Шығыс жұлдызы Науаиді білу – парыз
2014 ж. 09 ақпан
14618
10
9-ақпан шығыстың ұлы ойшылы Әлішер Науаи туылған күн. Алайда, бұл күн ұлы ғұламаның туылған күні ретінде атала бермейді. Тіпті, Әлішер Науаидің кім екенін білетіндер де аз. Осы орайда біз шығыстанушы, ирантанушы, ғалым Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекованы әңгімеге тартып, Әлішер Науаидің өмірімен және шығармашылығымен таныс болдық.
«Науаи өз тілін, мейлі жүз құбылған күрделі метафора болсын немесе нақтылы ғылыми еңбек болсын, әдебиеттің күрделі талабына төтеп бере алатынына жұртшылықтың көзін жеткізуді мұрат тұтты». Е.Э.Бертельс.
Ғалия Қамбарбекова, шығыстанушы, ирантанушы, ғалым:
«Шығыс жұлдызы Науаиді білу – парыз»
- - Ғалия Әмзеқызы, Алматыда Науаи атындағы көше бар. Бірақ, жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың көбі Әлішер Науаидің кім екенін білмейтіндігіне көз жеткіздім... - Шығыс жұлдыздары дегенде Хафиз, Фирдауси, Рудаки, Низами, Омар Хайям, Сағди, Жалаладдин Руми, Насир Хусрау, Жәми соңынан барып Науаидің есімін ерекшелеп атаймыз. Науаидің өзге шығыс жұлдыздарынан ерекшелігі, ол парсы және түрік тілдерінде қатар жазған. Және екі тілде өлеңдері мен ғазалдары өте жоғары деңгейде әлемге танымал. Ол парсы әдебиетінде «Пәни», яғни «Фәни» «Мәңгі» деген есіммен танымал. Өйткені, оның қалдырған мұрасы қанша ғасыр өтсе де құнын жоғалтпай, керісінше уақыт өткен сайын бағалы мұраға айналып бара жатыр... Науаиді өзбек әдебиетінің атасы ретінде өзбектер пір тұтып, ол туралы көп жазды, көп зерттеді. Ол зерттеулер өзбек, орыс тілдерінде жазылып, ел арасына көп тараған. Ал бірақ, Науаи шығармалары түпнұсқасынан қазақшаға өлеңдері аз аударылған. Негізінен орыс тіліне аударылып, содан кейбір шығармалары қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Өзбек тіліндегі Науаи өлеңдерін жастар арнайы іздеп, оқиды дегенге сенгіміз келеді. Бірақ, негізінен қазақ жастары Науаи туралы энциклопедиялық жалпы мәліметпен таныс болуы мүмкін, бірақ тереңдетіп оны дәріптеу жұмысы алдағы уақыттың жұмысы. Сонымен қатар, Науаи шығармалары Кеңес Одағы дәуірінде қазақ тіліне аударылған. Бірақ ол аудармаларды бұл күндері кітап дүкендерінен табу қиын, ол үшін тек қана кітапханаларда танысуға болады. Біздің Алматыда жоғарыда аталған шығыс жұлдыздарының ішінде Науаидің ғана есіміне көше берілген. Дәл осы көшеде шығыс стилінде салынған «Шахристан» атты тұрғын үй кешені тұрғызылыпты. Айналаның бәрі батыстық мәдениетке ден қойып жатқанда, шығыс стилінде, шығыстың көркем мәдениеті көрсетілген нысанның тұрғызылғаны құптарлық бастама деп ойлаймын. Өйткені, біздің Қазақ елі – шығыс мәдениеті мен өркениетіне жататын ел. Сондықтан шығыс мәдениетіне көбірек назар аударғанымыз дұрыс. Шығыс мәдениеті қазақтың діліне жат емес. Біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз шығыс мәдениеті негізінде сан ғасыр бойы жасап келеді десек артық айтқандық емес. Архитектура – мәдениеттің үлкен бөлшегі. «Шахристан» тұрғын үйін салуды қолға алғандар елімізде осындай стильде ғимараттар салуды одан әрі жолға қойса, қуанар едім. Шығыстанушы болғандықтан шығыс мәдениеті мен шығыс өнерін жақсы көретіндіктен қаладан сәулеті жарасқан шығыс стиліндегі нысандарды көру ғанибет! «Шахристан» кешенінің Әлішер Науаи атындағы көшеден бой көтергені кездейсоқ емес болар. Жалпы, шығыстану ғылымында кездейсоқтық деген болмайды, сондықтан бұл істің бір хикметі бар деп ойлаймын. Шығыс жұлдызының атына берілген көшеде шығыс стилінде бой көтерген тұрғын үй кешені біздің шығыс елі екенімізді еске салып тұрғандай әсер қалдырады. - Шығыс мәдениетін зерттеуші ретінде Әлішер Науаидің өмірінен қандай қызықты деректер айта аласыз? - Әлішер Науаи көптеген танымал тұлғалар шыққан Барлас тайпасынан шыққан. Атақты қолбасшы, билеуші Әмір Темір де көптеген ортағасырлық ақындар мен ғалымдар да осы тайпадан. Оқу ағарту саласында жұлдызы жанған барластық ол – Әлішер Науаи. Оның толық аты – Әмір Низамуддин Әлішер Науаи. Атына Әмір сөзінің қосылуы тегін емес. Ол өз заманында билеуші тапқа кірген адам болған. Соған қарамастан ол қарапайым өмір сүруді бәрінен биік қойып, өзін билеуші ретінде танылуына жол бермеді. Қазіргі біздің қоғамда басшының жанында кеңесшісі болса, Науаи заманында да Сұлтан Хуссайн Байқараның ақылшысы, уәзірі болған. Науаи өмірге келген ғасыр - тарих үшін үлкен өзгерістер орын алған дәуір. Бұл кезеңде мемлекеттерді бөліп тұратын арнайы шекара болмаған. Бірақ әрбір ел шекарасын кеңейтуға мүдделі болған кезең. Әлішер Науаи 1443 жылы Орта Азияда қазіргі Ауғанстанда Барлас тайпасынан шыққан дәулетті отбасында дүниеге келгендігі осы бір тарихи оқиғалардың дәлелі бола алады. Әлішер Науаи сарайда қызмет есткенімен де сарай ақындарының қатарына қоса алмаймыз. Ол билікті жақтап, патшаны дәріптемеді. Ол адамдықты алдыңғы орынға қойды. Ең биік әрі ең құнды, сұлу тіршілік иесі адам деп танып, адам мен адамшылықтан жоғары тұрар еш нәрсе жоқ деп есептеді. Билік, мүлік, өнер, білім, байлықты адам мен адамшылықтан кейін қарастырылатын дүниелер деп санаған. Өйткені, оның бәрін адамның қолымен жасалады деп білді. Билікте жүріп Әлішер Науаи өнер, ағарту, білім саласында көп қызмет етті. Өнер-білімнің дамуына көп күш салды. Билеушіге үлгі бола білген ойшыл сан ғасыр өтсе де, бірнеше ғасыр адамзатына өнегелі тұлға ретінде танымал. Науаидың айтқан ойлары, саяси көзқарастарының өміршеңдігі осы күні де маңыздылығын жоғалтпағынан білеміз. - Қазақ зерттеушілері арасында Науаиді терең зерттеп жүрген ғалымдардан кімді айта аласыз? - Әлішер Науаидың ақындық дарынына ұлы Абай тәнті болып, оның шығармашылық дәстүрін зерттеген және жалғастырған. Әлішер Науаи шығармашылығын зерттеуге қазақ ғалымдары оның ішінде Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Рахманқұл Бердібаев елеулі үлес қосты. Ақын Несіпбек Айтов Әлішер Науаидың ғазалдарын қазақ тіліне тәржімалап, жеке кітап етіп шығарған. Қазіргі ҚазҰУ шығыстану факультетінде парсы әдебиетінің дәріскері профессор Өтеген Күмісбаев Науаи ғазалдары мен Абай шығармашылығының сабақтастығын зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазды. Замандасымыз Сүлеймен Демерейл атындағы университетте қызмет ететін, ҚазҰУ шығыстану факультетінде парсы әдебиеті пәні бойынша сабақ беретін жас ғалым Төрәлі Қыдыр болса, Әбдірахман Жәми мен Науаи арасындағы достастық жайында қызықты әрі тың деректер жазып жүр. Ә.Науаидың шығармалары қазақ тілінде тұңғыш рет 1948 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен басылып шыққан (көлемі 220 бет). - Науаидің әлем әдебеиетіндеге орны туралы не айтасыз? - Науаи өз дәуірінің әдеби дәстүрі бойынша бірқатар өлеңдерін парсы тілінде де жазған. Науаи түркі тілі әдеби тіл бола алатынын іс жүзінде дәлелдеу үшін ескі өзбек тілінде көлемді еңбектер жазған. Ол өте қысқа мерзімде, небәрі екі жыл ішінде (1483-1485) «Хамса», «Бес кітап» тобына жататын «Хайратұл-абрар», «Жақсылардың таңдануы», «Фархад пен Шірін», «Ләйлі-Мәжнүн», Сабай сайяр», «Жеті әлем», «Садди Искандари», «Ескендір қорғаны» дастандарын жазады. Низами, Дехлави, Жәми сияқты шығыстың ұлы шайырлары өз «Хамса» кітаптарын араб яки парсы тілінде жазған еді. Ал, Науаи әлемді таңдандырған – ол өз «Хамсасын»-түркі – шығатай тілінде жазады. Сөйтіп, Науаи тарихта тұңғыш рет түркі тілінде көркемдік дәрежесі мейлінше жоғары шығармалар жазуға болатынын дәлелдеп шықты. Ол түркі-шағатай тілінде «хәмсә» жырлар тобына енетін «Жақсылардың таңдануы» (1483), «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем» (1484), «Ескендір дуалы» (1485) атты шығармаларын жазды. - Жоғарыда аты аталған шығармалардың бәрі де бұрын жазылған тақырыптар бірақ Науаидың тілінің шеберлігі сондай, Науаи өзінің бес шығармасында да басқа да шығармаларында да бұрынғы өткен оқиғаларға жан бітіріп, қарапайым халыққа алыстағыны жақындатып көрсете білген. Ал құпия көрінген дүниенің құпиясын ашып, жұмбағын шешуге тырысқан. Ғашықтық тақырыбына жазылған поэмаларында жақсы адам, жақсы билеуші, жақсы жар, жақсы билеуші деген идеяға жаңаша сипат береді. Ескендір патшаның өзі Науидың тілімен басқаша сипатқа ие болып, шындықты іздеген кемеңгер билеушіге айналады. Әрине, бұл идея Науаидың шығармалырының әлемдік деңгейде танылуына себеп болды деп айта аламыз. Сонымен қатар, Науаи парсытілдестер үшін де түріктілдестер үшін де бірдей танылған ақын. Туылған жері бүгінгі Ауғаныстан жеріндегі Герат қаласы. Тілі түркі-шағатайша болғандықтан бүкіл Орталық Азия елдері қастерлейді. Ал Иранда да парсытілдес ақын ретінде жақсы зерттеп, шығармалары ғылыми айналымға енген. Сондай-ақ Иранда Науаидың шығармалары мен өміріне арналған конференциялар мен симпозиумдар жиі өткізіліп тұрады. Әлишер Науаи суретшілер, ақындар, ғалымдар мен тарихшыларға қолдау көрсеткен, әміршінің өзін өнер адамдарының сүйікті жұмысымен айналысуына жағдай жасау сауапты іс екендігіне сендіре білген ақын ретінде де әлем әдебиетінен ғана емес әлем мәдениетінен, әсіресе шығыс мәдениеті мен өркениетінен алатын орны ерекше тұлған. Сондай-ақ Науаи тұңғыш рет Орталық Азия, Ауғаныстан мен Иран елдерінде қайырымдылық қорларының ашылуына себепкер болған адам және көптеген медреселер, мектептер, емханалар, көпірлер, қоғамдық моншалардың әсіресе өз қаласы Гератта көптеп салынған кезі де осы Науаидың өмір сүрген тұсы. Сондықтан да Науаи қай қырынан болмасын, өзі өмір сүрген ортасына пайдалы жұмыс жасаған, қоғамның жақсы дамуына бар күшін, ғылымын, білімін жұмасаған ақын. Ал қоғамдық қайтаркер ретінде әлемдегі шығыс мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан адам деп толығымен айта аламыз. Әлішер Науаидің шығармашылығы кез келген қоғамда өмір сүретін адамға үлкен ғибрат береді. Оның өлеңінің әр жолынан адамшылықтың бір сатысына көтеріліп отыруға болады. Әлішер Науаидің айтқан әр сөзінен рухани азық алуға болады. Сондықтан оның әлем әдебиетіндегі орны ерекше және ерекше болып қала бермек. - Науаи ақын ретінде қиялдың адамы, жиі ғашық болған деп жатады... - Жалпы ақындар сұлулыққа құштар болып келеді. Әлішер Науаидің заманында әміршілер көп әйел алатын болған. «Гарем» де ортағасырда жақсы дамығаны белгілі. Бірақ Әлішер өмір бойы бір әйелмен өмір сүрген деген пікір ғалымдар арасында қалыптасқан. Оның жеке өмірі туралы мәлімет аз. «Ләйлі-Мәжнүн» мен «Фархад-Шырын» атты махаббат жырларын оқи отырып, автордың тек махаббат сезімін суреттемегенін, ғашықтық сезімнің өзі қайдан шығатыны туралы жазғанына көз жеткіземіз. Науаидің шығармашылығына қызығушылық танытқан жанның рухани өсерін тағы қайталағым келеді. Сондықтан Науаиді білу – парыз! - Әңгімеңізге рақмет! Ғылым қуған еңбек жолыңызға үлкен табыс тілеймін!Айнара Байжан, "Қазақ үні"