ҚАЙРАН,ТҰМАҒАҢ
2015 ж. 10 шілде
4568
2
«Бiрде Тұмағаң “Қалай ойлайсың, мен өлген соң мына Мұқаш ағаңа (Мұқағалиды айтады) қойғандай маған да ескерткiш қоя ма?” деп сұрады. Төбемнен мұздай су құйып жiбергендей болды. “Сiз өлмейсiз!” дедiм тура Құдайдың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi секiлдi. Сол жолы “Әй, шырағым-ай, ондай сөзге сенетiн кезден мен өтiп кеттiм ғой, қоймаса қоймасын, тек Дәурендi қорламаса екен бүйтiп...” деп жалғыз ұлының болашағы үшiн қорқып, көзi жасаураған қайран ағамның көңiлiн көтерейiн деп, бiздiң ауылдың бiр әңгiмесiн айтып бердiм. “Тұмаға, бiздiң елде “Жеменейге ұзатылған апаң айтпақшы” деп басталатын әзiл-шыны аралас цикл әңгiмелер бар. Жеменей дегенi – мына профессор Жауынбай Қараев iнiңiздiң ауылы. Бiздiң бiр апамыз бойжеткен соң, бала кезiнен айттырылған Жеменей ауылының бiр жiгiтiне ұзатылады. Ол күнде қазақ көшiп-қонып жүредi. Сол жылы қыс қатты болып, қар қалың түседi де, апамыздың соңынан ешкiм iздеп бара алмаса керек, келесi жылы қыс қыстауға құлағанда соңынан ат терлетiп, ара қонып жеткен iнiлерiне жылап көрiскен апамыздың ашуға булығып айтқан сөзi екен дейдi: “Ауылымның қонған жерi Торы ат тағы, Басына қарға-құзғын қонақтады, Сендер iздемесеңдер, iздемей-ақ қойыңдар, Сендер апа демесеңдер демей-ақ қойыңдар, Құдай апа десе болад-дағы”. Сол менiң Жеменейге ұзатыл¬ған қожанасырлау апам айтпақшы, ресми билiк қоймаса қоймасын, Сiз елiңiздiң жүрегiне жырдан Ескерткiш соққан ақынсыз, Тұмаға!”. Сөйткен Тұмағаңның ескерткiш тұрмақ, ең болмаса өзi туып-өскен ауылға атын да қимай отырмыз. Оны айтасыз, өзi өлердей сүйген Алматысында бiр көшенiң аты берiлген жоқ. Марқұм Масанчи атындағы көшеде тұрды. Масанчи деген кiм едi? Мағаз Масанчи атышулы революционер болды, Жетiсуда Кеңес өкiметiн ортату жолында күрестi, Қазақстанның басқа аймағы ондай дүнгендi бiлмейдi де. Алаш баласы үшiн ол жасаған төңкерiстен гөрi қазақ руханиятында Тұмағаң жасаған өзгерiстер құндырақ емес пе? Тұмағаңның ауданының аты – Еңбекшi қазақ, ауылының аты – Казатком, осының екеуi де келiсiп тұрған ат емес. Асылы, өзгерiс (қай өзгерiс те) өлiлерге емес, тiрiлерге керек. Ештеңе өзгермесе де Тұмағаңның ештеңесi кетпес, Қадыр тiрiлiп келiп, өз атына көше сұрамайды. Ахметжан Есiмовтiң Сағи Жиенбаев деген ақынның өлеңi тұрмақ, атын естiмегенiне өз басым қатты сенемiн. Есiмов естiмеген нәрсе көп, бiрақ бұл естiмей кетедi деген сөз емес, бәрi үшiн жауап алынады ертең. Бiр кездегi Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев туралы зиялы қауым не айтпады, не жазбады, бiрақ оны құлағына iлген ешкiм жоқ, ендi шулай бастадық...»
Есенғали Раушанов
http://www.qazaquni.kz/?p=36891