ЖАЛҚАУДЫҢ БОЛСА, ШІРКІН, БӘРІ ОСЫНДАЙ…

0
1801

Халықараралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеев өзін өте жалқау адаммын деп есептейді. Сондықтан, қаламнан қол боста белгілі бір әуестіктің «құйрығынан» ұстай қоймаппын деп күледі өзі.

Балғын шақта велосипедке қызыққан екен. Бірақ оған қол жетпейді. Қанша қиялдағанмен, ала алмай, ақыры, орта мектепті бітіріп те кетеді.
«Аист», «ЗиС В-110» деген велосипед түрлері жалғыз Қоғабайдың ғана емес, жастық дәурені соғыстан кейінгі ауыр жылдарға тұспа-тұс келген оның көптеген құрдастарының да о­рын­далмаған көп арманының бірі болса керек.
Кейін автокөлікке құмартады.
– Көшеде келе жатып жарқырап тұрған жеңіл автомобиль көре қалсам: «Шіркін-ай, менің де осындай машинам болса!» деп қызыға қарап өтуші ем…
Сөйтіп, алғашқы «Жигулиіне» де отырады. (Сол көлігі арқылы қазақтың небір біртуар тұлғаларымен дәмдес-тұздас болып жүрген жәйттерін Қоғабай Сәтенұлының кейбір эсселерінен де кездестіруге болады).
Осылайша біртіндеп «Жигулидің» неше атасын алыпты. Бұған, басқа шығармаларын айтпағанның өзінде, жазушының сол тұстарда шыққан атақты «Қызыл жалау», «Заманақыр» сияқты тарихи романдарының қаламақысы мол мүмкіндік туғызғандай.
– Одан ақырындап үлкен-үлкен шетелдік кө­ліктерге де міне бастадық қой. Өзім жүр­гі­земін. Жастай үйренген нәрсе. Машина десе ішкен асымды жерге қоямын. Расында, балық аулауға барсаң да, ел араласаң да рахат емес пе! Көліктің арқасында қазақтың мен барма­ған жері қалмаған шығар. Көңілге түйген нәр­се­лерімді келе салып қағазға түсіремін солайша…
Бертін келе ер-тұрман жинауға кіріседі. Бұған інілерінің үйінен өз әкесінің ерін тауып алғаны түрткі болғандай. Құр қаңқасы қалған екен. Үзеңгісі де жоқ дейді.
– Қайран әкемнің мінген ері ғой деп сылап-сипап, жаңартуға құлшынып ем. Бірақ шеберлер ептеп бұзып алды. Жөндетуге құмартпай-ақ, бұрынғы қолыма тигендей қалпында сақтауым керек екен. Қап деп, кешірек опынып қалдым. Әлі өкінем…
Дегенмен, осы жәдігер қасына өзге ер-тоқымдарды «шақыра» бастапты.
– Төрт-бес ерім бар. Әжептәуір қымбат дүниелер. Үнемі сүртіп, тазалап отырамын.
Бұдан кейін тиісті орындардан арнайы рұқсат алып, мылтық түрлерін жиыстырады.
– Кейбір жігіттердің аңшылық, серілік мінездерін көргеннен кейін қызыққаным рас еді. Аңға сирек шығамын бірақ. Кейде атылмай да қайтып келеді. Негізі, мылтық дегеніңіз де ер қаруы…
Батырлар туралы, солар бастан кешкен алмағайып дәуірлер жөнінде қалам тартқаннан кейін найза, қылыш, садақ туралы толғанбай және жүре алмайсың. Амангелді Имановтың қылышын іздеп сана сарсылтып, табан тоздырғаны естен шығар ма. Одан соң әрбір детальді қолымен ұстап, әр құбылысты мейлінше жіті түйсінуге тырысатын жазушы ұстаханаларда қару-жарақтың қалай соғылатынын талай қызықтап баққандай. Сондай мінездің ықпалынан шығар, Қоғаш ағамыз үйінің бір қабырғасы қылыш пен найзаға, қан­жар мен садаққа сықа толып тұрғанын байқадық.
Сол секілді көп домбыра да сонадайдан көз тартты.
– Түп нағашым Жүсіп-Назар деген кісі әнші, домбырашы адам екен. Дегенмен, өзім тарта алмаймын. Қызығушы деңгейінде қалдық. Ақын Серікбай Оспанов бауырым жасап берген үш домбырам бар. Шебер көрсем, ағатайлап жүріп домбыра жасатып алатын әдетім. Кейбіріне үкі тағамын. Бұларды інілерім, немерелерім тартады. Қонақтарға ұсынып жатамыз…
Он шақты жыл көлемінде таяқ жинаумен әуестеніпті. Әуелде көршілес елдердің Мәскеу секілді орталық қалаларынан бильярд кийін жинастырады. Одан асатаяқтар алдыртады. Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ұстағанындай, ішінде шағын шөлмегі, стақаны немесе найзасы бар таяқ түрлеріне де құмартыпты. Келе-келе мүштік коллекциясын құрастырады. Бұлардың ішіндегі ең тәуірін Асанәлі Әшімов досыма сыйладым, әбден ырза болды деп отыр өзі…
– Кейбіреу мұндай дүниенің не қажеті бар деп күдіктенуі де мүмкін-ау. Расында, музей ашайын деген ойым жоқ. Жазған кезде осыларға қарап, сипаған сәтіңде көңіл қанат­танады. Бір мезгіл шабытыңа нәр алғандай, желпінгендей, серпілгендей күй кешесің. Одан соң көзге жылы, сән ғой бәрі…
Қоғабай ағамыздың ермегі осылар көрінеді.
Мұндайда «жалқау» жазушыларымыздың тірлігі мынандай қарқында болса, «пысық» қаламгерлер жан шыдатпайтын шығар деген ой келуі заңдылық емес пе.

Құлтөлеу МҰҚАШ

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз