Ұлан ЕРКІНБАЕВ, ассистент-профессор: "Қазақ елі жан-жақты білімді жастарға зәру"

  Улан Ерк¦нбаев – Ұлан мырза, жас ғалым ретінде бүгінгі Қазақ елінің ғылымы мен білімі қай деңгейде деп есептейсіз? – Бүгінгі таңда IT технология саласы қатты дамып кетті. Соған орай, ғылымның өзі өзгеріске түсіп отыр. Мысалы үшін, IT-дың дамуымен жаңа шыққан кітап болсын, газет-журналды насихаттауға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Әлем осылай әрекет етуде. Осы арқылы түрлі интеллектуалды орталар қалыптасып үлгерді. Шыны керек, гуманитарлық ғылымдар көбінесе, өзін-өзі ақтамайтын, қаржыға мұқтаж сала деп қабылдап жүрміз. Алайда Батыста, Еуропада олай емес. Онда гуманитарлық ғылымдарды «scholar sciences» деп ерекше мәртебе береді. Өйткені, белгілі бір университет қалыптастырған немесе үкіметтік емес ұйымдар құрған «интеллектуалды орталар» арқылы өз-өзін жетілдіріп отырады. Ал іздің елде жаңа идеяларды, жаңа ойларды ұстап алып жетілдіріп, шыңдап отыратын орталар жоқтың қасы. Егер сол айтылған интеллектуалды орталар пайда болып, жастарды өз қатарына тартып жұмыс істесе, көптеген игі істер атқарылуы мүмкін еді деп ойлаймын. Мысалы үшін, осындай бір ортада елуге жуық әртүрлі маман отырып, елуге жуық кітап жөнінде әңгіме айтылса, бір оқпен бірнеше қоянды атып алар едік. Өйткені, оның құрамында әдебиетші де, саясаттанушы да, тарихшы да, математик та отырмай ма. Осылайша, бір мезгілде елуге жуық көзқарасты ортаға салып талқылайды, пысықтайды, жетілдіреді. Міне, өз басым осындай интеллектуалды орталар көп болуы керек деп санаймын. Қазір біздегі әр саланың мамандары әрқайсы өз бетінше, өз арбаларын «қинала сүйреп жүргендей» көрінеді маған. Қазақстан жан-жақты білімді жастарды қажет етіп отыр. Олар адамзаттың қазіргі даму деңгейін жете түсініп, саяси саналары қалыптасуы тиіс. Өйткені, өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Біз келешекте осындай орталар құруды жоспарлап отырмыз. Әрине, көбінесе, студенттердің деңгейі жоғары талаптарға сай келе бермейді. Алайда, білімі мен мәдениеті өте жоғары студенттер жоқ емес, тіпті, көп. Сол студенттерді бір арнаға шоғырландырып, бағыт-бағдар беріп жұмыс істеуді мақсат етеміз. Бұл ерікті пікірталас алаңы болады деп үміттенеміз. Қазір әлемде білікті мамандарға сұраныс көп бар. Мысалы, 90-жылдардың басында майталман кадрлар Орталық Азиядан, Ресейден Еуропаға, Батысқа көптеп кетті. Қазір де жастарымыздың көбі жақсы еңбекақы үшін шетелге кеткісі келіп тұрады. Сондықтан, бізде де Еуропадағыдай лайықты жағдай жасай білуіміз керек деп ойлаймын. Мәселен, бірінші курсқа қабылданған студент уақыт өте келе, осындай орталарды іздей бастайды. Ол білім қорын жинағысы келеді, қоғамнан өз орнын тапқысы келеді дегендей. – Сіздің ойыңызша, шынайы біліммен айналысу деген не? – Ғылымның өзін жаратылыстану, әлеуметтік және техникалық деп үшке бөліп жүрміз ғой. Жалпы, ғылым дегеніміз уақытша экономикалық көрсеткіш емес. Ғылым деген керісінше, тұрақты көрсеткіші. Ол мәңгілік дүние болуы тиіс. Әрине, бізде ғылымның әдіснамалық, теориялық мәселелері жетілген. Бұл тұрғыдан мәселе жоқ. Елбасымыздың өзі «Мәңгілік ел» болу үшін білімді жастар қажет деп қадап айтты. Менің ойымша, білімді жастар дегеніміздің өзі де сол – ғылым. – Сіз Кеңес жүйесінде қазақ әдебиеттануының әдістемесі бұрмаланып жазылған деген пікіріңіз бар еді. Осы жөнінде толығырақ түсіндіре кетсеңіз... – Мысалы үшін, «Әде­биеттануға кіріспе» деген пәннің мазмұны мен құрылымын зерттеп қарасаңыз, көптеген бұрмаланған фактілерге қанық боласыз. Ол пәннің шын мәнінде, «Әдебиеттануға кіріспе» емес, «Әдебиеттануға кіріспеңдер!» екендігіне көзіңізді жеткізесіз. Демек, социализм «Әдебиеттануға жоламаңдар!» деген методологияны құрып қойған болып шығатын түрі бар. Мысалы үшін, Батыс әдебиеті бұл жүйеден 60-70 жылдары бас тартты. Ресейдің өзі тоқсаныншы жылдары бас тартқан. Ал бізде ескі жүйемен әлі оқытылып келе жатыр. Әдебиет – адамтану ілімі. Әдебиет жөнінде анықтамалар өте көп. Біреулер әдебиетті көркем сөзбен баяндау дейді, біреулер ақиқатты жазу дейді. Соның ішінде біз әдебиет – сөз өнері дейміз. Қазақ халқы сөз өнерін қатты қадірлеген халықпыз. Біздің эпостарымыз, фольклорымыз, қазақтың сөздің астарына деген тереңдігіне үңілуі бұл, шын мәнінде, қайталанбайтын құбылыстар. Әрине, тәуелсіздіктен кейін жаңа ұлттық әдебиет жазуға мүмкіндігіміз болды. Алайда, теориялық-әдіснамалық тұрғыдан біз әлі де ескі жүйемен келе жатқан сияқтымыз. – Сіз Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын» әдебиеттану контекстінде зерттеген екенсіз. Осы туралы аз-кем айта кетсеңіз... – Бүгінде қайта жаңғырған Алаш зиялыларының еңбектері қазақы таным мен әлемдік мәдениетке сүбелі үлес қосуда. Алаш зиялыларының қай-қайсысы болсын, ұлтқа жан аямай қызмет етуді мұрат еткен. Мұны олардың, ең алдымен, білім мазмұнын жетілдіруден бастағаны белгілі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі», – деп жазады. Иә, сөзді тану, әсіресе, әдебиетті тану – ғаламның өзегіндегі аса нәзік үйлесімділік пен әсемдікті танудан бастау алып, тіршіліктің күнделікті заңдылықтарын ұғынуға дейін жалғасады. Мұны жаратылыстың өзіндік қарапайым тілімен сөйлете білу де өнер. Сондықтан, кез келген көркем дүниенің туу, жазылу, өмір сүру тарихы, ең бастысы, оның өнер ретіндегі құндылығы – аса ауқымды мәселе. Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1914), «Жаңа әліппе» (1926-1928), «Баяншы» (1926), «Әдебиет танытқыш» атты оқулықтар, Телжан Шонанұлымен бірге «Оқу құралы» (1926-1927) деп аталатын хрестоматиялық көмекші оқу құралдарын жазды. Қазақ тілінде оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс, тағы басқа ғылым салалары жайынан пайдалы мағлұматтарды білім беру жүйесінің ең тиімді жолын пайдалана отырып, ұсынды. Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Омарханұлы, Құдайберген Қуанұлы, Телжан Шонанұлы, Мағжан Бекенұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт зиялылары туған халқының интеллектуалдық деңгейін әріден ойлап, әр салада оқу құралдарын жазды. Бүгінде аталмыш оқу құралдарын зерделеп отырып, олардың әдістемелік тәсілдерінің қарапайымдылығына һәм нәтижелілігіне тәнті боласың. Қазір не көп, оқытудың сан-салалы тәсілдері көп. Солай бола тұра, мектеп оқулықтарында оқушыға қажетті мағлұматтар жоқ. Білім мазмұнына қатысты педагогтар оқытудың дәстүрлі (репродуктивтік) және құрылымдық (конструктивтік) тәсілдерін сарапқа салып тартысады. Әлбетте, бұл білім беруге қатысты жайттар. Бұл мәселеде едәуір ілгерілеген де шығармыз. Бірақ одан нәтиже болмай отыр. Неге? Негесі сол – біз білім беруді айта береміз де, сол білімнің өзін сөз етпейміз. Білім мазмұнын түрлендірудің, жетілдірудің жолдарын айтамыз, білім мазмұнын айтпаймыз. Оқулықтарымызда кез келген түсініктің жүздеген анықтамаларын береміз де бірде бір қасиетін айтпаймыз. Қазіргі мектептердегі оқытылып жатқан оқулықтардың да басты проблемасы осы. Осы тұрғыда алаш зиялылары жазған оқулықтардың басты артықшылығы – олар білім берудің түрлі тәсілдері мен әдіс-амалын емес, білімнің басты қасиетін ғана беруді ұстанады. Нәрсенің көптеген құрғақ анықтамаларын емес, бала санасына қонымды жалғыз қасиетін айтады. Оны балаға баланың тілінде, қарапайым ауызекі сөзбен жеткізеді. Осылайша ондай оқулықтар оқушының егіз қозыдай ажырамас досына айналады. Мысал ретінде Ахмет Байтұр­сынұлының 1926 жылы Қызылорда қаласында баспа бетін көрген «Әдебиет танытқышын» айтуға болады. Бүгінде бұл оқулық әдебиетті қазақша танытатын бірден бір классикалық мұраға айналды. Оқулық дейтін себебіміз, автор, әрбір ұғымды түсінікті баяндай отырып, «нұсқалықты қараңыз» деп ескертіп отырады. Бұдан, «Әдебиет танытқышты» Ахмет Байтұрсынұлы оқулық және нұсқалық (хрестоматия) түрінде екі кітап етіп, білім беру жүйесіне оңтайлап, арнайы жазғандығы мәлім болады. Бүгінде оқулықпен қауышқанымызбен, нұсқалық әзірге табылмай отыр. Айта кету керек, «Әдебиет танытқыш» ірі теориялық еңбек ретінде де ғалымдар назарына ерекше ілікті. Мұның өзі бұл оқулықтың орта және жоғары мектеп оқушыларына әдебиетті танытқыштық қызметіне мүлде кедергі келтірмейді. Бір жағынан алғанда, бұл, қазірде жиі айтылып жүрген білім берудегі оқушылардың зерттеушілік қабілетін арттыруға да таптырмайтын құрал. – Сіз өзіңіз жекеменшік университетте сабақ бересіз. Бүгінгі таңда жекеменшік университеттерге сұраныс артқаны белгілі. Осының негізгі сыры неде деп ойлайсыз? – Қазір еліміздегі жоғарғы оқу орындарының басым бөлігі жекеменшік университеттер. Бұл, бір жағынан, жақсы. Себебі, ЖОО-ның білім сапасы бәсекеге тәуелді. Ол қандай бәсеке? – Сапалы маман даярлау бәсекесі. Жоғарғы білім жүйесінің бүгінде он ғасырлық тарихы бар. Соның нәтижесінде жинаған тәжірбиесі, нарықтық жүйесі бар. Мәселен, Батыстың маңдайалды университеттері өз бітірушілерін құрылтайшы етіп алған. Сол құрылтайшылардың кәсіпорындары мен мекемелерінен практикалық база ретінде пайдаланады. Олар түрлі іс-тәжірбиелік жобаларды студенттерге жасатады. Одан түскен пайданың бір мөлшерін университеттің базалық дамуына жұмсап отырады. Ал студенттердің оқу төлемақысы толығымен оқытушы-профессорлық құрамға жұмсалады. Бізде де соңғы кезде университеттердің автономды басқарылуы туралы сөз бола бастады. Мұның тиімді тұстары көп. Бір өкініштісі, бізде барлық күшін жабайы жарнамаға салып, сол арқылы студенттерді жинап алып, оларға диплом беріп шығаратын ЖОО жеткілікті. Қазіргі жастарға таңдау бар. Бәлкім, ең бастысы да осы шығар. Университетке түсу – тек сол оқу орнымен шектеліп қалу емес. Сол жоғары оқу орны қабырғасында жүріп өзге мемлекеттерде де білім шыңдауға болады. Сондықтан, ЖОО таңдау барысында түсетін университеттің шын мәніндегі халықаралық байланысын да зерттеп, білу керек. Мемлекеттік университеттерден жекеменшік университеттердің бір артық­шы­лығы – осы шетелдік іс-тәжір­биелік байланыстары. Бұл жердегі ең негізгі мәселе – бәсекелестік. Әңгімелескен Сейілбек АСАН