ӨШПЕС ӨНЕГЕ
2014 ж. 28 қаңтар
2984
0
Абыз ақсақалды алғаш рет 1990 жылы Алматыда кездестіріп едім. Студент кезімде республикалық «Ана тілі» газетінде қағаз тасушы (курьер) болып жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні жауапты хатшы Ертай Айғалиев аға бір бет мәшіңкеде терілген материалды қолыма ұстатып, мекенжайды түсіндірді де: «Осы материалды Рахманқұл Бердібай деген профессор ағаңа алып барып бер, сосын ол кісі бір материал беріп жіберуі тиіс, соны ала келерсің» деді. Нұсқап жіберген мекенжайды тез таптым. Есікті Рахманқұл ағаның өзі ашты. Бірден кабинетіне бастады. Аты-жөнімді, қайдан екенімді сұрады да: «Отыра тұр, қарағым, қазір бітіп қалдым» деп тық-тық еткізіп жазу мәшіңкесінде жұмысын жалғастыра берді.
Қалада жүргеніме біршама уақыт болса да мұндай кең пәтерді, «кітаптан қаланған» жұмыс кабинетін бұрын-соңды көрмеген едім. Аузым ашылып иін тіресе, сөрелерде сірескен көп кітаптан көз алмай отыра беріппін. Бір кезде: «Баяғыда қазақтың бір батыры, жаугершілік заманда қатты науқастанып, жонарқасын тұтас жара басып, орнынан тұра алмай жатса керек. Сол кезде ауылдың шетіне жау келіп қалыпты. Жараға қарайтын кез бе, найзасын ала атқа қонады. Жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыспен жауды шауып қайтады. Бір кезде байқаса, артындағы жараның бәрі төгіліп, өз-өзінен жазылып кетіпті. Сол сияқты, бір-екі күннен бері науқастанып, жұмысқа шыға алмай отыр едім. Мына шовинистердің жат пиғылдарына зығырданым қайнап, іштегі запыранды ақ қағаз бетіне ақтарып, бар ашуымды «мәшіңкеден алып» отырмын. Тіпті, тұмауымның қайда кеткенін білмей қалдым ғой» деді. Расында да байқасам, аға мәшіңкені ызаланып, қатты екпінмен басып отырған сыңайлы. Рахманқұл аға ол кезде Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды. Есік көзінде қалып, жетімнің күйін кешкен ана тіліміздің аянышты халіне қабырғасы қайыса күрескен, тіл тағдырына араша түскен азаматтардың бірі де бірігейі болды сол тұста. Бұдан кейін Рахманқұл ағамен 1998 жылы осы университетке қызметке тұрғанда 1998 жылы кездестік. Университеттің шағын газетіне жиі-жиі материал беріп тұратын белсенді авторымыз еді. Университеттің «Хабаршы» (ғылыми) журналымен бір кеңседе отыратын біздерге ғалым ағамыз үлкен басымен өзі келіп сәлем беретін де: «Озық ойдың ордасына сәлем берелік. Редакция деген - озық ойдың ордасы ғой» - деуші еді марқұм (Абзал ағаның, парасатты ұстаздың бұл сөздерін журналдағы Гүлжан Әбілдаева да сағынышпен жиі еске алады). 2001 жылы аспирантураға түскенде тағдыр бізді Рахманқұл ағамен тағы да жолықтырды. Кафедра меңгеруші С.Садықовтың ұсынысымен «Рахманқұл Бердібай - публицист» деген тақырыпты кандидаттық тақырып етіп бекіттік. Профессор, абыз қариямен жиі пікірлесетін болдым. Үйіне барып тұрамын. 2002 жылы ағаның 75 жылдық мерейтойы қарсаңында газеттерге материал ұйымдастыру үшін сөйлеспекке үйіне бардым. Қараша айының орта тұсы еді. Екінші қабаттағы кабинетінде әңгімелестік. Ат шаптырым кең кабинет. Талай келгенмін, келген сайын бай кітапханасына, түрлі конференциялар мен ғылыми басқосулардан, сапарлардан сыр тартқан портфелдер, кәдесыйлар еріксіз қаратады. Әзірге жылу қосыла қоймаған сыртқа шықсаң жылы, бөлменің іші салқындау уақыт еді. Үш сағаттай сөйлестік, бір кезде тоңып кетті-ау: «Холлға шығып отырайық, қызым мұнда күн түсіп тұрғасын жылырақ» деп холға бастады. Көнелеу шағын диван мен екі орындық, бір жазу үстелі қойылған айнала әйнекпен қапталған «холл» деп аталатын балкон сияқты бөлме расында жылырақ. Осында отырып, бала кезден университетке түскен кезге дейін өмір сырларын ақтарып еді... Орыс, қазақ сөздерін арластырып сөйлеуге әдеттенген Бибізада апамыздың дауысынан орнынан тұрып: «Әзірге осы да жетер қызым, жазғандарыңды маған көрсетіп алуды ұмытпа» деді. Холлдың терезесінен далаға қарасам күн қызарып,ұясына батып барады екен. Айнала әйнектелген шағын бөлме ұясына батып бара жатқан күннің қызыл шапағынан арайланып, нұрланып кеткендей. Әлде бұл ғұмыр бойы білім іздеуден, оқудан жалықпаған дегдар жанның айналасын нұрландырған шуағы ма екен? Кеудемді терең білім мен парасаттың, ізгіліктің, биік мәдениет пен зиялылықтың, инттеллекттің нұры кернеп үйіме қарай құстай ұштым... Ұзамай, «Жас алаш» газетіне ағаның оқушы кезі, студенттік шағынан сыр тартқан «Мөлдір бастаулар» деген мақалам жарияланды. Университет хабаршысына «Рахманқұл Бердібайдың публицистік қызметінің алғашқы кезеңі» атты ғылыми мақала, ғалымның мерейтойына арналған жинаққа «Талант пен тағдыр» атты үш мақаладан тұратын 20 беттік материалым шықты. Бір өкініштісі, Рахманқұл ағаның көзі тірісінде кандидаттық диссертацияны қорғай алмадым. Бір себептермен университеттен кетіп, қалалық сазды-драма театрында қызмет істеп жүрдім. Рахманқұл аға өте белсенді, көпшіл азамат еді. Өзінің жұмыс тәртібін (күн тәртібін) дұрыс жоспарлап, жүйелі жұмыс жасайтын. Сол жүйелі жұмыс істеудің, еңбекқорлықтың арқасында шығар 50 шақты кітап шығарып, артына мол мұра қалдырған. Театрдың премьераларына жиі шақырылады. Кездесіп қаламыз: «Осында жұмыс істеп жүрмісің?» - деп сұрап қояды. Жұмысты аяқтай алмағаныма қысыламын. Бірде үй телефоныма хабарласып: «Келіп кетесің бе?» - деді. Демалыста едім, сәби күтіп жүргенмін. Баруға қысылдым (2006), бармауға тағы да ренжітіп аламын ба деп ойланып, ақыры бардым. Апамыз да құрақ ұшып, қарсы алып жатыр. «Бұрындары аспиранттар жетекшілерін жағалайтын, қазір ағаларың сендерді іздейді» - деп кейіп жатыр сөз арасында. Мен бір себептерді көлденең тартып ақталған боламын. Бір кезде кабинетіне көтерілдік. Ғалым аға: «Көре алдың ба, көрмедің бе білмеймін» - деп, Қазығұрт»» баспасынан жарық көрген бес томдық кітабын ұсынды. Кітаптарды қолыма алып, құтты болсын айттым. Аға көп томдықтың бірінші кітабына: «Әдебиет ғылымының табалдырығын аттаған Әтіргүлдің ізденіс сапары сәтті, мақсаты биік болуына тілектестікпін, Рахманқұл Бердібай. 21.02.2006.» - деп қолтаңба жазып берді. «Авторға баспа кітаптың аз ғана данасын береді екен, ағылшында істейтін әлгі қыз (Нұрсәуле Рысалиева) бен саған ғана беріп отырмын»-деді. Жалпы, менің тануымда ол кісі кітапқа сараңдау еді. Кітапты көп бере бермейтін. Мен ыңғайсызданып, тиынын төлейін дедім. «Жоқ қажеті жоқ, мен сенен ақшасын сұрап тұрған жоқпын. Мен кім-көрінгенге кітабымды сыйлай бермейтін адаммын. Саған үміт артамын. Тұрмыс құрыпсың, қосағыңмен қоса ағар, қарағым. Түбінде кәдеге жаратарсың» деп бес томдықты қолыма ұстатып еді... Бүгінде ойлап қарасам, ардақты ұстаз, парасатты ғалымның жанында жүрген кездер өмірімнің ең бір шуақты күндері екен. Әңгімесі қандай еді. Білім деген телегей теңіз. Бірер сағат сұхбат құрсаң, академияның курсын тәмамдағандай қор жинайсың. Айтқан әңгімелері мәңгіге жадымда жатталып қалғандай: «Әкемді келіндері «Төрт кісі» деп атаған. Зор денелі, қарулы адам, шалғы тарқанда бір өзі төрт адамның орғанын орады екен. Жаз бойы егін егіп шаруа жайымен жүреді де, қара күзде Тәшкенге барып өзбекке жалданып жұмыс істейді екен. Тапқан табысын отбасына ғана емес, көрші-көлем, бүкіл ағайынға базарлық әкелетін. Бір сәт бос отырмайтын, өте еңбекқор жан еді. ...Бала кезімде Қаратау өңіріне танымал Сұлтанбек жыршыны көргенімді сәттілік деп есептеймін. Қаратаудың Торлан асуында отырғанымызда Сұлтанбек жыршы біздің үйге жиі келіп тұратын. Сұлтанбек жыршы түбі атбасарлық арғын, өмірбойы жыршылықты кәсіп еткен кісі болатын. Ол әрі ақын, әнші, күйші. «Мың бір түн» сынды шығыстық хикаяларды шабытпен айтатын шебер әңгімеші кісі еді. Арқаның әсем әндерін асқақта шырқайтын. Арасында үзіліс жасап, хикая әңгіме шертеді. Қысқасы Сұлтанбек жыршы өнердің көп түрін бойына жиған, бір өзі бір театр дерлік, нағыз корифей, сан қырлы санаткердің өзі болатын. Мен «Алпамыс батыр», «Шора батыр», «Сауда ишан» секілді жырларды кітаптан бұрын, жыршыдан естіп танысқанмын». Абыз ақсақал 1941 жылы Ащысайда мектеп оқып жүргенде өзінің үгіт-бригадасымен кеншілерге концерт қоюға келген Нартайды кездестірген. Нартайдың әсем әні, оның сырнайының сазы бала Рахманқұлды ерекше әсерге бөлеп, өнерге деген ықыласын оятты. Жатса-тұрса Нартайдың әні құлағынан кетпеген бала Рахманқұл әкесіне: гармон алып бер деп қолқа салады. Әкесі бір ешкісін сатып, соның ақшасына гармон алып береді. Рахманқұл аға ҚазМУ-дың филология факультетінде оқып жүргенде Мұхтар Әуезов, Әуелбек Қоңыратбаевтардан дәріс алады. Бақытыма орай, осындай білімдар ұстаздарды жазған тағдырыма ризамын деуші еді. Шығыс әдебиетінің білгірі еді бұл кісілер. Иассауи жайлы алғаш Ә.Қоңыратбаевтан естігенбіз дейтін. Тұрсынбек Кәкішев, Сафуан Шәймерденов, Зейнолла Қабдоловтармен үзеңгі қағыстыра өскен Рахаң кейін Әдебиет институтына қызметке келгесін Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсеновпен де достасып кеткен екен. «Тұрсынбек, Мырзабек үшеумізді «үш ноян» дейтін» - дегені есте қалыпты. «Қазіргі қазақ романындағы сюжет проблемасы» деген тақырыпта кандидаттық қорғаған. «Социалистік реализм туралы», «Роман және заман», «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы» сияқты кітаптар жазған, «...Алдымен қып-қызыл сыншы болдым» дегені кеңес-қазақ әдебиетінің жетекші сыншы болғанын меңзегені ғой. «Сонан соң, фольклорға келдім, қазақ эпосын зерттедім. Эпостан басталған күре жол, түркітану атты үлкен өріске жетеледі... » Расында қазақ эпосын дендей зерттеген ғалым, олардың көпқабаттылығын (полистадиялық) танып, бір жырдың бірнеше халықтардағы нұсқаларын жинап, салыстыра қарап эпостанудан түркітану атты кең өрісті ғылымға келген еді. 1973 жылы сол кездегі Ғылым Академиясының президенті Шахмардан Есеновтың ұсынысымен Рахманқұл Бердібай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Бұл бөлімді бұған дейін М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов сынды көрнекті ғалымдар басқарып келген. «Бұл ұсыныс менің өміріме үлкен бетбұрыс жасаған қадам болды. Бұған дейін жетекші сыншы, қазіргі заман әдебиетінің сыншысы ретінде танылған мен үшін фольклоршы ретінде «қайта мамандануға» тура келді. Өйткені әдебиет пен фольклор бір-бірінмен етене тығыз байланысқан сала болғанымен, күрделі айырмашылықтары да бар. Фольклор өз алдына жеке мамандық. Тіл, тарих, этнография барлығының басын қосатын кешенді ғылым. Әдебиет сыншысының фольклоршы болып кетуі оңай емес, әрине. Кейбіреулер «бұл Рахманқұлдың саласы емес қой» дегенді де айтып жүрді. Сонымен басшылар маған сенім білдіріп, фольклор ғылымын ұйымдастыруды, бір жолға қоюды тапсырды. Бөлімді қолға алған соң, мамандар мен қызметкерлеріме: «Ең әуелі методологияны меңгеруіміз қажет, сол кезде ғылымды да игеріміз, менің талабым осы дедім». Бөлім өте ұйымшылдықпен жақсы жұмыс атқарды. Қазақ фольклорының мектебін қалыптастырдық деп ойлаймын. «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Фольклор және оның этнографиялық негіздері», «Қазақ фольклорының тарихы» атты күрделі еңбектер мен бөлімді басқарып тұрған тұста жарық көрді. «Қазақ фольклористикасының тарихы» еңбегіміз үшін бізге бірінші дәрежелі Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық берілді. Бұл үлкен жетістік еді. Қазақ эпосының қымбат қазыналары - «Шора батыр», «Едіге батыр», «Орақ-Мамай» секілді жырлары зерттелді. Осы жырлардың сюжеті бір ғана қазақ қана емес, бірнеше түркі түркі халықтарында кездеседі. Сол жыр нұсқаларын салыстыра отырып, сол қымбат жәдігерліктердің сырына үңіле жүріп түркітану атты кең өріске, шексіз білім қазынасына кенелдім. Бұл менің бүкіл өміріме азық болды. Еліміздегі ғана емес, кезінде бүкіл Одақ көлеміндегі белді түркітанушылар қатарында жүрдім». Ия, расында ғалым аға Кеңес Одағы бойынша Түркологтардың басқосуларына , конгрестеріне жиі шақырылатын. Түркияның беделді ғылыми журналдарында мақалалары жарияланып, «Түрік тілі» қоғамының құрметті мүшесі атанды. Вашингтондағы Сиэтл университетінде Стамбул, Анкара универстеттерінің студенттеріне түркітану, қазақ фольклоры бойынша дәрістер оқыған білімдар ұстаз еді. Бірде, Америка сапары туралы, ондағы түркітанушы әріптестері туралы қызық әңгіме айтқаны бар. «Мен оларға Шекспир шығармашылығы жайлы әңгемелесем, олар тақырыпты түркі халықтары жырларына қарай бұрады. Байқасам, әріптестерімнің Шекспирден хабары шамалы. Ал, бірақ түркі жырларын бізден кем зерттемеген. Сөйтсек, Америкада біздегідей жалпы әдебиеттің бәрін оқытпайды екен. Әдебиеттің де, тарихтың да салаларын жеке-дара оқытады. Бірақ, дендеп, қазып оқиды да, соның жетік маманы болып шығады екен. Түрколог па, мықты түрколог, драматург па, мықты драматург, жаңа әдебиет зерттеушісі ме, оның мықты маманы болады. Басқа саладан хабары болмауы да мүмкін. Маған бұлары қызық көрінді...». Рахманқұл аға зерттеу арнасын әдебиет сынынан фольклортануға тез, әрі тиімді бұрған бірегей талант. Рахманқұл Бердібай шығармашылығы сан-салалы: әдебиетшілігі, сыншылығы, қазақ фольклорын зерттеуі, өнертанудағы қолтаңбасы (сал-серілер мен жыршы-күйшілер, айтыс өнері жайлы), түркітанудағы ізі әрқайсысы бір-бір докторлық жұмысқа жүк боларлық жүйелі зерттеуді талап ететін дүние. Осыларымен қатар, Рахманқұл Бердібай дарынды көсемсөзші еді. Сонау, 17 жасында Ащысай Түсті металл комбинатының үні «Қаратау кеншілері» газетінде басталған жіңішке сүрлеу ғұмырының соңына дейін үлкен арнаға айналды. Дегдар ғалымның осы публицистік жолы да ден қоя зерттеуге тұрарлық үлкен арна. Саналы ғұмырында 1500-дей мақала жазған, барлық деңгейдегі басылымдарға жүйелі түрде мақала жазып, белсенді автор болған Рахаңды публицист ретінде таныту парызымыз. Ол кісінің өте танымал ғалым болуына осы публицистикаға бейімдігі пайдасын тигізген бе деймін. Жалпы, қазақ публицистикасында Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұландар негізін салған ғылыми публицистиканы өрістеткен бірегей тұлға. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары халқымыздың жыршылық, күйшілік өнері, айтыс, терме, елде танылмай жүрген дарынды өнерпаздар ғалымның публицистік сергектігінің, белсенділігінің арқасында халыққа танылып отырды. Ұлттық құндылықтарымыздың, мәдениетіміз бен өнердің жоғын жоқтап, ұпайын түгендеуде сіңірген еңбегі орасан. Осының бәрі ол кісінің қанына сіңген қасиеті – ұлтжанды, ұлтқа жанашырлығында болса керек. Сол себепті де ол қоғамның (қазақтың) дертін тамыршыдай тап басып, дер кезінде баспасөзде көрсетіп отыратын қаламы жүйрік публицист болып қалыптасты. Елді аралағанда, кез-келген жерге барғанда алдына үш міндетті қоятын: білім ордасына не мәдениет ошағына барып елмен дидарласу, халық алдында сөйлеу, жергілікті баспасөзге шығу. Сол басқосуда халықтың ойын, тілегін зердесіне түйіп алатын. Қашанда «көкірегі ояу, көзі ашық» зердесі биік жан еді. Ғалым Дихан Қамзабекұлы айтқандай: «Ол кісінің ел әдебиетін елдік мінберге айналдыруы – феномендік дерлік құбылыс». Дихан Қамзабекұлының осы бірауыз сөзі Рахманқұл Бердібайдың публицистік қызметіне, ғалымдық, азаматтық белсенділігіне берген бағасы деуге болады. Азаматтық белсенділік... Бұл қасиетті де Рахманқұл ағадан үйрену керек шығар. М.Әуезов мұражайында өткізілген «Халық университетінің 500 сабағы» соның айғағы. Өзі айтқандай: «500 сабағы - 500 орден». Халық университетінде Рахаңның ұйымдастыруымен өткен дәрістер құрсаулы кезеңде, демократияның орнын алмастырған, ұлттың жоғын жоқтаған, рухани өлшемдерге жауап берген кезіндегі сәтті жоба деуге болады. Небір айтылмаған ақиқат, көмулі жатқан қазыналарымыз ол кісінің түрткі болуымен айтылып, тыңдаушысын білімге кенелткен. 80-жылдардың студенттері сол кездегі «Халық университетінің» тыңдаушысы болғандар дәрістердің көкірегі ояу, көзі ашық жанға білім нұры болып құйылғанынын сағына еске алады. «... Әне тұр ғой қаншама пәпкі материал. «Халық университетінің» дәрістері. Құрастырып, жеке жинақ етсем бе деймін. Мемуар да жазғым келеді. Оған ғұмыр жетсе... Нәсіп етсе....» -деген-ді бірде. Рахманқұл аға өте ұқыпты жан еді. Жазған-сызғандарының бәрін жинап, теріп жүйелі пайдаланатын. Жұмыс істеудің өзіндік тиімді тәсілдері бар-тын. Ол кісінің мені таңқалдырған тағы бір қыры кәдімгі кітапханашылар секілді картотека жасайтын. Өзіне қажетті, ғылым үшін, жазып жатқан еңбекке дереккөздерге арнайы картотекасы болушы еді. Бәлкім, бұл жұмыстың жүйелілігі үшін, іздегенді тез таба қою үшін керек болады-ау шамасы. Оны өзі: «осының арқасында екі ізденушіме кандидаттық тақырып тауып бердім. Осындай ұқыптылықты, жұмысты жүйелі жасауды үйрнеу керек, қарағым»-деп еді жұмыс үстелінде тұрған жәшікшелерді нұсқап. «Иә, бұл жәшіктер ғалымның үстелінде жайдан-жай тұрған жоқ екен-ау»–деп түйдім сол кезде. «Түркі дүниесінің Дәде Қорқыты». Құлбек Ергөбек ғалымды «жоқ іздеген Қоқыт Ата сынды қазақ халқының, қазақ қана емес түркі әлемі руханиятының бүгінгі жоқшысы» деп баға берген.Түркиялық ғалым Шериф Акташ: «...Ұлы Түркістанда қалыптасқан мәдениет пен талғам бірлігінің жемісіне қол жеткізген Рахманқұл Бердібай түрік бірлігінің үніне айналған асқақ тұлға. Рахманқұл Бердібай – бүгінгі Деде Қорқытымыз...» Түркияның «Ай-хабер» журналының алқасы да Рахаң қазасына қатысты осыны айтыпты. Түркістандағы күллі түркінің абыз-ақсақалы, дана қариясы, Деде Қорқытымыз көз жұмды» депті. Ия, абыз-ақсақал, күллі өмірі елдік мұраттан тұрған: «қызығым, қуанышым да қазағым» деп өткен Алаштың ардақтысы өзінің туған Түркістанында мәңгіге тыныс тапты. Ғалымның отбасы өз қаржыларымен абыз-қарияның басын қарайтып, белгі қойды. «Ғалымының аты өлгенмен, хаты өлмейді». Сүйікті шәкірт-ізбасарларының бірі Жанымгүл Камалқызы айтқандай: «Рахманқұл Бердібайдың мәңгілік өмірі енді басталды». Ғазиз жан көзден кеткенмен, көңілден кетпейді. «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», мол мұра: 50 кітап, 1500-дей мақала, сан мыңдаған ой-пікірлер, ғылыми мектеп қалыптастырып кеткен ҒҰЛАМАНЫ өлді деуге болмас, сірә! Ия, ол жүректерде, сан мыңдаған саналарда мәңгілік із қалдырған. Алаш ардақтысы, ұлтына ұстын бола білген Абыз-ақасақал! Абыздың мәңгілік өмірі енді басталды...
Әтіргүл ТӘШІМ