«Қазақ жазушысының спектаклі тәуелсіздігіміздің қадірін түсіндіріп кетті»

Жануран Алатаудың ар жағы мен бер жағында мал-жаны қатар өрілген қазақ пен қырғыздың өмірде де, өнерде де барыс-келісі үзілген емес. Бізде қырғыздың дарынды драматургтерінің шығармалары талай рет шымылдық түрсе, бұл елде де талантты қазақтардың спектакльдері кезегімен салтанат құрып жүр. Сәуірдің 7-8 күндері Бішкектегі А.Малдыбаев атындағы академиялық опера және балет театрында Шаршен Термечиков атындағы Чуй драма театры ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, жазушы-драмтург Сәбит Досановтың «Жанұран» драмасын сахналады. Сәбит Досанов бастаған қадірлі қонақтарды қырғыз аға­йындар, шекарадан гүл шоғымен қарсы алып, құрмет жасады... Қырғыз еліндегі екі бірдей еңселі театр қатар еңбек еткен пьесаның премьерасына Бішкектегі зиялы қауым өкілдері, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаттары мен мәдениет саласының майталмандары келді. Қырғыз Республикасының Революция күні сәйкес келген «Жанұран» драмасын қоюға Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігі мұрындық болған. Бұл күні егемендігінің бедерінде талай қиындықтарды бастан өткеріп жатқан көрші мемлекеттің Президенті Алмазбек Атамбаев таңсәріден екі бірдей төңкерістің құрбандарына тағзым ету үшін Ала тоо алаңына келгені туралы БАҚ өкілдері хабар таратып жатты. Ал кешке опера театрында Сәбит Досановтың шығар­масы бойынша қойылған қыр­­ғыз режиссері Қаныбек Дуй­шеналиевтің спектакліне халық көп жиналды. Екі күн қа­тары­нан жүрген «Жанұран» драмасына билеттер алдын ала сатылып кеткен. Спектакльді Қырғыз елінің Мәдениет және мәлімет министрі Камила Талиева екі елдің өнердегі ықпалдастығына қатысты ықыласты пікірімен ашып берді. Осыдан кейін сахнада жұл­дыз­дары жарқырап келе жатқан қырғыз актерларының өнеріне тамашалаудың да сәті түсті. Бастапқыда драмаға арқау болған, иісі қазаққа белгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, қазақ жастарының ұлттық рухы, жастарымыздың тәуелсіздік үшін күресуін қырғыз көрермендері қалай түсініп қабылдар екен деген қобалжығанымыз да рас. Дегенмен, драма ширатыла келе қалың көрерменді бір деммен алып шықты. Спектакльдің басты кейіпкері – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке риясыз қошеметпен қол соқты. Қойылым аяқталғанда әсеріне айырылмаған қырғыз студенттері спектакльдің ұнағанын, әсіресе тәуелсіздіктің қадірін терең түсінгендіктерін, толқығандарын айтып жатты. Қазақтың қайсар перзенті – Қайраттың рөлін «Үміт» сыйлығының лауреаты Бактыбек Нурмат уулу, Фатиманы – Майрамкүл Бегиманқызы, Колбинді – Эрлан Бекчоро уулу, Дәметкен ана бейнесін Нарынкүл Токтобекқызы ойнады. Алмаз ақынның рөлін Нурбек Урматжан уулу сомдады. Januran1 – Қайраттың бейнесін беру мен үшін оңайға соқпады. Талай ізденісті бастан өткердім. Қажыр-қайратын, ерік-жігерін, бойындағы төзімділік пен намысшылдықты беруге барыншы ұмтылдым, – дейді артист Бактыбек Нұрмат уулу. Қойылым барысында режиссер ізденісі, балетмейстер – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Талант Осмоновтың қолтаңбасы айрықшаланды. Азаттыққа ұмтылған бұлқыныс бидің тілімен тамаша берілді. Актерлар машықтана келе әлі де кем-кетігін биігіне көтерері сөзсіз. Өйткені, қойылым аз ғана уақыттың ішінде даярланған, соған қарамастан, театрдың шығармашылық ұжымы ілкімді ізденістерге барғаны байқалады. Мәселен, театралдық қауымдастық қойылымды музыкамен әрлеген Дарыйха Курбанованың сәтімен таңдалған саздарына ризашылықтарын білдірді. Осы арада 25 жыл бұрын жазылған туындыны сахналауға Қырғызстанның екі рет қатарынан билікке оралған экс-Мәдениет және мәлімет министрі Сұлтан Раев ықпал еткенін айту керек. Қырғыздың кешегі министрі – өз елінің дарынды драматургы әрі мықты өнерсыншысы. Сұлтан Раевтың да «Меккеге бастаған ұзақ жол» атты спектаклін Астанадағы «Жастар театры» сахналып, қазақ театр өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрына апарып қойғаны белгілі. Оның үстіне аталмыш қойылым Орта Азия елдерінің Халықаралық театр фестивалінде де Бас жүлдені жеңіп алған. Мұның бәрін жіпке тізіп баяндап отырғанымыз, осындай шамшыл драматургтың таңдауы «Жанұран» спектакліне текке түспесе керек. Өз елінің жастары тәуелсіздік пен тыныштықтың қадірін білсе, қастерлесе дейтін қырғыз қоғам қайраткерінің мақсат-мүддесі ақталды деп айтуға енді болатын шығар?! Дегенмен, Алатаудың ар жағында қойылған спектакльді талдау, сынауға әлі ерте. Ең бастысы, қойылым талғампаз көрермендер тарапынан жақсы қабылданды. Жиналған жастар драманың өзегіне бойлады. Спектакль аяқталғаннан кейін айыр қалпақты бауырлардың бетке ұстар азаматтары спектакльді қойған Шаршен Термечиков атындағы Чуй драма театрына алғыс айтып, пьеса авторы – қазақтың белгілі жазушысы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Ресей Федерациясы Шолохов атындағы халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері Сәбит Досановты төрге оздырды. Пьесаны аударған Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Маркабай Ааматов спектакль сахналанғанша автордың Бішкекке үш рет келіп, ақыл-кеңес, ұсыныстарын айтып тұрғанын алға тартады. – Еңбегіміз еш кетпеді. «Жанұран» – жастарға тағылым болған жақсы қойылым болды. Тетр толды. Залда студенттерден бастап, қырғыздың атақты суретшілері, ақындары, елжанды азаматтары отырды. Қазақ пен қырғыздың барыс-келісі, алыс-берісі ешқашан үзілмеген. Бірақ, екі халықты жақындатқан талай әдеби алыптар кетіп жатыр. Аралас-құраластығымыз үзілмесе екен. Бүгінгі өнер оқиғасы қазақ пен қырғызды ғана емес, бүткіл түркі әлемін татулыққа шақырып тұрсын!– дейді Маркабай Ааматов. Ал ақынды сомдаған жас актер Нурбек Урматжан уулу жақсылыққа үндеген жақсы шығарма жазған қазақ жазушысына, оны сахналаған қырғыз драматургтарына, рөлді сеніп тапсырған режиссерге шынайы алғысын білдіріп, мұның бәрі де үлгі дейді. Қырғыз Республикасының Батыры, белгілі драматург Бексұлтан Жакиев: «Бішкек шаһарында бүгін жақсы оқиғалар болып жатыр. Қазақстанда менің пьесаларым жүрген әлі де қойылып жатады. Бұл – екі елдің мәдени байланысын арттырады, менің пьесаларым да Қазақстанда қойылып жатыр, бұл үлкен қуаныш. «Әке тағдыры» пьесам Қостанайдағы орыс театрында жүруде», дейді. – «Жанұран» қазірге қырғыз сахнасындағы ең жақсы спек­такльдің бірі. Өз елін, өз тәуелсіздігін сүйген қазақ жазушысының театр төрінде тоқайлас­қанымызға, осындай талантты жазушымен кездескенімізге разымыз. Негізі пьесаның материалы 3 сағатқа созылады. Бір жерін қысқартсаң, екінші жерінен айырылып қаламыз. Ойды, оқиғаны түгел беру үшін Сәбит Досановпен спектакль сахналанғанша қоян-қолтық жұмыс істедік. Сәбит аға премьерадан кейін кетіп қалса, «ұрысқанын» да сағынамыз-ау, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі бір жағы қалжыңға сүйеп. Театр директоры Оросбек Айдаров өздерінің жас театрының жаңа қойылымы қырғыз еліндегі ең үлкен – А.Малдыбаев атындағы академиялық опера және балет театрының көмегімен қойылғанын жоққа шығармайды. Опера театрының суретшілері мен хореграфтары «Жанұранды» қоюға ат салысқан. Қазақстаннан пьеса авторы жазушы-драматург Сәбит Досановпен бірге барған «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Қазыбек Иса бүкіл кеңес империясының іргесін шайқалтқан Желтоқсан оқиғасы кезінде Алатаудың ар жағындағы қырғыз бауырлардың қолдауына разылығын білдіріп, бұл «Жанұран» драмасының екі елге ортақ шығармаға айналғанын, пьесаны қойған театрдың жас әртістерінің айрықша талантты­лығы мен қоюшы режиссердің жаңашылдығы, суретші мен балетмейстердің тапқырлықтары жөнінде әңгімелеп, соңынан жыр оқып беріп, қырғыз бауырлардың ықыласына бөленді. Сонымен араға отыз жылдай уақыт салып барып, қырғыз сахнасына оралған драматург Сәбит Досановтың «Жанұран» спектаклі өнер көпірін жаңғыртып өтті. Сонау 1985 жылы М.Әуезов театрының артистері гастролдік сапармен Қырғыз еліне келіп, жазушының «Дауыл» атты пьесасын қойған екен. Ол кезде де қойылым жылы қабылданып, әсерлі шығыпты. Сәбит Досанов және делегация мүшелері Бішкектен шығарда қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов ескерткішіне барып, гүл қойып, екі елге ортақ алып тұлғаға тағзым етті. Айнаш ЕСАЛИ Арнайы «Қазақ үні» газеті үшін