Үй ішіндегі диалогтар

Калима-1 Қалима Қалиқанқызы Мұқажан 1956 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында дүниеге келген. 1980 жылы ҚазМУ-дың (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) химия факультетін бітірген. Автор 2005 жылы «Жазушы» баспасынан «Дидар-ғанибет. Профиль» атты кітап құрастырып шығарды. Бұл кітап ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай шығармашылығын парықтауға арналған пікірлер мен оның өміріне қатысты баспасөз бетінде жарық көрген (1976–2004 жылдар ) деректердің басын құрайды. Кiсiнiң бет-ажарын бiр қырынан қарап қана бейнелеудi, суретшiлердiң тiлiмен айтқанда, «профиль» десе, «анфас» адаммен бетпе-бет жүздесу, яғни оның дидарын қарама-қарсы отырып бейнелеу болып табылады. Бұрын жарық көрген «Дидар-ғанибет. Профильдің» ақынның бір қырын ашса, бұл эссе-ретро «Дидар-ғанибет. Анфас» деп аталады. «Дидар-ғанибет. Анфас» оқырмандары жақында алпысқа толып отырған Байбота ақынның өмірдегі шынайы бейнесiн пайымдауға мол мүмкіндік алумен қатар, онымен аралас-құралас болған замандастары жайындағы естеліктермен қауышады. Аталмыш кітап Алматы қаласындағы «Асыл кітап» баспасынан жарық көрді. байбота 2014+ * * * Бірде ауылға барғанымызда атамыз сағынышын басып алған соң: – Менің бір сұрағым бар еді, жауап берші, – деді Байботаға қайырылып. – Өзің қатарлы жігіттер бірінен кейін бірі телебізерден өлеңдерін оқып жатады. Солардың арасынан сені де көріп қаламыз ба деп, екі көзіміз төрт болып шұқшиямыз кеп, шұқшиямыз. Сен жоқсың... Сол жігіттер телебізерден өлеңдерін оқып жатқан кезде сен қайда жүресің осы?– деді шынымен білгісі келіп. – Олар елге таныла алмай жүрген жас ақындар ғой, тәте,– деді Байбота әзілге салып. – Жас ақындар теледидардан өлең оқып жатқанда есімін ел білетін біз олардың тұсауы кесілгеніне тілектес болып, студияның сыртында жуып отырамыз. – Е-е-е,– деді атам риза болмағанын аңғартып.– Өзім де осы ішіп жүр-ау деп ойлаушы едім... Кіржиген қабағын көріп ол кісіні сұмдық аяп кеттім. * * * – Адам сал болып жатып та ғашық болады дегенге сенесің бе?– дедім таңертеңгі шай үстінде, өзім оқып жатқан кітаптың әсерін онымен бөліскім келіп. – Сенуге болады. Өзінің өлерін білген адам өмірге құштар бола түседі. Ақын Зейнолла Шүкіров өмірінің соңғы кезеңінде Әзкен деген бір әйелге үйленіпті, сол кезде оның да екі аяғы сал болып істемей жатқан. Ақынның «Элегия» деген цикл өлеңдері сол Әзкенге арналған. – Ауыр науқас салдарынан «матрасы табытқа айналып», төсекке таңылған Генрих Гейне Камилла Зельден атты жас неміс қызына ғашық болыпты. «Шыбынның» (Камилланың жазған хаттарында сол жәндік бейнеленгендіктен Гейне оны солай атап кеткен екен) өз өмірінде пайда болуы үмітсіз ауру ақынға қатты әсер етіпті. Табиғатынан көңілді, ақылды, көз тартарлық тұлғасы бар, әсіресе ақынның ана сүтімен бірге сіңген сүйікті неміс тілінде сөйлеген қыз ақынның жас кезіндегі романтикалық сезім пернелерін шертті ме екен, кім білсін? Өлер алдында әдемі әсер сыйлаған сол әйелге «мускусты мысығым», «менің мұңды күзімнің соңғы гүлі», «мое сердечко» деп хат жазыпты. Міне, қарашы, мына бір хатын: «Мертвец, жаждущий самых пыльких наслаждении жизнью! Радуюсь тому, что вскоре увижу тебя и напечатлею поцелуй на твоем милом личике. Ах, эти слова получили бы менее платонический смысль, если бы я еще был человеком, но к сожелению, я уже лишь дух; целую всю твою хорошенькую фигурку, но лишь мысленно»,– деген сөздерінен оның өмірге құштар, іңкәр екенін, өлер алдындағы сезімін бар жүрегіңмен сезесің. Қандай аянышты! – Түсінуге болады, әбден мүмкін,– деді Байбота мені тыңдап отырып. * * * Түскі тамағымызды ішіп отырғанбыз. Радиодан беріліп жатқан концертке ауық-ауық құлақ сап қоямыз: «Күннің өзі ұясына Қимай оны батады екен!»–деп Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов ән салып тұр. – Шындыққа келмейді, негізінде Күнді Жер айналып тұр ғой,– дедім мен. – Неге? Өзің қарашы, батып бара жатқан Күнге! Мына ғажап тіршілікті қимай батып бара жатқан секілді ғой?! – Бұлай деп бала ғана айта алады. – Ақын да бір бала ғой, – деді Байбота. – Ол қиялындағы кенепке сурет салып отырған аңғал бала тәрізді. * * * Бірде Байбота мен Серік үйде сыра ішіп отырған. Екеуінің әңгімелеріне құлақ түрсем, Байбота Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратындағы «Қаламгер» кафесінде өзінің қатты мас болып, барменнің алдындағы орындықтың үстінде «ескерткішке айналып» тұрғанын еске алып әңгімелеп отыр екен. Мұны естіген мен: – Масқара! Солай істеуге де бола ма екен?!– деп оның сол тірлігі дәп қазір көз алдымда өтіп жатқандай, құтым қашып, дегбірсіздене сөйлеп жатсам: – Қайта дұрыс болған!– дейді Серік. – Несі дұрыс оның? – Сол оқиғадан кейін Байботаны жұрттың бәрі де танитын болды!– дейді ол, көзін қысып-қысып жымыңдай түсіп. * * * Байбота екеуіміз іңір қараң­ғысында аулада серуендеп жүргенбіз. Едәуір толысып қалған Ай көзіме түсті де: – Айдың туғанына қанша күн болды екен?– дедім оған бұрылып. – Немене, шілдеханасына баруың керек пе еді?– деді ол «Бұра сөйлеген күлмекке жақсы» дегендей қиқарлана. * * * – «Неке – безгектің теріс айналдырылған күйі: оттай қызып басталады да, қалтыраумен аяқталады», – депті Гиппократ, – дедім мен өзім орыс тілінде оқыған бір афоризмді қазақшаға аудара отырып. – Жалғыз неке ғана емес, өмірдің өзі де қызып жанған оттай болып басталады ғой,– деп қоштады Байбота. – Ал В.Г.Белинский «Махаб­баттың да адам өмірі сияқты өз жасы, өз даму заңдылықтары бар. Оның да шешек атқан көктемі, аптап жазы, ақыр аяғында біреулерге шуақты, ашық та жемісті; екінші біреулерге салқын, іріп-шіріген және жеміссіз күзі бар»,– деп адам сезімдерінің де «жыл мезгілдері» болатынын айтыпты. Мен соның біріншісін қалар едім,– дедім мен. – Барлық адам үйленгенде шуақты, ашық та жемісті неке болуын қалап үйленеді ғой. Ерлі-зайыпты өмірде махаббат бір түрден екінші түрге айналып отырады: құштарлық, ынтықтықтан – достыққа, ал кейіннен ол бірте-бірте сыйластыққа ұласады. – Қалай десек те, «Ақиқатты сүйетіндер махаббатты қиял әлемінен емес, некелі тұрмыстан іздеуі керек»,– деген Альбер Камю сөзіне тоқтауға болатын шығар. – Әрине. * * * Бірде Темірхан Момбекұлы-Түркістаннан машина сатып алды. Қуанышын бөліскісі келген болуы керек, өзі тұратын «Тұздыбастау» ауылындағы (бұрынғы Калинин атындағы ұжымшар) ақын Қанапия Дәрібаевтың үйіне барып: – Қанеке, машина алдым!– депті желпілдеп. – Ә, дұрыс, құтты болсын! Бірақ, есіңде болсын, машинаның үш қуанышы болады,– дейді ақын ағасы.– Оны білесің бе? – Білмейді екем. – Онда тыңда, ұзақ уақыт ақша жинап, армандаған көлігіңді алдың. Мен де адам қатарына қосылдым деп қуанасың. Бірінші қуанышың – осы. – Иә. – Машинаңды әжептәуір айдап жүргенде (Құдай одан сақтасын, әрине) аварияға ұшырап, аман қаласың, бұл – екінші қуаныш. – Қойыңыз, е! – Енді бір күндері соғылған машинаңнан құтылғың келеді, сатуға шығарасың. Сата алмай қор боласың. Әупірімдеп жүріп, бір күндері сатасың. «Құтылдым ба, құтылмадым ба?!» деп жүрегің жарылардай қуанасың. Бұл – үшінші қуанышың. – Ойбай, Қанеке, сіз әбден құрттыңыз ғой. Не боп кетті өзі?!– деп Темірханның құты қашып кетеді. Өкінішке қарай, Темірхан 2400 долларға алған сол машинасын не өзі жүргізбеді, не балаларына айдатпады. «Аптасына қалаға екі рет апарып келсең жетеді, басқа уақытта өзің біл» деп әркімге беріп, әбден салдабасы шыққан көлігі босқа рәсуа болды. Өз дүниесі болмағасын, оны кім аясын?! Айдаған адамдарға жалға берудің орынына, қайта оларға «жөндеуге жаратарсың» деп ара-тұра өз қалтасынан ақша шығарып тұрғаны да бар. Күн астында тұрып қаңсыған қу темірге айналған көлікті сатып алғысы келгендердің әуелгі сұраған бағасына бермей, ақыры оны 9000 мың теңгеге «бағалап», әзер өткізген көрінеді. Біз алғаш машина сатып алған кезде Темірхан Қанапия Дәрібаевтың сол әңгімесін айтып берген еді. Енді, міне, біз де сол әңгімені Алматы базарынан арнайы машина сатып алуға Үржардан келген Серікқазы мен Жұматайға айтып отырмыз. – «Торғайдан қорыққан егін екпейді» деген сөз бар ғой. Өйтіп қорқа берсең, өмір сүре алмайсың,– деді Жұматай. – «Жить вредно. От этого умирают»,– депті ғой біреу,– дедім мен есіме поляк жазушысы Станислав Ежи Лецтің осы бір күлкілі афоризмі түсіп. * * * Серік пен Байбота екеуі тағы да әңгіме-дүкен құрып отыр. Байқаймын, олардың бұл жолғы сөздерінің сыңайы кітап шығару ісіне қарай ойысқан. Ортаға шетел ақындарының бірнеше кітабын жайып салыпты. Байбота алдында жатқан әлдебір кітапты парақтап отырып: – Міне, өлең кітаптары осылай шығуы керек. Әр өлеңді бір бетке беріп, оқырманға оның аяқталған шығарма екенін сездіру керек. Ақша мен қағаз үнемдеуді мақсат тұтып, дем алатын қуыс қалдырмай, бір өлеңнен соң оған тақырыбы мүлде басқа өлеңді тіркеп, тізіп бере беруге болмайды. Себебі әр өлең – бір-бір шығарма. Оқырман бір шығарманы оқығаннан кейін оны бойына сіңіріп, үзіліс жасап, демалуы керек,– дейді. – Дұрыс айтасың,– дейді Серік те жымыңдай түсіп.– Кейбір өлеңдерді оқығаннан кейін «отпуск» алу керек! * * * Байботаның «Тіл ұшындағы тарих» атты кітабын жазып жүрген кезі болса керек. Бірде ол маған Баба Түкті Шашты Әзіз туралы мифті әңгімелеп айтып отырды: – Баба Түкті Шашты Әзиз перінің қызымен үйленіп, некесiн қидырады. Некелескен күнi перiнiң қызы оған: «Мен етiгiмдi шешкенде, аяғыма қарамайсың; көйлегiмдi шешкенде, қолтығыма қарамайсың; басымды жуғанда, шашыма қарамайсың»,– деп шарт қояды. Әңгіменің осы тұсына келгенде қапелімде сап ете қалған ойымды тежей алмай: – Бұл жерде мені пері қызының Баба Түкті Шашты Әзизден әйелдің ең осал жерлеріне қарама деп талап етуі ойландырып тұр,– дедім мен оның сөзін бөліп.– Кез келген әдемі істі тек біткен қалпында көрсең, оның әдемілігінің құны арта түседі. Ал табиғат берген сұлулықты сәл-пәл өңдеп жіберудің еш әбестігі жоқ, тек соны қалай жөндеп жатқаныңды өзгеге көрсетудің қажеті шамалы. ХХ ғасырда сән әлеміне де, әйелдерге арналған әтір иісіне де жаңалық енгізіп, төңкеріс жасаған француз модельері Коко Шанель әйел тізесін адам мүшесінің онша әдемі емес бөлігі деп есептеген көрінеді. Сондықтан да ол өзі шығарған әйел көйлектерінің етегін тізеден төмен етіп тіктірген. Менің ойымша, әйелдің ашық-шашық, башпайлары көрінетін аяқ киім киюі де, қолтығын жоғары көтеруі де, тіпті шашын көрсетіп жууы да адамның әйел сұлулығы жөніндегі пікіріне қарама-қайшы жеккөрінішті сезім тудырады, бұл жерде миф соны меңзеп тұрған секілді. – Ойың жобаға келеді,– деді ол менімен келіскендей. Бұл сырды қыздарға айтып ескертуім керек екен деп түйдім мен іштей. * * * Бірде бізге қонаққа келіп жатқан әпкем Қарашашпен екеуіміз қала аралап жүргенбіз. Базардың тұсынан өтіп бара жатқанда, өз ауылындағыдай емес, кезексіз сатылып жатқан жоғарғы сортты маргаринді көріп, бір килограмын сатып алды. – Сенің үйіңде духовка бар ғой, бүгін печенье пісіріп, бәріңді бір тойғызайыншы,– деді ол өз-өзіне риза болып. Үйге келген соң, әлгі майдың бәрін қамырға қосып илеп, әртүрлі пішіндегі қалыпқа құйып пешке салды. Мен өзі бастаған тірлігін аяғына дейін өзі апарар деп ойлап, пеш жаққа жоламай, өз тірліктеріммен жүрген едім, бір кезде күйіктің иісі шығып, артынша үйдің ішін көк түтін ала бастады. Не болды екен деп барсам, пештегі печенье күйіп, түтіні сыртқа қарай шалқып жатыр екен. – Қарай салсаң қайтеді? Қап! Рәсуа болып, бәрі күйіп кетті-ау,– деп Қарашаш іші удай ашып маған ұрса бастады. Сол кезде не болғанын түсінген Байбота домбыраны алып, өзінің кабинетінен: «Айлы жаздың кешінде, Пожар болды пешіңде...» –деп әндетіп шығып келеді екен. Маған ашуланып тұрған Қарашаштың да езуіне күлкі үйірілді, артынша бәріміз дуылдап күліп жібердік. * * * 2000 жылдың қысы. Үйде тұрып жатқан студенттер таңертең асығыс сабақтарына жиналып жатты. Кейбірі үйден шығып та үлгерді. Күйбеңдеп Төлеубек (менің жиенім) жүр. Оның көшеге бас киімсіз шығып бара жатқанын байқап қалған Байбота: – Бас киімің қайда? Неге кимейсің?– деп еді, ол: – Жатақханада қалып кетіпті,– деді естілер-естілмес қана міңгірлеп. Сөзге шешесі Қарашаш араласты. – Басыңа суық тиеді, киіп жүрсеңші!– дейді ғой баяғы. Байбота: – Баста ми жоқ қой, ми болса меннингит болар еді!– деп еді, оған бәріміз күлдік. * * * Көшеден орыс арағының суреті салынып, «Зимой и летом, одним цветом» деп жарнамаланған таблоны оқып, үйге келген Байбота Қызғал­даққа: – «Зимой и летом, одним цветом»,– деп әлгі сөзді қайталады да: – Бұл не?– деп сұрады. Әдетте бұл белгілі жұмбақты кез келген бала «шырша» деп шешер еді. Ал Қызғалдақ болса: – Мұны қазіргі кезде «негр» деп шешеді,– деп жауап берді қулана күліп. * * * 25.07.2003. Түскі ас кезі-тұғын. Радиодан Әлібек Діні­шевтің орындауында ән беріліп жатыр. – Тыңдашы,– дедім мен. – Әлібектің дауысына қазақ түгіл орыстар да дуылдата қол соқты ғой кезінде. – Ән – адамның жаны ғой, Әлібектің дауысы қазақ тұрмақ орыстың да ішіне кіріп кетеді,– деді Байбота. Артынша Ермек Серкебаев ән салды. Біздің әңгімеміздің тақырыбы әнге қарай ойысты. – Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» атты киносында «Япурай» әнінің операға бейімделген вариантын айтатын жері бар ғой. Әнмен ілесіп сыртқа ұшып шығасың да, дауыс жоғары көтерілген сайын тау баурайынан табылып, одан әрі шыңға шырқап шыға келесің. «Япурайдың» сол варианты маған керемет ұнайды!– дедім мен. – Шәкен Айманов сол кездің техникасын да шебер пайдалана білген ғой,– деді Байбота. – Егер ол кісі қазір тірі болса, мықты клиптер түсірген болар еді,– деді қызымыз Қымбат та сөзге араласып. * * * Назым өзі тоқып бітірген кофтасын киіп көрді, жарасып тұр, мақтанышын да жасыра алмады. Папасы: – Құтты болсын! Өз қолыңмен, өз талғамыңа сәйкес тоқып кигенің қандай жақсы!– деді. Ойына тағы да бірдеңе түсті ме, сәлден соң ол сөзін ары қарай жалғастыра түсті: – Әйел деген табиғаты басқа, қызық халық қой, әсемдікті қолымен жасағысы келеді, жұртқа ұнағысы келіп тұрады,– деді. – Әдемілік символы – әйел! Тіпті Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) өзі: «Бұл дүниенің сұлу емес жері жоқ, бірақ соның бәрі әйел сұлулығына жетпейді»,– деген екен дедім мен. – Иә, бірде көшеде келе жатып, қайыр сұрап отырған келіншектің мені көрген бойда әйелге тән қимылмен шашын, орамалын жөндей бастағанын көріп таң қалдым, әйел тіпті қайыр сұрап отырса да, жан-жағына ұнауды ойлайды екен ғой,– деді ол. * * * – Жүр, зайчик мой, шай ішеміз,– деді Қызғалдақ наға­шы інісі Ерланды еркелете дастарқанға шақырып. Оның орысша айтқан сөздерін Ерлан қазақшаға аударып айтқысы келген болса керек. Калька тәсілімен ауда­рылған сөз үйлесім таба қой­мады да, оның жауабы былай болып шықты: – Қазір, қояншық! * * * 2008 жылы жаз бойы батыстан соққан желмен ығып келген маса бір тыным бермеді. Басымызды жастыққа қойсақ бітті, ыңылдап жетіп келеді. Ұйқымыз қайта-қайта бөлініп, мазамыз кетті. «Raid» препара­тының қауқары да шамалы. Маса бір сейілмейді. Ал қыркүйектің басында ептеп азайған масаны әр-әр жерден тауып алып, шыбын ұр­ғыш­пен ұрып өлтіріп жүрдім. Бір күні қып-қызыл қанға шермиіп тойып алған бір масаны өлтірдім де: – Маса өлтірдім!– дедім қуана. Бір жағы әлдекімнен «мақтау» дәметіп тұрмын. – Обалы саған!– деді Байбота ойланбастан. – Сені шаққан ғой, қанға тойып алыпты. Кегіңді қайтарып берген жоқпын ба?– дедім оның сөзін іліп әкетіп. – Сауабы да саған!– деді Байбота. * * * Байбота балдыздарымен зілсіз әзілдеседі. Бірақ олар өзіне қарсы әзіл айта бастаса, «мен сендердің ағаларыңмын, қалжыңды құрдастарыңа айтыңдар» деп тыйып тастағанды қалайды. Құралай 1-курсты тамамдап, каникулға кеткен-ді. Тамыздың 13-і болатын. Байбота Үржарға телефон соғып, Жұматай мен Құралайды әлдебір мейраммен құттықтап жатты. – Мерекең құтты болсын!– дейді ол телефон тұтқасын құлағынан айырмай. Арғы жақтан бүгін қандай мереке еді деген сұрақ қойылып жатса керек: «Өз мерекеңді өзің естен шығарып не көрінді саған?»– деп қояды бұл шынымен ренжігендей. Содан соң: – Бүгін солақайлардың күні ғой! - деді ол ақыры. Мен оның әлгінде ғана ақтарып отырған газеттерінің біріне көз жүгіртіп шықтым да, шынында да бүгін Халықаралық солақайлар күні екеніне көз жеткіздім. Осындай да атаулы күндер болады екен-ау. Ал Байбота телефон шалып жатқан менің туған інім Жұматай мен сіңлім (Әлиасқар ағамның қызы) Құралай екеуі де солақай болатын. * * * Байбота неміс композиторы Л.В.Бетховеннің «Айлы түнгі соната» (Moonlight Sonate) атты шығармасын ара-тұра Ричард Клайдерманның, Риски Кингтің орындауында (жаңаша өңделген нұсқада) тыңдап жүретін. Бірде ол «A.S.&F.A.» оркестрінің орындауында ойналған нұсқасын тауып алып тыңдап отырды. «Айлы түнгі сонатаны» тыңдап болған ол: – Бетховеннің құлағы керең болса, керең болған шығар,– деді жымыңдап. – Неге?– дедім мен оның әлдене айтқысы келіп тұрғанын біліп. – Фортепианоны қатты даңғырлатады екен,– деді ол әзілдеп. * * * Бұрын дәрігердің алдына мүлдем барғысы келмейтін Байбота жүрек қантамырларына стент қойғызғалы бері №10 қалалық емханаға жиі бас сұғып, дәрігерлік тексеруден өтіп тұрды. Қасында ылғи да өзім еріп жүремін. Емдеуші дәрігер Жанна деген жас келіншек өз жұмысына ыждағатты, тиянақты адам екен. Байбота оған үнемі ризалығын сездіріп отырады. Бір күні үйде дастарқан басында отырып ол: – Менің жүрегім «Жанна! Жанна!» деп соғады ғой деймін,– деді қулана. Оның не айтып отырғанын әуелгіде аңғара алмай қалған мен: – Неге?– дедім. – Жанна мен алдына барған сайын жүрегімнің дүрсілін фонендоскоппен ұзақ уақыт тыңдап отырады!– деді ол жымың-жымың етіп.