Ибрагим Исаев: "Мен өзімді өз сөзіммен өлшедім..."
2014 ж. 05 ақпан
3646
1
Жан шуағы
(Ислам Әбішевке)
Оңтүстік жақта мейірімнің,
Құшағында өстің, Ислам.
Дарынның талай сен бұл күн,
Тұсауын кестің, Ислам!
Жылытса Ілияс жалыны,
Аңсаймыз Өзбекәліні.
Таланттың саған бәрі аға,
Таланттың саған бәрі іні.
Ертеңін елдің ойлаған,
Намысын тасқа қайраған.
Жоқ қазір мынау заманда,
Өзіңдей жайлы,
ойлы адам.
Өсіріп елдің санасын,
Көшіріп алға барасың.
Қазақтың дүлдүл тұлпарын,
Баптайтын өзің ғанасың.
Сергелдең уақыт кезінде,
Тұратын жансың сөзіңде.
Қанаты бүтін сұңқарсың,
Тұлпарсың қазір өзің де.
Ойлаған елдің ертеңін,
Адам емессің сен тегін.
Өркенін жайдың талайдың,
Жайылды қазір өркенің.
Үзбейтін өмір өзегін,
Қуатың барын сеземін.
Жарасар қандай жақсылық,
Жасасаң дағы..,
өз елің.
Жауыр ғып елдің желкесін,
Құртқандар көп қой діңкесін.
Көгертіп жүрген жансың сен,
Қасиетті өлең өлкесін.
Бәрінен биік өлшемі,
Азаматсың ғой еңселі.
Таланттар үшін жаралған,
Жан ғой деп білсем мен сені!
Түңілу
Өкінесің өткен күнге жіберіп ап есеңді,
Өмір солай, бәрін қайта бастауға да кеш енді.
Енді барар жеріңді де білмей шаршап, шалдығып,
Адасасың,
таба алмайсың енді жүрер көшеңді.
Бұрынғыдай еркін жүрер денсаулық та мәз емес,
Өкінішің арқалаған арқаңдағы аз емес.
Таза ойыңды енді ешкім түсінбейді бұрынғы,
Енді сенің ойың түгіл таза сөзің таза емес.
Ежірейіп қарайды олар не болған деп мынаған,
Ағаш сынды отырасың іріп, шіріп құлаған.
Қамыққан боп,
көңіліңе қараған боп тұрса да,
Ешқайсысы жұбата алмас көңіліңді жылаған.
Себебін де сұрамайды,
неге сонша жүдедің,
Неге сонша ауырады деп сұрамайды жүрегің.
Кейбіреуі есіркейді (алданышы баланың),
Сені аяп, мүсіркейді күтіп жүрген бір өлім.
Оттың басы болғаннан соң әйел, бала, бары анық,
Түсінбестік болған сайын қашықтайды аралық.
Қиялыңа еріп кейде отырасың еріксіз,
Кеткің келіп ешкім білмес бір түкпірге жоғалып.
Сол түкпірді табу саған қиынның ең қиыны,
Ол жерде де қиындықтың жатыр ма деп ұрығы.
Үмітіңді үзбейсің тек мынау жарық жалғаннан,
Амалың жоқ іздейсің бір пана болар тіріні.
Артық емес, пана болар адам қазір жоқ десем,
Ағайын, дос баршылық деп сене берме көпке сен.
Тірі болсаң шындығыңды сонда ашып айтасың,
Бұрынғыңнан гөрі артық азап егер шекпесең.
Әйеліңнің азарына шыдай алмай кеткенмен,
Еркін өмір сүре алмайсың,
өмірің де шектелген.
Бір кездегі жалын жаның, енді амалсыз қамалып,
Әрі-бері шыға алмайтын тар қуысқа кептелген.
Саяз қатын-аяз қатын жан-дүниеңді қаритын,
Енді ол емес сенің таза жүрегіңді танитын.
Саған қарай арсылдатып жібереді сәт сайын
Көңілінің түкпірінде жатқан бұғып әр итін.
Әй, қажисың, қажып, қажып
амал жоқтан шаршайсың,
Сол баяғы жас күніңді,
мас күніңді аңсайсың.
Өзіңді өзің ешкім білмес бір құрлықта жүргендей,
Өзіңді өзің ешкім кірмес қамалдармен қоршайсың.
Қатын алдық, бала сүйдік,
барлығы да ержетті,
Басып, жаншып жүріп жатыр мынау байтақ жер-көкті.
Қуанышымды селдетеді дейтін едім өскенде,
Керісінше қазір олар қасыретімді селдетті.
Кінәм болса өзімді де кінәлауға дайынмын,
Байқап жүрмін, күннен-күнге көбеюде уайым күн.
Бықсудамын өшіп тұрған оты сынды ошақтың,
Үсіп тұрған жапырағы сияқтымын қайыңның.
Менің күлкім күлкісіне ұқсамайды ешкімнің,
Күлкімнің де өзгергенін келе-келе кеш білдім.
Денсаулық та быт-шыт болды,
азып барам күн сайын,
Мен өзім де күннен-күнге тозып барам,
ескірдім.
Қайғы деген келеді де,
кетеді ғой деуші едім,
Мен қайғының шындығында,
білмей кетіппін өлшемін.
Сол қайғының әсері екен,
сездірмеуге тырысқам,
Төмендетіп жіберетін кейде асқақ еңсені.
Жүректегі шырын дәмім таусылғандай күйдемін,
Қасыретімді қалыңдатты бір кездегі сүйгенім.
Қуанышқа жетем бе деп жақсылықтың жолында,
Есімде жоқ қаншама жыл өзімді өзім сүйредім.
Енді, міне, өзімді де сүйрейтұғын жоқ шама,
Бұрында да жеткізбеді,
жете алмадым ақшаға.
Өмір шығар,
ес білгелі сеніп жүре беріппін,
Басымдағы өлең менен ой қамаған шақшаға.
Жүрегімнен аққан жасты, айтшы, ағайын, кім сүртет?
Жаны ашитын бірер дос бар жүретұғын есіркеп.
Менің жаным тыныш табар бір-ақ жер бар білгенім,
Кетіп қалар қалды сол жер,
енді қалды бір сілтеп.
Жақсыға арналған жыр
Жақсы жандар көңіліңді құп алар,
Шабысыңа, табысыңа қуанар.
Шешілмейтін мәселе жоқ өмірде,
Ал, шешкісі келмейтіндер ғана бар.
Бұл дүниеге біз де, Сіз де қонақсыз,
Танымайсыз түрімізге қарап Сіз.
Қалдырмас деп келіп қалдым үмітпен,
Бір ақынның өтінішін аяқсыз.
Түсінгенге салмағы бар сөздің де,
Абыройлы ортамыз бар біздің де.
Көріп жүрген жоқ шығарсыз мазалап,
Келіп жүрген ақындарды Сіз күнде.
Ештеңе де өзгермейді өлсек біз,
Жақсы адамдар талай жақсы көрсетті із.
Айтыңызшы,
жақсы емес пе Сізге де,
Бір жақсы жан бар екен деп жүрсек біз.
Жақсылар бар біздерді де бағалар,
Сыйласатын іні де бар,
аға бар.
Шешілмейтін ештеңе жоқ өмірде,
Тек шешкісі келмейтіндер ғана бар.
Таланттар мен талантсыздар
Ешқашан да жұқпайды адалға кір,
Талантсыздар қазады саған қабір.
Талантсыздың қолы деп білу керек,
Қылғындырып қол жүрсе жағаңда бір.
Талантсыздар шулаған бөрі сынды,
Білмейді олар оңыңды, терісіңді.
Арандатқан ақылын жұмсайды олар,
Тарылтуға тек сенің өрісіңді.
Бұрында да талантсыздар болып келген,
Өмір сүрген осынау көрікті елмен.
Өз шамасын білген соң,
өз бағасын,
Төрден орын таланттарға беріп келген.
Өмір басқа,
қазіргі өре басқа,
Талантсыздардың ісіне араласпа.
Талантсыздар қазақтың қасыреті,
Қай кезде де керексің сен Алашқа.
Ойлы оқырмандарым, кешір мені,
Аузыға алма олардың есімдерін.
Жаза берсін өзінің қойыртпағын,
Оқи берсін біреуден көшіргенін.
Сен олардан өзіңді биік ұста,
Түрі басқа олардың,
тілі басқа.
Қанша қатар жүрсе де бір күндері,
Олар қалып қояды бұрылыста.
Аман болса қазақтың іргелі елі,
Таланттарға қашанда жол береді.
Талантсыздың қаншама тырысқанмен,
Өзі өлгенде жазғаны бірге өледі.
Сабыржанды сағыну
Құс келетіндей көктеммен,
Сен келеді ғой деп күткем мен.
Сағынышымды іздедім,
Сыңғырлап шыққан шектерден.
Ауруханының бөлмесі,
Емес қой халық көрмесі.
Елеңдеп сені күтемін,
Адам жоқтай боп елде осы.
Сау күндеріме тамсанам,
Инеден дене шаршаған.
Көңілім сені іздейді,
Келіп жатса да қанша адам.
Жүректің кілті қолымда,
Бағым ба, әлде сорым ба.
Сен кіріп келсе деп күтем,
Шаршап бір жатқан шағымда.
Осының бәрі іштегі үн,
Өз үнімді өзім естідім.
Отырам сені
күлімдеп,
Кеп қала ма деп кешқұрым.
Өзімнен өзім аса алмай,
Өзімнен өзім қаша алмай.
Есік ашылса қараймын,
Табалдырығымды сен кеп басардай.
Білмеймін өмір есебін,
Жатсам да, мейлі, неше күн.
Аунақшып жатам сені ойлап,
Жамбасыма батып төсегім.
Түсін сен, мейлің түсінбе,
Жатыр ғой бәрі ішімде.
Іздейді мені деме сен,
Тиын-тебенің үшін де.
Қаншама өсіп кет мейлі,
Адамға уақыт жетпейді.
Қашанда сырқат адамның,
Уақыты әсте өтпейді.
Іздейді қимас жандарын,
Іздейді аңсағандарын.
Өшіріп алған іздерін,
Түсіріп алған салмағын.
Зуылдап қанша жыл ақты,
Өмір жоқ мәңгі тұрақты.
Әлі жоқ адам қашанда,
Мәні жоқ адам сияқты.
Көңілім сынды мұздаған,
Қыс келді, аяқ аздаған.
Жырларым жаурап тұрғандай,
Көңілімдегі қоздаған.
Осылай, Сабыр, бауырым,
Болса егер көрер жарығым.
Бөрімін жалғыз жортқан,
Көрсетпейтұғын арығын.
Білемін жетер жерімді,
Ойлап жүргем жоқ өлімді.
Өзіңе ашып отырмын,
Сағынышымды, шерімді.
Жаныңа жақын бармай-ақ,
Сағынышым тұр сорғалап.
Сағынып сәлем жолдадым,
Қолыңды қысып тұрмай-ақ!
Жан сырым
Кейде өзімді өлең жазып алдаймын,
Жұмекеннен терең жаза алмаймын.
Төлегендей от боп лаулап жанбаймын,
Мұқағали қашқан сайын қалмаймын.
Өз әлімді, өз жолымды байқағам,
Басқа соқпақ іздемеймін қайтадан.
Табам десем Қадырше де ой табам,
Айтам десем Тұманбайша айта алам.
Суық ойды сімірмеймін қайнатпай,
Ұшып жүрген саздан қашам қаңбақтай.
Қалай жатам, болса дағы бармақтай,
Құдай өзі айт деп тұрған ойды айтпай.
Жүрегімді жылытқанда бір сезім,
Бір сөзімді тірілтеді бір сөзім.
Қармағымды талай суға лақтырдым,
Мен өзімді өз сөзіммен өлшедім.
Өлең – маған, мен – өлеңге туысқан,
Сығалайды ойлар қуыс-қуыстан.
Мені ақын деп ойламаңдар, ағайын,
Өз сусынын ішіп-ішіп тауысқан.
Болмағанмен Ақтамберді, Абай да,
Ойландырар жыр қалдырам талайға.
Желкілдеген, желпілдеген жас ақын,
Аяғымды басып кетпе, абайла!
Жақсы ақынның ойларында өлшем көп,
Жүрген жоқпын ешкімді де жеңсем деп.
Ақындықты бәйге десек, мәреге
Ентікпеймін елден бұрын келсем деп.
Табу қиын ұлы сөздің қаймағын,
Ақындар көп қосып жүрген айранын.
Мақсатымнан қалар, мүмкін, жақсы атым,
Сүрінбесе, бүлінбесе ойларым.
Өзіме де, басқаға да ұғымды,
Осы менің тапқан жолым бүгінгі.
Мен әйтеуір бұл өлеңді ермек қып,
Көру үшін жүрген жоқпын күнімді.