Сағымға айналған сынап мезгіл

Сабит Қалекеңмен кездескенде Қалекең түр-тұлғасы келіскен, бойшаң да, денелі адам еді ғой. Жүрген жері ойын күлкі, әзіл-қалжыңға толы болатын. «Қалекең сөйдепті, Қалекең бүйдепті» деген сөздер аралас-құралас әріптестер, қаламгерлерді былай қойып, дүйім жұртқа тарайтын. Сол себепті де Қалекеңмен үлкендер де, кішілер де шүйіркелескісі кеп тұратын. Солардың бірі – өз басым. Қазақ радиокомитетінде әдебиет, өнер бөлімінің бас редакторы болған марқұм Нұтфолла Шәкенов мені қасына ертіп алды. – Қалекеңді білесің бе, – деп қойды. – Қай Қалекең? – Қалибек Қуанышбаев ше. – Ә... Кәдімгі Абай рөлінде ойнаған Қалекең екен ғой! Нұтфолла жолшыбай бір «Вермут» шарабын сатып алып, газетке орап алды. – Қалекең осыдан басқаны іше қоймайды. Коньякқа ақша аз, – деп, мойылдай қуақы қара көздерін ойнақтата күлімсіреп, Нұтфолла мені қазіргі Желтоқсан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы сары бояумен боялған үш қабатты тұрғын үйге ертіп келді. – Ғарифолла Құрманғалиев, ағайынды Абдуллиндер, драматург Шахмет Құсайынов тұратын әртістер үйі осы, – деді Нұтфолла. Ауладағы арқалығы шалқақ ағаш орындықта қолында таяғы бар біреу отыр екен. Куанышбаев – Ассалаумағалейкум! – дестік. – Уағалейкүммүссәлем... Қалекеңнің нақ өзі екен. Нұтфолла иығына асып алған шағындау аппаратын алып, алдын ала келіскен уағдалары бойынша Қалекеңе әр түрлі сауалдар қойып, үнтаспасына түсіріп жатыр. Әңгіме театр, сахна саңлақтары хақында өрбиді. Мен үнсіз отырмын. – Бәлі, бір қызықты айтайын, – деп қалды Қалекең бір уақытта. – Айтыңыз... – Мұхтардың «не дейді?» деген бір сөз үшін тұлан тұта ашуланып, репетицияны аяғына дейін көргісі келмей кетіп қалғаны бар. – Қалай? – Мен Абай рөліндемін. Алғашқы акті тәмамдалып, сәл тынығуға шықтық. – Түу, Қалеке, сен тірі Абай бейнесін жасадың-ау, тфә, тфә, көз тимесін, – деп балаша қуанады Мұхтар. – Бар пәле екінші актіде басталды. Мен сөз таластыра ашу шақырысқан қарсы топқа қабағымды түйе қарап: «Не дейді?» деген зілді, салмақ тастай айтатын сәтті тым бәсең жеткізсем керек. Мұхтар түтіге орнынан тұрып: – Тоқтат! Болмайды! – деп, «бұл қандай «не дейділерің» – деп ашуланған бойы кетті де қалды. Режиссер Тоқпанов жұды­рығын түйген қалпы сахнаның шетінде тұрған рояль тақтайын тақылдатып тұтанып тұр. – Бір сөз бәрін бүлдірді, – деді ол. – Бір сөз! Кәне, әлгі «не дейді» сөзін қаһар төге қайта айтыңыз, Қалеке! Сахнада қыстана қағысқан кері сөйлегіш кертартпаларға қайта қарап, қабағымнан қар жаудыра, оқты көзімнен от шаша, дауысымды қатырақ шығарып, әлгі сөзді және қайталадым. – Бәрекелді, міне, тап осылай айтыңыз! Асқар Тоқпанов қолымды қатты қысты. – Әттең, Мұхаңа керегі де осы еді ғой, – деді ол осы сәтті көрмегеніне өкініп. Арада апта өтпей репети­цияға қайта келген Мұхаң: – Е, бәсе, бәлі, міне, осыны күтіп едім ғой Қалекеңнен, – деп күндей жайнап кетті. – Енді Ғазиза шешелеріңнің шайын іше отырып әңгімелесейік, жүріңдер, – деп Қалекең пәтеріне ертіп келді. Нұтфолла манағы «Вермутты» стол үстіне қойды. Жартылық шарапты үшеулеп отырып тауыстық-ау. – Қалеке, сіздің ит болып үріп, қасқыр болып ұлып, бұзау болып мөңіреп, кемпір болып кеңкілдеп жылаған үнтаспаңызды сонау отызыншы жылдардың орта тұсында бала кезімде патефон арқылы естігенбіз. Кейінгі кезгі әзілдеріңізден айта отырсаңыз, – деп қолқа салдым. – Ә... Айтсам айтайын, – деп қуақылана қарады да: – Ғазиза, бері кел, сен де есіңе түсіре отыр, – деп кемпірін шақырып алды. – Сонау бір жылдары Мұхаңнан (Әуезовті айтады. – М.Р.) бес жүз сом қарызға ақша сұрап алдым. Соғымға қажет болды. Ол кездері бұл аз ақша емес еді ғой. Мұхаң кішкене кінешкесіне менің атымды жазды да: – Қанша мерзімге? деп сұрады. – Әрі кетсе алты ай мерзім­ге... «Тамыз айының жиырмасыншы жұлдызына таман» деп араб әрпімен жазды да: – Қалеке, мен қарызға берген­нен соң кезінде қайтар­ғанды қалаймын, – деп қойды. – Мұха, қам жемеңіз, мен сөзімде тұратын адаммын, – дедім. – Бәлі, Қаллаки, – деді Мұхаң, – анау Жарылғаптың Ісләмі үш айға деп алған үш жүз сомды үшінші жылға дейін созып жүр. Жігіт деп Сафуанды айт. Қарызға алған төрт мың сомын мәшине сатып алды да, мерзімінен алты күн бұрын қайтарды. – Сонымен уақытында қайтардыңыз ба? – Қайтару қайда, – деп күлімсіреді Қалекең. – Алтыншы айдың шеті қылтылдағанда мен қылпылдай бастадым. Әлі бір-екі ай кешіктірмей қайтарар түрім жоқ. Алдаркөсенің қулығына бастым. Немеремнен қалған көне колясқаға бұқу-сұқу ескі киім-кешекті қобырайта тиеп салып алдым. Ғазизамды ертіп Мұхаң серуендейтін қазіргі Төлебаев (бұрынғы Абай. – М.Р.) көшесіне жоғары беттедік. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, қолын арқасына айқастыра салып, күзетші иті «Досын» ертіп, Мұхаң келе жатыр екен. – Ау, Қаллаки, мыналарың не? – деп Мұхаң аң-таң. – Ә, – дедім желкемді қасып, – Өзіңнен алған қарызымды қайтара алмайтын болған соң жайма базарға апарып саудалайық деп барамыз. – Бәлі, Қаллаки, айтпа мұныңды! Құдай үшін көрсетуші болма, көргендерден ұят. Сен қарызға ақша алған жоқсың, мен еш қарыз берген жоқпын! – деп Мұхаң кесіп тастады. Сөйтіп қарыздан оп-оңай құтылып кеттім. * * * Министрлер Кеңесіне қарайтын орталық аурухананың жүрек емдейтін бөлімінде айға жуық қаралып, үйге ораларда дәрігер үйіп төгіп кеңестерін беріп жатты: – Арақ-шарапқа, сыра-пыраға жоламаңыз, қан қысымы жоғарыламаса қымыз, шұбат ішесіз... Үйге оралдым. Менің халімді сұрай Ғарифолла, Елубайлар келді. Шайын қаузап жүрген Ғазизаға: – Кемпір-әй, – деймін, – «дәрігерлер арақ-шарапты түстегенмен, коньяк ішпе деген жоқ, атын да атаған жоқ, әкел бері коньякты!» дегенім бар емес пе, ха-ха-ха! Сол бір жылдарда... Бердібек! Мен Бердібекті осыдан жарты ғасыр астам мезгілден білемін. Дәлірек айтсақ, 1946 жылдан. Екеуміз де Қазақстандағы жоғары оқу орнының қара шаңырағы қазақтың Абай атындағы педагогикалық (ол кезде КазПИ, қазір университет. – М.Р.) институтын бірге оқып тәмамдадық. Арамызды бір-ақ жыл айыратын. Біз оқуға түскен жылы ол екінші курста оқып жүр екен. Толық, орта бойлы, денесі шымыр, танауы келтелеу, көзі сұңқардың жанарындай өткір, сөз сөйлесі, жүріс-тұрысы ширақ. Сұрапыл соғыс аяқталысымен үстіндегі сұр шинелін шешпестен оқу орнына келген. Тіл-әдебиет факультетіне түскен. Жатақханамыз бір. Тек бөлмелеріміз бөлек. Ұстаздарымыз: Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Төлеген Тәжібаев, Сәрсен Аманжолов, Темірғали Нұртазин, Шамғали Сарыбаев... болып жалғаса береді. Сөзінің «бісмілләсін» «бәліден» бастар алдында бас бармағының ұшымен мұрнының оң жақ шетін бір сипап алып, төкпе де құйылма дәрісімен тыңдаушысын ұйыта «көгендеп» тастағандай көркем де кестелі, ойлы да ойнақы сөздерімен сиқырлап алатын Мұхаң тұлғасы қандай-ды! Сөзін естіген үстіне естігің келе береді, құштарлығың бір қанбайды. ...Махамбеттің найзағай жырларын нақышына келтіріп тұтас жатқа соғатын, сәл ғана тілін тістене сөйлейтін, қасқа маңдай, жез таңдай профессор-ұстаз Қажым Жұмалиев ше! Бір жағынан Сыртқы істер министрі бола жүріп, бізге психология пәнінен дәріс беретін ойлы көзінен от шашқан Төлеген Тәжібаев ше? Ол да профессор. Ұстаздарымыздың осы тобына қазақ тілінің балын тамыза баяндайтын профессор лингвист Сәрсен Аманжоловты, сабағын салмақпен бастап, сызылта аяқтайтын Темірғали Нұртазиндерді қосыңыз. Осы әрқайсының орны бар таудай тұлғалардың көрігімен балқып, теңізінде тәрбиеленген біз де «сау сиырдың боғы» емеспіз-ау деп оңаша отырғанда ойға түсіріп, шүкіршілік ететінім рас. * * * Қазіргі Қазыбек би мен (бұрынғы Совет көшесі. – М.Р.) Қонаев көшелерінің қиылысында қарт ҚазПИ-дің ғимараты тұратын. Бір күні әдебиет үйірмесін басқаратын Қайнекей Жарма­ғам­бетов өз дәрісін тәмамдаған соң: – Студент жолдастар, сендерге ерекше бір хабарландыру бар! – деп қалды. – Ол не екен? – деп елең ете қалдық. – Бүгін кешкі сағат алтыда Сәбит Мұқанов бастаған қазақтың атақты ақын-жазушыларымен кездесу кеші өтеді. Бірің қалмай келетін болыңдар. ...Кешкі сағат алтыға отыз минут қалғанда-ақ институт клубы студенттер мен ұстаздарға лықа толып кетті. Тек тіл-әдебиет факультеті ғана емес, өзге салаларда оқитындар да құлағдар екен. Төралқаға көтерілген сол кездегі институттың ректоры Серғали Толыбеков сахнаның бір шетінен көріне бастаған жазушылар тобына қарап, қол соға бастады. Залдағылар да қолдарын шатырлата соғып, дүрілдетіп жіберді. Ақын-жазушылар тобын текше мұртты, толық денелі Сәбит Мұқанов бастап келді. Ректор орнынан көтеріліп, келген ақын-жазушылармен таныстыра бастады: Сәбит Мұқанов ақсақал, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Жақан Сыздықов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекқожин, Есмағамбет Ысмайылов... Ректор сөзді енді Сәбит Мұқановқа берді. Сәбең мінберге барып, тамағын әдетінше кенеп «һым» деп алды да, кірісіп кетті. Ол әдебиеттің жай-күйі, ақын-жазушылардың жетістіктеріне, шығармашылығына тоқталды да, алғашқы сөзді Әбділда Тәжібаевқа ұсынды. Мінберге оң қолындағы таяғына сүйене ақсаңдай басып шыққан тарланбоз ақын Әбділда: – Мен көп сөйлеп баста­рыңды қатырудан аулақпын, әлгінде Сәбит ағамыз айтты ғой, – деп бірден өлеңдерін оқуға кірісіп кетті. Қызулана, пәрмендене оқиды. Жалыны мол жырлар жүрегіңе жалғанып жол тауып жатыр. Сәбең сонан соң әлгі топқа біртіндеп кезек-кезек сөз берді. Әлден кейін ақын Жақан Сыздықов шықты. Кезінде «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы болған, әйгілі «Майкөл тамы» дастанының авторы. Жақан ағамыз бұл жолы сөзін әзіл-оспаққа құрды. – Тайыр ініме шығарған бір әзілім ар еді. Соған кірісейін, – деп көзілдірігін бір жылжытып алды да, Тайырша асқақтата, айрықша пафосқа құрды: – Бүкіл газет-журналдарда Мен жазбаған жырлар бар ма? Менің үнім шарықтаған Ұшты көкке! Соқты жарға! – дейді Тәкең, дейді Тәкең. Басы сонда – кекең-кекең, Пушкин менен Лермонтовтар Тап осылай болды ма екен?.. Жұрт ду күлісіп алды. Тайыр да кеңкілдеп күліп отыр. – Һай, мынау қызық болды-ей! – деп Сәбең де риза еді. – Жақан, таяуда сен Абайға еліктеп бір әзіл өлең шығарыпсың ғой. Соны да оқышы, жұрт естісін, – деп қуақылана қарады. – Оны қайдан естідіңіз? – деді Жақан. Сәбең Қайнекейге қарап иегін көтеріп қойды. – Ойбай-ау, мені неге отқа саласың, Қайнекей, айтшы кәнекей? – деді Жақан да қызбалана жайнай түсіп. – Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды деген, Жақа, – деді Қайнекей. – Ол әзілдің ішінде Сәбең де бар еді, – деп күмілжіп еді Жақан, Қайнекей қоймады. – Е, Абай стилі де бар ғой, Сәбең Абайдан үлкен емес. Хи-хи, – деді ол. – Онда мейлі, оқысам оқиын, – деп Жақан кірісіп кетті: – Ау, жаздыкүн шілде болғанда, Көкорай шалғын бәйшешек Ұзарып, өсіп толғанда. Панфиловтың паркінде Дүңгіршектер қонғанда. Көбікті сыра далиып, Сапытаяқтар құйылып, Сіміре жұтып алғанда, Тобылғы түстес сыраны Ішкендер де – арманда, Ішпегендер де арманда. Ау, келіп жетті мұрт сипап, Сәбең басшы ыңқылдап, Ғабит те келіп жетіпті Иіс майы бұрқырап, Қутың қағар Қуандық Сейфуллиннен мұрт ұрлап. Нығмет шықты Жамалға Кілең майға шылқылдап. Тырапай асты Тахауи Мәңгі бақи кім тұрмақ? Көрінгеннен түңіліп, Сейітжан отыр тың тыңдап. Осының бәрін жырлаған Әзілінен тынбаған Қыртылдат, Жақан, қыртылдат!.. Тыңдаушылар ішектері түйіл­генше күлісті. Сәбең көзі­нен жас аққанша рахаттанды. – һай, Жақан, мынауың Крыловтан кем емес, – деп Сәбең ризашылығын білдірді де: – Қай газетке бермексің? – деді. – Уай, мынандай қалжыңды басатын ба еді, тәйірі, Қайнекей болмағанда көп адам естімейтін де еді, – деді Жақан. Үлкен жазушылар сөзі тәмамдалды. – Біздің әдебиет үйірмесінің белсенді мүшесі Бердібек Соқпақбаев сөз алады, – деді Қайнекей. – Әлгі «Он алты жасар чемпион», «Алыстағы ауылда» кітаптарының авторы Соқпақбаев па? – деп Сәбең елең ете қалды. – Соның өзі! – деді Қайнекей. Бердібек: – «Өлең туралы» өлеңді оқиын, – деп бастап кетті. – Өлеңде мінезі бар жас баланың, Жылатып алам ба деп жасқанамын. Өлең – нәзік ішегіндей домбыраның Үзіп алса үлкені масқараның. Бұрқырата өлеңді жазып тастап, Жастық етіп басыма жастанамын... Жұрт ду қол соқты. – Ау, һым... Мынау ағып тұрған ақын ғой. Бердібек, сен неге өлең жазуды жалғастыра бермейсің? – деді Сәбең. – Осылай жаза берсең Әбділда мен Қалижанды қанжығаға байлар түрің бар. – Кім білсін, көрерміз, бірақ Абайдан ұяламын, – деді ол. – Тағы нең бар? – деді Сәбең. – Әлгі, студенттерге арнал­ған әзілің бар еді ғой, – деп Қайнекей көзін қысып қойды. – Ә... Алдын ала жұрттан кешірім сұраймын. Кей тұсы келмей жатса, – деп Бердібек желкесін қасына күмілжігендей еді. – Сілтей бер! – деді Сәбең. – Сілтесем сілтеймін. Ұлы ақынға еліктеп шығарған әзіл: – Аяқтан екеу, Қасықтан төртеу, Жалғыздық көрер жайым жоқ. Ағайын бек көп, Ішеміз ептеп, Оған да тояр қарын жоқ. Баяғы қарын бір қарын, Білмеймін не жоқ, не барын... – Сен ұлы ақынның «Сегіз аяғын» сайқымазаққа айналдырғың келген ғой, деп сыншы Есмағамбет Ысмайылов зіл тастай айтқан еді. – Ештеңе етпейді, әзілдің аты әзіл, қазақ «әзілің жарасса атаңмен ойна» демей ме, – деп Сәбең басып тастады. Мен білетін Садықбек Екеуімізді тағдыр «Ара» «Шмель» журналының редакциясында кездестірді. Ол ойлап отырсам, осыдан қырық жыл бұрын екен. Журналдың бас редакторы Ғабит Мүсірепов, орынбасары Дмитрий Снегин еді. Екеуміз қарама қарсы бір жазу үстелінде отырып жұмыс атқарғанбыз. Сұрастыра келсек, екеуміз де жетімек боп өскен екенбіз. Сұрапыл соғыс біздің балалық шағымыздың шырқын мықтап бұзған. Ертерек есейіп, қиын шақтың тауқыметтерін иығымызбен көтеріппіз. Біздің бақытымызға Ғабең­дей редактор тап болғанын айтсайшы. – Ерте келесіңдер ме, кеш келесіңдер ме, онда менің шаруам жоқ. Тапсырманы тап-тұйнақтай орындап отырсаңдар болғаны. Саптыаяқтың сабынан қарауыл қарау әдетімде жоқ дейтін. Міне, Ғабеңнің алға қояр шарты. Бұл, Сәке, саған майдай жаққан еді. Бір орында сарылып отыруды суқаның сүймейтін еді ғой. Жарқ етіп көрініп, жалт етіп кетіп қалатынсың. Бірақ қайта келгенде екі езуің екі құлағыңа жетіп: «Міне, оқы, Мыңбыж, фельетоным сәтті шықты» деп балаша қуанатынсың. Ғабең келесі жылы Қазақ­стан Жазушылар одағының төра­ғалығына біржола ауысты. Бастапқыда журналға да қол қойып жүрді. Кешікпей бас редакторлыққа Қаныш Сәтбаев­тың күйеу баласы, белгілі ақын Қайнекей Жармағамбетов келді. «Садықбек қайда жүр?» Қайнекей Ғабеңдей аса салмақты, сері мінезді емес, керісінше, үлкенге де, кішіге де тонның ішкі бауындай жақын, шүйіркелесе кетіп, керек десеңіз, бірге қыдырып кете беретін. Көп білетін, оқыған-тоқығаны біраз адам еді. Көлемі шағын болғанымен, журналды шығару оңай емес. Материалдары қызықты да, өткір болуы керек дегендей... Бас-аяғы бес-алты адамнан аспайтын жазғыштардың бар- жоғы бірден көзге түседі ғой. Бірде Қайнекей көңілсіздеу отыр. Көзілдірігін маңдайына ысырып қойды да: – Әлгі сасқалақ Садықбек қайда жүр? – деп қалды. «Мені редактор сұрай қалса, редакция тапсырмасымен жүр дей сал» дегенің есіме түсіп: – Ә, ол нөмірге материал әзірлеу үшін кеткен, – деп қалдым. Содан, Сәкем, біраздан кейін келдің де: – Мені іздеді ме? – дедің. – Іздегенде қандай! «Сасқалақ сары Садықбек қайда жүр деп жатыр» – дедім. – Қап-ай, ә, қап-ай! – дедің толқып, іле редакторға кіріп, себебіңді айтып, кері шығарыңда бастықтан ақша сұрамайсың ба. Қайнекей мырс етіпті де: «Есікті жауып бөлмеден шық та, іле қайта кіріп төрт жол өлең шығар. Сосын көреміз» – дейді. Сәкең де шапшаң басып шығып кетеді де, артынша қайта кіріп, сахнадағыдай алдына келіп, бір тізерлей жүгіне қалып: – Қайнекей ау, Қайнекей, Қаржың бар ма, кәнекей? Садықбегің – мінекей, Рестораның әнекей! – деп терезе жақты нұсқай айтқан әзілің кейін жұртқа тарап кетті емес пе... Құрдастарға бәрі де жарасады Институтта оқып жүргенде Сәкең орыстардың адам жерлеуіне қатысып, трубада ойнап ақша табады екен. Сырбай Мәуленов болса Садықбекті аңдып тұрып, тапқан ақшасын бөлісіп сыра ішетін көрінеді. Тағы бір ақша тапқан күні Сырағаңды көре қалып Сәкең қаша жөнеліпті. Сонда Сырағаң соңынан: – Садықбек-ау, ақшасыз болсаң қашпас ең, Кәпір көму кәсібіңді таста сен! Тартып алам қалтаңдағы арам ақшаңды, Құдай айдап қолыма егер бір түссең, – деп айқайлапты. Мыңбай РӘШ