Өмірзақ Қарғабайұлы: "Өрен жүйрік өлеңге болған даңғыл"

Омирбай акын Халық ақыны, ұлы Жамбылдың замандасы Өмірзақ Қарғабайұлы туралы сөз енді басталған сияқты. Х.Досмұханбетов, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, С.Бегалин секілді алыптардың айтқандарына зейін қоятын мезгіл жетті. Әбділда Тәжібаевтың: «Өмірзақ Жамбылды аға деп сыйлайды, ал басқа тірі пендеге бас имейді»,- деген сөзі жаңғырықтай сыр шертеді. «Қазақ үні»: – Жамбылдың айналасында ақындардың тұтас бір легі өмір сүрді. Солардың арасында сіздің әкеңіз Өмірзақ Қарғабаев та болды. Өмірбай Өмірзақов: – Мына отырған алдымда ескі Жамбыл, Өрен жүйрік өлеңге болған даңғыл. Орақ орып, масағын терсе-дағы, Қоймайды сонда-дағы тәңірі алғыр, – деп Өмірзақ Жәкеңе әзілдеген екен. Ол кезде Жамбылға бұлай деп екінің бірі айта алмаған ғой. «Қазақ үні»: – Жамбыл Өмірзақты «Басын ұнға тығып алған қара мысық секілді», «Тасқа шыққан таутекедей сақалың шошаңдаған» деп әзіліне әзілмен жауап қайтарған екен. Өмірбай Өмірзақов: – Жамбылдың Өмірзақтан бір артықшылығы оның екпіні қатты болған. Оны әкем де мойындаған. Күркіреп құздан құлаған, Еңіске түскен бұлақ ән. Күй құлағын бұраған, Жыр әлемін сұраған, Асқары жоқ аспаған, Жапаны жоқ баспаған, Тау қозғалса саспаған, Азулыдан қашпаған, Құс тістеген жүйрікті, Күндік жерге тастаған, Жамбыл төккен құба жыр! «Қазақ үні»: – Жамбылды сіңірі шыққан кедей қып көрсеткен кеңестік жарнама. Жамбыл 50-ді еңсергенде жүзден аса жылқы бітіп, шаруасы дөңгеленіп, 1906 жылы үлкен дауға араласады. Ботпай деген кісінің қызы Әлфия сұлу айттырған жерін менсінбей, Қасқарау ішіндегі Құрманқұл деген жігітпен қашып кетіп, істің аяғы ұлықтарға жетеді. Шапыраштыдан 400, Дулаттан 500 – барлығы 900 адам Верныйға жиналады. Екі жақ мәмілеге келе алмайды. Сонда Жамбыл: «Аласаны атқа санама, Жақсыны жатқа санама. Бір сынаған жаманды, Екінші қайтіп сынама. Тіріде көңілің қалса, Өлгенде өкініп жылама»-деп Мәңкеге баралық»,- деген ұсыныс айтады. Көп таласып бітпеген дауды ақыры Мәңке шешіпті»,- деп жазады Бегалин. Өмірбай Өмірзақов: – Иә, Жамбылдың оқырман қауым біле бермейтін қырлары толып жатыр. «Қазақ үні»: – Жамбылдың тұңғышы - Қожаш. Ол да ақын болған. Бірақ Жамбыл оған «бата бермеген» деседі. Кешегі Үмбетәлі, Саяділ,тіпті, Кенен мен Әбдіғали да – барлығы Қожаштың құры. Бұлар - Жәкеңнің төл шәкірттері. Бейнелеп айтқанда, Жамбылдың өз қолымен қалаған кірпіштері. Олар Жамбылдан 40-50 жас кіші. Тіпті немере құры. Өмірбай Өмірзақов: – Шынында да Кенен мен Әбдіғали бастаған ақындар - хат таныған ақындар, поэзиядағы дәстүр өзгерген кездің ақындары. Олар бір аяғымен фольклорлық әдебиетте, екінші аяғымен жазба әдебиетте тұрды. Өлеңді айтып та, жазып та шығарды. Ал, Өмірзақ ақынның жөні бөлек. Өмірзақты Жамбылға шәкірт дегеннен де екеуі бір буынның ақындары десек жарасады. Бұл буында Әмір, Қуандық, Сарыбастар болды. Бұлардың қай-қайсысы болсын тілі мірдің оғындай ақындар еді. Өмірзақтың Жамбылдан кейінгі толқынға жатпайтын дәлелдің бірі бүгінде 90-ға келіп отырған Әлімқұл Жамбылов: «Өмірзақ пен Жамбылдың арасы екі-үш жас болатын. Ол Жамбылдың тетелес інісі еді», - деп айтады. Ал құжатта әкем 1857 жылғы болып жазылған. Кезінде қай қазаққа туылғаны туралы куәлік ашылып еді? «Қазақ үні»: – Өмірзақ Қоқан хандығы мен патшалық Ресей арасында Жетісу үшін күрес жүріп жатқан кездерде дүниеге келіпті. 1954 жылы Верный қамалы салынып жатты. Сол кездегі Шапыраштылар мен Дулаттар екі оттың ортасында қалды емес пе?.. Өмірбай Өмірзақов: – Әкем қазіргі Жамбыл ауданы, Бірлік ауылында «Рүстембектің бастауы» деген жерде туған. Араға ғасыр салып дәл осы жерде ақын Есенқұл Жақыпбеков дүниеге келеді. Мен 1943 жылы тудым. Жөргекте жатқан мені әкем Жамбылдың алдына апарып аунатып алыпты. Ес кіре бастағанда үлкендігі доптай апорт алма әкеп берді де: «Жей ғой, балам, Жамбыл атаңның бағынан үзіп алдым»,-деді. Менен үлкен үміт күткен ғой, жарықтық. Осы оқиғалардан Жамбыл екеуінің арасындағы тығыз байланысты көруге болады. «Қазақ үні»: – Сүйінбайдан қалған бір сөз бар: «Бір ағашта қырық бұтақ бар. Біреуі ғана таяқ. Қалғаны итаяқ пен саптаяқ» Өмірбай Өмірзақов: – Сүйінбай бүкіл алашты жырлаған ақын. Оның жыр пырағын біздің дәуірімізге ұшырып жеткізген қос қанаты бар. Біреуі - Жамбыл, екіншісі – Өмірзақ. Екеуі Сүйінбайдан қалған екі түлек. «Қазақ үні»: – Сонда Жамбыл секілді Өмірзақ та таза фольклордың ақыны демексіз бе? Өмірбай Өмірзақов: – Дегенде қандай! Ол бір жол өлең жазбаған. Жазу білмеген.Шығармаларының барлығы тек ауызша айтылған. «Қазақ үні»: – Өмірзаққа Жамбыл секілді хатшы ұстау бақыты бұйырмаған. Артында қалған мол поэзиялық мұра қалай сақталды? Өмірбай Өмірзақов: – Менің әкемнің де екі «хатшысы» болған. Бірі - жалғыз қызы – менің шешем Қойсын. Екіншісі – ұлы Нысанбай. Мен атама тән болғандықтан ол кісіні әке деп кеттім. «Қазақ үні»: – Әкеңіз бен пролетариаттың көсемі Сталин 1953 жылы ана дүниеге бір жылда аттанған екен. Өмірбай Өмірзақов: – Әкем өлген жылы жаңағы өзіңіз айтқан Есенқұл Жақыпбеков туады. «Қазақ үні»: – Иә, соңына поэзиядағы мұрагерін қалдырып кеткен екен. Әкеңіз қандай кейіпте есіңізде қалды? Өмірбай Өмірзақов: – Әкем қабағы салбырап, ұйқылы-ояу, басын шұлғып отыратын. Сол кезде мен шешеме: «Апа, атама қарашы, қара мысық секілді» дейтінмін. Бұл бір періштенің аузына түскен сөз ғой. Сөйтсем, бұл сөзді менен әлдеқашан бұрын Жамбыл айтыпты. «Қазақ үні»: – Өмірзақ, өкінішке орай, тәуелсіздіктен кейінгі жас буын ұрпаққа мүлде белгісіз қалып отыр. Өмірзақтың болмысы, кейпі оларға жұмбақ. Әр ақынның өзгеге ұқсамайтын, өзіндік айту мәнері болады. Әкеңіздің қандай ерекшеліктер бар? Өмірбай Өмірзақов: – Өмірзақ табанда суырып салып өлең айтқан дәстүрдің ақыны. Ол кездің ақындары үш күн ойланып, төрт күн толғанып жатпаған. Жыр­ды мақамға келтіріп, кәдімгі құран оқығандай қып айта берген. Олардың өлеңі құйылып, төгі­ліп жатады. Әкемнің өзіне тән ерек­шелігі тірі пендеге бітпеген бір ғажап дауысы бар еді. Дауыстың өзінде бір сиқыр болатын. Тыңдап отыр­ған­дарды сол сиқыр баурап алатын. Ғасырлар бойы қазақ «ақын» деп таныған адамдар осындай болған. «Сүйінбай құлағын бұрап айтқан» деген сөзді бала кез­ден естіп өстік. Менің әкем домбы­ра тартпаған. Ол да құлағын бұрап айтқан. «Қазақ үні»: – Әкеңіздегі дауыс пен сөздің құдіреті домбыраны жоқтатпаған секілді. Ал, құлағын бұрап айтқа­нына қандай дәлеліңіз бар? Өмірбай Өмірзақов: – Көзім көрді. Әкем мені алдына алып, атпен Қарақыстақтың база­рына баратын едік. Сонда халық­тың алдына шығып, құлағын бұ­рап-бұрап алып шырқағаны есімде: Е-е-й, Сары құнажын қашыпты, Үшбұлақтан асыпты. Көкөзекті басыпты, Оны көрген кісіге, Он бес теңге сүйінші, Сүйіншіні алыңыз, Қалтаңызға салыңыз. Үйдегі қатын-балаға, Бір мақтанып барыңыз. Ол кезде жоғалған мал базарда, халық жиналған жерде хабарланады екен. Хабарлаушы - менің әкем. Халық оны қаумалап алатын. Жоғалған малдың түр-түсін, кімдікі екенін, қай кезде жоғалғанын, тіпті, иесі кімдерден күдіктенетінін де жырға қосып айтатын. Оларды «жаршы» дейтін. Сөйтіп Өмекең арқылы елдер жоғын тауып жататын. Жаршылық өз заманында кәдімгідей өнер болатын. Ол кезде хабарландыру бере салатын теледидар, газет-журнал жоқ, арыз бере салатын полиция жоқ деген сияқты. Жаршылар осылай пұл тауып, үйіне нәпақа әкелген. «Қазақ үні»: – Өмірзақ ақын халыққа белгілі ұлы дастандарды да жырлаған болар? Өмірбай Өмірзақов: – Әлбетте. Мәселен бала кезімде өз аузынан естіген жырдан есімді қалғаны: Е-е-й, Өлген бір қыздан туылған, Денесі қызыл қанмен жуылған. Көкала атты, көр бетті, Көрден шыққан келбетті. Әзірейіл суретті, Мұрттарын құлағына қайырған. Неше-неше патшаны, Ділдә тақтан айырған,- деп «Көрұғлы сұлтанды» айтып, ыңыл­дап отыратын. Әкем наға­шыма: «Менің атымды түбі осы балам шығарады. О дүниеде осы баламды сенің қолыңнан алам,-деп аманаттап кетіпті. Мен бір түс көрдім. Басында бейіті бар үлкен бір жотаның үстінде тұр екенмін. Етегінде трамвай жүріп жатыр екен. Сонда маған әкемнің аты қайта тіріледі-ау, шамасы» деген бір пендешілік ой келді. «Қазақ үні»: – Өмірзақ ақын айтысқа түсті ме? Өмірбай Өмірзақов: – Азды-көпті әзіл-қағытпалар болмаса ол кісі айтысқа түспеген. Ол кісі төкпе жырдың тарланы. Таңды-таңға атырып, апталап-айлап жырлаған құлашы кең эпик, жыршы, жырау болатын. «Қазақ үні»: – Өмірзақ ат жалын тартып мінгенде Сүйінбайдың даңқы жер жарып тұрған ақын екен. Өмірбай Өмірзақов: – Иә, дұрыс айтасыз. Кезінде «Ақиық» жинағында жарық көрген «Сүйінбайдың Уәзипа қызбен айтысы» әкемнің айтуынан жазылып алынған. Ал 240 жол «Жантай мен Сүйінбай айтысы» қолжазба күйінде сақтаулы тұр. Оны артынан іздеген ешкім болған жоқ. «Қазақ үні»: – Жантай ақынға тоқтала кетсеңіз. Өмірбай Өмірзақов: – Жантай Балқаштың бойын­дағы Жалайырдан шыққан ақын. Аузында сыбызғы, қолында қобыз өзі он саусағынан өнер тамған ақын екен. Сүйінбайдың «Өтеген батыр» дастанын жырлағаны тарихтан белгілі. Осы дастанды Сүйінбайдікі деп Өмірзақ ақын 1939 жылы Әдебиет институтының қолжазба қорына тапсырған. Бұл нұсқа 1990 жылы «Жұлдыз» журналына шықты. Бұрын еш жерде жарияланбаған. «Қазақ үні»: – Онда бұл дастанның Сүйін­бай­дың соңғы кітабына кірмеу себебі не? Өмірбай Өмірзақов: – Осы сұрақты кезінде сүйін­байтанушыларға қою керек еді. Сөйтіп, 300 жол Өмірзақ жырлаған нұсқа-дастан жарыққа шықпай, шаң басып әлі жатыр. «Қазақ үні»: – Өмірзақ Сүйінбайдан 42 жас кіші. Жамбыл мен Үмбетәлінің де арасы да сол шамалас. Сүйінбай 1898 жылы қайтыс болғанда Өмірзақ 46 жастағы ақын боп қалыптасқан жігіт ағасы. Демек оның «Өтеген батыр» дастанын Сүйінбайдың өз аузынан есту мүмкіндігі әбден болды. Өмірбай Өмірзақов: – Әкем Нысанбай жыраудың «Қаншайым» дастанын да жырлаған. Яғни, Нысанбайдың айтқан өлеңін сақтай отырып, жанынан өзі қосып, дамытып жырлаған, бұл дастанның қолда бар нұсқасы Мәдіғұл Баймолдаевтың орындауында Ақан Әбдуәлиев шығарған «Жетісу ақындарының жыр сарындары» деген кітапта жарияланды. «Қазақ үні»: – Өмірзақтың авторлық дастандары туралы не айтасыз? Өмірбай Өмірзақов: – 1925 жылы «Жаңа Түркістан» 1936 жылы «Ұлы той» 1938 жылы «Ақ әже» дастандарын айтты. «Ұлы той» үлкен дастан болған екен. Қазір қолымызда «Дүлдүлдер» атты тарауы ғана сақталып қалды. Бұл тарауда жазушы Балғабек, Балғабектің әкесі Қыдырбек, Қыдырбектің әкесі Тайбағар туралы айтылады. Кезінде Сүйінбай: Мына біздің Тайбағар, Ол сілкінсе Жетісу, Кейде жоқ та, кейде бар, - деген екен. Бұл өлеңнен Тайбағардың Жетісуды билеген Тезекке де бас имеген деген мәнді аңғаруға болады. «Ұлы той» Шу өңірінде үш жүздің басы қосылған жиынға арналған. Жиын соңында Күрті өзенінің бойына Борлыөзектегі Тайбағар ауылында қырғыз қара Бәйтік, Дулат Ноғайбай, Ескелді мен Балпық, Арқадан Құнанбай кеп бас қосады. «Қазақ үні»: – Өмірзақтың аты баспасөзде тұңғыш рет қай жылы аталды? Өмірбай Өмірзақов: – Өмірзақтың аты Жамбылдан бір жыл бұрын тасқа басылды. 1912 жылы қырғыздар Шәбден ханға ас береді. Сонда орыс географиялық қоғамының мүшесі Е.С. Димитрев Петербургтен арнайы келеді. Ол сол жылы Петербургте жарық көрген «Байга у Каракиргизов по случаю смерти манапа Шабдана Жантаева в Пишпекском уезде» деген еңбегінде: «... с аккопаниментом сырная, здесь пел знаменитый Умурзак Қаргабаев киргиз-казах, Узунагаческий волости, Верненского уезда». Не менее иминитый акын Кенжегара пел...» деп жазады. Қырғыз ақыны Кенжеғара жырының үзіндісі сол жолы орыс тіліне аударылып, Петербургтегі Пушкин музейінде сақтаулы тұр. Ал Өмірзақ ақындікі аударылған, аударылмағаны белгісіз. Сол кезде Пішпек уезінің бастығы Өмірзақты шақырып алып, бірге суретке түсіп, 100 сом ақша береді. Бұл сурет қырғыз мұрағатында жатқан шығар деген ойдамын. «Қазақ үні»: – Асты көзімен көрген Дмитрев Өмірзақ пен қырғыз Кенжеқара туралы оқиға орнынан берілген жазбасы шынында да тарихи дерек екен. Оның аста айтқан жыры сақталған ба? Өмірбай Өмірзақов: – Аста қырғыздар Шәбден қырғыз бен қазаққа ортақ тұлға. Қазақтан да бір ақын шығып жоқтасын деген өтініш болған екен. Сапарғали Бегалин жазбасында Жамбыл: «Тегіңде қырғыз шатысың бар, сен жырла» деп Өмірзақ інісіне жол бергендігі айтылады. «Қазақ үні»: – Кезінде Сүйінбайдың Орман ханды жырлағанындай дәстүр жалғасқан екен де. Өмірбай Өмірзақов: – Иә, Өмірзақ алдымен қырғыз ұлықтарының сынағынан өтіп, сонан соң ғана жырлауға жіберіледі. Шудың бойын өрлеген, Екі Кебін жерлеген, Астында бедеу терлеген, Ат кетпеген кермеден, Дұшпанға өткел бермеген, Алысқа қолды сермеген, Тар кезеңді бермеген, Өткеннен соң хан Шәбден, Көкетай «қандай етем» деп, Екі мың үй тікті де, Сауын айтып, ат шапты. Қырғыз бенен қазаққа, Бұл да келген бір дәурен... Шабденнің Аман деген баласы «тарт үйге» деп әкеліп, бір қымқап, бір кемер белбеу алып шығып, үстімдегі киімді алып, киіндірді. ... Жамбыл келіп: Мен етегіме салған алтынды саған төктім, енді оңаласың. Бірақ кигеніңді шешпе, мінгеніңнен түспе», - деген сөзі әлі есімде.... Өмірі кісіге аузынан сөз бермейтін Жамбыл Шәбден асында маған сөз беріп, бетімді ашты,- депті Өмекең. «Қазақ үні»: – Бір жылдан соң Романовтар әулетінің 300 жыл таққа отыруына арналған той-көрме Верный қаласында өтеді. Өмірбай Өмірзақов: – Бұл жиынға Өмірзақ та қатыс­қан. Жетісудың он бес ақыны түскен суретте ортадағы Жамбылдың сол жағында отырған ақын - менің әкем. Бұл оның баспасөз бетінде екінші рет көрінуі. Онда суретке түскен 15 ақынның ішінде Үмбетәлі де бар. Қалған ақындарды Бегалин атап өтеді. Олар: Шарғын, Арқабай, Мамырайым, Сәдібек, Жанақбай, Қарабек, Әбдіқадыр, Мұқамеджан және Шүкітай ақындар еді. Енді бұларды сурет бойынша әр қайсысын анықтап зерттеу мәселесі өз алдына бір тақырып. Осы жиын туралы кейін әкем былай деп еске алады: ...Ақ патшаны мақта деп, Стражник зұлмат, Күштегенде жыр қайда, Тіл біте ме сырнайға. Алатауда аңырап, Қалмап па едік бір сайда. Күнгейде құрғап, оңғамыз, Шілдеде жөнсіз тоңғамыз. Ащы ішектей бұралып, Ауылға қайттық сонда біз. Кезінде балалық болды. Ғали Орманов үйіне шақырып, әкеңнің «Өстепкені» қалай жырлағанын көшіріп ал» дегенде, мойным жар бермеді. «Қазақ үні»: – ХХ ғасырдың басындағы әдебиетте 16 жылғы қозғалыс тақырыбына жазылған дастандар баршылық. Табиғатында жыршы-жырау Өмірзақтың үндемей қалуы мүмкін емес деген ойдамыз. Өмірбай Өмірзақов: Ақынның «1916 жыл» атты ұзақ толғауы бар. Аттың жалы суылдап, Бұқарама қарасам, Қуырылған қуырдақ. Мына байтақ кең далам, Қан болатын секілді. Жандаралдың бұйрығы, Жанды алатын секілді. ...Тауы қайтқан жастарды, Солдатқа қалай айдайды. Өзіңнің ойың өзіңді, Қарт бурадай шайнайды. Тарлан тартқан шағымда, Қысылды ғой қос өкпе. Есейгенде ел қамын, Ойламайын десек те,- деп кете береді. «Қазақ үні»: – 1922 жылы «Наука и просвещение» журналының №1 санында Ә.Диваевтың «Этнографические материалы по казах-киргизам Туркестана» мақаласында 1920 жылы Же­тісу өлкесіне арнайы шыққан этно­графиялық комиссия мүшелері жинаған еңбектерге талдау жасайды. Өмірбай Өмірзақов: – Осы қазынаның 35-ші дәп­терінде Өмірзақ туралы деректер баршылық. «Приветствие акына Умурзака Каргабаева в стихах представителей Дулатевцев-Шапырашты; Похвали Умурзака в стихах по адресу почетного киргиза; Набег Тойчубек батыра Худояр хану кокандскому на Карим Батыра; (в стихах) Песень о минувших богатырских и счасливейших временах из произведений Умурзака; Прочитание пройзнесенное на поминках во время скачек Умурзаком по Каскарау Ногайбае; Привет Весне; (Стихи Умурзака)... Тізім жалғаса береді. Осы жылы, маусымның 9 күні Жетісу облысы «Қосшы» одағының съезінде Шамғали Сарыбаев 19 ақын туралы мәлімет жинады. Солардың ішінде Өмірзақ та бар. «Қазақ үні»: – Өмірзақ туралы тағы бір тарихи дерек Х. Досмұхамбетовтың 1928 жылы Ташкентте «Қазақ әдебиеті туралы қысқаша очерк» деген кітабында жарық көрді. Өмірбай Өмірзақов: – Ол кітапта соңғы екі ғасыр­дағы қазақтың белгілі 68 ақы­нының тізімін береді. Бұлар қазақ поэ­зиясының кесек тұлғалары, ақындар әлемінің атағы жер жар­ған даңқтылары еді. Сол тізімде Сүйінбай, Жамбыл, Өмірзақ, Дос­қожа, Бақтыбайлар айтылады. Бұдан кейін 1931 жылы С. Сейфуллин үш өлеңін «Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері» деген кітабына кіргізеді. 1940 жылы Ленинградта шыққан «Песня степей» деген антологиялық жинаққа енді. «Қазақ үні»: – Сүйінбай мен Жамбыл та­қы­ры­бын зерттеуге құлшыныс таныт­қандар осы тақырыпты көп зерттеген профессор С.Садыр­баевтан жүрексінетін. Қазір ағамыз о дүниелік болып, Сүйінбай мен Жамбыл шығармалары да сол та­қырыпты зерттеушілер де «тәуел­сіздік» алғандай болды. Шын­дық­тан сөз бұзылмайды. Айта беріңіз. Өмірбай Өмірзақов: – Жамбылдың 1946 жылдан бергі шыққан кітаптарында редакторлық өңдеуден аяқ алып жүре алмайсыз. Сол кітаптарға қарап отырып жүрегім ауырады. Жамбыл мен оның төңірегіндегі ақындардың кітабын қайта шығару керек. Олардың шығармаларына кезінде әртүрлі жолдармен зорлап таңған кеңестік дәуір идеологиясы сарынынан ажыратып, тәуелсіздік талабына сай етіп, табиғи болмыс­тарын қайта қалпына келтіру қажет. «Қазақ үні»: – Сіздің арманыңыз орындалатын күн де алыс емес. Жамбылдың 5 томдығы шығып жатыр деп естідім. Көп кешікпей заман талабына сай кітап оқырман қолына тиер деген үміттеміз. Ал, Өмірзақтың жеке жинағы баспа бетін көрді ме? Өмірбай Өмірзақов: – Жоқ. Әр жылдардағы жинақ­тарда бірді-екілі өлеңдер енбесе, жеке кітабы, өкінішке орай, әлі күнге шықпады. «Қазақ үні»: – Бізге, ең алдымен, Диваевтың қолжазбасын табу керек. Ол экспедицияға шығып, 2500 беттік 68 дәптер қолжазба жинаған адам ғой. Жалпы Жамбыл мен оның айналасындағы ақындар деген тақырып ішіне кіріп кетсең адастырып әкететін қалың орман секілді. Сол ормандағы ең алып бәйтерек Жамбыл болса, оның айналасында тіпті зерттеп жүрген бізге де беймәлім, шығармалары жиналмай қалған ақындар толып жатыр. Өмірбай Өмірзақов: – Академияның қолжазба қорында 174 бет Өмірзақ айт­қан жыр табылды. Мен осы бағытта жұмыс істеп жатырмын. Сүйін­бай­дың жыры болсын, Жамбыл жыры болсын солардың шығармасын жырлап жеткізген ақынға да лайықты құрмет көрсетуіміз керек. Мен әкемнің осы қырын мақтаныш тұтам. Орталық мұрағатта 60 беттік қолжазбасы жатыр. «Қазақ үні»: – Өмірзақ кеңес үкіметі келген кезде Жамбылмен аты қатар дүр­кіреп шығып тұрған ақын еке­ніне осы сұхбатта көзім жетіп отыр. Бірақ кеңес үкіметі кітап­тарын дер кезінде неге шығармады екен? Өмірбай Өмірзақов: – 96 жас өмір сүріп, бір кіта­бын көрмей кету, әрине, үлкен өкініш. Трагедия дер едім. Осының бәрі ең алдымен ол кісінің сауатсыз­дығынан болған шығар. Дер кезінде бастырып, баспаларды аралауға мүмкіндігі болмады. Мінезінен де болуы ғажап емес «Қазақ үні»: – Әкеңіздің өлеңдерінің көр­кем­дік деңгейі туралы не айтар едіңіз? Өмірбай Өмірзақов: – Ол кісінің кез-келген шығар­масы өз заманында эталон болған. «Қазақ үні»: – Мәселен? Өмірбай Өмірзақов: – Құнанбайдың баласы Оспан өлгенде жесірі Зейнеп біздің өлкеге Ноғайбай биге тұрмысқа шығады. Верныйға шаруамен келген Абай іргедегі Зейнептің жағдайын білуге біздің ауылға да келіп, қонақ болады. Бұл оқиғалар «Ақ әже» дастанына арқау болған. Әкем сонда: Зейнеп енді есіктен, Белгісіз от жанардан, Асыл біздей жылтылдап. Бұлаң етіп бұлтылдап, Сәнді өкшесі сыртылдап. Қос анары тұр-тұрлап, Бота көзі сиқырлап. Басындағы сәукеле, Бәйгеге шапқан баладай, Сөреге таяу қиқулап. Сәлем берді иіліп, Белгісіз ғана ыңқылдап. Жастардың көзі жығылып, Шешеннің тілі тығылып, Кәріге біткен кеңірдек, Ілгері-кейін жүгіріп. Жампоздарым қымыздан, Екілене сіміріп. Арыстандай жалдылар, Зейнеп шығып кеткенше, Үнсіз қалды үңіліп, Пенделігі білініп. «Қазақ үні»: – Түу, айтары жоқ! Тамаша екен! Өмірбай Өмірзақов: – Әкем маған Абайдың «Жаз» деген өлеңін аптасына екі-үш мәрте оқытатын. Көзін жұмып, ыңылдап отыратын. Осы өлеңге ғашық еді. Оқыған сайын тыңдағысы келе беретін. «Мен неге осылай жырламадым деген арманы болды ма екен» деп ойладым ержеткен соң. Екеуі қонақ үйде жатқанда Жәкең айтыпты: «Ей, Өмірзақ, мен бір түс көрдім. Түсімде лапылдаған оттың ішінде жүрмін. Айналам түгел қоршаған әскер. Сонда әкем айтыпты: «Түсің жақсы екен. Мәскеуге сен барады екенсің» депті. «Қазақ үні»: – Тіпті Өмірзақтың ұзақ жасауының өзінде де Жамбылмен тағдырластық бар секілді. Өмірбай Өмірзақов: – Мен 70-ке келдім. Тісім жасанды. Ол кісінің тісі сол қалпында күріштей боп кетті. Аузын ылғи қара тұзбен шайып отыратын. Тырнағын алып болған соң жерден шөп жұлып алып, жыбырлап бірдеңе оқитын да сол шөпті тырнағымен бірге көметін. «Қазақ үні»: – Жамбылдың бір ашылмаған қыры – Өмірзақ секілді. Екеуі өмір бойы бірге жүріп, бірге жырлады. Бірақ қазір әдебиетте Жәкең бар да Өмірзақ жоқ. Себебі кітаптары шыққан жоқ. Ал шын мәнінде әде­биетте өзіндік орны бар ақын екен. Өмірбай Өмірзақов: – Мен Өмірзақтың баласымын ғой осы оқиға мені қатты қапаландырады. Бегалин мен Әбділдәдан басқа Жамбылды қанша адам зерттеді. Бір ғажабы солардың ешқайсысы Өмірзаққа соққан жоқ. Мен таң қалам. Ең басты жамбылтанушы Өмірзақ еді. Екеуі 1913 жылғы суретте де, 1936 жылғы суретте де қатар отыр. Бегалинге Жамбыл туралы ең мол мәлімет берген де Өмірзақ. Сонда Өмірзақ кім? 1965 жылы Маған Есмағамбет Ысмайылов: «Әкеңнің «Мовзалейді көргенде» деген өлеңі бар. Соны тауып ал»,- деп еді. «Қазақ үні»: – Өмірзақ ақын Жазушылар одағына өтті ме? Өмірбай Өмірзақов: – Әкемді тіпті жазушылар одағы мүшелікке де қабылдаған жоқ. Оған Тайыр Жароков «еңбек сіңірді» деген әңгіме бар. Ол шын мәнінде Жазушылар одағының билетінсіз де ақын болған адам. Бұл жерде бір айта кететін нәрсе өмір бойы қасында бірге жүрген Жамбыл жыр әлемінің патшасы болып кеткенде бұл кісі басылып қалған секілді. Мен де Жамбыл секілді ақын едім ғой. «Мен неге еленбедім» деген ой Өмірзақта болды. Пенде емес пе!.. Ол Жамбылдан, қатарынан қалып қойды ғой. «Қазақ үні»: – Кешегі шығармашылық ада­мы­ның бүгінгі тағдыры дәл осы за­ман­ның қолында. Ендігі мәселе Өмір­зақтың кітаптарын шығарып, оны халыққа насихаттау керек. Бұл ақын туған өлкедегі атқа мінген аза­мат­­тармен ақылдасып шешетін шаруа. Сұхбаттасқан Нұрлан ӘБДІБЕК