ҰЛТТЫ СҮЮ БАҚЫТЫ

1
2595

Кулышева

Белгілі әнші Қапаш Құлышева қырық жылдан аса концерттік костюмі, сахналық бас киімі мен етігіне дейін өзі дайындап келе жатқан өнерпаз. Бұл үшін әжептәуір ісмерлік қажет екені түсінікті. Ал осы шеберлік белгілі ермек аясына сыяр ма екен, жоқ, сыймай ма?
Біздіңше, мұны кәдуілгі өнер деңгейіндегі үлкен әуестік десек дұрысырақ болатын шығар.

Сонау 1969 жылы жарқ етіп көрінген әйгілі «Гүлдер» ансамблі ең алдымен ерекше кескін-келбеті, тек өзіне ғана тән айрықша мәнері арқылы есте қалып қойғаны даусыз. Және айтулы ұжымның қыз-жігіттері ел арасына нәзік нақышпен дайындалған ұлттық киімдерді алып шығуымен де тәнті еткен-ді. Міне, сол топта өзіндік жарасымымен көз қуанышына айналған артистердің бірі осы Қапаш Қабыкенқызы-тын.
Әншінің концерттік киімге деген қатаң талабы сол кезден-ақ басталған секілді. О заманда бүгінгідей сән ательелерінің көп бола қоймағаны және аян. Әм олардың дәл кейінгідей талғампаздық тұрғысынан кең қанат жаюға мүмкіндігі де жоқ-ты. Сондықтан, Қапаштай әншілерге әр костюмінің үлгісін өзі сызып, өзі пішіп, өзі тігуіне тура келген.
– Әр киімді әннің мінезіне сәйкес мейлінше өзгертіп отыруға ұмтылушы едім. Дегенмен, мәселен, Үкілі Ыбырайдың немесе Мұхиттың әндерін айтқан кезде қалыптасқан халықтық үлгіден шығып кету қиынға соғатын. Бәрібір бүрмелі етек көйлек, кәмшат бөріктің өзіне жаңаша өрнектер енгізуге тырысатынмын, – дейді өзі.

Кулышеваа-1
Үнемі жаңашылдықты діттеген адам тыңнан түрен саламын деп отырып шектен шығып кетпеуге де аса сақ қараса керек.
– «Бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояпты» демекші, қалайда мөлшерлі шамадан асып кетпеуді де ойлап отырасың. Әйтпесе ұятқа қалуың оп-оңай. Халық бәрін анық көріп, біліп отырады. Ешкімді алдай алмайсың. Бәрібір белгілі деңгейде батылдыққа бармасаң тағы бола ма. Әйтеуір, «қисынды орта меже» дегендей, екі аралықтан ұтқыр жол тапқанша жан қиналатыны жасырын емес. Сондайда баяғы асыл әжелердің тәжірибесіне иек артасың немесе Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Исмайылова сынды әйгілі суретші апаларымыздың таңғажайып туындыларын парақтайсың. Одан біртіндеп өзіме үйлеседі-ау деген үлгілерді талмай салуға кірісемін. Қаншама қағаз сызылады, шимайланады, жыртылады. Мұндайда талай ұйқысыз күндер мен түндер өтеді. Осындайда көздеген нәрсеңнің нобайы түсіңе кіретін де сәттер кездеседі. Ақыры, қойшы, қажет жобаны бірдеңе қылып шығарып тынасың ғой…
Бұл да, негізі, жұмыс үдерісінің бір ғана бөлігі. Енді сапалы материал табу машақаты алдыңнан шығады. Түрлі жақұт тастар мен мон­шақтар қажет болады. Алтын жіппен әдіптеп, күміспен көмкеретін киімдер және бар…
– Совет Одағы тұсында «Театральное общество» деген қоғам болатын еді. Асыл тастарды көбінесе сол ұйым арқылы алдыратынбыз. Өзім де небір қымбат металдарды іздеп жүріп, шет елдерден әкелген кездерім есімде…
Тегінде, сахна шеберлерінің әрқай­сысы, қолдан келгенше, жарқ етіп шыға келіп, көрерменін «Ах-х!» дегізетіндей ғажайып сән-салтанатымен тамсантуға ұмтылса керек-ті. Өйте алсаң, бұл – сенің жарты жеңісің!
Ал ұзақ жылдар бойғы әншілік ғұмырында концерттік сапармен Германия, Норвегия, Бельгия, Финляндия, Малайзия, Сингапур, Куба, Үндістан, Пәкістан секілді әлемнің отыз алты елінде өнер көрсеткен Қапаш осы тұрғыда небір табыстың дәмін татқаны анық. Мысалы, 1986 жылы кейбір басылымдар оның Парижде көрсеткен өнеріне француздардың ұзақ қол соғып тұрып алғанын жазғаны есімізде.
Сонда концерттің неше атасын көріп, әншінің небір кереметін тыңдаған Франция көрерменін қалай таңдандыра аласың?..
Әлбетте, көбінесе, құйқылжыта тартқан домбыраңмен, бояуы бөлек дауысыңмен, әуелеген әніңмен ғана емес, үкілеген бөркімен, құндыз жағалы камзолыңмен қызықтыруың мүмкін.
– Қай елге барсам да алдымен намысты ойладым, – дейді әнші. – Қалай болғанда да, арзан костюммен шыққан емеспін. Сырт мемлекеттің қайсына барсам да: «Е-е-е! Қазақтар өте бай ел екен-ау. Талғамдары неткен биік еді. Ұлттық киімдері қандай ғажап!» дегізуге ұмтылдым…
Сергек тыңдаушысы Қапаш Құлышеваның киім үлгілері жиі ауысып тұратынын да аңдар еді. Оның сырын да әншінің өзінен білдік:
– Кей әріптестерім көп іздеп тапқан үлгімізді қайталай бастайды да, ондайды енді кигім келмей, әрдайым басқа киім ойлап табуға тырысамын…
Қазір Қапекеңнің өз суретшісі мен жеке тігіншісі бар көрінеді. Соған сай арнайы бөлмесі де әзір. Бүгінде көптеген жобаларды сол мамандармен ақылдаса отырып жасайды. Кейінде сан алуан салондардың көбейгені де мәлім. Меруерт тастармен өзге әшекей ділгірлігі де азайған. Олардың дені «Фурнитура» аталатын магазиндерде толып тұр.
Адал еңбек арқасында өз биігіне көтерілген өнерпаздың көпшілік жетістігі ең алдымен халқының салт-дәстүріне деген шексіз сүйіс­пен­шілікпен сабақтасып жататыны сөзсіз.

Құлтөлеу МҰҚАШ

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз