Жұмекен жырындағы жеті бояу

жЖумекен- Өмірдегі кез келген түс атаулы белгілі бір заттың, құбылыстың түр-түсін, өңін, сыртқы сипатын анықтайтыны белгілі. Ал Жұмекен ақында осы табиғи бояулар тура мағынасында қолданылуымен бірге, түр-түске мүлде қатысы жоқ, не одан бүгінде тым алыстап кеткен ұғым-түсініктерді, мән-мағыналарды білдіретін де қасиеттерге ие болып келеді. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында қазақ поэзиясында өзінің стильдік мәнерімен дараланып көрінген ақындардың бірі – осы Жұмекен Нәжімеденовтің жарық көрген «Жеті бояу» жинағына әр түрлі бояу атауымен аталған өлеңдері енген екен («Қара түс», «Сұр түс», «Қоңыр түс», «Көк түс», «Қызыл түс», «Сары түс», «Ақ түс»). Жұмекен поэзиясындағы өзгеше өрнек, көркемдік тәсіл, т.б. мәселелерді қозғағанда, әрине, өлеңдерінің поэтикасына нәр беріп тұрған осынау жеті түсті бояуды айтқан болар едік. Жұмекентанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп: «Асылы, түстер сыры ақынды қатты қызықтырады. Оның поэтикалық қиялы жеті түстің әрбіреуінен ғажап құпиялар ашқан. Бұл кез келген адамның ойына орала бермейтін нәрсе. Ақын қиялына еріп, ойлап қарасақ, түстердің өзінде де біз білмейтін мәндер көп. Ақын топшылауынша, қара түсте контрастылық мағына бар, сұр түс – жағымпаздықтың белгісіндей, көк түсте қарама-қарсылық сезіледі, ақынға ең ұнамды түстер: қызыл, қоңыр, ақ, сары түстер. «Қоңыр түс» деген шағын өлеңінде «қоңыр» деген сөз жиырма бір рет қайталанады. Бәрі де эпитеттің қызметін атқарып, оқырманға эстетикалық ләззат береді. Бір сөз қанша қайталанса да, өлең көркемділігіне нұқсан келіп тұрған жоқ. Осы «қоңыр» деген сөз шығармаға ұлттық нәр, нақышты өрнек беретін тәрізді» деп келтіреді. Жумекен-5 Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып, көзін сулап қалып еді қамығып. Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп – қоңырқай ой маза берер емес түк. Қоңырайып жатыр алда жол әлі – кеудем кейде қоңыр күйге толады. Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп, өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы, – («Қоңыр түс»). «Қоңыр» – қазақ халқының жанына жақын, философиялық мәнге ие ұғымдардың бірі. Қазақ ұлт болып жаралғаннан бері ата-бабамыздың болмысымен, тұрмыс-тіршілігімен астасып келе жатқан тарихи ұғым. Өлеңде «қоңыр» сөзі бірнеше рет қайталанып келіп, өлеңнің көркемдік ажарын кіргізіп, өңін ашып, стильдік реңк үстеп, қазақ елінің мінезіне тән қарапайымдылығы мен момындығын, мамыражай тыныш өмірін бейнелеп тұр. Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн... қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім. Қоңыр күзде қоңыр шаруа күйбеңмен, қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем. Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда – шешем қалды қоңыр төбе басында. Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде қоңырайып отырамын үстелге... Өлеңнің өн бойын құрап тұрған «қоңыр» сөзі түстік мағынадан бөлек: «қоңыр шеше», «қоңыр кеш», «қоңыр жол», «қоңырқай ой», «қоңыр күй», «қоңыр ән», «қоңыр бала», «қоңыр күпі», «қоңыр дала», «қоңыр үн», «қоңыр күз», «қоңыр шаруа», «қоңыр қыз», «қоңыр төбе», «қоңыр ымырт» сияқты сөздермен тіркесіп, көшпенді қазақтың сахара даласын, философиялық, психологиялық ой-танымын, өнерін, жадау тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, қарапайымдылығын, көңтерілі мінез-құлқын көз алдымызға тартымды картина күйінде алып келеді. «Қоңыр» сөзі ақынның айтар идеясын толықтай айқындап отыр. Жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қайран Жұмекен, осы бір кіп-кішкентай өлең жолына күллі қазақтың баяғы ата-баба заманынан бергі бар-бар тірлігін, тірлік кешіп жатқан өмір ортасы, мінез-құлқы, ұлттық сипатын сол қалпында бұлжытпастан мөлдіретіп, ... мүсіндеп шығарған да қойған» деп түйіндейді. «Қоңыр дәптеріндегі» қоңыр мұңмен сырласқан ақын өзге де түстердің құпиясын ашуға ұмтылған. Қара көмір жанатыны – әдемі, қара судың ағатыны – әдемі. Қара көздің жақсы-ау күлімдегені, одан гөрі дала түні – әдемі. Құт кірерде қара жерге қақ тұрған, қара қазан қамы бала бақтырған. Қара қазақ қауіпті дерт, ауруын қара қойдың өкпесімен қақтырған. Қара көздің жасын түнге кептірген талай қара кезеңдерден өттім мен. Бірақ бабам «қара мал» ғып ырысын, Қасиетін – «қара шаңырақ» деп білген, – («Қара түс»). Бұл өлеңде «қара» сөзі заттың түсін білдіретін негізгі мағынасынан әлдеқайда кең ұғымда жұмсалғанын байқаймыз. Қазақтың сөздік қорында «қараның» тура, яғни, атауыштық мағынасына қарағанда ауыспалы мағынасы көптеп кездеседі екен: «қара тұту», «қара ту», «қара жүрек», «қара тігу», «қараны жығу», «қара жамылу», «қаралы көш», «қара қазан», «қара шаңырақ», «қара шымылдық», «қара жаулық», «қара ниет» т.б. Енді бірде қара сөзі символдық мағынада жұмсалып, шыдамдылық, төзімділік ұғымдарын білдіреді. «Бірақ бабам «қара мал» ғып ырысын» деген жолда қара түсті мал табиғаттағы қандайда бір қиындыққа төзімді келеді екен. Мұнда «қара» түсінің шыдамдылық мәнін беретінін көреміз. «Қасиетін – «қара шаңырақ» деп білген» дегендегі «қара шаңырақ» ұғымы қасиеттілікті білдіретіндей. Мұнда қара заттың түсін білдіретін негізгі мағынасынан әлдеқайда кең ұғымда жұмсалған. Яғни, қара шаңырақ – «байырғы үй, баспананың бастапқы қалпы» деген сөз. Қара, қара! Көп қой қара сөз менде көнбейтұғын етістіктен өзге емле. Қара бояу, лағынат айтам мент саған, қара көңіл бір досымнан безгенде. Қара, қара! Көп ұғымға жат әлі, – Маған жұрттың түсінігі батады. Қам көңіл жан қарғағанда, қақырап «қара түнге тапсырдым» деп жатады. Сонымен, «қара» сөзі басқа мета­фораланған сөздерді тіркестіріп, қайғы-мұңның белгісі ретінде: «қара көңіл», «қара киіп жыламасын аналар»; киеліліктің, қасиеттіліктің белгісі ретінде: «қара қазан», «қара мал», «қара шаңырақ»; табиғилық, негізділік, әдеміліктің негізі ретінде: «қара көмір», «қара су», «қара көз»; жамандылықтың белгісі ретінде: «қара түнге тапсырдым» қолданылған. Жалпы, қазақтың сөйлеу табиға­тында, жекелеген қаламгерлер шығар­маларында қара түске қатысты ауыспалы мағынадағы тіркестер мен теңеулер, метафоралар жиі кездеседі. Ал Жұмекеннің танымында қара бояудың символдық мәні айрықша. Ақынның «Сұр түс» өлеңінде «сұр» жағымсыз түстердің қатарына жатады. Темір қақпа, темір төсек – сұр бәрі ертеңді-кеш сұстанып кеп тұрғаны! Сұп-сұр ұшқын төгіп қалды сұр жанар, сұр жұдырық түйіледі ұрғалы. Беймаза, көңілсіз сұлғылт тартқан мекеннің, дүниенің кейпін елестетеді. Ақынды жегідей жеген сұрқай өмірдің кетеуі кеткен тыныс-тіршілігінен көрініс беретінін байқаймыз. Көктем еді-ау, көктем еді, дүбірлі көк бұлақтар көгал кезіп жүгірді... Немесе: Көктем өтті, жаз да кетті, күз жетті, енді әр мезгіл өз бояуын іздетті. Ал, сен болсаң – баяғы сол көк, көк, көк – көк тіліңнен көк сөздерді төк, төк, төк! «Көк» сөзі қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: 1. Заттың көгілдір аспан тәрізді түсі; 2. Көгеріп шыққан өсімдік, өскен шөп деп көрсетілген. Бұл өлеңде ақын көктем мезгілінде Табиғат-ананың көк түске енуі мен бетінде бұлақ суы сарқырап ағып жатқан көк шалғынды бейнелей келе, осы «көк» сөзін ауыспалы мағынасында қолдана отырып, сөз қолданысымыздағы «көкбет» деп долы, ашулы, ұрысқақ, арсыз, бетпақ, аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығатын» нешебір былапыт сөздер мен қарғыстарды айтатын «көкбеттерді» (көкбеттікке салынатын, әсіресе, әйелдер) сынайды. Ашу-ызадан беті көгеріп, зәрі бетіне шыққан адамды да «көкбет» деп атайды. «Көкбет» сөзі «көк» және «бет» сөзінің бірігуінен жасалған. Қазақ тілінде қызыл сөзіне қатысты символдық мағыналар көп. Жұмекен жырында да «қызыл» сөзінің қолданылу аясының кеңдігін байқаймыз. Жырың қызыл ғой десе, жауап әзір, таза арым: қызыл тілім сөйлесе, қызыл қанмен жазамын. Қызыл тілім тіпті ұзын, ұқсас қызыл тасқынға. Ант еткемін қып-қызыл қызыл жалау астында. Қызыл түс – өткірліктің белгісі. Сөйлеуде, поэзияда сөздің шебер қол­данысында қызыл түс тура ма­ғынасында емес, ауыспалы мағынада қолданылуы жиі кездеседі». Ақынның жоғарыдағы «Қызыл түс» өлеңіндегі «қызыл» сөзі «қызыл жыр», «қызыл тіл» тіркестері «сөзге жүйрік, шешен» мағынасында алынып отыр. Ағаш басы сарғайыпты – бар ма айып мезгіл жетті. Ойды ескіртіп алмайық. Жата-жата архивында ақылдың көп өлеңім қалған сынды сарғайып. Сары жел есті – сары бұта дір етті, сары күзің сары қырман күретті... Немесе: Сезген адам нанның нағыз бояуын сап-сары ғып көрсе керек даланы! Сары жұртқа сара күйді шерте кеп, қарызымнан құтылмақ ем тер төлеп. Жасамақ боп алтын-жырды құм-сөзден сары қаламды қуып келем желкелеп. – («Сары түс») . Келтірілген жолдарда «сары» сөзі негізгі түстік мағынасымен қатар, жекелеген сөздермен тіркесіп келіп түрлі ауыспалы мағыналарды құраған. Бұл сөз тілімізде көп жағдайда заттың сынын білдіреді. Ақын өлеңінде «сары» сөзі сын есім мағынасында: «сары күздегі» қырман мен ағаш жапырақтарының сарғайған түсін білдірумен қатар, «жұрт» сөзімен тіркесіп, ауыспалы мағынасында қолданылып тұр. Ақын «сары жұртына» арналған «алтын-жырларын» (саф, таза жыр) тартуды өзіне міндет етеді. Қас суретші бақытсызды салса егер сап-сары ғып қойса керек жүректі. Жапырақтың сары тілі, ал, әне сары көл бетін жалап-жалап алады. «Сары» сөзінің ендігі бір мағынасы – уайым, қайғы, мұң-шер яғни, ұзаққа созылған әрекеттің нәтижесінде пайда болған түрлі сипатты білдіретін сөздер. Мәселен, сары сөзінен уайым-қайғыға байланысты пайда болған сарыуайым, сарыла күту сөздерінде сағыныш мәні жатыр. Сары сөзінің негізінен «сағыныштан сарғаю», «сары жамбас болу» тіркестері де қалыптасқан. Ақын мұнда адамның жүрегі мен сарғайған ағаш жапырағын сыртқы пішініне орай, бірдей ұқсастықта алып отыр. Халық ұғымында «сағыныштан сарғаю» фразеологизмі бар. Уайым, қайғы жеп, қасірет шеккен бақытсыз адамның жан-дүниесін «сары», «сарғаю» ұғымымен беріп отыр. Ақ деген не? Қиянаттан, тепкіден аман шыққан Ардың түсі деп білем, – деп, адамгершіліктің биік сатысы – ар мәселесін қозғайды. Жалпы ақын көптеген өлеңдерінде адамгершілік, ар-ождан мәселесін жоғары қойған. Ерді асырап Ар, адалдық атағы ақ дүние мәз-мейрам боп жатады. Ақ дастархан, ақ жаға, ақ көңілдің тек оп-оңай кірлейтіні – батады. *** Жырым – аппақ, жырды жазар парақ та ақ, көлеңкең де кейде ақ сынды... бәрі аппақ. Келтірілген жолдарда «ақ» түсі тура мағынасында «ақ бұлт», «ақ жаға», «ақ нан», «ақ парақ», «ақ шың», «аппақ жаңбыр», «ақ қағаз», ауыспалы мағынасында «ардың түсі», «ақ дүние», «ақ дастархан», «ақ көңіл», «ақ ой», «ақ тілеу», «жырым-аппақ» деген тіркестер жұмсалған. Мұнда «ақ» сөзі кіршіксіз, таза, адал мағыналарында қолданылған. Осы сөз арқылы адам бойындағы жақсылы-жаманды мінездері беріледі. Жұмекен жырларының басты ерекшелігі – сөздерді қазақи ұлттық танымда сөйлетіп, философиялық астарды түрлі бояулармен бере білуінде. Ақын поэзиясында түр-түстерді өте ұтымды қолданғанын байқадық. Өлеңдеріндегі жеті бояу – қазақ халқының болмысын, тұрмыс-танымындағы дүниелік қасиеттерін, тарихын, салт-дәстүрін, мінезін, менталитетін, шаруашылығын танытумен бірге, адамның жалпы өмірге деген түрлі көзқарасын, ішкі жан-дүниесінің қайшылығын т.б. білдіреді. Әдеби жұртышылық арасында ақынның қарапайым болмысын көрсететін «Қоңыр өлең – Жұмекен» деген тіркес те қалыптасқан. Айнұр АХМЕТ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері   ЖҰМЕКЕННІҢ ЖЫРЛАРЫНАН БОЯУЛАР ТУРАЛЫ Бояуы бір ақша бұлт пен ақ қардың, Көк аспан мен шалқар көлдің түсі бір. Сен де өзіңше талай ойды ақтардың – Мықты болсаң дәл осыны түсіндір. Ақ көбелек айналады ақ гүлден, Көк көбелек қызыл гүлге қонар ма. Гүл шырынын «татырмайды жат тілге»– Өзге түстен сақтанады олар да. Туыстық бар көлеңке мен қойнауда, Асқақ шың мен алтын шапақ сықылды. Қоңыр бояу – жаралғандай ойлауға, күннің күлуге жаралғаны сықылды. Ақ, қара, көк, қызыл, қоңыр – әр алуан, Әр қайсысы өз мінезін баяндар. Осыншама көп бояуды көре алған Екі көзде бәрінен көп бояу бар.   ҚОҢЫР ДӘПТЕР… Қоңыр дәптер, ойларымды жаныма батқан кілең, саған айтам, өзгелер мақтанды дер. Адаммын ғой, мен сейф емеспін деп сенен өзге айтпайын мен ешкімге. Қоңыр айдын, қазымды қомсынсаң ал ойларымның аққуы қонсын саған. Аққуымның, ырғалшы, түртіп төсін, бірақ біреу оқ атып үркітпесін. Қаракетім, тірлігім күндізгі ұсақ түнде жыр боп жансыншы жұлдыз құсап. Жұлдызымның жанарын жерге төнер, қоңыр айдын, мен сені кештім жылап. Түскен шақта алыс бір кеш бұлдырап, қоңыр айдын, мен сені кештім жылап. Төңкерілген үстіңе аспанымды сенен өзге көрмесін ешкім бірақ.   АТАҚ ДЕГЕН НЕМЕНЕ… Атақ деген немене? Ақ жорға ма деп қалам, әр тақымда бір шауып, бір қазыққа тоқтаған. Мен де мінем демеші, дұрыс болса топшылау: кісі мінер онда енді бүтін арқа жоқ шығар. Байлық деген немене? сараңдық па деп қалам, жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған. Мен де болам демеші, екі көздің құны не: екі көзің бітсе егер жан қалтаңның түбіне. Бақыт деген немене? сұлу қыз ба деп қалам, әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған. Менімен де бір билеп кетпеді деп күймеңіз: шақырушы көбейсе шықпайды ғой биге қыз.   ЖАЛҚЫ ДОСЫМ, КЕЛСЕ МЕНІ ШЫН ҰҚҚЫҢ... Жалқы досым, келсе мені шын ұққың: менің дағы көп мінім бар, жаным бар. Көкірегімнен көре қалсаң бір ұшқын үрлеңдер де маздатыңдар, жағыңдар. Бұл күйбеңмен өтер екен жыл қанша, ұшамын деп ойламаймын желіңе. Ал, егерде кеудем толы күл болса сол күлдей ғып өшіріңдер мені де. Мен өзімді байлай алам қатерге, сол қатерді жеңемін де ендеше. Бар айтарым: арзан атақ әперме, өзің де арзан, досым, болғың келмесе.   ҚОҢЫР ЖЫРЫМ БАР ЕДІ, КЕШКІҒҰРЫМ… Қоңыр жырым бар еді, кешкіғұрым мәз боп оқыр ақын ем ескі жырын – қолға алып ем, көк аспан бетіндегі іріп кетті қоңыр бұлт секілденіп. Бала қазым бар еді көлде момын, көрмегенім жақсы еді, келмегенім: бұғып жатқан бір жауыз мылтық атты – қоңыр қаздың мамығын бұрқыратты. Бұдан артық жаныңа батырар кім, сәл шыдай тұр, мен де бір қатырармын: Қоңыр қаздың мамығын жастық етіп, қоңыр-қоңыр ой ойлап жатып алдым...