады, қайсысын салуға болмайтынын айтып та жүрді. Мысалы, тақияға көбіне шұғыла оюын салдырған. Ағамыздың айтуынша, тақиядағы шұғыла оюы «Күн төбеңнен кетпесін, Күннің астында жауқазындай құлпырып жүре бер» дегенді білдіреді екен. Өзбекәлі Жәнібек қазақтың қолөнері үшін талмай еңбек етті. Сөйтіп, қазақтың ұлттық киімнің дәстүрлі үлгілерінің сақталып, әсемдігін жоғалтпай ұлттық құндылық ретінде бізге жетуіне зор еңбек сіңірді. Сол мақсатта «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Қазақ киімі» секілді кітаптар жазып қалдырды.
Сәкен Сейфуллиннің де тақия киіп түскен біраз суреті бар. Әсіресе, өзбектікіне келетін тақиясы болғанын білеміз. Ол тақияны Сәкен 40 жасқа толғанда өзбек ақындары сыйға тартыпты. Өзбек ақындары сондай-ақ Сәкенге шапан да жапқан. Сәкеннің тақиясы төртбұрышты, конус бейнесінде жасалған. Түрлі-түсті жібек жіптен тігілген екен. Сәкен бұл тақияны көбіне үйде жүргенде, өзінің туындыларын жазған кезде киіпті. Бүгінде сол тақия мен шапан С.Сейфуллин мұражайында сақтаулы тұр. Айтпақшы, осы мұражайда Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылы Мәскеудегі жазушылар одағының съезі туралы түсірілген деректі фильмдегі бейнесуреті де сақталған. Осы фильмде де Сәкен қазақы тақия киіп тұр.
Қажымұқанның да басына тақия киіп түскен суреті бар. Бұл суреттің тарихы да бар екен. Қалмақан Әбдіқадыров «Қажымұқан» хикаятында: «Мұқан бір күні Ыстамбұлдың үлкен мешітін көргелі барғанда, түріктің ишаны басына шашақты қызыл тақия кигізіп: «Бұл барлық мұсылмандардың мешіттерінің анасы, бұған кірген кісі «қажы» болады, енді сен Қажы-Мұқан болдың» деп тақиялы суретін газетке басып шығарады» деп жазған. Әбдіқадыров суыртпақтап жазған бұл мешіт Меккенің әл-Харам мешіті болатын. Қажымұқан түріктің чемпионы Нұрулланы жеңгенде Ыстамбұлдың әкімі Шәкір паша Мұқанды қажылық сапарға апарған. Осылайша, Мұқан Қажымұқан атанады. Қажылықтан келгеннен кейін басына үнемі тақия киіп жүріпті.
Басынан тақиясы түспеген ғалымдардың бірі қазаққа әл-Фарабиді танытқан Ақжан Машани атамыз еді. Машанидің шәкірті, жазушы-ғалым Шәмшидин Әбдіраман бір сұхбатында ұстазымен қалай танысқаны жайлы айтады. «Қазіргі «Қазақстан» қонақүйінің жанында жатақхана бар болатын. Сонда барсам басына тақия киген, көйлегінің жағасын ағытып қойған, бір кісі отыр. Жөнімді айтып ем, екеуміз тез-ақ тіл табысып кеттік» дейді. Профессор Ақжан Машани Кеңес өкіметі тұсында мешітке барып намаз оқыпты. Басынан тақиясын шешпепті. Тіпті бір кездері ол кісіге «Ақжан Машани басына сәлде таққан молданы (ред. әл-Фарабиді) насихаттап жүр» деген айып та тағылған екен.
Атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов де сәнді қызыл тақия киген. Онысын өзінің төбел таз екенін былайғы жұртқа білдірмес үшін киген дейді. Сазгердің көзіндей болған сол тақия бүгінде туған қарындасы Райханның үйінде сақтаулы екен. Асқар Тоқпановтың да тақия кигені айтылып жүр. Тоқпановтың үкілі түркі, қара шошайма тақиялары болыпты. Мыңбай Рәш «Асқар туралы аңыз» мақаласында: «Басында үкілі түркі тақия, текше мұртты, қолында имек таяғы бар, томағасы жаңа ғана суырылған қырандай қияға қарап қанатын қомдаған, алысты болжағыш, жақынды жалғағыш озық ойлы өнер тарланы тұғырынан тайған жоқ» деп жазады. Белгілі ғалым Шора Сарыбаев та – ала тақиясын басынан тастамайтындардың бірі. Бір қызығы, Шора атамыз тақиясын өзі тігіп алыпты. Тақиясына қызыққандар да, ұнатпағандар да көп болған. Шора Сарыбаевты бастық қылып тағайындар алдында, басындағы тақиясын тастауды сұрапты. Бірақ ол кісі көнбеген екен. Атақты ақын Мұзафар Әлімбаев та тақияны бала кезден киіпті. Қалижан Бекхожин бір естелігінде: «Қырқыншы жылдары Естай әншінің жанында басына оюлы тақия киген, көзі бадырақ, сары бала жүрді. Ол атақты ақынның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, үндемей-ақ қағаз бетіне тымпылдатып түсіріп отыратын» деп жазыпты. Сол тақиялы «сары бала» Мұзафар Әлімбаев екен. Қуанарлығы, Мұз-ағаң тоқсанға келген тойында да басына қызыл тақия киіп төрде қасқайып отырды.
Иә, басынан тақиясын тастамаған тұлғалар бізде көп болған. Бәрін түгел жазып, мақалаға сыйдыру мүмкін де емес. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Жамбыл Жабаев, Міржақып Дулатов, Сәдуақас Ғылмани, Әлкей Марғұлан, Иса Байзақов, Жұмағали Саин, Әбілхан Қастеев секілді қаймақтарымыздың қазақтың ұлттық бас киімін қадір тұтып, үнемі киіп жүргенін білеміз. Олай болса, бізге не жорық? Ұлылар киген ұлттық бас киімді неге кимеске?
АЙҚЫН республикалық қоғамдық-саяси газеті