МӨЛДІРЕГЕН БІР МЕЗЕТ...

Ибрагим Иса Кейде әрбір шебер маманның таңдаған кәсібінен өзге де бір істерге өте бейім келетінін аңдайсыз. Мәселен, танымал ақын Ибрагим Иса білікті фотосуретші болатындай екен. Қаламгерлік жолға түспегенде, әрине... Бала жасынан-ақ «Зенит», «ФЭД» сияқты фотоаппа­рат­тарға құмартып, дөңгеленген дүниенің ең айшықты бір сәттерін тартып алумен шұғылданған. Тегінде, фотоәуесқойлық – тез баурап әкететін сиқырлы нәрсе. Сондай-ақ бұл адамды тіршіліктің нәзік қалтарыстарын жіті аңғаруға үйретеді. Қиялыңды шыңдайды, талғамыңды ұстартады. Жалт еткен мезеттік құбылыстарды жылдам аулайтын шапшаңдыққа баулиды. Байқампаздыққа дағдыландырады. Көре білуге әдеттенесің. Сұлулыққа құмартасың. Бұл да, өзі, сайып келгенде, жаныңды тазартатын кәдімгі биік деңгейдегі керемет өнер! Және фокус, контражур, экспозиция деп кете беретін кәсіптік қырлары білім көкжиегін кеңейтіп, таным әлеміңді байытады. Әлбетте, мұның бәрі сәл күрделірек көрінгенімен, ісіңіздің түпкі нәтижесі өмірдің дәл өзіндей сонша қарапайым, шынайы, түсінікті, әрі тартымды болуға тиісті... Мектеп кезінен басталған қызығу­шылығы әскер қатарында жүргенде, одан жоғары оқу орнына келгенде тіптен арта түскендей. Ал республикалық «Жалын» альмана­ғында жұмыс істеген тұсында кейбір дүниелері аты дүркіреген «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың назарына ілігеді. Сөйтіп, фотосурет өнерін өзі де жоғары дәрежеде игерген Сейдағаң бұған: «қаласа, суреттерін газетке беріп тұрайық. Келсін. Сөйлесейік», – деп басылымның Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ақын Өтеген Оралбаевты жіберген екен. – Албырттықпен қайдағы жоқ нәрсеге намыстанатын кезіміз ғой. Мен алғашқыда «әжептәуір ақын болады деп жүрген баламыз фототілші болып кетіпті деген сөзге қалам-ау» деп қашқалақтап, суреттерімді ұсынғым келмеді. Бірақ ойлана келе: «Берсем берейін, бірақ сол суреттің астына тақырыпқа сай бір-екі шумақ өлеңімді жариялап отырсаңыздар» деп талап қойдым. Ақыры осылай екі-үш дүниемнің «ЛЖ-ға» шыққаны бар, – дейді бүкпесіз ақтарылған ақын. Әрбір фотограф кәнігі суретшідей өзіндік кеңістігін жасай білсе керек. Ол үшін, әрине, түсіру кезінде композиция заңдылықтарын жіті сезінуге тиістісің. Түстердің кереғарлығы, жарық пен көлеңкенің жымдасуы дегендей көптеген құпиялар және бар. Ал мұншалықты шеберлікке көтерілу үшін талмай жаттығу қажет екені тағы аян. – Сонау жастау шақтарда әдейілеп зообаққа барып, аң-құстардың әртүрлі қимылдарын күтіп жүріп, қас қарайғанша айналысатыным есімде. Сол істің рахаты да жоқ емес еді-ау, – деп жан-жағына шола қарап қояды кейіпкеріміз. Бұдан соң, фотосурет, бәрінен де бұрын, «бір сәт және бүкіл ғұмыр» дегендей, уақыттың таптырмас куәгері. Ұтқыр шежіре. Ұзақ жылдар Жазушылардың Шығар­машылық үйінде тұрып, суретке түсірумен айналысқан ақын архивінде көптеген белгілі тұлғалардың бейнелері сақталғанын білдік. Олардың әрқайсының өз тарихы бар. – Бірде өте кездейсоқ атақты сатирик Оспанхан Әубәкіровтің кескінін тартып алдым. Шашы қобыраңқырап, сәл шаршап-шалдығып келеді екен. Бірақ Осекеңнің содан, шікірейіп паспортқа түскендей емес, өзінің таза бір болмысы байқалатыны да анық еді. Әйтеуір, сол суреті өзіне ұнады. Әйткенмен, кейінірек бірнеше газетке ұсынып көрген екен, олар «стандарт емес, шашыңыз ұйпа-тұйпа, анау-мынау» деп баспапты. Әйтеуір, шығара алмай, өкініп жүретін... Тағы бір ескеретін жәйт – шынайы фотошебер өзін толғантпаған нәрсеге құмартпайды. Туындыны тамашалаған адамды кескінде бейнеленген атмосфераға енгізіп жіберетіндей күйге түсіре алсаң мақсатыңа жеткенің; демек, белгілі нысанға суреткерлік көзбен қарай алғаның деп есептеледі. – Мен де, қалайда, сәтті шешімдер табуға тырысушы едім. Әсілі, сондай машықтың бәрі өлеңде де қажетіңе жарап жатады, – дейді талай лирикалық шумақтар мен небір әсем ән мәтіндерін жазған көрнекті шайырымыз. Қазір ақын шеберханасында фото түсіруге қажетті баяғы аспаптарының бәрі сақадай сай тұрған көрінеді. – Бірақ бүгінде сурет түсіру деген аса таңсық болмай қалды ғой. Техниканың таңқаларлықтай жетілгені рас. Бірақ ісіңнен бұрынғыдай ләззат ала алмайсың. О кезде бәрін жақын сезініп, әрбір көріністі өз жүрегіңнен өткізгендей беріліп түсіретінбіз. Соны түнімен отырып шығарудың өзі көңілге ғажайып қуаныш сыйлайтын-ды. Ал қазір немене! – дейтін Ибрагим ағамыздың күйініш сырын әбден түсінуге болатын шығар. Ақынның сурет тартудан басқа, ас пісіретін де өнері бар екенін білдік. Ал оның тәуір тастаяқшы екені талайдан мәлім. Бұ жағынан, тіпті, көптеген жүлде алған адам. Оны айта бастасақ, әңгімеміз недәуір созылып кетуі мүмкін. Сондықтан, дәл осы тұстан тоқтай тұрайық. Құлтөлеу МҰҚАШ