Алпамыс батыр ескерткіші асқақтады

Alpamys-arystanymen1 Алпамыс батыр жырында: - «Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай болыпты, Төрт түлігі сай болыпты» - деген өлең жолдары өріледі. Бала кезден бәріміз де батырлардың жырын оқып өстік. Көкейге тоқып ержеттік. Алпамыс батырдай болғымыз келді. Арман соған жетелейтін. Елді, жерді қорғайтын батыр болуды кім армандамады дейсіз. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жаумен тірескен батыр бабаларымызды жастардың рухын оятып, жігерін жану үшін әрқашанда қадірлей білген жөн. Тоқтаусыз тіршіліктің ағысына ілесу үшін де өмір батыр болуға жетелейді. Бабалардың баяны жүректерде сақталады. Ерен ерлігі өшпек емес. Сөз басында әдіптеген Алпамыс батырдың ерлігі мен өрлігі келешек ұрпаққа мұра болып жатталады. Отан үшін бәріне даяр жомарт жандар барда. Батыр рухын түркі әлемі әйгілеп-ақ жатыр. Әрбірі өздеріне қарай меншіктейді. Қазекең де қалыс қалмаса екен дейміз. Өзгеше-өрнекте әспеттей алсақ екен. 

Былтыр мамыр айында шырайлы Шымқалаға Ташкент тасжолы бойынан кіреберісте батыр ескерткішінің құрылысы басталған. Мықты-мықты сәулетшілер жиналған. Арысы Ресейден, берісі өзбек, қырғыз ағайындар да шақырылды. Жобасы мәністеліп, құрылыс қарқын алған-тын. Сол алып ескерткіштің құрылысы еңсе көтеріп, аяқталды. Жеке кәсіпкер Құнанбай Шындәулетовтің демеушілігімен біткен іс. Ескерткіш Шымкентке кірер босағаға орнатылды. 

«Табалдырықтан биік тау жоқ» дейді қазақ. Әрі тоғыз жолдың торабында, Жиделі Байсын еліне бастап барар бағытқа орын тепті. Өткен жексенбіде алқалы ағайын жиналып, сәулетті нысанның ашылуына куә болды. Облыс басшылары, зиялы қауым мен жастардың басы тоқайласты. Мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев пен облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев бастаған аймақ басшылары, ел ағалары Әділхан Сұлтанбеков, Бегім Серіковтермен бірге, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, қазыналы қарттарымыз да қалыс қалған жоқ. 

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбек, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, профессор, «Досмұқасан» ансамблін ұйымдастырушылардың бірі Ұлықпан Сыздықов, елімізге белгілі «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің Президенті, «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қазыбек Иса тағы басқа ақын-жазушыларымыз да игі құттықтаулары мен батыр бабамызға арнаған жыр шумақтарын оқыды. 

  DSC_0351

DSC_0375

Ескеркіштің ашылу рәсімі де өзгешерек ұйымдастырылды. Әуелі қадірлі қария Тойым Жүнісов тілегін айтып, батасын берді. 

Одан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев іс-шараның маңыздылығын кеңінен айтып өтті. 

«Біз батырдың жырын оқып өстік. Оның тұлғасын әспеттедік. Алпамыс батыр жыры «Одиссея», «Манас» жырынан кем емес екенін зерттеушілеріміз дәлелдеп жатыр. Бәріміз де Алпамыс сияқты болғымыз келді. Осы ескерткіштен кейін көпшілік Алпамыс жырын қайта оқиды деп сенеміз. Бұл - тарихи іс-шара. Құнанбай Шындәулетовке қандай мақтау айтсақ та жарасады. Алпамыс батыр барша түрік әлемінің ортақ батыры» - деді Әли Әбдікәрімұлы. 

Қазақтың тарихын зерттеп жүрген жазушы Ілесбек Байжанов та өзінің пікір-пайымын ортаға салды. 

«Мың жыл бойы Алпамыс батырдың әруағы желеп-жебеп келе жатыр. Сонау қазақ тарихындағы «Ақтабан шұбырындыны», «Аңырақайды», қай қырғынды тілге тиек етсек те, осы қазақтың қаһармандығы, ерлігі Алпамыс бабамыздан дарып, үлгі алғанымыздың арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймын. Бұл жалғыз қазақ емес, түбі бір түркінің түпкі батыры. Алашымыздың арыстаны деп ауыз толтырып айтсақ болады. Екінші дүниежүзілік соғыста да, қазақтан шыққан жауынгерлер окоптағы қантөгісті Алпамыс батыр жырын қойнына қысып, оқ пен оттың ортасынан жеңіспен оралғанын көнекөз қариялар айтып отырған. Қазіргі кездің өзінде кең-байтақ даламызға көз алартып, сұғын қадап отырғандар аз емес. Осындай кезде осындай ескерткіштің біздің ұрпақтар үшін де, бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де аса керек»,- дейді белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет.

DSC_0335

Көпшілік асыға күткен ескерткіштің лентасын облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев, ел ағалары Әділхан Сұлтанбеков, Тойым Жүнісов, Жеңісбек Мәуленқұлов қиды. 

Қазақтың тойы көкпарсыз өтпейтіні мәлім. Әдеттегідей, Шер атаның ұрпақтары көпшілікке дастархан жайды. Аста Парламент сенаты депутаты Қуаныш Айтахановтың құттықтауы оқылып, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашевтың құттықтауы хабарланды. Ұлттық спорт федерациясы басшысы Бекболат Тілеуханов телефон арқылы құттықтады. Одан кейін астан дәм татқан ағайын ұлттық көкпар ойынына қарай аяңдады. 

Еңселі ескерткіш алыстан көз тартады. Асқақ рухты сәулет туындысының биік­тігі - 15 метр. Батырдың мүсіні таза мыс­тан жасалынған. Сыртынан көмкерілген тастар Украинадан әкелініпті. Сәу­летшілердің шартараптан келгенін айттық. Бас-аяғы 12 эскиз ұсынылып, конкурстан жеңіп шыққан авторлар Әлімжан Абылаев, Құралбек Қосыбақов. Көркемдік жетекшісі - Асқар Әбдешов. Осы Қазығұрт тауының баурайында туып-өскен сәулетшілер. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме - «Ер Дәуіт Ассервиз» ЖШС». Көңілін шаттық кернеген сәулетшілер бар өнерлерін ортаға салғанын айтады. «Еңбегіміздің бағасын халық береді ғой» деп жымияды. «Қазақтың тарихын бұрыннан зерттеп, жазып жүрміз. «Қазақ елі» деген ауқымды еңбегіміз бар. Бәріміз де осы тарихты оқып өстік. Батырларымызды дәріптеу керек. Тарихқа кішкене болса да еңбегімізді сіңіргіміз келді. Өскелең ұрпаққа өнеге болсын деген мақсатымыз бар. Нобайын тарихтан білетін түйсігімізге байланысты жасадық. Батырдың кейпі, келбеті, атының да тұрқы тарихи деректерден алуға күш салдық», - дейді мүсіншілер 

(Төмендегі суретте ортада Құнанбай Шындәулетов Алпамыс батыр ескерткішінің сәулетші-мүсіншілерімен бірге). 

Кунанбай Шындаулетов 

Қазақтың жігіттері осындай. Қолда барымен бөлісуге, қаржысын игі іске жұмсауға құмбыл. Жеке кәсіпкер Құнанбай Шерұлына халықтың ілтипаты ерекше. Болсаң, осындай азамат бол! Тарихты жыға тануға, жастарға жол сілтеуге үлес қосатын. Үлкеннің де, кішінің де мәрт жігітке айтар тілегі - осы. Ардақты қариялар риясыз тілегін, ақ батасын аяп жатқан жоқ. Кәдімгідей ішіңіз жылып сала береді. Кәсіпкердің пікір-пайымын білдік. «Әр қазақтың жүрегінде, намысында болу керек деп білемін. Алла қолдап, батыр бабамыздың ескерткішін сәтті аяқтадық. Қазақтың батыры. Алты алаштың батыры. Тарих үшін, келешек ұрпақ үшін аянбаймыз. Жастардың жүрегін оятайық. Елімізге бір үлесімізді қосу - парымызымыз. Келешек - жастардікі. Қолымыздан келгенше жақсылыққа ұмтылайық. Елім үшін барлық нәрсені істеуге дайынмын». Осылай дейді арда азамат. Біткен іске көңілі тоқ. «Құдай пейіліне қарай береді» дейді. Бұл жерде Алпамыс батырдың ескерткіші үшін жер керек болғанда, Шымкенттен Жиделі Байсын жеріне шыға берістегі қасқа жолдың бойында орналасқан өзіне тиесілі жерді Алаштың арыстанына беріп отырған «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесі мүшесі, ОҚО мәслихат депутаты, Оңтүстік политехникалық колледжі директоры, экономика ғылымы кандидаты Амангелді Сопбековтың да атпал азаматтығын атап өтуіміз керек. Жиын барысында «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Оңғарбаев: 

– Батырлар ерлігін ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Жастарды батырлыққа тәрбиелеу қажет. Кафе мен мейманхана сала бермей, осындай мағыналы істерді атқарайық. Отанға деген шын ықыласымыз осындай әрекеттерден байқалмақ. Құнанбай Шындәулетов деген азамат соны ісімен дәлелдеп берді. Міне, Алпамыс батыр ауылымызға кіріп келді. Бұл - зор жетістік. Сәулеті де керемет. Елдің намысын ояту керек. Елбасының өзі тарихты түгендеңдер деген жоқ па еді?! – деп, өзекжарды пікірін ортаға салды. 

Бәрі де ниет етуден басталады. Құнан­байдай өр рухты азаматтарымыз барда тарихымыз өшпейді. Осындай ескеркіштердің жер-жерде ашылуы тарихты танып білуге себеп. Ол үшін әрбіріміз тұғырлы тұлғаларды әспеттей алсақ болғаны. 

Тағабай ҚАСЫМ 

Шымкент қаласы 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы: 

Алпамыс батырдың орны бөлек 

 – Бала кезінен «Батырлары жыры» атты қалың кітаптағы қазақ халқының елін, жерін қорғаған ерлері туралы дастандарды оқып, жаттап өскен ұрпаққа Алпамыс батырдың орны бөлек. Ол қазақтың көптеген ұрпағына ерліктің, Отанын қорғаудың озық үлгісі болып келді. Алдағы уақытта да келер ұрпақты жеңістерге жетелейтін бағдар болып қала бермек. Ұлы батырымыздың Оңтүстік Қазақстанда ескерткіші ашылуы тарихымызды таразылап, ата-бабалар өткеніне оң көзбен қарап, әділ баға беру болып табылады. Елбасымыздың жиі айтатын Тәуелсіздігіміздің іргесін бекемдеу, елшілдік, патриоттық тәрбиенің мәні, міне, осындай ел қорғаған Алпамыстай алып батырларымыздың ескерткіштерін асқақтатудан арта түседі! 

Ислам Әбішев, мемлекет және қоғам қайраткері: 

Рухани бетбұрыс 

 – Тарихымыздың тереңінен бастау алған, жыр-дастандарға арқау болған ата-бабалар ерлігін есте ұстау - кейінгі ұрпақ үшін бұлжымас міндет. Ол біздің ерлік эпопеямыз ғана емес, рухани байлығымыз да. Бүгінгідей рухани құндылықтардың материалдық игіліктен кейінгі екінші орынға шегіну кезеңінде Алпамыстай батыр бабамызға ескерткіш орнату - сол олқылықтардың орнын толтыру болып табылады. 

Темірхан Медетбек, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері: 

Қазақ елі үшін мәні бар оқиға

– Алпамыс батырға Шымкент қаласында төрт жолдың қиылысында үлкен ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің екі жағында екі айбарлы арыстан орналасқан. Алпамыстың астындағы Байшұбар аттың эпостан шыққандай керемет шауып келе жатқан бейнесін көрсеткен. Алпамыстың өте айбарлы, сұсты образы адам жанына керемет рух береді. Алпамыс аттың үстінде кеудесін керіп, шалқақ қарап отыр. Бұл қазақ ұлтының нағыз елін, жерін қорғап келе жатқан рухты батырдың бейнесін көрсетеді. Осы ескерткіштің орнатылуына демеушілік жасаған Құнанбай Шындәулетов деген азамат қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлады деп айтуға болады. Бұл ескерткіштің дүниеге келуі тек Оңтүстік жұртшылығына ғана емес, бүкіл Қазақстандағы үлкен мәні бар оқиға деп қабылдауға негіз бар. 

Ұлықпан СЫЗДЫҚОВ, профессор: 

Тектіліктің бастауы 

 – Менің Шымкент қаласындағы осы Алпамыс батырдың ескерткішіне баруыма себепші болған меценат Ислам Әбішев пен ақын Қасымхан Бегманов. Осы іс-шарада мені риза еткен нәрсе - халықтың ұлттық рухының жоғары екендігі. Яғни, тоғыз жолдың торабына қойылған ескерткішті халықтың жақсы ниетпен қарсы алуы. Авторлар ескерткішті жасатқанда батырдың тұлғасына барынша мән бергендігі көрініп тұр. Жалпы, Алпамыс текті ортада дүниеге келген ғой. Жырдың өзінен де байқаға­нымыз­дай, Алпамыс батыр үшін Отан ұғымы жоғары тұрды. Туған елін, жерін қорғау - текті ұлдың ғана міндеті болмақ. Ал сатқындық жасау тек Ұлтан секілді тексіздердің әрекеті ғана. Яғни бұл жыр тектілік пен тексіздік ұғымдарын алға тартқан. Біз көбінесе Алпамыс батырдың ерлігін ғана сөз етеміз де, оның жеке басындағы махаббат сезімін қалыс қалдырамыз. Алпамыстың сондай атақты батыр болуына Гүлбаршынның да септігі тиді. Барлық уақытта оның берген ақыл-кеңестері батырды рухтандырып отырды. 

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы: 

Түркінің ортақ тұлғасы 

 – Шымкент қаласында өткен Алпамыс батыр ескерткішінің ашылуы еліміздің мәдени-рухани әлеміндегі елеулі оқиға болды. Алпамыс батыр тек бір рудың немесе тайпаның ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға. Ал «Алпамыс батыр» жыры - халықтардың тарихи кезеңінде болып өткен барлық ұлт-азаттық күрестердің барысында қазақ сарбаздарының жанын рухтандырып, жігер берген керемет қазыналардың бірі болып есептеледі. Жалпы, Алпамыс батыр ескерткішінің қаланың ішінен емес, сырт жағына орналастырылуында мән жатыр. Қала билігі қала ішінен орын бермеуі де оңды әрекетке ұқсайды, өйткені батырдың алып ескерткіші қала ішіне сыймас еді. Басқа ескерткіштерден озық тұрып, көлеңкесінде қалдырар еді. «Желдің өтінде, жаудың бетінде» демекші, қаланың кіреберісінде орналасуының өзі – Алпамыстың қаһар­ман­дық тұлғасымен үндесіп жатыр. 

Серік ЖАНӘБІЛ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, ілиястанушы-ғалым:

Жақсы іс жалғасын тапса игі 

 – Негізі, тұтас Тұранның алып тұлғасы – Алпамыс батырдың ескерткіші ашылып, ас берілуі жекелеген кәсіпкерлер емес, ел болып, мемлекет болып өткізер зор игі шара еді... Бірақ, міне, халықтың Алпамыс батырдай өз алыбына деген айрықша ықыласы – 30 мыңға жуық ел жиналды ақ тілегін арнауға. Кезінде елге әйгілі болған Ақан серінің Құлагері қатысқан Сағынайдың асында бес жүз ат жиналған еді. Мынау Алпамыс батырдың тойы бәрінен асып түсіп, 2500-дей ат жиналды. Қазығұрттың биігінен қарасаң, тап бір Шыңғыс ханның киносын көргендей болып отырмыз. Алпамыс батырды ұлықтаудың басы деп білейік мұны. Ендігі кезекте Астана мен Алматыда жалғасы болуы керек бұл ел мұраты үшін ерекше асыл шараның... 

Бөрі ИСА, сазгер: 

Алпамыс – қазақтың батыры 

 –Алпамыс басқа емес, қазақтың батыры. Мен осындай батырымызға арнап ұлттық аспаптар оркестріне, симфониялық оркестрге поэма жаздым. Ол «Жиделі Байсын» деп аталады. Бұл шығарма оркестрде ойналып жатыр. Бүгінгі іс-шара бүкіл елдің қуанышы. Шынын айтқанда, бүкіл елімізде Алпамысқа арналған осындай ескеркерткіш жоқ. Біріншісі - осы деп ойлаймын.   

АЛПАМЫС БАТЫР

Мыңжылдығын ЮНЕСКО болып, бүкіл әлем тойлаған түгел түркінің  қаһарманы Алпамыс батырдың алып

ескерткіші  Шымкентке сыймай, шаһардан шыға берістегі  Ақжар аулының ақ жазығына, қасиетті Қазығұрт баурайына  орнатылды.

2014 жылғы 13 сәуірде Алпамыс   батырдың әруағына арнап, ас беріліп, ұланғайыр Ұлыстың ұлы тойы болып, керемет көкпар шабылды.

Жиделі Байсын – Жерұйыққа  ел санаған,

Қоңырауы күміс, күймесін алтын жалаған,

Қоңыраттағы Байбөрі  байдан тараған,

Алпамыс батыр!-

Байшұбар мініп жараған!,

Рухың керек қазаққа мынау нар бабам,

Елі үшін бүгін Ер болу керек әр адам!

 

Алдаспаныңды алып жүре алмас  алты адам,

Көтеру керек!-

Соғарда жаулар арқадан!..

Баһадүр баба, барқадар болу керек ек,

Сақтықпен санап, өтуде бүгін әр қадам!

 

Өмірде мынау аз емес бүгін қалтарыс,

Қанымыз бенен  жанымыз –  жер ғой әр қарыс!

Манасты сенің бейнең ғой дейді бұл әлем,

Түркіге түгел Қаһарман болған Алпамыс!

 

Қанымен баба Бостандық таңы атқанда,

Қазаққа мынау Бірліктен басқа бақ бар ма!?.

Алпамыс ұстар алдаспан төрге ілінсін,

Ұядан  бүгін Ұлтандар шығып жатқанда!?.

 

Бабалар жайлы дүрілдеп оқып тұрғанда,

Дірілдейтіндерден құтылар бүгін күн бар ма?!.

Атаңды айтсаң, атылар заман кетсе де,

Құтырып жатыр Ұлтаннан қалған құлдар да!..

 

Атам заманнан арқау боп аңыз-жырларға,

Келесің бабам,

Күн сүйген күймең күнде алда!..

Әр қала бүгін Алпамыстарын іздейді,

Ешкім білмейтіндер ескерткіш болып тұрғанда…

Жерімді  қорғау – жетістік жыры ақынның!

Бүгінде мынау күмәнмен өтіп жатыр күн!..

Тәуелсіздігіме тәу етіп енді жатқанда,

Еліме түгел ескерткіші керек батырдың!

 Қазыбек ИСА

www.qazaquni.kz