Жалғыз жолаушы

Ыбырайымулы++

Әділбек Ыбырайымұлының «Ұяластар» романы туралы

Қазақ елінің кейінгі тірлігін көркем туындыға арқау еткен шығармалар соншалықты көп болмағанымен, заманмен үндес жазушылардың біраз дүниелері белгілі. Отанның қазіргі тарихына қалам тербеген олардың әрқайсысы қайсыбір кезеңдік ерекшеліктерді даралай көрсетуге ұмтылғаны анық. Осы лектегі Әділбек Ыбырайымұлының «Ұяластар» романының салмағы басым тәрізді. Осыдан он жыл бұрын жарық көрген роман автордың өзі куә болған Желтоқсан оқиғасының зобалаңын айтуымен ғана құнды емес. Үш ғасыр бойы бодандықтың бұғауындағы халық тәуелсіз атанғанымен, шат-шадыман өмірге бірден қолы жетпегенін баяндайтын, рухыңды жанып, талай ойға батыратын тартымды шығарма. Бүгінгі Қазақстанның ел ретіндегі саяси-экономикалық, ұлттық рухани-мәдени қалыптасуының неше алуан жолдарынан өткенін көз алдыңа елестетіп, ел тарихын бар жүрегіңмен сезініп, осы күнгі жеткен жетістігімізді бағалай білуге үндейді.

Көз жүгіртіп, беттерін парақтап қана шығатын кітап емес. Оқи отырып, небір ойларға кетесің. Шығарма идеясын түсінгің келеді. Жазушы Әділбектің жүректегі жұмбағын оңайлықпен жайып салмайтын жолды таңдағанын ұғасың. Алдыңда сан салалы сауалдар жатады. Онысы құптарлық, оқырманды ойланту арқылы өзімен бірге толғандыру. Автор романның бас кейіпкері Жапардың немесе тұтас бір Атамқұлов әулетінің күйреуін айтуды көздемеген. Бір әулеттің шым-шытырық оқиғаларын түріктік немесе батыстық мелодрама бойынша жасамағаны да анық. Жапардың өлімі осыны түсіндіреді. Бірақ мұндай шешім де оңай олжа ретінде ұсынылмаған. Әдетте, қай-қай шығарманың да жағымды кейіпкері жеңімпаз болып шығуы заңдылық сияқты қалыптасып қалғаны шындық. Сондықтан, кейбір туындыларды оқып отырғанда-ақ соңы немен аяқталарын алдын ала біліп, аңғаратынымыз бар. Ал, мына туындыда бүкіл әулеттің намысы үшін басын тауға да, тасқа да соғып жүрген жігіттің өлмеуін тілейсің. Бірақ «Ұяластар» романының авторы қалыптасқан қасаң қағиданы бұзған. Неге? Жапар жалғыздығын сезініп қана қойған жоқ, өзін қажытқан жағдайларды екшей келе: «...Бір кіндіктен туғанымен бұлар – ағайындылар әлдеқашан жат жандарға айналғанына көзі жетті». «Құдай да жалғыз, мен де жалғыз» дегенімен, оның жалғыздығының себебі басқада. Ол бас кейіпкердің осалдығынан емес. Ол, тіпті, бір ғана Атамқұлов әулетінің жанашыры деңгейінен биік. Талай тағдырды қиған қанды Желтоқсан кезінде танымайтын қазақтың қызын қорғаштап, белгісіз тобырдың сойылына жығылғанына қарамай, оны сүйрелеп жүріп, ақыры, құтқаруының өзі Жапардың үлкен азамет екендігін танытады. Жапар неге жалғыз? Міне, «Ұяластардың» тереңнен тартар сыры осы сауалға жауап іздетеді. Кейіпкер бір кіндіктен жалғыз болмаса да, бауырларының басына түскен түрлі шырғалаңның бәрін бір өзі көтеруге көндіккен. Жай көндігіп қана қойған емес, ауылдағы анасының әбден қажыған жанына қарлығаштай қанатымен су сепкен азаматты көресің. Ана қадірін білетін бала осындай-ақ болсын дейсің. Бірақ бірде Жүсіптің, бірде Сапардың шырматылған «торын» тарқатып, оларға шын мәнінде құтқарушы болып жүргеніне қарамастан анасынан қарғыс та естиді. Кейде, Жапардың өлімі ана қарғысынан болды ма екен дейсің. Жоқ, енесі тепкен құлынның еті ауырмауы тиіс. Ұлының ешқандай кінәсі жоқ еді.

Уяластар Осы замандағы «құтқарулар­дың» қалай болатынын да жазушы жасырмаған. Роман бүгінгі оқырманның талабынан шығатындай нақты өмірден алшақ кетпеуімен ерекшеленеді. Қазіргі шындықты оқи отырып, шығарманың халықтың сұранысымен үндестігі ескерілгенін ойлайсыз. Бүгінгі заманның адамы қиялдан туған көркемдіктерден гөрі нақтылықты қажет етеді. Дегенмен, жазушы халық сұранысы осы деген қасаңдау міндет те қоймаған. Тәуелсіз атанған Қазақ елінің алғашқы онжылдықтағы көрген қиыншылығын арқау ету арқылы көпке ой тастайды. Бауырлары көңілінен шықпағанымен Сүлеймен, Ерсұлтан сияқты сенімді достары бола тұра (әйелі Бибі де бір керемет таптырмас адам) Жапардың жаны жабығып, өзін жалғыз сезінуі қоғамдағы үлкен келеңсіздіктермен байланысты. Жапардың жалғыздығы – адам жанына ең ауыр тиетін жалғыздық. Ол – көптің ортасында жалғыз. Бұл тек қана Жапардың басына түскен ауыртпалық емес, адамдардың рухани күйреуі. Адасып жүрген тек соның ғана бауырлары емес, бәтуасыздық бүкіл қоғамның дертіне айналғанын мойындатады. Сондықтан, бейкүнә адам өзінен-өзі жалғыздыққа ұшырайды. Осы себептен жалғыздық романның басты кейіпкері ретінде орын алады. Жапардың қай бауыры істі болса да, оларды «құтқаруға» көп мөлшердегі қаражатты Сүлеймен де, Алмас та тауып бергенімен, басқа кейіптегі адамдар да бар. «Жақсы досыңды жоғалтқың келсе, қарыз бер» деген орыс мәтелін алға тартып, көмектесуден бас тартқан Бәкір, қалалық соттың төрағасы жемқор Нұрлан, бүкіл ауылды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын Көнектің балалары мен немерелері сияқты типтер, өкінішке орай, бүгінгі күннің жан ауыртар мәселесі болып тұрғаны шындық. Осындай шындықты айта білуі арқылы жазушының қоғамдық миссиясын жоғары бағалайсың. Кітаптың «Ұяластар» аталуы оқырманды бірден детектив сияқты назар аудартады. Дегенмен туынды уақыт өткізу үшін бір мезгіл көңіл сергітетін шытырман сюжетті баяндауды мақсат етпеген. Әділбектің романы қазіргі күннің қабырғалы мәселелерін қаузайды. Яғни, бір әулеттің шаңырағының күйреуін көрсете отырып, бүкіл қоғамдағы жайсыздықтардың пердесін ашуға ұмтылғанын аңдатады. Автор «ұяластар» деп өзінің бір кіндіктен тараған бауырларын айтқанымен, шығарма өзегінде бірнеше ұяластық топ қамтылған. Жүсіпті түрмеден шығару үшін Жапар аласұра ақша іздейді. Ал, ол ақшаны анау-мынау білімі мен мәдениеті таяз әлдебіреудің емес, қалалық соттың төрағасы Нұрланның сұратуы – сыбайлас жемқорлықтың ашық баяндалғанын көрсетеді. Кейін тағы бір інісі Сапардың істі болуына байланысты Жапар, тіпті, Қазақстанды қойып, Қырғызстанға барады. Сол жақта жолыққан адамдарының әрекетінен де келеңсіз жайды көресіз. Әке атына кір жұқпаса екен деген ниеттегі Жапардың айыпкер болған бауырларын қандай жолмен болса да қорғамасқа лажы жоқ еді. Жазушы қоғамдағы қылмысты атанғандардың бәрі бірыңғай адамдар еместігін кейіпкердің ішкі монологы арқылы берген. Тіпті, атышулы Көнектің балаларының соншалықты бассыздықтарын ауыздықтау былай тұрсын, көз ашқалы олардан қорлық көріп, ақыры, намысқа шауып, өздерін қорғауды ойлаған ауыл жігіттері түрмеге түседі. Олардың арасында Жапардың кенже інісі Жайнақ та бар. Бірақ Жапар оның жазасын жеңілдету үшін жан ұшырып жүріп өзі жол апатына ұшырап, опыну мен күйіну үстінде болса да, Жайнақты кінәламайды. Қайта университет тауысқан өзімен салыстырып: «Әттең, түк бітірмепті. Мұның қасында інісі Жайнақ тапталған аруақтың абыройын биіктеткендей. Сапар екеуінің жіберген есесін алып, ата-бабасының басында екі ағасының төгілген қанын қанмен жуған екен. Бауырларының ғана емес, қара халықтың озбырлыққа қарсы түйілген жұдырығы бопты-ау жарығы», – деген ойлары арқылы бүкіл кілтипанды ашады. Екі дүниенің арасында арпалысып жатқан Жапардың опынуы мен күйінуінде «бата бұздық» деген ой қылаң береді. Әйтсе де бұл әке аруағы алдындағы өзінің ғана жан «шырылынан» шықса керек. Рас, әке шыққан төбеге жете алмағанын да айтқан. Әйтсе де, Жапардың әке сөзін жанына жалау еткен жан екені анық. Жазушы бас кейіпкердің монологтары арқылы бүгінгі заманға сай қазақ азаматы айтар сөз бен бүкіл қазақы рухты сездірген. Марқұм әкесінің: «Мен саған, балам, ұлын әздектетіп, машина мінгізетін дөкей бастықтар сияқты мүмкіндік жасай алмаймын. Есесіне, көңіліңді қалдырмайтын ат мінгізем. Ат жігіт адамды тәрбиелейді. Бойыңнан тарыдай қасиеттің дәні табылса азамат болып шығарсың, болмаса – өкпелеме... Сондай қанатың болатын арғымақтардың жалын тартып міне біл. Ең бірінші – адам таны, екінші – ат таны. ...Халқыңның мырзасы да бола біл, құлы да бола біл». Шынында да ат танитын, адам танитын қасиет-қабілеттен айырылып бара жатқан қазақтың жанды жерін меңзейді. «Бата бұздық» дегенді жазушы Жапарға немесе оның көңілі толмайтын бауырларына байланысты айтпаған сияқты. Қазақ марқұмның аруағын қалай сыйласа, оның бейітін де қорламайды. Яғни, Сапарды соғып, өш алуды көксеген даукестер үшін моланың да қасиеті қалмаған. Ал, ол даукестер, тентектер қайдан шықты? Жалпы, Жапардың сөзі арқылы бүкіл қоғамдағы, соның ішінде, қазақ ауылының шындықтары баяндалған. Кітаптың аннотациясында кеңестік келеңсіздіктің көлеңкесі жоқ делінгенімен, Желтоқсан оқиғасына дейін ушыққан, бірақ бүркемеленген интернационализм арқылы қазақ мүддесінің аяқасты болғаны да назардан тыс қалмаған. Ол Текелі халқының тоқсан бес пайызы келімсектер және олардың шағымданушы, жергілікті адамдардың айыпталушы болып шығуын ойлағанда көп жайды екшеп, түсініп қаласың. Мұны жылқы ұрлады деген желеумен айыпкер көптің ішінде жүрген Жүсіптің сотын қазы Нұрланның «ақылымен» әдейі кешіктіру керек болғанда, Василий туралы берілген Жапардың ойы айшықтай түседі. Кеңестік экономикалық шырмаудың түйінін шешу қалалықтардан гөрі ауыл халқына тым қатты тигені шындық. Осындай ауыл адамына екі қолға бір күрек табылмай қалған кезде қалаға ағылған жігіттер милиция қызметкері болып шыға келеді. Ал, кәсіби мамандығы жоқ олардың халықаралық конвенцияны білмеуінің салдарынан қазақ азаматтарын қорғаудың қиындығы мен белгісіз сыбайлас топтардың дегендеріне бағынышты болуға итермелейтінін түсіне білген Жапар білімді азамат бейнесінде сомдалған. Сөйте тұра ол жеңіліс тапты. Жазушының ойлағаны Жапардың жеңілуін көрсету емес. Керісінше, қоғам дертті болған жағдайда сол ортадағы жақсы азаматтардың жалқы болуын қаламайтын өзіндік ұлттық идеология көздеген авторлық идеямен жасалған көркемдік шешім. Шығарманы жазуда өзіндік ерекшеліктер байқалады. Ол – жазушының тіл қолданысы. Кейбір дүниелерде көркем ойлар шешендік өнермен, халықтың фольклорлық санасымен астастырылатыны бар. Бірақ «Ұяластарды» жазу барысында Әділбек Ыбырайымұлы мұндай алдын ала жоспарланған көркемдік тәсілдерді қолдануды мақсат етпеген. Өйткені, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктердің тұтқыны болған бауырларын қорғаштап, жанын шүберекке түйіп жүрген Жапарға небір әдемі көркем сөздің үлгілерін айтқызу нанымды болмас еді. Шығарманың мақсаты қоғамдық мәселелердің бет-пердесін ашу болғандықтан кейіпкерлердің кейбір сөздері құлаққа түрпідей тиетіні бар. Алайда, жаны қысылған кейіпкердің айналасында болып жатқан жағдайларды тәтті сөздермен қабылдамайтыны белгілі. Жазушы осыны ескерген. Қаламгер тарапынан шынайылық осылайша байқалады. Кейіпкерлер небір әдемі, дәмді сөздерді айтып, таңғалдырмаса да, жазушының фольклорлық санасы арқылы қазақылық рух танылады. Мұнда да жазушы тарапынан шынайылық бар. Жазушы неше түрлі фольклорлық образдарды, жанрларды зорлықпен қоспаған. Ол оның өзінің фольклорлық санасы арқылы табиғи түрде орын алған. Істі болған бауырын қалай қорғауды ойлап жүрген Жапардың құмалақшыға мойын бұруы, оған сенуі, оған сенгісі келіп тұрса да, айналасындағы жұрттан именуі қазіргі заман кісісінің түрін танытады. Расында да, ауылда өскен адамның фольклорлық санадан ажырамағаны белгілі, сондықтан жазушы осыны айқын көрсете білген. Фольклорлық түсініктің көркемдік тәсілге қолданылғаны да ұшырасады, ол «қолында қолшоқпары бар, беліне пистолет байлаған жылпылдаған түрме қызметкерінің пішіні бір қарыс, беті бір уыс болса да, үстіндегі асай-мүсейі бойына бу беріп тұр» деп сипаттауы – осының дәлелі. Тағы да бір фольклорлық ұғым: «қыз – әкеге жау» деген қолданыстың кейбір оқырманның көңіліне тиетіні сөзсіз. Бұл патриархаттық үстемдіктен шыққан, қазіргі заманның адамы мұндай ойды қабылдамайды. Әйтсе де, инабатты, момақан, уыздай таза ауыл қызының ұлттық санаға жат қылық жасағанын ескергенде жазушының еркіндегі қолданыс сияқты ғана түсінуге болады. Шындығында, «бұзылған» ауылдың қызы ғана ма? Жоқ, бүкіл қоғамда, жазушы өзі айтқандай, «таңертеңгі ақыл түске жарамаған» аласапыран кезеңдегі жағдай талай жанның өмірін де қиды, талай жанның сағын да сындырғаны ақиқат. Романның композициялық құрылымы ұтымды ойластырылған. Бес тақырыпқа бөлінген әр бөлімде көркемдік тәсіл ретінде шегіністерге орын берілген. Бұл, негізінен, Жапардың өткен жағдайларды еске алуы арқылы шығарманың алға қойған мақсаты – қоғамдағы келеңсіздіктердің айқын баяндалуына, бүгінгімен салыстыруына қызмет еткен. Қорыта айтқанда, Әділбек Ыбырайымұлының «Ұяластар» романы уақыт өтсе де ескірмейді. Өйткені, бұл шығарма Жапардың қиналысын суреттеуді ғана мақсат етпеген. «Ұяластар» ата-баба аңсаған тәуелсіздікке бүгінгі қазақ қол жеткізгенімен, еркін әрі егемен еліміздің қалыптасу тұсындағы ащы да болса шындықты құнықтыра оқытатын шығарма. Ал, тарихи шындықтарды әр ұрпақ оқып-білуге құштар. Сондықтан жиырмасыншы ғасырдың соңғы он бес жылындағы нақты тірліктің қазақ үшін қандай болғанын «Ұяластар» өз реңінде көрсете алады. Ең бастысы, жастардың ұлттық намысын жанып, оларды ұлттық тарихты бағалай білуге, ұлттық салт-сананы қадірлеуге үндейді.

Риза ӘЛМҰХАНОВА, Қазақ Ұлттық Өнер университеті Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы.

"Қазақ үні" газеті