Білімі оның теңіз еді телегей

АмирханТасжүрек тағдырдың қатігездігінде шек жоқ, кімді құлатып, кімді жылатпаған ол?! Өмірге жаңа ғана қадам басқан өрімдей жасты қыршынынан қиятын да, Тәңірі берген таланты мен жылдар бойы жинаған теңіздей терең білімін халқына тұтас арнаған ақылман азаматты мезгілінен бұрын о дүниеге аттандыратын да адамзаттық дұш­паны – ажалдың қандықол жендеті де осы тасжүрек тағдыр. Сол сұм тағдыр, сұрқия ажал аса талантты інім Әмірхан Балқыбекті тым ерте арамыздан жұлып әкетті. Бішкекте шығармашылық сапарда жүріп естіген осы қайғылы хабар онсыз да жаралы жүректі тағы да қансыратып кетті. Қалай қайғырмайсың, қайталанбас хас талантымен, әлемдік мәдениетті жетік білетін, телегей теңіз білімімен отызында орда бұзып, қырқында қамал алған ғұламаны кемеліне келген кезінде мерт етсе. Әмірхан менің тумай туысқан рухани інім, әдебиеттегі шәкіртім еді. Ол қырық жасқа толғанда «Қасқыр құдай болған кез» атты ғажайып ойлы кітабы жайлы шағын мақала жазып едім. Соған ол балаша қуанып, сансыз алғыс айтып еді-ау маған. Енді міне: Адамға бақыт боп жетуді, Өмірден өлең өтуді, - армандаған Әмірхан небәрі қырық төрт жасында мерт болды. Осы қырық төрт деген жас таланттар үшін қатерлі өткел болып тұр. Алдың пейіш, артың кеніш болсын, қош­тасуға қимайтын тал бесікке сыйса да жер бе­сікке сыймайтын, талантты інім Әмірхан! Сәбит ДОСАНОВ