Софы СМАТАЕВ, жазушы: Қаламгерді құтты орнына құдіретті қаламы ғана қондырады

2
2168

– Төл әдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен бағыты туралы не айтар едіңіз?
– Мәдениет пен әдебиетке билік тарапынан тиесілі қаржы-қаражатпен көмектесу түгілі дұрыс көзқарастың өзі болмаған жағдайда ол екеуінің зымырап алға озуы тұрмақ, қыбырлап ілгері жылжуы да қияметтің қиыны екенін бүгінгі күні екінің бірі сезетіні жасырын емес. Сондықтан да төл әдебиетіміздің бүгінгі мүшкіл халін, қаламақысыз қалып, қайыршының қата­рында қалт-құлт еткен тір­шілігін өлермендігімен сабақтап жүрген қаламгер­леріміздің күй-жайымен баға­ларымыз хақ. Шыңғырып айтар шын сөзі шенеуніктердің кеудесін тесіп өтпейтін, қалың оқырманның құлағына жетпейтін мың данадай мардымсыз таралыммен шығатын азын-аулақ кітап бүгінгі төл әдебиетіміздің төркінін анықтай қояр дегенге өз басым өлтірсе де сенбейді.
Ал қазақстандық әде­биет­тің (әдебиет деп атауға келісе алсақ) бүгінгі бағыты ақшалы байлар мен орайын тауып оп-оңай байыған «набобтардың» әкесі мен ағасы, көкесі мен «жағасы» топылдатып шы­ғарып жатқан күлдібадам кітапсымақтарының нұрлы да сырлы шуақтарын бойлап тарап жатыр ғой. Ауыл үстінде сойылын шошаңдатқан тентекшалыстарынан арыстандай батырын, екі-үш үйдің ермегіне жарайтын езулісінен баға жетпес биін тауып алып, әлгілеріне арналған том-том киіз кітаптармен төл әдебиетіміздің кешегі төбедегі дәрежесін төмендегі табанға төсеп беріп жүргенімізге тө­релеріміздің қа­быр­ғалары қайыса қояр ма екен.
– Қазіргі кезде ұлт­тық идеология әлсіреп кеткен секілді. Бара-бара басты құн­дылықтарымыздан көз жазып қалмаймыз ба?
– «Ең алдымен экономика, содан кейін ғана саясат, идеология!» дейтін бүгінгі үкіметіміз бен биліктің идеологияға деген қырын қабағы мен жабық көзқарасы жуық арада ашыла қоймасы белгілі. Сол себепті де атыс-шабысы, қырғын-сүргіні, жалаңаш қалпы жабысуы-қабысуы көп көк жәшікті жас ұрпағымыздың жанарына жадыгөйлікпен тоса қойып, солардың ой-бойына қатыгездіктің, қа­ныпезерліктің ұрығын сеуіп жатқанымызды ескеруден мүлде қалдық қой. Дырылдақ-дарылдақ, сөз-сазсыз әнсымақтарымен дауыссыз, талғамсыз дарақы «жұлдыздардың» дөрекілігіне өскелең өрендеріміздің құлағын үйретіп, кеудесін ұйытып, ұлттық өнеріміздің өңешін буындырып тастағанымызды қашан байқар екенбіз. Ендеше ұлттық құндылықтарымыздан әлден-ақ көз жазып қалғаны­мызды аттандап айтудан неге жасқанамыз.
– Қазақ қоғамын жағым­паздық жайлап кеткен жайы бар. Бас пайдасы мен мансап үшін билік басындағылар алдында құрдай жорғалайтын, тіпті адамның ойына келмейтін күлкілі көріністерге куә болып жүрміз…
– Қоғамы­мыз­дағы жабайы жа­­ғым­паз­дық тір­лік бүгін емес, он бес, жиырма жыл бұ­рын тіріле бастаған. Мақ­тау мен мадақтауға өң бергіш жоғарыдағылардың жоясыз мақтан­ сүйгіштігі етік сүйіп, етек жала­ғыш інілер мен қол сүйгіш аға­­лардың сумақайлығы мен сұм­пайылығына даңғылын даладай етіп жол берген. Сондықтан да биіктегісінің көзіне түсіп, көңілінен табылуы үшін жарты жүрек жағымпаздарымыздың бірімен бірі қызыл қырғын, қысас таласқа ұласқан «жарапазаны» бүгінде шарықтау шегіне жетіп, биліктік телеарналар мен басылымдардың бетін бермеуге айналды.
Ал бүгінде әр затқа «нұр» тіркесін локомотив етіп жекпесек, таң атпайтындай, күн шықпайтындай, жүрісіміз өнбейтіндей, сыбағамыз келмейтіндей қобалжулы күдікке тіреліп қалатындай күй кешудеміз.
– Абай, Ақан сері, Бір­жан сал, Құрманғазылар еш­қандай атақсыз-ақ ел есінде мәңгілік сақталып қалды. Атақ алу үшін өзара дүрдараз болып жүргендерге қарап көңіл құлазитыны бар. Сол атақ керек пе өзі?
– Жазушыны атаққа ұсыну, сыйлық иесі таныту, орден беру тәрізді алдамшы тірлікті бір кездерде Сталин ойлап тапқан деседі. Азуы алты қарыс сол диктатор көсемнің өзі де елдің тілі, халықтың үні болар қаламгерден қатты сескенген ғой. Сол себепті де қалам қайраткерлеріне әртүрлі «сыбаға» ұсынып, сол «сыбағаға» таластырып, жазушыларды бір-біріне айдап салып, қырқыстырып қойған-ды. Бұл қоғамға ықпалы зор күшті ыдыратып, жеке-дара билік жасаудың жымысқы әдісі болатын. Сол келеңсіздіктің, сол айқас-шайқастың көрігін бүгінгі біздің билік басындағылар да шектен шығара қоздырып жіберді. Ал, осы көзбояу тірліктің – атақ, сыйлық, марапаттардың – жазушыларға түкке де керегі жоқ. Қаламгерді қаламының құдіреті ғана құтты да мықты орнына қондыра алады. Көз құртына айналған төске тағар жылтырауық-жалтырауықтар жазушылар арасына іріткі түсіріп, ылаң салады. Кеше ғана қоян-қолтық араласып, бір-біріне тілеулес, пікірлес болып жүрген пенделердің арасынан ала мысық жүгіріп өткендей әп-сәтте өзара қас-жау болып шыға келеді. Араздықты ұлғайтады. Топ пен тобыр ұйымдастыртады. Азға көпті, жекеге топты қарсы қояды. Шындықты сұмдық жеңіп, әділетті әбілеттік ұрып жығады. Міне, жалған марапат пен ман­саптың бізге берері осы ғана. Жалғанды жалпағынан бассам деген жаңсақ ойдың жетегінде жүргендер, ар мен адалдықтың ауылынан алшақтап, өзгелерді де адастырады.
– Еліміздің тізгінін ұстағандар мен бүгінгі атқамінерлерге көңіліңіз тола ма? Олардың қан­дай болғаны дұрыс?
– Өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарындағы ел ағалары болған, ел тізгінін ұстаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов аталардың, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, Нығмет Нұрмақов, Сейітқали Меңдешев, Сұлтанбек Қожанов, Ғаббас Тоғ­жанов сынды көкелердің ел қамы, халық бабы дей­тін ұлтжандылығынан өр­битін шынайылығы мен тазалығы Алаштың әр азаматын алқалаған, қазақтың, қазақстандықтың әр адамын ардақ тұтқан. Ұлтының діліне жүгініп, тілін құрметтеген.
Ал бүгінгі шенеуніктер мен ат пен таққа мінгендерде ондай өрісті өнегенің жұр­нақтай да ізі, тамшыдай да сызы қалмаған. Биіктегі кабинеттерінің көзге күйік етіп есік-терезелерін хатшы-референттерімен, көмекші-кеңесшілерімен, күзетші-церберлерімен бітеп жауып тастап, төмендегілерге төбесінен сыздана тесілуден басқаға мүлдем жоқ. Алдарына айлап, жылдап тосып жүріп бір бара қалсаң, тура сөзіңді тыңдауға бейіл де білдірмей, әр сылтауды бір көлденеңдетіп, ана тіліңді шала ұғатын шүлдірлеуімен сілікпеңді шығарып, енді келместей етіп кеңсесінен сырғыта салады. Содан соң олардан түңілмегенде қай­тесің. Кекірттік пен бюро­краттыққа қарсы түк жасай алмай, шарасыздықтан бүлін­бегенде, күйінбегенде қайтесің.
Не істеу керек деймісің?.. Бүгінгі адамды пенде ғып тұқыртып, пендені құл ғып илеуге құныққан шенеуніктік жүйені түп-тамырымен қо­парып тастап, адамды адам деп қадірлейтін ортаны қалып­тастыру қажет.
– Еліміздің, қазақтың болашағын қалай елестете аласыз? Халқыңызға не тілер едіңіз?
– Асылдарымыз бен арыстарымыз ғасырлар бойы аңсаған бостандығы мен тәуелсіздігіне Алла Тағаланың жарылқауымен 1991 жылдың желтоқсанында қолымызды жеткізіп едік. Дербес елдіктің, өзгелермен тереземіз теңдіктің ой мен бойды әсерлендіре шымырлатар құдіретіне шым бойлап кетіп те едік…
Ал бүгін… бірінші қаңтар­дан бастап Еуразиялық экономиялық одаққа кірген бойда бұрынғы бодандық тәуелділіктің тұзағын мой­нымызға буындыра іліп аламыз ба дейтін сұрапыл қор­қыныштың суық ызғарымен әлден-ақ бүрсеңдей баста­ғанымды білемін. Лайым сол қорқынышты күдігім шын­дыққа айналмаса екен, кіріптарлықтың бұғауында шырылдамастай болсақ екен дейтін зар тілегімді Жаратқан Хақтың құлағына жеткізуге құмбылмын. Елімнің ертеңі тумай қалмаса екен, кешегісімен келешегі жатсынбай табысып, кемеңгерлігі мен кемелдігінің көмбесін қопара ақтаратын халқымның әр кездегі бүкпесіз көңілі бүгінгі қоңторғай тіршілігін артта қалдырып, болашағының көсегесін көгерте берсе деймін. Өйткені мен «қазағым-ғажабым!» деуден әлі күнге дейін жаңылған емеспін. Осы пайымымнан Тәңірім ажыратпасын.
– ­Софы аға, ашық әңгі­меңіз­ге рахмет, өзіңізді «Жыл адамы» деп таңдаған «Қазақ үні»газетінің қалың оқырмандары разы болар деп ойлаймыз. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан,
Зейнолла АБАЖАН

2 ПІКІРЛЕР

  1. И.Сталиннің шын мәнінде кім болғанын білу үшін М. Ошлаковтың «Запретная правда о Сталине», Ю. Мухиннің «Почему народ за Сталина», Г. Феррдің «Антисталинская подлость» деген кітаптарды оқу керек. Жалған білгірлік сонда анықталады. Сталин жеке билікке 1937-жылғы «Жеңгендер съезінен» кейін ғана ие болды, оған дейін Саяси бюрода троцкийшілдер көпшілік болып, оның дұрыс пікірлеріне жол бермеген. Жазушылардан сескенген Сталин жоқ. ол елдің, халықтың рухын қалам қайраткерлері, ғалымдар көтеруге тиіс деген бағыт ұстанып, қамқорлық жасап отырған. Қаржы министрі Зверев: Жазушылар қаламақыны көп алып жүр, миллионер болып шығулары да мүмкін, шектейік, дегенде Сталин: Жазушы алса, еңбегіне алады,сіздіңше жазушылардың миллионер болуға құқы жоқ па? Шектеу болмасын! депті. Зверевтің күнделігінде бар.Сталинді беталды жамандауды Перлмуттер деген еврейдің шөбересі Н. Хрущев әдейі шығарды. Г. Феррдің кітабында оның ХХ-съезде Сталинге 61 айып таққаны, соның бәрі өтірік екені құжат бойынша дәлелденген. Мен сталиншіл де, оған қарсылардың да бірі емеспін, тарихи шындықты жақтаушымын. Сталинді хрущев нақұрыстың айтуымен жамандаушыларға ең болмаса соңғы кітапты оқуға кеңес беремін, ол интернетте тұр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз