ТЕК «ЕЛ» ДЕГЕН СӨЗ ҮШІН!
2014 ж. 18 ақпан
3350
2
Дарынды жастардың республикалық сайысы сәтті өтті.
Алты алаштың ардақ тұтар арысы, асқақ ақын, қайраткер тұлға Мағжан Жұмабайдың туылғанына 120 жыл толуына орай Сүлеймен Демирел атындағы университеттің халықаралық «Мағжан» әдеби-шығармашылық, өнер бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тек «ел» деген сөз үшін!» атты талантты жастардың республикалық сайысы сәтті аяқталды. Бұл байқау шығармашылықтың жан-жақты салаларын біріктіруімен және сайыс соңында ұсынылатын көптеген тосын сыйларымен ерекшеленді. Аталмыш байқау 2013 жылдың қазан айында басталып, желтоқсан айында жұмыстарды қабылдауды тоқтатқан болатын. Байқауға еліміздің барлық ЖОО-ының студенттері қатысты. Бұл байқау шығармашылықтың жан-жақты салаларын біріктіруімен ерекшеленді. Жыл бойында келіп түскен 200-дей жұмыстың ішінен іріктелген 20 сайыс- керге жүлделі сыйлықтар тапсырылады. Белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалым-жазушылар тағайындаған: «Әлихан Бөкейханов», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Міржақып Дулатұлы», «Сәкен Сейфуллин», «Мағжан Жұмабай», «Мехмет Акиф Ерсой», «Шәкәрім Құдайбердіұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Жүсіпбек Аймауытов», «Тұрағұл Абайұлы», «Мұхтар Әуезов», сонымен бірге алаштың заңды жалғасындай болған тұлғалар «Бауыржан Момышұлы», «Асқар Сүлейменов», «Марат Барманқұлов» атындағы номинациялар табысталды. Арнайы жүлделерді М.Мырзахмет, М.Қойгелді, А.Ісімақова, Ғ.Жайлыбай, Ә.Бөпежанова, Қазыбек Иса, Г.Пірәлиева, И.Жеменей, І.Әйтімбет сынды белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері табыстады. Назарларыңызға үздік өнерпаздардың Мағжан жайлы жазған өлеңдерін ұсынамыз.«Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Иса поэзия саласындағы Міржақып Дулатов атындағы сыйлықты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Нұртас Тұрғанбекке тапсырды.
Мағжанға Білмеді өзі қай жерде,қай қалада? Шахтаға топ боп адам жай бара ма?! Тағдыр дейтін күрек бар иығында, Ақын жортып барады айдалада... Қалды бәрі тау, дала,жайлы қырат, Күнді еңкейтіп тастады,ай жығып ап. Жырым-жырым шапаннан жел үңілді, Көмір-көмір бетінен қайғы құлап. Қаламды қара жұмыс қалқалады, Айғай мен ауыр соққы бар табары... Атылды деп еңіреп елі қалды, Жансыз дене секілді қаңқа бәрі. Өлтірмеймін деп жүріп өз ұлтымды, Болашаққа өзі емес сөз ұмтылды. Сойылдан арқа тері сыпырылып, Ойылған алақанда өмір тұрды. Азуын езуіне тығып кепті, Арманға жетпей жүрек ұлып кетті. Түнді серік ететін қойын дәптер, Қойнауына жете алмай құрып кетті. Ой бар еді парақта мың сүбелі, Жетпеді туған жерге,күрсінеді. Шимай-шатпақ дәптерде шыр-шыр еткен, Соңғы соққан жүректің дүрсілі еді... Созғанмен мертікпеді ол қолын айға, Болашаққа бұл тарих көп ұнайды ә?! Соңғы рет туған жерде жаңғырығып, Мылтықтың даусы естілген,оғы қайда?! Нұртас Тұрғанбек Заман өзі ұлыларын ұмытпас Сен өлмейсің, сенікі де өлмейді Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар. Мен жастарға сенемін. Мағжан Жұмабаев Шер боп қалған кеудемдегі азалы үн, Қара бұлттың құрсауында күнің де. Тағдырыңа балта шапқан қазағың, Қадіріңді білмей кетті тіріңде. Мұңға балап тағдырыңның жазуын, Ащы даусың айғайлаудан қарлықты. Қасқыр қоғам батырғанда азуын, Қасқа жаның қасіретке шалдықты. Күйініштен қарс айырылған көкірек, Хас қайрақтың тас нәтіндей қайралып. «Сталиндік репрессия» оты кеп, Кеттің ақыр Магаданға айдалып. Қорғансыздың күнін кешкен мұңлығым, Өкініштен өртенгенде өзегің. Қоғам солай «халық жауы» қылды ұлын, Саған сая бола алмады өз елің. Нәзік жүрек дүрсілдеді бұлқынып, Көкжиектен шықты ертерек таңғы арай. Асау оттай көкке қарай ұмтылып, Хас талантын жалмап өткен жалған-ай. Кер заманның күншілдері - ай қанаған, Бақталастар балта шапты бағыңа. Мағжан ақын мұңы болған Магадан, Күңіренді шерлі қобыз зарына. Заман өзі ұлыларын ұмытпас, Қанша жерден «халық жауы» бол мейлі. Қойдым саған қара өлеңмен құлпытас, Сен өлмейсің, сенікі де өлмейді ! Абылайхан Жұмашев Зылихадан хат Сен көрдің де, келдің тура қасыма, Сусын беріп, жастық қойдың басыма. Маңдайымнан сипап, сүйіп жұбаттың, “Жаным құрбан, жасыңды тый, жасыма!” М.Жұмабаев Айыңыз – нұрсыз, алдыра алман сыр одан, Жайымды үнсіз жаңбырдан сұра жылаған. Күнәдан, жаның зұлматтан зәрлі ада ма? Ал, менің жаным – дін аман. Жайылған ізгі бақытымызды қызғанып, Айырған бізді сәттерден қойды сыз қалып. Жүз барып, сенің самал боп есіп санаңда Қайтамын өшпес ізді алып. Ақ тұғыр аңсап, сезімге мұңлы сырғып ап, Жатты мың қанша тіліңнен тәтті жыр құлап. Тұрды бақ сонда Сарыарқа болып сағынып, Бір күлмей кетті Күн бірақ. Бата алар кілең Тәңірісінен Тұранның, Сахарамды мен жырыңмен сенің суардым. Қуандым, елдің Садағы болып тартылып, Шолпаны болып туа алдың! Ғаламды, жырды, сұлуды сүйген шығарсыз, Адалдығыңды Алқа ғып тағып күмәнсіз. Бір әнсіз әсте, от болған дүлей дүниемнен Толқындарың да тым әлсіз. Құдайдан басқа жақ дейсіз қазір аққа кім?! Лайланбастан атса екен азат ақ таңың. Батқаным – оңай уайымға сары, қаламың... Сарғайып қалды-ау хаттарың! Сарғайып қалды-ау бақтарың! Айгерім Қуанышбаева «Күншығыстан таң келеді...» (Мағжанға) «Сұм өмір абақты ғой саналыға» Мағжан Кiмдер келiп, кiм кетпеген бұл сүргін?! Азат таңның аспанына ұмсындың. Тәнің калды құрығында сұм пейiл, Сойылы ұрған көбiк көңiл күншілдің. Құртты өзiндi замананын сан селi, Қамсыз қара жұртты арбаған тар сенiм. О, Есiл-ұл, сенiн әзиз жаныңда, Жатыр ұлып сар даланың бар шерi. Көкке сыймай ағып түскен «жұлдыз мұң», Айналаңа қаумалады сұм құзғын. Кеудесіне қайғы оранған «жыр-ғұмыр» Жанарынан жас боп ақтың мың қыздың... Ағысымен жатты баяу жылжып күн, Қасіреттен қаншама Iште сыр бүктін. Көзiң кеттi етегінде сұлудын, Сөзiң кеттi жетегінде шындықтың... Сендiк ғұмыр жан түсiнбес азап тым, Өте шықтың жау тiлемес жаза ап мың. Көп есiне алып жатыр...ал кеше, Өресіне сыймай кеттiң қазақтың. Арда ақынын ардақтаган елi ұғар. ...Кеудесінде сарқылмаған ерiк, ар, Маңдайында күлге айналған тағдыр мен, Таңдайында Жаратқанның демi бар. Өткен күннің елес болған күйi ұмыт, Дала жатыр тыныштықта бұйығып. Күн шығыстан шығар таңды күтумен, Көк бөрі жүр жиi ұлып... Айбол Исламғалиев Ескі сурет (Жұмабайдың Мағжанына) Сурет бар менде ескірген, Жүрексіз уақыт кімді аяр?! Бояулар оңып кескіннен, Ұқтырды сырлы бір баян: Өй, мынау сері, сал ақын!.. (Өзіңе мәлім ар жағы.) Еңбектің таптым дәл атын: «Жұмабай шалдың Мағжаны». Түсірер еске Түркіні – Өмірі – бұйра шашындай. Ниеті – көздің кірпігі, Көптігі – соқа басындай. Толған Ай бейне түр-түсі, Көңлінің ағы – жағасы... Аруларға арман – күлкісі, Керімсал, кербез – қарасы. Ұяты бетін маздатқыр, Жалыны сумен өшпегір. Төгіліп кете жаздап тұр, Жүзінің мөлдір қос көлі. Қайшылап қасы маңдайын, Жазмышқа қатпақ өктем үн. Азапты татып балдайын, Еріні еске алды өпкенін. Керілген иық, иекпен, Қыранның сенсің қағаны. Мағжанға тағдыр сый еткен, Абайдың жанын жаралы. Сағынған сорлы анасын, «Мұңлық пен Зарлық» күйісің. Сен, әттең, сурет қанасың, Сезе алмас жусан иісін!!! Бауыржан Мырзақұлов