Әдебиетшілер арасында «Алтын тобылғы» байқауы басталды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов аталған Қордың сыйлығы үшін әдебиетшілер арасында «Алтын тобылғы» байқауының басталғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 
«ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының негізгі міндетінің бірі шығармашылық жастардың әлеуетін арттыру және өнер мен мәдениет саласындағы дарынды жобаларға қолдау көрсету болып табылады. Біз бұл істі он бес жыл бойы сәтті жүзеге асырып келеміз. Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Қорының сыйлығы үшін әдебиетшілер арасындағы «Алтын тобылғы» байқауының басталғанын атап өткім келеді. «Алтын тобылғы» бұл біздің жас әдебиетшілеріміздің басын қосуға бағытталған республикалық маңызы бар әдеби сыйлық», - деді С.Нұраханов. Ол аталған сыйлықты тапсыру отандық әдебиеттің дамуына қосылған ауқымды үлес боларына сенімділік білдірді. «Байқау жыл сайынғы төрт номинация – проза, поэзия, балалар әдебиеті мен драматургия және осы жылы қосылған «Мәңгілік ел» тақырыбындағы арнайы номинация бойынша өтеді. Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас авторлар қатыса алады. Әр номинация бойынша жеңімпаз Қордың 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлығына ие болады. Ал, «Мәңгілік ел» номинациясының жеңімпазына 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі», - деген атқарушы директор байқауға қатысушылардың жұмыстарын блікті қазылар алқасы бағалайтынын айтты. BNews.kz