Мұқағали рухы тағы бір асқақтады

Мукагали- Мұқалидай ақиық ақынымыз тірі болса, бүгін 84 жасына келетін еді. Облыстық Білім басқармасының ұйтқы болуымен республикалық Мұқаға­ли оқулары биыл да жалғасын тапты. Мұ­қағалиды танып-білуге, жырларын жү­рекке қондыруға арналған іс-шараның ақын жүрегімен сүйіп кеткен кең байтақ Қазақстанды қамтығаны әрі сүйінішті, әрі қуанышты. Жыр байқауының салтанатты ашылуында Райымбек аудандық мәслихатының хатшысы Ерлан Құдабаев республиканың түкпір-түкпірінен келген үміткерлерге сәттілік тіледі. Одан соң сөз алған облыс­­­­тық білім басқармасының басшысы Ләз­зат Базарқұлова жүрекжарды ле­­бі­­зін жет­кізді. Қазылар алқасының төр­аға­сы, Қа­зақстан Жазушылар одағы төр­аға­сы­ның кеңесшісі, «Ан-Арыс» баспа­сы­ның атқарушы директоры, ақын Кә­дір­бек Құныпияев Мұқағали мұра­сы­ның ға­сыр­лардан-ғасырларға жасай беретінін тағы бір еске салды. Осы күні респуб­лика бойынша он бір облыстан жә­не Астана, Алматы қалаларынан келген отыз үміткерге жазушы, ҚР Мәдениет қай­раткері, «Қазақ үні» газетінің бас ре­дак­­торы Құлтөлеу Мұқаш, Қазақстан Жа­­зушылар одағының мүшесі, ақын, «Ел назар» журналының бас редакторы Ер­ғазы Манапұлы және мұқағалитанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты Жұмаш Өтеевтің қазылық жасағанын айта кеткен ләзім. Оның қорытындысы бойынша Алматы қаласынан келген Шадияр Есенәлі, Райымбек ауданынан қатысқан Ұлпан Мұқатай, Жамбыл облысынан келген Гүлжан Бақытбек жүлделі 3-орынды еншіледі. Маңғыстау облысынан келген Еділбек Дүйсенов пен Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданынан қатысқан Абылайхан Қуанышев 2-орыннан көрінді. Райымбек ауданындағы ақын туған қасиетті Қарасаз ауылындағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназияның оқушысы Сымбат Ыдырыс 1-орынға ие болды. Сонымен, биылғы жылдың мыңнан тұлпары да анықталды. Алматы қаласындағы №87 орта мектептің 9-сынып оқушысы Назерке Әсетова бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілді. Жалпы, қатысушылардың бәрі құр-алақан қайтқан жоқ. Ең бастысы, Мұқағалидың мұражайын, қасиетті Қарасазын, Қара суы мен Елшенбүйрегін көрген жас жүректер лүпілі ерекше сезімге, қуанышқа бөленіп қайтты. Рухтанып, қанаттанып аттанды. Республикалық байқауға қатысқан барлық үміткерлердің келешекте жырды қастерлеп, өлеңнің туын биік ұстар бір-бір үміт ақтаған өрендеріміз болары даусыз. Соған қуандық. Қанат БІРЖАНСАЛ, Алматы облысы, Райымбек ауданы