Қазақтың оттілді, орақауызды, шырқыраған шындықты дер кезінде қанын сорғалатып айтып жүрген белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған Ғаббас Қабышұлы ағамыз 80 жасқа толды.
Ғаббас ағаның өмір жолы да қызықты. Ол 1935 жылдың 9-сәуірінде Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының Ұранхай ауылында дүниеге келді. 1955 жылы облыстық «Алтай большевигі» (қазіргі «Дидар») газетінде корректор, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды. 1966 жылы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына ауысып, жауапты хатшының орынбасары, көркем әдебиет, әдеби сын бөлімдерінде меңгеруші қызметін атқарды. 1962-1968 жж. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып, жоғары білім алды. 1974 жылы КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, 1983 жылы республикалық «Ара-Шмель» сатира журналының Бас редакторы, 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құзырындағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясы алқасының бөлім меңгерушісі, 1994-1996 жж. Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы лауазымдарын абыроймен орындап, зейнеткерлікке шықты.
Ғаббас Қабышұлы әзіл-сықақ, әңгіме, хикаят, сын, көркем очерк, көсем-сөз, мақалалар жазды. 14 жинақтың авторы. Орыс әдебиетінен А.Чехов, Д.Ленч, С.Михалковтың, украин әдебиетінен О.Вишнянның, серб әдебиетінен Б.Нушичтің әңгімелерін, түрік әдебиетінен Ә.Несиннің «Футбол королі» сықақ романын, таңдаулы әзіл-сықақ әңгімелерін (жиыны 2 кітап), молдован әзілқойы А.Бусуйоктың «Менің париждік нағашым» хикаятын аударған.
Әзіл-сықақ әңгімелері қазақтың маңдайалды «Қымызхана» және «Тамаша» театрларының сахналарында қойылған Ғаббас ағаның «Мінездеме», «Мысықта сақал неге жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім ғой…», «Халіңіз қалай?» «Кадр мәселесін… мәселе шешеді», т.б. көптеген кітаптардың авторы.
Өмірі мен қаламының қарымы өнегеге толы Ғаббас ағамыздың 80-інші асуы, өкінішке қарай, өкіметтің тарапынан үнсіз өтіп отыр. Саңлақ сатирик, жалынды жазушы, ғажайып журналист, қоғам қайраткері Ғаббас Қабышұлының қабырғалы еңбегін қалың қазағының бағалаудан танбайтындығына шүбә жоқ.
Ғаббас ағамыздың күш-қуаты кемел, өмір жасы ұзақ болғай!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
"Қазақ үні" газеті